Оқырманы ең көп жазушы
Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:39
Әдебиет әлемі уақыт бел-белесінде жатқан ұлы көшке ұқсайды. Кешегі лекциясын тыңдап, тәлімін алған, тәрбиесін көрген ұлы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов жаңа әдебиетіміздің керуенбасы секілді еді, жарықтықтар. Бұдан кейін әдебиетімізге қазақтың киелі сөзін ұстаған, көзіміз көріп, дәмдес-тұздас болған Тәкен Әлімқұлов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтар келді. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары олардың соңын ала әдемі лек шықты: Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Ақселеу Сейдімбек, Әнес Сарай, Төлен Әбдік, Смағұл Елубаев. Бұлардың уыздай тіл үйірер романдарын, хикаят-әңгімелерін тамсана оқыдық. Осынау топтың бел ортасында Дүкенбай Досжанды да көремін.
Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:39
Әдебиет әлемі уақыт бел-белесінде жатқан ұлы көшке ұқсайды. Кешегі лекциясын тыңдап, тәлімін алған, тәрбиесін көрген ұлы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов жаңа әдебиетіміздің керуенбасы секілді еді, жарықтықтар. Бұдан кейін әдебиетімізге қазақтың киелі сөзін ұстаған, көзіміз көріп, дәмдес-тұздас болған Тәкен Әлімқұлов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтар келді. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары олардың соңын ала әдемі лек шықты: Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Ақселеу Сейдімбек, Әнес Сарай, Төлен Әбдік, Смағұл Елубаев. Бұлардың уыздай тіл үйірер романдарын, хикаят-әңгімелерін тамсана оқыдық. Осынау топтың бел ортасында Дүкенбай Досжанды да көремін.
… Дәм жазып Президенттік мәдениет орталығына қызметке келдім. Дүкенбай осы орталықтан шығатын «Мәдени мұра» журналын басқарады екен. Сол уақыттан бері біріміз аға, біріміз інідей, бір атаның баласындай, тіл табысып, мәртебелі мәдениеттің пұшпағын қатар илесіп келеміз.
Байқайтыным, Дүкенбай көбіне ойдың үстінде жүреді. Барынша ақкөңіл, кеңқолтық. Баяғы қазақы мінездің көшінен түсіп қалған жұрнақ секілді. Бүгінгі күннің қақаң-сұқаңымен де, өсек-аяңымен де ісі жоқ секілді. Кісіге жақсылық жасауға бейім, жапа шексе – көбіне адалдықтан, аңқаулықтан жапа шегеді. Жан баласына жамандық тілемейді. Ешкімге залалы жоқ, шуағы мол. Бар білетіні – жазған шығармасы. Еңбекқор, көп оқиды, көп тоқиды. Бәзбіреулер секілді көкірек керіп, дауыс көтеріп те жатпайды. Кішіпейіл. Кілтін тауып сөйлете алсаң әңгімешіл. Жүрекпен тербеп айтады. Жүрекпен тербеп жазады.
Жазушының «Құм кітабы», «Абайдың рухы», «Терезенің жарығы» кітаптарын оқи бастадым. Терең сөздің түбіне түстім. Өзім үшін ашылмаған аралды аштым. Баяғы жазушының өзін танымай – шығармасын толық таныдым деу бекер әңгіме екеніне көзім жетті. Бұл күндері қазақтың қабырғалы қаламгері Дүкенбай Досжанды бір кісідей білемін деп айта аламын. Жазушының өмірді суреттеуі, сөз саптау ерекшелігі, өзіне тән жазу машығы маған әжептеуір әсер етті.
