01 Тамыз, 2012

Ұмытылмас сәттер

617 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұмытылмас сәттер

Сәрсенбі, 1 тамыз 2012 7:30

Астана тұрғыны, зейнеткер Оразбек Аймақұлы өзі аса қадірлеп өткен Әзілхан Нұршайықовпен алғашында телефон арқылы сәлемдесіп, кітаптарын сұрай жүріп танысып, кейін етене араласып кеткен зиялылар санатынан.
«Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық тойына (желтоқсан, 2009 ж.) Астанаға келген Әзағаңа шаңырағын көрсетіп, дәм татқызған ол – жазушының ыстық ілтипатына бөленген жан.
Төменде кеудесі сырға толы Оразбек Аймақұлының Әзағаң туралы жүрекжарды әңгімесін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Сәрсенбі, 1 тамыз 2012 7:30

Астана тұрғыны, зейнеткер Оразбек Аймақұлы өзі аса қадірлеп өткен Әзілхан Нұршайықовпен алғашында телефон арқылы сәлемдесіп, кітаптарын сұрай жүріп танысып, кейін етене араласып кеткен зиялылар санатынан.
«Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық тойына (желтоқсан, 2009 ж.) Астанаға келген Әзағаңа шаңырағын көрсетіп, дәм татқызған ол – жазушының ыстық ілтипатына бөленген жан.
Төменде кеудесі сырға толы Оразбек Аймақұлының Әзағаң туралы жүрекжарды әңгімесін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Тағдырыңа таңбалы із тастап, күнде өзіңмен көлеңкеңдей еріп жүретін ерекше бір жаратылысты пенде болады екен-ау! Соның бірегейі Әзілхан ағам десем, артық айтпаспын. Алдымен ол кісі жазған кітаптарымен жүрегімізді жаулады. Сосын бірте-бірте алыстағы туған бауырымыздай есімізден шықпайтын болды. Күлсек те, күңіренсек те қасымыздан табыла қоятын жанашырымызға айналып кеткен. Махаббаттың өксігінен аһ ұрғандар оңға бұрылатын түзу жол іздеп «Махаббат, қызық мол жылдарға» жүгінгенін көрдік. Ал батырлық пен ездік, отансүйгіштік пен рушылдық тайталасында дүдәмал күй кешкендер күнә мен күнәһарлығынан арылу үшін «Ақиқат пен аңызға» табынатынын байқайтынбыз. Ал жалпы, кейбір дүниеауи мәселелер қос өкпеден қысқанда жазушының кез келген шығармалары темірқазықтай адастырмас жол сілтейтін. Бұл шындық. Барша оқырманның басынан өткен жағдай. Осыдан түйеріміз – жазушының көркемсөзбен кестелеп кеткен туындылары әр адамды имандылық жолына жығатын жалынды Құран сөзіндей әр мен әлге қайнап тұратын ыстық жігерлі уағыздай жанға жақын екеніне көзіміз әлдеқашан жеткен. Қысқасы, Әзағаң жазды ма, жанын жеп жазады, сондықтан да әр жүрекке жетіп жатады. Соған көппен бірге менің де көзім әлдеқашан жеткен.
Сондай сөз нәрі қуатты, әр тіркесі уытты, айтпағы пәрменді, шығармасының өзегі шынайылықтан өрілген кесек бітімді дарын иесімен қалай жүрегім дауалап танысып қалғаныма әлі күнге дейін өзім таңмын. Иә, қалай болып еді, өзі?..
Торғай облысы тарап, бұл өлкеден береке кетіңкіреген 1990 жылдардың аяқ кезі еді. Мүмкіндігі барлар іргемізге жаңадан қоныстанып жатқан еліміз астанасына үдере көше бастады. Солардың сапында менің отбасым да елордаға келіп қоныстанды. Жаңа жерде тұрмысқа қолайлылық алғашында ауырлау болды. Бәріне төздік. Кейін балаларым бірте-бірте қызметтерін оңдап алған соң анасы екеумізге қарқарадай үй салып берді. Қазір сонда келін-балаларымыздың аялы алақанын сезініп тұрып жатырмыз. Жұбайым «Ай-апа» қажы Амантай екеуміз төрт бала өсіріп, олардан көрген он бір немереміздің қызығына бөленудеміз. Ата-әже бақыты дегенің осы шығар деп ойлаймыз. Шүкір, тәубә!
