Нұрлы жүрек иесі
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:14
Торғай даласында дарынды да, талантты тарландармен бірге туған жерге тер төгіп еңбек еткен, ел құрметіне бөленген бірегей тұлғалар туралы тұшымды әңгіме айта алмай жүргеніміз ақиқат.
Кеңес үкіметі кезінде Әлібиді әспеттеп, Амангелдіні ауыздан тастамадық. Бұл тұлғалардың да тарихта өз орындары бар, әрине.
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:14
Торғай даласында дарынды да, талантты тарландармен бірге туған жерге тер төгіп еңбек еткен, ел құрметіне бөленген бірегей тұлғалар туралы тұшымды әңгіме айта алмай жүргеніміз ақиқат.
Кеңес үкіметі кезінде Әлібиді әспеттеп, Амангелдіні ауыздан тастамадық. Бұл тұлғалардың да тарихта өз орындары бар, әрине.
Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін, айту түгілі естуге тыйым салынған Ахаң-Жақаңдар шықты жарық дүниеге жарқырап. Ал, ақын-жазушы-қаламгерлер жайында таңды таңға ұрып, түгесілмес сыр толғауға болар еді… Сөйтіп жүріп біз, Торғайдың тарихи адамдары туралы тамсана әңгімелеп сол далада күн-түн қатып еңбек еткен ерлердің табиғатын ашып, елге таныта алмай келгенімізді мойындауымыз керек. Себебі, кеңестік кезеңдегі «еңбек адамы» деген қастерлі сөздердің қадірін түсіріп алған жоқпыз ба, деген ой келеді. Қазір кеңестік жүйе құлағанмен, тәуелсіздіктің алғашқы алаң-елең тұстарында ауылшаруашылығын тұралатып алғанмен, түп-тамыры, тегі аман қалған көптеген әлеуметтік, тұрмыстық тірлік-тыныстың қайтадан қозғала бастағаны көңілге жылылық ұялатады. Соның басты бағыттарының бірі – ауылшаруашылығы құрдымға кетпей, қайтадан тамыр тартып, бойын тіктеп келеді. Осындай кезде кешегі білегін сыбанып, белсене еңбек еткен бүгінгі арамызда жүрген ардагерлердің тәлім-тәрбиесі көмекке келері хақ.
Мен әңгімелегелі отырған кісі – Нұреш (Нұретден) Сыпабекұлы Молдабеков бұл күнде ел құрметіне бөленген ардақты ардагер, қазыналы қарт.
Нұрекеңнің балалық, жастық шағы – елдің еңсесі езіліп, ашаршылықтан арып-ашып, ауыр тұрмыстың титықтап тұрған кезімен тұспа-тұс келді. Ақсақал өзінің басынан кешкен балалық, балғын кездерін еске алғанда, көкіректі қарс айыратын қапалы сәттерді өз әңгімесіне арқау етеді. Қолы босаған сәтте бастан кешкен өмір өткелдерін қағаз бетіне түсіріп, ой өрбітетін қаламгерлік қасиеті де жоқ емес. Нұрекеңнің ол әңгімелері тек өз басынан кешкен көңіл-күйлері ғана емес, оны сол кездегі ауыл тұрмысы, ондағы адамдардың тағдыры деп түсінуге болады.
Жасынан ауыр тұрмыс титықтатудың орнына ширықтырған, өмір түйткілдерінің ықпалында кетпей, онымен қарсы күресе білген қайсар жігіт, 1955 жылы орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін, ауылдың ірілі-ұсақты тірлігіне араласып, колхоз шаруашылығына қолынан келгенше үлес қосқан. Алайда, болашаққа қадам басып, өмір тірлігіне еркін араласу үшін сапалы білім керек екендігін санасынан әсте шығармайды. Қолы жұмыс үшін қимылдағанмен, ойынан оқу кетпейді. Оның үстіне өзінің басқа саладан гөрі есеп-қисапқа оңтайлы екенін сезіне бастайды. Осы ой оны 1958-1960 жылдар аралығында Қостанай ауылшаруашылығы техникумында түбегейлі оқуға мүмкіндік береді. Алға қойған мақсатына аса жауапкершілікпен қарайтын өмірге құштар, білімге іңкәр саналы жігіт санаулы жыл ішінде ауыл шаруашылық техникумын үздік бағамен бітіреді. Енді өзінің бойына сіңірген сапалы білімін саналы түрде туған өз ауылының тірлігіне жұмсау қасиеттігін түсінеді.
Осы күнгі «Аралбай» ауылы – Кеңес өкіметінің кезінде «Қызыләскер» совхозы деп аталатын.