«Өлке» баспасынан шыққан Дүкенбай Досжанның таңдамалы шығармаларының үшінші томында жазушының өмірбаяны берілген. Онда: Д.Досжан ең көп оқылатын жазушы, «ерекшелігі – дүниені суретпен, тек қана өзіндік бояу-белгімен көреді, тірі сөзбен сурет салады», – деген жолдарды оқисыз. Яғни, жазушының тек қана өзіне тән сөз саптау, сөйлем құрау машығы бар, өзіне тән ойлау, жазу стилі бар деген сөз. Сөз өрнегі. Сөзбен сурет салу, дүниені сөздің суреті арқылы көру екінің біріне қона бермейді. Көзқарасы, өзіндік қолтаңбасы жоқ кісі судай сапырып көлдетіп, сөйлем құраса-дағы, өзіндік сөйлем құрауы, сөз қолданысы дараланбаған автор қаншама кітап шығарса-дағы суреткер бола алмайды.
«Тізгінді сәл босатса-ақ алып қашып кететіндей, тақымын сәл қысса-ақ құлақты жымып ытырыла жөнелетіндей. – Ойпырмай, – деп толқыған, алдынан қаулап шыққан қарақұрым аттыны көріп, – жай жүріске ішім шайқалып келе жатқаным мынау, нағашым айтқандай қалай құйындай ұйтқып көкпарды тақымға басамын, ат бауырына құлап додаға кіремін, жұрт езуіне жиек боп күлкіге қалмайын» (Д.Досжан, Терезенің жарығы, Астана, «Фолиант», 2009, 209-бет).
Бұл «Жігіттің бір жұрты» әңгімесіндегі Үпілмәліктің басындағы хал. Осынау шағын әңгімені болашақ қаламгер 20 жасында жазыпты. Елге, түкпірдегі атбегі-нағашысына сағынып жетіп, үлкен кісінің көңілін қимай бәйге атына тақым басып, көкпарға кірген бозбала бейнесі, кейіпкердің ойнамалы көңіл күйі. Үңіле түссең: «құлақты жымып», «алдынан қаулап шыққан», «іші шайқалып», «құйындай ұйтқып», «ат бауырына құлап» деген сурет көз алдыңызға тізіліп шыға келеді. Дүниені суретпен көруді, болмысты суретпен бейнелеуді жас қаламгер әуел бастан жүрегіне сіңіріпті.
Дүкенбай сөзуар емес, лапылдап жанып, лақылдап таси бермейді. Біртоға, тұйық жазушы.
Соғыстан соңғы көтерем ауылды көтеремін деп ат үстінен түспейтін әке.., жанына көршінің әйелін алып белі бүгіліп бие сауумен күнді еңкейткен шеше.., екі тау арасындағы түтіні сұйық шүйкедей ауыл.., жалғызілікті үйдің баласы… «Төрт жасқа дейін тілім шықпапты, – дейді өмірбаяндық эсседе жазушы, – баламен айналысатын адам болмаған, ертеңгісін есік алдына шығарып, астыма текемет төсеп, қолыма екі тас ұстатып, әке-шешем шаруа күйттеп кетіп қалады. Әлгі тас – ойыншығым. Бір-біріне ұрыстырып отырып шекеме күн өтіп құлап қалады екем. Кешқұрым анам келіп үйге кіргізіп қояды… Ертеңгісін әлгі жағдай қайталанады. Қолыма екі тас ұстатып, бірі – жонға, екіншісі – бие сауымға жөнеледі», – деп жазады (Шығармалар, Алматы, «Жазушы», 2008, 214-бет) балалық шағын. Он жеті жасында Алматыға келіп, сол кездегі айтулы білім қарашаңырағы ҚазМҰУ-ге түскенде, өзге курстас құрбылары жарқылдап күліп, тотыдай таранған күлімкөз сұлулармен тіл табысып, оп-оңай оңашалап жүргенде бұл кітаптан бас алмайды. Көпшілік кітапхананы күзетшімен бірге жауып шығады екен. Оқығанын бойына сіңіре береді. Осы әдеті жазушыны – сөз суретшісі етіпті. «Суретшінің жастық шағы» хикаясындағы Дүйсенбі – қаламгердің өз прототипі.
