04 Қыркүйек, 2012

Қайран, Ғабең!

660 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Қайран, Ғабең!

Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:49

Ғабит Мүсіреповтің қайтыс бол­­ға­ны туралы хабарды мен кеш­кі са­ғат тоғызда естідім. Қайғылы хабарды Алматыдан біздің Мәс­кеу­де­гі үйге қазақтың біртуар азаматы, суреткер-жазушы, аяулы досым Орал­хан Бөкеев телефонмен ха­барлапты.

Мен ол кезде Орталық әдебиет­шілер үйіндегі кафеде орыстың хас жазушысы Юрий Домбровскиймен бірлесіп қазақ жазушы­лары­ның бір томдық әңгімелер жина­ғын Мәс­кеу­де шығару туралы жо­ба­­ны тал­қылап жатқан болатынмын.

Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:49

Ғабит Мүсіреповтің қайтыс бол­­ға­ны туралы хабарды мен кеш­кі са­ғат тоғызда естідім. Қайғылы хабарды Алматыдан біздің Мәс­кеу­де­гі үйге қазақтың біртуар азаматы, суреткер-жазушы, аяулы досым Орал­хан Бөкеев телефонмен ха­барлапты.

Мен ол кезде Орталық әдебиет­шілер үйіндегі кафеде орыстың хас жазушысы Юрий Домбровскиймен бірлесіп қазақ жазушы­лары­ның бір томдық әңгімелер жина­ғын Мәс­кеу­де шығару туралы жо­ба­­ны тал­қылап жатқан болатынмын.

Мәскеуден Алматыға соңғы самолет түнгі он екіде ұшатын. Енді сол самолетке үлгеру керек болды.
«Ғабит өлді деген сөз, қазақ хал­­қының асыл бір ғасыры өлді дегенмен бірдей. Асқан дарын, ас­қан адал адам еді. Әуезов жоқ. Мү­сі­репов жоқ. Қазақта бұл екеуінен асқан жазушы да жоқ. Қазақ әде­биеті қайғы құшағында. Қазақ хал­қы аза тұтып жатқан кез. Отыра тұр, мен қазір келемін», – деді Юрий Дом­бровский.
Ол лезде қайта оралып, ақ қаға­зың­нан берші, – деді. Қалтасынан бір тұтам өткір қарындашын алып шық­ты да, ақ қағазға төнді. Иы­ғы­на түсетін бұйра сары шашы басын төмен салғанда бетін жауып кетті. Сүйдектетіп жылдам жаза бас­тады. Графин мен стакандарын шылдырлатып лезде официантка Татьяна жетті. Екі стаканға бөліп құй, – деді Юрий Домбровский жыл­дам қа­рын­дашының қарқы­нын еш тоқ­тат­пастан. Татьяна қара нан мен бір табақ балықты қатар қойып кетіп қалды. Юрий Домбровский де жазуын доғарды. Қағазын бір қайтара оқып шығып, бір үтіріне тиіспестен әдемі ғып бүктеді. Аэропорттан кон­верт сатып алып саларсың, деп қа­ғазды маған ұсынып жатып: «Ол­жастың өз қолына бер. Қалғанын қыпшақ өзі шешеді», – деді. Самолетте ұшып келе жатып, үйден ала шыққан Ғабеңнің бір томдық кіта­бын пар­ақ­тап ақтардым. Мұхтар Әуезов­тің қазасына жазған азалы сөзі бірден көзге түсті.
«…Бұдан былай біздің арамыздан бәріміздің ерекше қадірлейтін ардақтымызды көре алмайсыздар. Ол қазірдің өзінде ортамызда тұр­ған жоқ, міне, алдымызда жатыр.
Бүгін қазақ әдебиеті көлденең бір жұтқа ұрынғандай, басқа ма­дақ­тарын қоспай-ақ, Мұхтар Әуе­зов дегенде ғана аузымыз толмаушы ма еді? Ойымыз да лық толатын. Бұл Мұхтар енді жоқ арамызда. Сағынар кезіміз, іздер кезіміз, жоқтар кезіміз аз болмас, таба алмаспыз бірақ.
Әдетке кірген сөзді айтпасаң амал жоқ: қош бол, Мұхтар, баладай нәзік жан, көркемөнердің өзін­дей қатал сыншы, әділ жан! Үлкен аға! Еркелеткеніңізді де сағы­нар­мыз, ұрысқаныңызды да сағы­нар­мыз. Бар бейнең көз алдымызда болар.
Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас!