Астана тұрғыны ретінде (өзім 1937 жылдың 20 қарашасында Қостанай облысы, Жангелдин ауданының қазіргі Шеген ауылында дүниеге келгенмін) қарттықтың басымызға бұйырған бақытын азды-көпті көріп жатқан жайымыз бар. Негізінен, өмірдің рухани жағына баса көңіл бөлеміз. Имандылық жолын ұстандық, зайыбым қажы атанды. Ел тыныштығын тілеп, ұрпақтар берекесін ұйытуға үлес қосып, жастарды имандылық жолына үндеп дегендей, мағыналы ғұмыр кешудеміз. 2011 жылы жұбайымның әкесі Иманбек Төлеубайұлының Орлов облысындағы Никольский селосындағы соғыста құрбан болғандарға қойылған мемориальдық тақтаға есімі жазылуы – өміріміздегі елеулі оқиға болып қалды. Кейін басына барып, құран бағыштадық.
Соғыста шейіт болған әр жауынгер қандай даңқ, құрметке де лайық қой. Осы мысалды келтіріп жатуымның да бір себебі бар. Әзілхан ағамыздың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын оқып өскен ұрпақпыз ғой, соғыс құрбандарының ерлігін әрдайым насихаттап жүруге дағдыланып алғанбыз.
Өзімнің әкем Аймақ та отан үшін айқасып, өмірін қиған жауынгер еді. Әкемнің бейбіт замандағы еңбегі туралы Қазақстанның халық жазушысы, ақиық ақын Ғафу Қайырбеков «Желқайық» деген кітабында мынадай өлең шумақтарымен дәріптеп жазған екен:
Бусанып омырауы жатыр аймақ,
Тілінген тарам-тарам бауырдай-ақ.
Болашақ мол егіннің қамын ойлап,
Басқарған барлық істі батыр Аймақ.
Ел үшін төккен тер осылайша ұмытылмайды екен. Сол әкеміздің жесірі Кәмпит анамыз 37 жасында 5 баламен қалыпты-ау! Сонда балаларының алды 13 жаста, соңы 1 жаста екен. Бәрімізді жеткізіп еді, қайран анашым! Жеті жасымнан әжем Ұлбосынның етегінен ұстап, ауылдағы аталарымыз Алпысбай, Баймағамбет үйлерінде колхоз жұмысына араластым. Шөп жинау, масақ теру, қора тазарту, төл, бұзау бағу секілді, т.б. жұмыстарға жегілдік.
Осындай қиын тағдырлы кезең бір біздің басымыздан ғана өтпегенін сезінеміз. Әзағаңның кітаптарын оқып отырғанда, қаншама отбасының қуанышы мен азабын, тақсыреті мен тауқыметін байқауға болады. Солардан сабақ аламыз, саралаймыз, түсінеміз, кең өріске қанат қағамыз. Міне, кітап тағылымы, құдіреті. Сол себепті де Әзағаңның әр шығармасы біздер үшін өмірдің түзу жолын көрсететін шамшырақ секілді ғой.
Жазушының кейінгі шығармалары қолыма бірден түсе қоймағандықтан астаналық жорналшы інілерімнің көмегімен кейбір кітаптарын оқып шығуға сұрап алатынмын. Мысалы, «Өмір өрнектерінің» алғашқы кітабы дегендей. Бір жолы Әзағаңның Алматыдағы үй телефоны қолыма тиіп, қоңырау шалдым. Арғы жақтағы жұмсақ үні өн бойымды дір еткізді. Амандық-саулықтан соң еркіндікке басып, өтінішімді айта бастадым. «Мәңгілік махаббат жыры» кітабын қалай сатып алуға болатынын, егер сәті түсіп Алматыға бара қалсам, үйіне соғуға рұқсат сұрап, бәйек болып жатырмын. «Келсеңіз, сондай қуанып қалар едім»,  деді Әзағаң бірден ашық қабақ танытып.
2009 жылдың 27 шілдесінде Алматыға әдейі атбасын тіреп, Әзілхан ағаның үйіне бардық. Қасымда зайыбым да бар. Халима апамыздың өмірден өткеніне көңіл айттық. Басына барып, құран бағыштадық. Сол жолы қолыма түсіре алмай жүрген «Мәңгілік махаббат жыры» кітабына Әзағаң мынадай қолтаңба жазып беріп еді. «Қымбатты бауырларым Айым-Амантай қажы мен Оразбек (Ореке) ақсақал! Сіздердің сонау Астанадан келіп, осы кітаптың кейіпкері Халима апаларыңыздың басына барып қайтқандарыңызға шын жүректен ризамын. Сіздердің қатар ұшқан қос аққудай болып, өмір айдынында ұзақ самғауларыңызға тілектеспін. Қолы. 27.07.2009 ж.»