Адамның мінез-құлқы секілді қара сөздің де мінез-құлқы, табиғаты болады. Дүкенбай прозасының мінез-құлқы көбіне уәйімге, мұңға бейім. Оның кейіпкерлерінің үнемі әбі-тәбі, барлы-жоқты болып, әлденеге ұмтылып… әрдайым мақсатты межеге жетемін деп жете алмай, үлкен іс бітіремін деп бітіре алмай әбіржіп жүргенін көресің. Олар өмірден өз сүрлеуін іздеп шаршаған, ақкөңілдіктен аузы күйген жандар.
Дүкенбай сезімнен – ой, ойдан – пайым өруге ұста психолог суреткер.Аудармашы Герольд Бельгер естелігінде: «Ішіміздегі мөлдіреген әрі жас, әрі көп тоқып, аз сөйлейтін Дүкенбай еді», – дейді. Әбіш Кекілбайұлы: «дәуірлесім, дәріптесім, әріптесім», – деп әрдайым бауырына тарта жүреді. Наз айтқан кезде «саяқ жылқы секілді әдеби салғаластан, бақ сынастан сырт жүресің» деп кейіс білдірсе-дағы қаламгер әрдайым заман дидарының аңысын аңдып, қабағын бағып, көркем шығарма жазудан өзгеге икемсіз өседі.
Бала жастан ешкімнің жігерін жасытпай, көңілін қалдырмай, ешкімнің алдын кес-кестемей, кездескен қиындықты өзі ғана еңсеріп, қателігін өзі ғана түзетіп, кеңдігіне тереңдігі сай болып өседі.
Ерте ме, кеш пе әдебиетшілер тарапынан әрбір қаламгерге: не тындырдың, өзіңе тән нендей образ сомдадың деген сауалдың туындайтыны ақиқат. Бұл сұраққа жауап бермей, ұрпақ жадында жатталу, әділ сыншы – уақыт таразысынан адаспай өту екіталай. Дүкенбайдың өзгеден бөтен мінез галереясы қандай сонда?
Жазушының үш кейіпкерін бөліп атағымыз келеді.
Бастысы әрі бірегейі – ауыл азаматы Палмантай. Ауыл жүгін өрге сүйреген өгізі, қара жұмысқа белшесінен батып, отымен кіріп, күлімен жүретін бейнетқоры. Бір үйдің отын-суы түгесілсе «Қол ұшыңды бере қал, азаматым», – деп Палмантайға жүгіреді, бір ошақтың оты жанып, я келін түсіріп, я қыз ұзатып жатса: «Жарқыным, тойымызды басқарып бер!», – деп Палмантайға келеді, келесі көршінің басына іс түссе: «Тәңір жарылқағыр, қаржы тауып құтқарып жібер», – деп Палмантайды табады. Арбаның күпшегіндей айналып келе беретін бітпейтін қу тірлік, күнделікті күйбең. Өз шерін ақтарып, өз қотырын қасуға мұршасы жоқ жазғанның. Арқасүйері… беткеұстары… айбаты… жатқа сілтер айбалтасы осылайша тасқаяқтай тоғысып, бірде аулының намысын жыртып күреске түсіп, миы шайқалады… Бірде көктемде дарияға құлаған тракторды шығарам деп қабырғасын сындырады… жұрттың жыртығын бүтіндеп, шашбауын көтеремін («Зауал») деп жүріп кемел жасқа жетеді. Денсаулығы кемиді. Жәрдем сұрап собеске кірсе – аспандағы шенеунік: «Сіз еңбек майданының ардагерісіз, біздер пәшеспен, ауғанмен атысып-шабысқан ардагерге ғана жәрдем береміз», – деп қолын сермелеп қашады. «Ау, миым шайқалса – «Бірлік» кеңшарының намысын жыртып күреске түсіп шайқалды! Бір амалын табыңдар!», – дегеніне құлақ асатын жан баласы болмайды!