Өмір – күнде той емес, өкпе­лет­кен, ренжіткен кезіміз болса, онымызды үлкен өкінішпен еске ала­мыз: еске алған сайын үлкен ру­хыңнан кешірім сұраймыз. Көр­кем­сөз­дің ұстазы, сенімен қош­та­су үшін бұл ойлар таяз, бұл сөздер бояу­сыз, әрине. Бірақ біз сенің жер құшағына тапсырылар тәніңмен ға­на қоштасып тұрмыз, жаның мен рухың бізде қалады, ең қа­сиет­теп ұстар мұрамыз – сол, оған шаң жұқтырмаспыз. Ең қасиетті борышымыз сол болар. Көп боп табар ойымыз болса, көп боп көтерер сол борышымызға салармыз. Се­нің орныңды сөзбен емес, іспен жоқ­татпауға тырысармыз. Бұл уә­де­ні анттай берік ұстармыз!
Қош бол, ардақты аға, атақты сөз шебері! Қош!..»
Бұл қара жамылып тұрып аза айт­­қан, асыл досымен қоштасқан сәті. Бұндай асыл сөзді XX ғасыр­дың ортасында бұл қазақта Ғабит қана айта алыпты. Ал бүгін Ғабит жоқ… Оның өліміне қайғырып қай қа­зақ келісімді сөз айта алады екен­?.. деген ой маған маза бер­меді.
Мола басында адам көп болды. Ғабитке татыр сөз айтылмады. Ол мүмкін де емес еді.
Тамыры үзілген сөз осылай бос сандалса керек. Сандалдыртса керек дегеніміз дұрыс болар. Ға­бит­тей алыпқа сай сай-сүйекті сыр­қыр­атар сөз тауып айта алмаған қазақ қазақ болып жарытпас дедім. Жеті атамызды білмесек, жеті ғас­ыр тарихымызды танымасақ қазақ болғанымыздан не пайда?
Ғабиттің, Мұхтар Әуезов қай­тыс болғанда абызша сарнаған ойлы сөздеріне жету қиын еді. Ғабит сөзінің гармоникасы мен ойы ерекше үйлесімде болатын. Бұл қазақ ортасындағы ойлы ортаның құр­дым­ға кетіп бара жатқанын аңғарт­қан. Таным да, талғам да, талант та талауға түскен кез еді.
Бүгін емес, ертең емес, бірақ қа­зақ­тың рухани әлемі еңкейіп құ­лау­ға бет алғанын анық сезін­ген­мін. Сонан жанды азалы үн жау­ла­ған. Бүгін құлап болған да болар. Енді, бір кезде алып аспанда еркін қалықтаған қазақ рухы жандану, жаңару ізденістеріне шұғыл кірісуі қажет-ақ. Әйтпесе, орта жолда қа­лып, құрдымға кетіп құлармыз.
Оралхан екеуміз сол кеште қа­ла­ны ойсыз кезіп жүріп алдық. Ай­налшықтап мен жататын «Алматы» қонақ үйінің айналасынан шы­ға алмадық. Бір-бірімізге тіл де қа­тысқамыз жоқ. Ой үнсіз. Сөз үнсіз. Көз ғана сөйлегіш еді.
– Оралхан, жүр тауға тар­тай­ық?!.
– Жаның оңашаны қалады ма?..
– Жалғыздықты!
Таңғы жетіде мені әуежайдан қарсы алған Оралхан екеуміздің он сағаттан соң тұңғыш сөз қа­ғыс­тырғанымыз осы болды. Ала­тау­дың бауырындағы «Медеу» қо­н­ақ үйі­нен екі бөтелке арақ, тіске басар дәм алып биік төбенің бір басына кө­теріліп жайғасып отыр­дық-ау.
Қараңғы тау іші. Түн. Толық ай­­­дың жарығында толы стакандарды түйістірмей үнсіз төңкеріп тас­тадық. Аздан соң, өне бойымда жып-­жылы қан толқи жүгірді. Шал­­­қамнан жаттым. Алматыда кө­р­ін­бейтін жұлдыз, Алатаудың бөк­теріндегі көкте самсап тұр еді.
Біз қазақ өнерінің ең ардақты саңлағы, соңғы патриархы Ғабит Мүсіреповпен осылай үнсіз қош­тасқанбыз. Өмірден озғандар бір дәуір. Тірлікте қалғандар бөлек дәуір болатын.
Бүгінгі тіршілік аясында Әуе­зов пен Мүсірепов бастаған көш­тің аспаны аласармаған, болмысқа бет қойған мақсат-мүддесі киелі болатын, өйткені, олар өз бастарын емес, бүкіл бір халықтың мәдени мұрасы мен рухани салмағын кеңістік пен уақыт аясында бұрын-соңды болмаған биікке көтеруге жан салған тарихи тұлғалар еді. Заттарына да, аттарына да қылау түсірмей, тіршілік аяларын баянды бастаудан айырмай, бұл тіршілікте бастарын имей, тік ұстап өткен аяу­лы ұлт асылдары еді-ау.
