23 Маусым, 2012

Білікті заңгер биігі

605 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Білікті заңгер биігі

Сенбі, 23 маусым 2012 7:19

Әңгімені арыдан қозғар болсақ, Қазақ елі – қылышқа емес, сөзге тоқтаған ел. Уәжді тыңдап, тоқтамға келе білген халық. Қазақ қазақ болғалы бері ел дауы, жер дауы, жесір дауы, басқа-басқасының бәрі еліне елеулі, халқына қалаулы шешен-билердің ұтымды да ұғымды, өгіз өлмес, арба сынбас  шешімдерімен бітісіп келген. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысының» негізінде, «Куәлі істі куә табар, куәсізді күмән табар», «Жазым іске жаза жоқ» қағидасымен,

Сенбі, 23 маусым 2012 7:19

Әңгімені арыдан қозғар болсақ, Қазақ елі – қылышқа емес, сөзге тоқтаған ел. Уәжді тыңдап, тоқтамға келе білген халық. Қазақ қазақ болғалы бері ел дауы, жер дауы, жесір дауы, басқа-басқасының бәрі еліне елеулі, халқына қалаулы шешен-билердің ұтымды да ұғымды, өгіз өлмес, арба сынбас  шешімдерімен бітісіп келген. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысының» негізінде, «Куәлі істі куә табар, куәсізді күмән табар», «Жазым іске жаза жоқ» қағидасымен, «Иманды биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» ұстанымымен даулы іске даналығымен тоқтам айтқан билердің жалғасы бүгінгі біздің судьялар қауымы екені даусыз. Бүгінгі  әңгіме арқауы сол судьялар қауымының көрнекті өкілі туралы.

Елі үшін адал қызмет атқарған азаматты ардақтау – ұлтымыздың аса қастерлі дәстүрі. Қазақ мұндайда «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатады. Ондайда  жақсы­лық­ты жақтайтын, адамдықты сақтайтын барша жұрттың көңілі бір марқайып қалары да сөзсіз. Тәуір ұлды толғатып дүниеге әкелу – тәңірдің ісі. Ал оның халқына адал, адамның ұлы болып өсуі – ата-ана, ұстаз, қоғамдық ортаның әсері. Тіпті, тереңірек үңілсек, тұлға болып қалыптасу адамның тегіне, өскен ортасына, рухани болмысына байланысты. Ұстаз – ұлағатты тұлға. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта тәлім беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым құрмет биігінде. Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай, шәкірттерін қанаттандырған Марат Нұр­бекұлы сынды ұстазымыздың қасиетінен нәр алып өстік. Ұрпақ болашағы, халқымыз­дың келешегі жолында  талай азаматты тәрбиелеп, адал жолды меңзеген Марат аға сынды ұстазбен ол Оңтүстік Қазақстан  облысының сотын басқарғанда қатарлас, қанаттас жүріп еңбек еттік. Сот жүйесінде білім мен білікті­лігіңді ұштастыра білгеніңмен, тәжірибе алмасып, ақыл-кеңес беретін ағалардың болғаны абзал. Кәсіби шеберлікті шыңдауда, адами қасиетті қалыптастыруда алдыңғы буын ағалар­дың болғаны көңілге медеу,  өскелең ұрпаққа асқар тау. Ендеше, аға буынның қажырлы еңбегі ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге болып қала бермек.