Ал негізінде бұл ауылда, өз заманында қалмақтармен қақтығыста аты шығып, батыр атанған Аралбай атаның ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Тоқсан баулы қыпшақ ұлысының қарасы да, сарысы да, торысы да осы аймақтан табылады. «Қабырға» өзенінің өн бойын жайлаған екі ауыл – «Көкалат» пен «Аралбай» – бұрын бір колхоздың құрамында болып, кейін бірнеше шаруашылықтарға бөлініп кеткен. «Қабырға» өзені өз арнасымен ағып отырып Торғайға құяды. Торғай өзені Ұлытаудан бас алып, тасыған тұста бұл өлке көз жеткізгісіз айдын шалқарға айналады. Мол суды шаруашылыққа жаратып игеру үшін атамзаманнан бері – «Албарбөгет» деп аталатын ұзындығы ат шаптырым су тоғаны өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан күні бүгінге дейін ел кәдесіне жарап келеді. Бұл бөгетті салдырған жоғары білімді су маманы білікті инженер – Айса Нұргеновтың еңбегін ел-жұрт бүгінде аңыз ғып айтады.
Алайда, өз еңбегінің қызығы мен рахатын көре алмаған ардагер Айса отыз жетінінің зобалаңында жазықсыз жаламен атылып кетеді. «Халық шаруашылығына орынсыз зиян келтірді» деп айыпталған Айсаның осынау «Албарбөгеті» әлі күнге дейін Торғай жұртшылығын тоғайтып, ел ырыздығына өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы өзеннің бойындағы «Көкалат» ауылынан Қазақтың төрт бірдей қаламгері – Қойшығара, Қоғабай, Төлен, Қонысбайлар өсіп-өніп, қырандай қанат қақты. Осы өлкенің бір ғана бөлімшесі – «Көлқамыс» ауылын ардагер азамат Кәкімжан Кәрбозов басқарып көпке үлгі болып отыр. Ал, біз әңгімемізге арқау етіп отырған «Аралбай» ауылын бұл күнде Нұрекеңнің үлкен ұлы – Қойшыбек басқарады. Қойшыбек басқаратын Аралбай ауылы кеңес өкіметі кезінде де, тіпті қазіргі күннің өзінде шаруашылығы шалқыған іргелі елге айналып отыр. Қойшыбек – әкесі Нұрештің жолын қуған іскер де, тәжірибелі ел басшысы. Олай дейтінім Қойшыбектің әкесі – Нұретден шын мәнісінде, Торғай жерінде бірнеше шаруашылықтарға басшылық жасап, өз дәуірінде даңқты кісілердің бірі болды.
Өз кезеңінде бұл Жангелді ауданын білгір де білімді, білікті басшылар басқарды. Сұлтан, Мұхаметқали, Кеңес, Жақан сынды ел басшылары бір кезде ауданның даңқын шығарып, атағын алысқа жеткізді. Осы басшылардың қай-қайсысымен де Нұрекең тіл табысып, тығыз байланысып, тығырыққа тіреген ауыл шаруашылығын шырғалаңнан аман-есен алып шыға білді. Әсіресе, оның «Торғай» совхозына басшылық жасаған жылдары күрделі кезеңге тап келді. Тұралаған шаруашылықты тік тұрғызып әкету кім-кімнің де қолынан келе қоюы қиын еді. Алайда, қиындықтың сан қырынан өте білген Нұрекең бұл сыннан да сүрінбеді. Өйткені мұның алдында «Қызыләскер» совхозы мен оның бөлімшесінде есепшілік жұмыстан тәжірибе жинай жүріп, бас бухгалтерлікке бірден-бір дайын кадр екендігін танытқан. Сөйтіп, осындай күрделі істің күрмеуін шешуге біраз үлес қосқан.
Нұрекең «Қызыләскердегі» бас бухгалтерлік жұмысын ауданның «Южный», «Албарбөгет» совхоздарында жалғастырды. Іс нәтижесі – есеп-қисаптың түгелдігінен тұратынын сол кездің өзінде-ақ сезінген Нұрекең аудандағы белшесінен қарызға батқан шаруашылықтардың бар-жоғын шотқа салып, тығырықтан шығарып беретін бірден-бір бірегей маман екендігін Торғай жұртына түгел мойындата бастаған еді. Бір сәт саяси басшы ретіндегі білім-білігін жүзеге асыру үшін Нұрекең «Албарбөгет» совхозында партком хатшысы қызметін атқарып, ауыл-елдің әлеуметтік әлеуетін біраз биікке көтерді. Нұрекең саяси басшылық жасаған «Албарбөгет» совхозының сол жылдардағы мәдени мәселелері біраз қалыпқа келіп, елдің тұрмысы мен құрылысы, салт-дәстүрі, өнер көші едәуір бой түзеп қалған еді.
Нұрекеңнің «Торғай» совхозына басшылық жасаған жылдарын еске түсірсек, сол жылдарда, жастар бригадаларын жасақтап, елді еңбекке тартудың ұтымды тәсілдерін туындатқан еді. Нұрекең, әсіресе, жас мамандарға жағдай жасауды ең бірінші орынға қоятын. Соның нәтижесінде ауданда іскер, маман кадрлар қалыптасты. Бәлкім, содан да болар, бұл шаруашылықты бұдан кейін Нұрекең көтерген биікке ешкім де жеткізе алмады. Мұны сол жерде кіндік қаны тамып, туып-өскен, кейін ауданның беделді басшылары болған Жақан Қосабаев, Қайыржан Шайзиндердің Нұрекең жайлы жүрекжарды жылы лебіздерін талай естіген болатынбыз.