Мүсірепов қазақ өнерінің даусыз соңғы Могиканы болатын. Сонан да, аяулы ағамен қоштасу Орал­хан екеумізге ауыр тиген.

Мәскеу
Сол кездері Мәскеуге, Мем­ле­кет­тік сыйлықтар беруге арналған Бүкілодақтық комитет мүшелері Ғабит Мүсірепов, Әзірбайжан Мәм­­бетов жиі келетін. Асыл Әзе­кең де, Әуезов пен Мүсіреповті ерек­ше құрметтейтін. Олар туралы өте есті естеліктер айтатын. Ахмет Жұбанов пен Ғабиден Мұстафин туралы ойлары да кесек болатын. Әзекең көп сөйлемейтін, сөзге сараң, ойға терең, сыйласымға берік адам еді. Мәскеуге келгенде маған телефон соғып: «Роллан, Ғабеңе сәлем беру керек қой. Бірге барайық», дейтін. Ғабеңнің шау тар­тып қалған кезі болғанымен, ең­сесін биік ұстайтын. Қимылы са­бырлы, сөзін салмақтай созып сөйлеп отырғаны ерекше еді.
«Әзірбайжан, Мұхтар дүние­ден озғалы, біздер жақсы пьеса, тәу­ір қойылымдар қоя алмай жүр­міз. Бұл ойыңда болсын», – деді Ға­бит Мүсірепов.
«Қан мен терге» Одақтың мем­ле­кеттік сыйлығын алдық. Шетелдерде қойылымдар қойып жүрмін ғой, Ғабеке!»
Жазушы темекісін әдемі сорып алып, хрусталь күлсауытқа жай­ғастырды да, сәл үндемей отырды.
– Коньяктан алып қоялық, Ға­беке, – деді Әзірбайжан Мәдиұлы.
– Алсақ алайық, деп Ғабекең ша­ғын рюмкадағы француз ко­нья­гі­не ернін тигізді, бірақ ішпеді.
Менің байқағаным, Ғабекең арақ­­ты да, коньякті де талғап, талдап сәл-пәл ұрттап қана ішетін. Қимыл-қозғалыстың бәрі ұстамды, салмақты, сәнді деген лайық болар.
– Әзірбайжан, атаң Ахмет, қа­з­ақ өнерінің көсегесін көтеруге жанын салды. Ғазиза екеуің ылғи қасында болдыңдар. Оны жақсы білесіңдер. Ұлттық өнерімізді кө­те­руде тоқмейілсуге болмайды. Әйт­­­песе, құр мақтанға еріп көштің соңында қаламыз. Біз өзі де, мақ­таншақ, даңғаза халықпыз ғой. Ма­­ған салсаң, бүгінгі қазақ әде­биеті мен өнерінде көп нәрсе ұнаудан қалды. Қазылары түлкі, тұлғасымақтары наданданып бара жатқанға ұқсайды. Сабыр ет, мен бергіні көріп емес, арғыны ойлап айтқаным. Бізге көп оқыған, терең білімге құштар, көкіректері көк өрістей талғампаз жастар тәрбие­леу керек.
Ғабең біраз үнсіз отырды. Сө­ніп қалған темекісін қайта тұтатты.
– Соңғы отыз жылда біз қатты бү­ліндік. Біздің сөзімізде де, ісі­міз­де де бояма көп. Той көп. Ой аз. Құрып бара жатқан тіліміз, құр­дымға кеткен қазақшылығымыз… ойлан­дыратын нәрсе көп қой… Сая­си келбеті бұзылған мемлекет мем­лекет бола алмайды. Біз іші­міз­ден іріп жатырмыз. Айтатынымыз өтірік, істейтініміз өтірік, мақ­сатымыз да өтірік. Коммунистік пар­тияның өзі де өтірікке қақалып болды. Генеральный секретарьға ха­лық, халыққа Генеральный секретарь сенбейді. Совет Одағы де­ге­німіз, алдау мен арбау мем­ле­кетіне айналды. Бұл менің жаныма батады, Әзірбайжан. Роллан бала­мыздың құлағына алтын сыр­ға. Ол әлі жас қой. Мен кейде ойлаймын, осы Мұхтар уақытында о дүниеге аттанып кетті ме деп?! Жеті жыл­дыққа жеті роман жазамын деп шатасқан шағында Алла тағала қожаның баласын үлкен қатерден сақтап жіберсе керек. Өті­рік пен өлексе лозунгтар туралы қандай ән, қандай роман жазуға болады. Сатқындық торында той тойлап үйреніп алған «өнер­паз­дар» әке­лері өлсе де тойдан қал­майды ғой. Олар «ән» де жазады, «роман» да жазады. Ақша төлесе болды. Біз ақша үшін аталарын сататын пенделер тәрбиелеп өсірген мем­ле­кет­піз. Қай халықты да өті­рік­пен суар­саң, өті­рік­ші бол­ма­ғанда кім болады, Құ­дай-ау?!