Шенеуніктің ерін шүршиткен… шіренген… кісімсіген мінезінен мезі болып, ағайыннан қайыр күтпей, ел шетіне, айдалаға, құмға қаңғып кетеді («Адамға қанша қуаныш қажет»). От пен суға күйіп-пісіп, көп үшін күйзелген жанға жер ортаға жеткенде: «Е, байғұс-ай!» – дейтін қамқоршы табылмайды. Шенеунік менмендігі, нарық безбені, руластар немкеттілігі өзегінен тепкенде – ортасынан безіп, қарасын батырып, ақыры «жақсы ит өлігін көрсетпейдінің» кебін киді. Осындайда О.Сүлейменовтің алғысөзіндегі: «Дүкенбай қазақы мінездің айна – суретшісі», деген сөзі еске түседі. Кешегі кеңестік дәуірде тесік өкпе болып бейнет шегіп, жер ортаға жеткенде ешкімге қажетсіз, сұрауы жоқ, төрден де, есік аузынан да орын тимеген, жуас, бүгінгі тілмен айтқанда баяғы кеңес өкіметіне оппозиция болған азаматтың жанайқайы… типтік бейнесі…
ХХІ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілінің типтік бейнесін – соңынан өсек-аяң желімше жабысып, бұрынғы ажырасып кеткен келіншегі үстінен арыз жаудырып, жолы болмай… ісі оңға баспай… ілгері басқан аяғы кері кетіп, ертоқымы бауырына түскен Шұғайыпты «Үрей» хикаятынан танып аламыз.
Жазушының келесі сомдаған типтік бейнесі – Аяпберді. Уильям Фолкнердің бір шығармадан келесі шығармаға ауысып жүретін өлермен фермері секілді мына Аяпберді даңғазаға елікпей, кісілігін қалғытпай, азап пен ауыртпалыққа – қайсар мінезін қарсы қоя білген («Қызылқұмның желі не деп жылайды»), арамзалық пен алаяққа – адамгершілігін тосқауыл еткен кірсіз жанның символы. Опық жесе – ақкөңілдіктен опық жеп жүрген жан.
Құм адамы («Жолбарыстың сүрлеуі») бірде мәңгі болуға айналған, жатса да, тұрса да өне бойынан құм саулаған Аяпберді болып алдыңыздан шықса, келесі хикаятта ақжүрек адал, кім айтса – соған сенетін, кім қалай жетелесе – соған еретін Абориген («Абориген») болып құлдыраңдап кеп қол береді. Қанының қызыл түйіршігі азайып, көзіне әлде сағым, әлде сайтан елестеп ауруханаға түскенде дәрігерлер: «Әлі күнге о дүниелік болмай жүргеніне таңымыз бар!» десіп қайран қалып жағаларын ұстайды. Тозақ отынан өтіп келген кісіге ұқсайды. Жанының сірілігіне тәнті болады.
Құлқы өзгермесе де, тұрқы өзгерген, күйі кетсе де, кісілігі кемімеген өжетті танисыз. Керзі етіктің ұлтаны секілді жаны сірі. Ортақтың малын аман сақтасақ дейді. Ортақ шаруаның үдесінен шықсақ дейді. Теперіші аздай – ағайынның немқұрайдылығы, өзімшілдігі, көре алмаушылығы шетқақпай ғып, құм ішіне шығындатып, күнкөрістің құлы етеді. Мына Абориген, ана Аяпбердінің мал соңынан сабылған мазасыз тіршілігі, митың жүрісі, рухани жетімсіреуі – келе-келе уақыттың өзін шатастырып, кері айналдырғандай әсер етеді. Бірде ана ғасырдың, келесіде мына ғасырдың адамы болып, құм ішінде бірде қазбагерді, келесіде жолаушыны үркітіп, үрит-соқпен күн өткізген құм адамының тұтас бір галареясын түзген. Өзін-өзі үзбей қамшылаудың, үздіксіз жетілудің, жаны жай таппаған ізденістің нәтижесі, сірә!
Жоталы тақырыпқа тәуекел еткен жазушы қазақ сөзінің дәмін талмап тамсанғандай – ұйқас, ырғақ іздеуге машық. Кейіпкер көңіл күйі мен оқиға, оқиға мен табиғи орта жымдаса өріліп, кілемнің түгіндей сурет салады.