Айтса, айтқандай, Нұрекең атына заты сай, шын мәнісіндегі шалымды да, алғыр шаруашылық басшысы бола білді. Нұрекең жұмыс істеген сол тұста, аудан шаруашылықтарына басшылық жасаған білгір де бірегей топ қалыптасты…
Зәйіт Әбілқайыров, Төленбек Шайманов, Сәмен Жаңабергеновтер бұл күнде ортамызда болмаса да, олардың тер төгіп, еңбек еткен іздері Торғай төсінде сайрап жатыр. Ал осы күндері арамызда аман-есен жүрген Кәрімжан, Кәдір, Раул, Қабжәлел, Қайыржан, Қуандық, Әлтай сынды бір кездегі шаруашылық басшылары Нұрекең еңбегін ерекше бағалайды.
Нұрекеңнің бір інісі – Мұхаметжан Сыпабекұлы да бар ғұмырын ауылшаруашылығы жолына арнаған, оның ішінде ветеринария саласына елеулі үлес қосқан кісі.
Бұл күнде Нұрекең кәрі Торғай кентінде тұрады. Ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырып, немере-шөберелерінің қызығын көріп, жапырағын жайқалтып отырған алып бәйтерекке ұқсайды. Әжеміз Нәзипа, Торғайдағы тарихшы-қаламгер, бұл күнде Астанада тұратын қарт журналист Қорған Әмірхам Заұлының қарындасы. Біріне-бірі демеу, себесін болып, жас күннен жұғысып өскен бауыр-дос – туыстар бақытты, бақуатты ғұмыр кешіп келеді. Қасында кешегіден қалған көнекөз қариялар, бір кездегі бала достар, жастықта жалынды ғұмыр кешкен, қарттықтың да жарасты жарқын сәттерін бірге бөлісіп келе жатқан – Ғабжәлел, Орекен, Рахым, Әмірхан сынды замандастары бар. Бұл кісілердің баршасы қартайдым демей, әлі де ел тірлігіне араласып, ақыл-кеңестерін беріп, жастарға үлгі көрсетуден жалықпайды. «Сіздер алпысқа келдіңіздер…» – деп бір кезде алпысты асу – қия көрген Мұқағали аңсаған осынау жас, қазір зейнеткерліктің де теңгермесіне айналмай қалды. Заман үрдісі алпыстың өзін жігіт ағасына жатқызып жетпісте де жемісті еңбек етуге болатынын дәлелдеп беріп отыр.
Ал біздің әңгімеміздің кейіпкері – Нұретден Сыпабекұлы Молдабеков жетпістің бел ортасына мол кірсе де, бойдағы күш-қайратын жоғалтпаған, әлі де әлеуетті кісі екенін көрсетіп келеді. Оған Нұрекеңнің айтқан әңгімелері, атқарған істері, қимыл-әрекеті, жүріс-тұрысы да әлі күнге ширақ, шау тартқандықтың белгісі де білінбейді.
Нұрекеңнің ұрпақтары – Қойшыбектен бастап, ұл-қыздары, келіндері, немере, шөберелерінің біразы тікелей өз жолын қуған есепші-экономистер.
Оған қыздары Айгүл, Айнұр, Гүлнұрдың әртүрлі мекемелерде бухгалтерлік қызмет атқарып, есеп-қисап жұмыстарының қыруар шаруаларын еңсеріп, елге қызмет етіп жүргендіктерін айтсақ та жеткілікті.
Торғай төсінде туып-өскен бұл күндегі ел ағасы – Нұретден Сыпабекұлы Молдабеков Алланың берген денсаулығының арқасында әлі де болса тұғырдан түспей, шаруашылық тізгінін ұстаған жас мамандарға үнемі ақыл-кеңес беріп келеді. Көп жыл жүрегіне жинаған іс-тәжірибесін електен өткізіп, ел тұрмысының түзеліп ілгері басуына барынша үлес қосу оның басты мақсаты. Мұның сыртында, Нұрекеңнің өсіріп-баққан өз ұрпақтары қазір республиканың түкпір-түкпірінде белсенді еңбек етіп, әр тарапта абырой биігінен көрініп жүр.
Бұл күнде Нұрекеңді Астана, Алматы, Қостанай жолдарынан жиі көруге болады. Құдай қосқан қосағы Нәзифа апай екеуі – балаларының, немере-шөберелерінің ортасында болып, ата-ананың парызды ісін атқарып, баянды бақытты бөлісуде. Өткен жолдары Нұрекең апай екеуі Алланың алдындағы парызды жолынан өтіп, Меккеге дейін сапар шегіп қайтты.
Нұрлы жүрегінің шуағы мен шапағатын туған жерінің өсіп-өркендеуіне аянбай жұмсаған Нұретден ағаның жемісті жолын тілге тиек ете отырып, сөз соңын ақын ретінде інілік лебізбен аяқтағым келді.
Қашанда құшағыңда гүл еркесі,
Торғайдың әлі талай түлер төсі.
Өзіңсің елің сүйіп еркелеткен –
Нұреші, Нұретдені, Нұрекесі!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.