Бұл, Москваның жайма-шуақ ке­­шінде болған әңгіме еді.
Мен сол түні ұйықтай алмадым. Социалистік Еңбек Ері, Ха­лық жазушысы Ғабит Мүсіре­пов­тің жүрек түкпіріндегі азаматтық ойы менің жүрегімді дүр сілкін­діріп еді.
Мәскеудің түбіндегі жазушылар үйіне барып бір апта оңаша жаттым. Жазу да жазбадым. Кітап та оқымадым. Түні бойы орман кезіп жүрдім де қойдым.
Ғабеңмен сонан кейін де Мәс­кеу­де сан кездестік. Алматыда бір­де бір рет кездескен емеспіз. Кез­де­суді қаламадым. Жасы жеткен адам­ды мазалауға арым жібер­ме­ген.
«Мәскеу» қонақ үйіне, мені соң­ғы рет арнайы шақыртты.
– Екі-үш күн ғана боламын. Со­нан сені арнайы шақырттым, Роллан.
– Өзім де сәлем берейін деп жи­налып жатыр едім, Ғабит Махмудович!
– Үйге бармайын, келінге, ба­ла­ларға сәлем айт. Осы бөлмеге тамақ алдырайық. Соңғы кездері көңілім болмай жүр. Оны мен са­ған неге айтып отырмын? Айтатын кісі болмағаннан болса керек. Ме­німен карта ойнайтын іні-дос­тар бар. Бірер сырлас іні-дос бар. Менде ендігі жерде одан өзге еш­нәр­се қалмаса керек, деп Ғабең бө­гелді.
Мен телефонмен даяшыға ас қамын айттым.
Осы жолы сен мені Алматыға демеді, Алатауға шығарып сал, – де­ді Ғабең. – «Советский писатель» бас­пасының директоры ке­ле­ді. Со­ған да ас ата, Роллан. Ол өзі дұ­рыс адам болса керек. Оны ма­ған, бағана Георгий Марков айтып еді. «Советский писатель» баспасынан бір томдық үлкен кіта­бым­ды шы­ғаруды Марков ниет қылды. Мен өзі, сұрағанды ұнатпайтын адаммын, сен қалай ойлайсың?..
– Сіз қолқа салып, тіленіп тұр­ған жоқсыз. Шындығын айтсақ, Сіз үшін Қазақстан Жазушылар ода­­ғы сұрауы керек еді ғой. Ниет сізден, парыз Одақтан.
– Бұл оң сөз. Осы сөзге тоқ­та­ға­нымыз абзал болар.
Кеш тілектес көңілдердің ықы­лас­ты басқосуына айналды. Келе­сі жылы «Советский писатель» бас­пасы Ғабит Мүсіреповтің үлкен бір томдығын шығаратын болды. Ол кітапқа ішкі пікірді жазу маған тапсырылды. Ғабеңнің жүзі ала­бұр­тып, бетіне қан жүгірді.
Ертеңінде Ғабеңді «Домодедово» әуе жайына алып бардым. Самолет ұшуға әлі де бір сағат уақыт бар еді. Арқасын кеңге салып отыр­ды. Шәйға арнайы бал алдырды.
– Жазып-ақ тастайтын, көңілде аманат болып сан жылдар жүрген уақиғалар бар еді, әттең денсаулық көтерер емес. Кең тынысты жүйрік аттай даланы дабырлатып шабатын қайран жастық қайдан қайтып келсін?! Қайдан?.. Жамбылға, Жә­ке, шумақ-шумақ өлеңдерді лақ­ты­рып-лақтырып тастаңыз дегені­міз­дің әбестік болғанын, енді, мына өзіміз шау тартқанда ғана түсініп, танып отырмыз. Әр нәрсенің өз уақыты болады екен. Көсілген соң, уақытына қарай көсілу керек екен. Оны ұғуға да уақыт қажет көрі­неді, Роллан. Осы сен, маған бір кіта­быңды сыйға тартпапсың. Ел беріп жатады. Жазсаңыз, деп сұрап жататындары да бар. Сұрағандарға жаз­ған емеспін. Көркемөнерде қол­­қа салу, міндет арту әбестік. Дұ­ры­сы, ессіздік. Бір сөзбен айт­қанда, мәде­ниет­сіздік. Маған сенің сұра­май­тын­дығың ұнайды. Тірлі­гің­де ті­ленбе де, сұранба да. Мен білсем ол саған жараспас. Оны өзіңе ішкі сезімтал әлемің де айтып тұрғанға ұқсайды. Мен сенің «Лениншіл жас­тағы» бірнеше әңгі­мелеріңді оқы­­ғанмын. Сен даланы да, қала­ны да қатар ұстайтын өзге­ше жазушы болмақ түрің бар. Еш­кімге ұқса­май­сың. Саяқ жүресің. Осы бір қа­сиеттерің маған ұнайды. Сол қа­сиеттеріңе бекем, мықты бол. Бұл мінез деген биік төбе. Сол тө­бең­нен төмен түспеуге жазсын. Алысты қа­ралама, жақынды жаралама. Абай бабаңша адамзатты бауырым деп сүй, құрмет тұт. Әу­мин!