Марат аға қай кезде де алдына бара қалсаң, ең әуелі жеке басыңа қатысты жағдайыңды, отбасыңды сұрайды. «Көйлегіңнің көктігі мен тамағыңның тоқтығын» білдіретін көңіл-күйіңді аңғартқаннан кейін ғана жұмысың жайлы баяндайтынсың. Үнемі «алдыңа келген адамның құқығының бұзылмауына мән бер» деген ақылын қалай естен шығарарсың.  Аза­маттың атақ-абыройы, қадір-қасиеті жаса­ған жас мөлшерімен емес, адами қасиетімен, еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді. Отыз жылдан аса уақыт мәртебелі судья қызметін атқарып, әріптестер арасында сый-құрметке бөлену кез келген адамның үлесіне беріле бермейтін сый. Өзінен өзгені биік қойып, батылдық, қайсар мінез таныта білетін мәрттігі тағы бар. Марат Нұрбекұлы осындай қасиеттерімен әріптестер арасында сыйлы, қызметте құрметке бөленген дара тұлға. «Құрмет» орденімен, Судьялар одағының «Үш би» белгісімен марапатталған еліміздің мәртебелі судьясы. Адамның көңіл-күйінің, мінез-құлқының, пейілінің, жан дү­ние­сі­нің, жалпы бүкіл болмысының қалып­тасуында отбасының ықпалы зор болады. Осы орайда ағамыздың мәртебелі жетістікке жетуіне ұрпаққа асыл ана бола білген адал жары Мәнсия жеңгейдің ықпалы ерекше болғанын атап өткім келеді.

Ол кісінің тағы бір қазынасы кітапты көп оқып, ізденетіндігі. Құрметті демалысқа шықса да қазақ билері жайлы еңбектерді зерделеп, қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық жүйені зерттеумен айналысып келеді. Ол кісімен жүздескен сайын танымдық әңгімелерге кенелесің. Әсіресе, XIX ғасырдың бас кезіне дейін қазақ қоғамында болған дәстүрлі билер соты, әділдігімен елге танылған қазақтың атақты билері – Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер жайлы, Тәуке ханның дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жиынтығы – «Жеті жарғы» туралы зерделі әңгімелері санаңа сәуле құйып, танымыңды кеңейте түседі. От ауызды, орақ тілді би бабаларымыз­дың қара қылды қақ жарған әділ төрелігі, қазылығы бүгінгі сот жүйесінің мәйегіне айналғандай.

Ағамыздың қазіргі кәсібінің бірі бау- бақшаны баптау екен, тіпті ол кісінің қолы тиген мәуелі ағаш еселеп өнім береді дегенді құлағымыз шалып жүр. Иә, осындайда «адамға абырой әперетін үш іс бар: құмда қазылған құдық, өзенге салынған көпір, жол жағасында отырғызылған саялы ағаш» деген шығыс мақалы еске оралады.

Алғаш тәуелсіздік алған кезде мемлекет болып қалыптасу, ұлт болып ұйысу оңайға соқ­пады. Ел өзін құқықтық мемлекет деп жария­ла­ғанымен, оны іс жүзінде жүзеге асыру ел ағаларының мойнына ілінген ауыр міндет болатын. Бүгінде сабақтастық жолымен атқа­ры­лып келе жатқан осы бағыттағы жұмыстардың алғы шебінде Марат Нұрбекұлы да тұрды. Есімі елге танымал, белгілі заңгер Н.Шайкеновпен үзеңгілес болып, әділет жүйесінде де өз ізін қалдырып, еліміздегі құқықтық жүйенің қалыптасуына орасан үлесін қоса білді. Осы аумалы-төкпелі кезеңде Марат Нұрбеков сынды ел азаматтары мемлекеттің құқықтық жүйесін жетілдіріп, сот билігінің мәртебесін арттыруға белсене араласты. Ол кісі сот шешіміне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасатынын, сондықтан Қазақ­стан­да ашық және бүкпесіз сот орнықтыру керек екенін үнемі назарда ұстап, сол бағытқа өзінің қажыр-қайратын жұмсады. Мұндай игі істердің нәтижесінде дүниежүзілік қауымдас­тықта лайықты орын алатын, адам құқықтары мен бостандықтарын қастерлейтін Ата Заң – Конституциямыз қабылданды. Бүгінде сол жүріп өткен жолдарды сараптан өткізген М.Нұрбеков сынды асыл азаматтардың еңбегі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық. Жетпістің ауылына атбасын бұрған ұстаздың мерейі әрдайым үстем болсын деп тілейміз.

Берік БЕКЖАНОВ.