Осы жеке таныстықтан соң Әзағаңмен үнемі телефон арқылы тілдесіп тұратын болдық. Бұрынғыдай жүрексініп емес, еркін, аға-інідей емен-жарқын сөйлесетін күйге ендік.
Сәті түсейін десе аяқ астынан екен. Астанаға келіп-кетіп жүрген Әзағаңа дастарқанымнан бір дәм таттыру еді, ойым оңынан шыққаны. 2009 жылғы желтоқсанның соңына таман республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық тойы кеңінен аталып өтіп жатты. Сол мерекелік жиынға Алматыдан Әзағаң да келіп, биік мінберден сөз сөйлеп, өзі бұрын қызмет істеген басылымның мерейін тіптен асқақтатып жіберген еді. Жалынды сөзін кейін аға газеттің өз бетінен оқып разы болыстық.
Мерекелік аптығыс сәл саябырсыды-ау деген тұста Әзағаңа қасында жүрген жерлес інім арқылы сәлемімді жеткізіп, үйден дәм татуға ұсыныс тастадым. Мен секілді шаңырағына шақырушылардың көптігіне қарамастан Әзағаң ретін тауып, отбасыммен етене танысқан еді.
Сол бір қуанышты күндер есімізден кетер ме? Ұлықты әңгіме айтты. Әзілі де шаш-етектен екен. Келіндерімнің ән салғанына, немерелерімнің тақпақ айтқанына балаша мәз болды. Зайыбымның мәртебесін өсіріп, әйел затына қатысты тағылымды сөздер айтқанын қалай ұмытамыз? Ұмытылмайды, ешқашан.
Шалқыма батасын беріп, баршамызды шаттандырып аттанған Әзағаңның иығына шапан жауып, құрметтеп шығарып салған сәттерімді ойласам, күні бүгінге дейін бойымды ерекше жылылық, шуақты нұр билеп ала жөнеледі. Ол – Әзағаңдай дарқан да дарынды, адамгершілігі мол асыл ағаның ыстық мейірімі екенін түсінемін, әрине.
Әзағаң дүниеден өткен жеті күннен соң (19.02.2011 ж.), көзімнің жасы сорғалап отырып, дәптеріме мынадай жүрек, имандылық сөздерін жазып қойып едім. Жан ағаның рухына арналған сол көңілімді түгелімен келтіруді жөн санадым: «Бисмиллаһир – рахманир – рахим! Ардақты Әзаға рухына тағзым! Міне, көзді ашып-жұмғанша 7 күн өтіпті, 7 саны қасиетті: «Әлемнің 7 ғажайыбы», «Ақ сәуленің 7 түсі – спектр», «7 түрлі дыбыс – нота» т.т. Өзіңіз жырға қосқан «Ақ күмбез» мәңгілік орныңыз болып «Қозы Көрпеш – Баян сұлудай» Халима апамыздың жанына жайғастыңыз. Топырағыңыз торқа, жаныңыз жұмақта болғай! Қош, ардақты Әзаға!
«Мәңгілік махаббат жыры» кітабындағы «Сағыныш саздары» ақ өлеңі есіме оралады:
Ақ күмбез-ау, ақ күмбез!
Алыстан саған қараймын.
Сені өзімнің мәңгілік
Мекеніме санаймын!
Ақ күмбездің ішінде,
Менің асыл жарым бар!
Менің жалғыз жаным да,
Сол күмбезге тығылар!
Ақ күмбез-ау, ақ күмбез!
Көңілге ой саласың,
Халиманың қасына
Мені қашан аласың?!
Алатаудың тастарын,
Жастық етіп басыма,
Мен де бір күн жантайып,
Жайғасармын қасыңа.
Ақ күмбез-ау, ақ күмбез!
Мен де саған барамын.
Содан кейін үн-түнсіз,
Мәңгілікке қаламын!
Кеңсай барсаң – биікте,
Ақ шағала күмбез бар.
Соған қарай бір рет,
Көзіңді сал, ұрпақтар!!!
54 жыл отасқан жан жарыңыз Халима апамыздың есімін «алашқа» жайдыңыз. Кешегі «Азиада Алауын» жоғары ұстап, халық шеруінің алдында болғаныңызды ұмытуға бола ма? Бейне бір «Махаббат шырағын» Ақ күмбездің үстіне мәңгілік жағуға асыққандай!
Балаларыңызға, немере-шөберелеріңізге амандық тілеймін. Бақ қонып, Қыдыр дарысын! Алладан нұр!».
…Әзағаң – қазақтың иманды бір асыл перзенті болып мәңгілікке халық жадында қала беретініне сенеміз! Әумин!

Жазып алған Қайсар ӘЛІМ,
 «Егемен Қазақстан».
Астана.