Бұл қасиетті адамның ақ батасы еді. Мен ыңғайсызданып, не ай­тарымды білмей қысылдым. Қай­тып асыл ағамыз да тіл қатпады. Өзімен өзі болып ұзақ ойға кетіп қалып отырды.
Самолеттің трапына қолтықтап көтергенімде Ғабең маған молынан бұрылып, ал, қарағым, қош тұр, – деді. Жылы саусақтары, жып-­жылы алақаны иығымнан аялай си­пап өтті.
Ғабит Мүсіреповті бұл менің соңғы көруім болыпты.

Өнер
Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсі­ре­пов, Бауыржан Момышұлы, Шә­кен Аймановтар қазақтың Дәуір­леу кезеңінің алғыр, ержүрек сай­ып­қырандары еді. Бұл айбынды, ардақ тұлғалардың барлығы да бүгінгі күннің ғана емес, келешек тілер парызды да қалт жібермей, алысты ойша болжап қаракет қы­лар нағыз ұлтжанды қайрат­кер­лер болатын. Қазақ ұлтының қоғам болып дамуында олардың қосқан үле­­сін ауызбен айтып жеткізу мүм­­кін емес. Қазақтың енжар­лы­ғы­на, дәрменсіздігіне, Абайдан соң, аяусыз соққы берген осылар бол­ды. Олар адам айтқысыз айуан заманда өмір сүрсе де, адамдық қасиеттерін жоғалтпады. Қай-қай­сысы да ары мен ождандарына қаяу түсірмей өмірден өтті.
Олар қандыбалақ, текетірес за­ман­ның көзсіз ерлері болатын. Уа­қыт пен кеңістіктің өрісіне ал­қын­бай шығып, екі ұғымды да қазақ­тың пайдасына шешуге жандарын салған Алаштың асылдарынан ке­й­ін­гі, бел шешіп кіріскен қай­рат­керлер еді.
Ұлттық дамуды көздің қара­шы­ғындай қорғалаған да солар болды. Сонан да Кеңес дәуірінің жетпіс жылында, қазақ қоғамы өзінің жүз­деген жылдарғы мешеулігінен ары­лып, жаңа үрдіс заманның ал­дың­ғы қатарына еркін бой көтерді.
Заманды жасасқан сол аға ұр­пақтың ерен еңбегін елеп, со­лар­дың кемел ойларын XXI ғасырға арқау қылып тартар жаңа ұрпақ­тың рухани, мәдени, саяси әлеу­мет­тік биігі қанша екенін осы біз білеміз бе? Оны ойлаған орта бар ма? Күнде ойын, күнде тойға салынып жүріп, аспаннан түскен дербестіктен айырылып, аһ ұрып қалып жүрмейміз бе? деген үркек ой мазаны алғанда арқаңнан суық тер төгіледі.
Сеулде бас көтермей он сағат талмай жұмыс істейтін корейлерді көргенде, Астанада күндіз-түні ән салып, би билеген, бір бітпейтін той-думанды көргенде Абайшылап, бұл қазақтың келешекте күні не болады? деп көзіңе жас толып ұйқысыз түндер өткізесің… Үнсіз өткізесің. Бүкіл Дешті-Қыпшақ даласы меңіреу, дел-сал ұйқыда.
Аса үздік суреткер Ғабит Мүсі­ре­пов шын мәнінде халық жазушысы, өйткені, ол тұтас халықтың бол­мысына ғасыр әлемінен көз ті­геді.
Біздің жас жазба әдебиетіміз ен­ді ғана қалыптасып құлашын кең­ге салған кезде, жап-жас Ғабит Мүсірепов ұлттық прозамыздың да, ұлттық театрымыздың да, ұлт­тық киномыздың да, ұлттық ғы­лы­мымыздың да, ізденімпаз экспериментаторы ретінде де, сыншысы ре­тінде де ұлан-ғайыр қажырлы ең­бек жасады.