Өткен ғасырдың 1974-1986 жылдары Ұлттық ғылым академиясының тіл білімі институты он томдық қазақ тілі түсіндірме сөздігін шығарды. Осы еңбегі үшін бір топ тілші ғалымдар еліміздің мәртебелі Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сол он томдықта ең көп мысал, сілтеме – Дүкенбай Досжан шығармаларынан алыныпты. Мұның өзі қаламгер тілінің бай әрі құнарлы екендігінің, шығармаларының бейнелі екендігінің айғағы.
Дүкенбай шығармаларының тіліне ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын.
Қазақ прозасында ой ағынын, дәлірек айтсақ сөзбен сурет салу, сөз сиқырымен (хирург қандауыры секілді) кейіпкер жан сарайына еркін ену тәсілі – Дүкенбай Досжан әңгімелерінің ерекшелігі. Осы еңбегі еленіп жазушы 1996 жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленді.
Өз қиялына, өзі бояған көркемдік әлемге арбалған адамдай көзжұмбайлықпен сену сирек құбылыс. Әсершіл, әсірешіл суретшіде ғана жиі ұшырайды. Бояумен елестетуді авангард мектебінің түлектері жиі ауызға алады. Сөзбен елестету – психоанализ мектебінен өсіп-өнген үрдіс.
Жазу мәнері әуел баста психоанализдік реализмге жуық еді. Келе-келе, оқу, тоқу, жетілудің әсері болар – жазушы түгелдей ой ағынына қол артатын болды.
Авангард әдісінің бояудағы, кенептегі жосығын «империоцизм» десе, сөздегі келісімі мен кестені поток сознания – қазақша ойдың суреті дейді. Осы соңғысы Дүкенбай шығармашылығында жиі көрінеді.
«Бұл дүние не болып барады! Бүлінген өзіміз бе, әлде бүлінуге бет алған жарық жалған ба? Бас жібін босатып, көлігін былай шығарып ызғыта айдап жіберіп, қыр басынан ылдиға домалатқан бос арба секілдіміз… Ылди төмен құлдырағаннан құлдырап, біреу дөңгелегінен, біреу күпшегінен, келесі үстіндегі жүгінен айрылып сай табанына бір-ақ ұрады, күл паршасы шығып шашылып тынады» (сонда, 165-бет). Бұл ойдың суреті. Авторлық баяндау мен кейіпкер жан сарайының мидай араласып кеткені сонша – оқырман ой ағынына ілесіп, тұтас бір кепті кино лентасындай көз алдынан өткізеді. Кейіпкердің жан әлемі сіздің сезім түйсігіңізбен жымдасады.
Психоанализдің төресі Фридрих Вильгельм Ницше: «Өзін-өзі зерделеуден, өзін-өзі анализ жасаудан келер ғасырға сөзі жететін Стендаль ғана», – деген еді. ХХІ ғасыр адамы – көп қатпарлы, көлеңкесі мен күнесі алмасып жатқан күрделі құбылыс. Әдебиетіміздің бастау бұлағында тұрған классиктеріміз адам феноменін ұнамды, я ұнамсыз деп жіктесе; одан беріде тартысты таптық қайшылыққа құрды; тіпті кешегі күні жаңа қазақ, тарғалаң тарих тұлғасы, ұлттық рух феномені секілді анықтауыш там-тұмдап еңсе көтерді. Бұл ретте Дүкенбай Досжан прозасындағы жаңа бейне несімен ерекше дегенге жауап іздесек – кейіпкердің жан әлеміндегі қанағатсыздық… жұмыр басын тауға да, тасқа да ұру… өліп-өшу… пілтеше тұтанып лап етер нәпсіқұмарлық… тіпті өзін-өзі әжуамен, мысқылмен іреп-сою, аямай сынау… күн сайын басын бәйгеге тігу… күн сайын психологиялық сілкіністе жүру.