Стильдік ізденістерге сонша мол барған, әдебиет теориясын те­рең саралаған Ғабит Мүсіреповтей суреткер бұ қазақта жоққа тән. Өкі­­нішке орай, суреткердің бұл ерек­ше әдеби ізденістері, бүгінгі жас буынның шығармаларынан ұшы­­распауы жан қинайды. Проза­мыздағы концепциялық тұжырым, образ кескіні, деталь мәнділігі, ком­позициялық айқындылық, әлеу­меттік ағым, кең көркем тыныс пси­хологиялық талғам мен талдау бояуы әлсіреген сайын, әде­бие­ті­міз де әлсірейді деп санай беріңіз.
Қазақ әдебиетінің жаңғыруы үшін, жаңа сапаға көтерілуі үшін, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мү­сі­реповтің әдеби мектебі, әдеби уни­верситеттері туралы ерекше талдау, ерекше зерттеу, ерекше пайымдау жасау керек. Бұл өте терең тақырып. Халықтың халықтығын, азаматтың азаматтығын таразыға тартатын сәт.
Менің қойын дәптерімде Ға­- б­ең­­нің музейлерінің бірінен жазып алған мынандай сөздер бар:
«Әдебиет пен өнер ұлы бол­ма­ған жағдайда, ұлт ұлы болып есеп­телмейді». Ғабит Мүсірепов.
Қисынын тауып айтылған таптырмас ой. Алыптар ойы, дәуірдің ең бір өзекті рухани ізденістерін айшықтайды. Қашанда идеялық тен­­тіреуге, саяси салғырттық пен сатқындыққа жол бермейді, үнемі атойлап қарсы шабады. Ғабит Мү­сірепов кескілескен идеологиялық күрес үстінде ержеткен ұрпақтың өкілі.

Өмір
Сөзінен таймаған, уәдесін бұз­баған, сертінен айнымаған. Қоғам қайраткері, мәдениет қайраткері бо­­ла білген Ғабит Мүсіреповтің бол­мысы осы. Тәкаппар талант мі­незі де осы.
Қазақ халқының тағдыры мен қазақ қоғамының тағдыры бірдей сынға түскен тұста өзін де, өзгені де сатпаған тұлға. Заман үшін адамға, адам үшін заманға қиянат жасамаған тұлға.
Бір күндік дәурені үшін, бір күн­дік асы үшін, бір күндік күйкі тір­лігі үшін, жанын да, тәнін де сат­паған тұлға.
Абайша айтқанда, ақылы мен еңбегіне сенген, жүрегін сара ақыл­мен салқын сабырға жең­дір­ген тұл­ға.
Дау-дамайға салынып дүбірге еріп бұлқынбаған, жүрегінің лү­пілін тыңдап, сол жүректің ақ­ы­лы­на табынған тұлға.
Кемел суреткер, қажырлы қай­рат­кер қашанда қиянатқа, топас­тық­қа, арсыздыққа қарсы күреске шығады. Жазушы қашанда халық жағында. Ол халықтың қорғау­шы­сы, қамқоршысы, жанашыры. Алла тағала, тіліне от салып, жү­ре­гіне мейірім төгіп, халқының жал­ғыз жанашыры қып қара жерге жазушыны жіберген. Халқының қор­ғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да сол жазушы.
Суреткер-жазушының жер бет­ін­де үш міндеті бар, ол адам­заттың адалдығы үшін күрес. Қара жердің тазалығы үшін күрес. Ел билеуші пенденің ойының адаспасы үшін күрес.
Адамдық қасиеттерімізді жер қылсақ, әділетті тізерлетсек, ар­сыз­дар мен парықсыздарға жол бер­сек, онда біздің кісілігіміз қай­да?.. Осының бәрін көріп отырып үнсіз қалуға өнерге өмірін арнаған адамның хақы бар ма?.. Хақы жоқ болса керек.
Ғабит Мүсіреповтің жол жазба әңгімелерінің өзінде – Тас сөйле­ген, Арқа сөйлеген, Көз сөйлеген – кез­десетін сұрапыл жан айқайы­ның қуаты, Сізді тірідей жерге кө­міп жіберердей әсерге бөлейді. Жазушы адам жүрегін жаулап болып қалған астамшылдыққа, кеуде керушілікке, кещелікке, қарау­лық­қа, дүниеқоңыздыққа, тоңмойын­дыққа, рухани «күптілікке» барша жанымен қарсы тұрады. Атойлап ал­ғы шепке шығады. Ар-ұятты қор­лап өлтіріп, қара жердің қой­нына тықса да, жазушы, адам са­на­сының ақылына арқа сүйейді. Ар-ұят өлген соң, адам да өледі. Малға айналған екі аяқты, ең қатал, ең әділетсіз хайуанға бой береді. Бізге сонан да білімді, адал, ойшыл интеллигенция керек. Қара жердің қамын жеген жауапты қазақ интеллигенциясы керек.
Ғабит Мүсіреповтің өмірдегі де, өнердегі де өнегесі, Ана-Отанды жанындай сүюде жатыр. Қа­зақ­тың тілі мен әдебиеті үшін жаса­ған еңбегі ерлікке пара-пар. Ол рухани ізденісті үзбеді, тоқмейілсуді білмеді, табанды еңбектен танбады. Сондағы жазғаны бес-ақ том кітап.
Бірақ қандай кітаптар! Стилі жақұттай ойнаған, композициялық құрылымы сұлу өзендей созыла көмкерілген, ой астары қалың ормандай тұңғиық тыныштыққа бой қойған, әр томы бір дәуірдің жүгін көтерген айтары мол Асыл Кі­таптар!
Тарлан таланты қапысыз кісі­лігіне сай, өзгеше тұлға, оның бойында жалтақтық та жоқ, кеуде керу де жоқ, кесірлік те жоқ. Бұл топ­тың адамдарының өздері де кесек, өнерлері де кесек, өмірге деген махаббаттары да кесек. Көлгірсімей ірі сөйлейді, ірі қимылға барады, ірі істер тындырады. Үлкен адам­ның кісілігі де үлкен болуы керек-ау!
Қиын заманда туып, қиын ғұ­мыр кешсе де бұлар адамдық кел­бет­теріне қылшық түсірмепті. Ада­л, әділ, арлы қалыптарынан бір өзгер­мепті. Бұл неткен парасатты тұлғалар, деп ойға кетесіз.
Қазақ даласын аралап жүріп, күз­дің бір сұрғылт кешінде Қы­зылжардың «Жаңажолына» келіп аялдадық. Бұл Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы. Мұражайы да осында екен. Күтпеген жерден қадірлі ағамыздың ауылына келіп атбасын тірегенімізді өзім жақсылыққа жорыдым.
Мәскеудегі Бүкілодақтық жазушылар съезі өтер күннің алдында Шерхан Мұртаза, – сол кезде Қазақ­стан Жазушылар одағының екінші хатшысы – бір топ жазушыларды Ғабеңе сәлем беріп шығуға ертіп барды.
Қазақтың осы бір үлкенді силау дәстүрі адамның жанын тебі­рен­теді. Ұлағаты байтақ, айтары мол, киелі дәстүр.
Ал Қазақтың ру-руға бөлініп, үш жүзге таласа тартысқанын көр­генде, жаның түршігеді. Ол кезде өмірден мән кетеді. Ит құрлы бол­мадық-ау, деп көзіңе жас аласың. Ғабеңе келген адам көп, ыдыс-аяқ аз еді. Ғабеңнің кесесі босағанда, ағамның кесесін мен алайын, де­дім. Шерхан ағам: «Ырымшылын қарашы, мынаның!» деп сүйсінді. Жайсаң көңіл жақсы ағамыз, кесеге ыстық шәй құйып берді.
– Ер жігітке ырымшыл, баташыл болған жарасады, – деді Ға­бең. – Бұл дәстүрді қолдау керек. Кей­інгі жастар ұмытып кетіп жүр­ме­сін.
– Қазақ қалай қазақ болмақ керек деген сияқты шағын ғана қалта кітабы керек. Салт-дәстүр, ырым, Құран сөздері, Пайғамбардың ха­дис­тері, Қожанасырдың әзілдері бол­са жақсы болады, – дедім мен.
– Дәл айтады, дұрыс сөз. Осын­дай кітапты сен құрастыр, Рол­лан. Біз шығаруға болысайық. Мұхаң­ның, Ғабеңнің, мына Қал­тайдың да әзілдері ол кітапқа кірсе дұрыс болады, – деді Қалмұхан Исабаев.
– Қалеке, сол кітапты құрас­ты­руға сіз де қатысыңыз, – деді Шерхан Мұртаза.
Москваның төрінде айтылған сол сөз, Ғабеңнің сол аманаты іс­ке аспады. «Жаңажолда» малдас құ­рып отырып, Алла қаласа, Ғабит Мүсіреповтің сол бір өміршең аманатын орындауға бел будым. Шынында да, бүгінгі жас қазақтарға XXI ғасырда қазақ қалай қазақ болып қалмақ деген ойды жеткізуді өзіме парыз санадым. Әрине, бұл ойды айту оңай, ал орындау өте қиын болатынын қай-қайсымыз да жақсы түсінеміз ғой.

Өзі
Қызылжардың ұшы-қиыры жоқ шексіз даласында мен суреткер-жазушы Ғабит Мүсіреповтің өмір­дегі де, өнердегі де өнегесі туралы көп ойландым. «Жаңажолдағы» оңа­ша ұзақ кеш пен орамға кел­мейтін келте түнде, Ғабит Мүсі­репов тәлімінің біз үшін аса қым­бат болғанын ерекше пайымдадым. Ғабит Мүсірепов мекте­бі­нің тазалығы мен талғампаз­ды­ғы­ның бөлектігін де ойға алдым. Әуезов мектебі, Мүсірепов мектебі аталатын рухани биіктікті кезінде біздер жас жазушылар өз өремізге ыңғай­лап бағындырған болдық. Ал олар­дың терең, кең сапалы нағыз ұлт­тық әдеби мектептері олар дүние­ден озған соң ұстазсыз қал­ған. Ол ғажайып мектептерге қай­тадан жан бітіретін әдеби білім тас қа­раңғы мешеу күйде еді. Қазақ­тың филологиясы мен сыны пы­сық­тықтан, адамзаттық саналы тол­ғанысқа әлі де аяқ баса қой­ма­ған. Енді аяқ баспайтын да болар. Аяқ басуға өре де, тәрбие де, мәде­ниет те, намыс та, рух та жетіс­пей­ді. Сауатсыз университеттер, сау­ат­ты білім бере алмайтыны көзі тірі­лердің бәріне де белгілі болған. Қоғам соған көндіккен. Адам со­ған төзген. Өтірік өркен жайған қа­зақ даласының тілі кесілген.
Мүсірепов мектебінің, стиль­дік, композициялық, рухани тәлімі ту­ралы талдау өткізу қандай бақыт десеңізші! Ойлы шәкіртке ондай тәлімдік сабақтардан өту нағыз мектеп болар еді. ХХ ғасырдың 80 жылдары сәуегей Мүсірепов, ізде­німпаз Әзірбайжан Мәмбетовке, ұлттық өнердің діңгегін шай­қал­тып, табалдырығын аласартып барамыз деп бебеу қағуында бүгінгі тексізденіп бара жатқан қазақ мә­де­ниетінің тамыры қаталап шөл­дей­тін күйіне тап болудан сақ­тан­дырғаны болса керек.
Саясатты дұрыс жолға қоюға, экономиканы ілгерілетуге болар, бі­рақ рухы құлаған ұлттық мәде­ниетті қайта қалыптастыру мүмкін емес.
Рухынан айырылған ел – ел бол­майды, рухынан айырылған мә­­де­­ни­ет те ешуақытта қайтып тіріл­мейді.
Ұлттық мәдениет, мәдениет­сіз­дікті кешірмейді.
Ал, алыптар елінің еркін азаматы болған суреткер-жазушы Ғабит Мүсіреповтің, менің күңіренген ой-­толғауымда еш шатағы жоқ. Хас суреткер, қазақ даласының бары мен жоғын бірдей жырлаған алып жүрек тоқтағалы қашан?.. Ақи­қат майданының ер сарбазы ерлікті айтуда да, елдікті айтуда да еш тосылған емес. Отанның ба­қы­ты үшін жанын салған үлкен су­реткер-жазушының өмірлік өнегесі халқымен бірге болса деген ой, біздікі. Сол ойдың өміршеңдігін ті­леу біздікі.
Алып тұлғалардың айтқан сөз­де­рі уақыт аясында ұмытылып қа­лып қоймасын деген уәж біздікі.

Дала
Алып далада күздің қанға ма­лынған қып-қызыл күні көгілдір көкжиекке енді ғана иек артқан тұсы еді.
Аллаға мың да бір рахмет, дәл осы күз Қызылжар еліне мол ас­тықты үйіп-төгіп берді-ау!.. Енді тек жинап үлгер. Игілігіңе жарат.
Бейқам қазақ, ризығың мен ыры­­сыңды тағы да төгіп алып жүр­ме.
Өзгені тыңдама, өз жүрегіңді тың­да. Сол жүректің айтуымен жүр­­сең, қор болмассың, қазақ жұр­ты. Қазақ жұртына тыныштық ті­лей­ік, береке тілейік, бақыт тілейік. Бұл тілектер тірі болса, болашақ Мағжандар, Сәбиттер, Ғабиттер Қы­­­зылжар өлкесінің төріне тай-құлындай тебісіп әлі-ақ шапқылап шығар. Тегі бар ұрпақ тентіремес.
Шығармалары шындық жұт­қан жазушылар өлмейді. Олар көп те емес. Жақсы суреткер-жазушы өмірде сирек кездесетін құбылыс.
Ғабит Мүсірепов те сол си­рек­тердің санатынан.
Ғабит Мүсіреповтің өмірі де өз­геше болды.
Өнері де өзгеше болды.
Өлімі де өзгеше болды.
Өзі де өзгеше болды.
Құдіретті қазақ топырағынан жаралған, құдіретті қазақтың бірі де «Жаңажолда» дүниеге келген Ғабең – Ғабит Мүсірепов болатын.
Сол алып даланың төсіне енді ғана жеткен күздің көгілдір ке­шін­де «Жаңажолдың» төріне тізе бү­гіп, асыл ағамыз туралы сыр шерткен Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.