ХХІ ғасыр мінезінің күрделіленіп бара жатқаны сонша – адам құбылысы сан алуандығымен, әрқилылығымен таңғалдырады. «Әсем төсегінен сыпырылып түсіп, тәлтіректей басып ас үйге шықты. Іш көйлекпен, омырауы ашық-шашық, жаймен, ақырын басып келе жатқан бойжеткеннің сұрын көріп, қызметші қыз өзінше жобалады. Болар іс болып қалыпты деп ойлады» (сонда, 79-бет). Осындағы Әсем бойжеткен мен қызметші қыздың бір мезеттік ишара арпалысы үлкен бір әңгімеге жүк болғандай.
Жаңа ғасыр жаңа пайым, жаңа таным әкелді. Жаңа таным тосын қимылға итермеледі. Тосын қимылдан тартыс өрбіді. Аяқ асты тығырық – адам психикасының жанартау дүмпуін, бет шарпыған қызуын туғызды. Мінез жанартауы аяқ астынан ашылады. Осы кезге дейін әрі жұмбақ, әрі ашылмаған арал секілді кейіпкердің өзгеше, өзіндік қырын ашады. Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Өзім екі бірдей қоғамдық формацияны бастан кешкен адаммын», – дегені бар. Сол айтқандай «Пайғамбардың өлімі» хикаятында бас кейіпкер үш бірдей қоғамдық басқышты басып өтеді. Әуелгіде Мырқы – Сарыарқаны жайлаған бай әкенің дәулетіне шалқыған, Мырқы мырза атанған байпатша кейпінде. Кейінше қызыл төңкерістің тәркілеуіне ұшырап шашылады. Әсте-әсте есін жияды. Социализмнен өтіп, капитализмнің нарық айдынына жетеді. Баяғы мыңғырған мал жоқ, ақылшы әке бақилық болған. Беті жылтыр, бөксесі биші келіншектің арбауына түсіп, банктен несие алып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрады. Аяғында әккі ұрғашы Мырқыны қарызға батырып, әкеден қалған үйді кепілдікке тігіп, ұшты-күйлі жоғалады. Эпилогта: о ғып, бұ ғып Меккеге жетіп, Арафа тауының қоңыр тасына көз жасы тырс-тырс тамған пұшайман Мырқыны көресіз. Үш бірдей қоғамдық сатыны бастан кешкен кейіпкердің мінез төңкерісі аянышты. «Қазақ прозасында үш мәрте психологиялық сілкініске түскен, 150 жылғы оқиғаны бір кейіпкердің басына үйірген шығарманы оқығаным осы», – деп жазыпты бір оқырман.
Жазушының жазғандарынан ылғи сабақтастықты аңғарамыз.
Дүкенбай Досжанның соңғы кездегі прозасы – көбіне магиялық реализм, яғни кейіпкерді уақытқа тәуелді етпей, әрқилы әлеуметтік ортада, бір мезгілде – әртарап оқиға үстінде көрсетеді. Адам жаны құбылмалы спектрше жарқырайды.
Жазушының сөйлем құрауындағы жүйе де арнайы сөз етуге лайық. Прозадағы алғашқы қадамын Д.Досжан бірыңғай жай сөйлеммен бастағаны мәлім. Бұған «Көкпар», «Қымыз», «Бастаңғы», «Шортанбай» әңгімелері дәлел. Келе-келе сөйлемдері салаланады, тереңдей түседі. Дарияның жағаны жалап сабылған толқыны секілді үзіліссіз, әрі жылы, әрі ырғағы бай сөз саптауы ынтықтырып, ынтызар етеді. Әдемі ұйқас құрады.
Дүкенбай қазақ қара сөзінің интонациялық ырғағын байытты. – Көбімізге елене бермейтін, ұлттық менталитеттегі құпияны жібек матамен сүрткендей күн көзіне шығарды. Проза тіліндегі өлеңге тән ішкі әуен, саз, қара сөздің ішкі ағысын ашты. «Олай-бұлай құлаштай жүзген кезде көл беті шеңбер сызды. Төбеден қалқыған толық ай көлге шолп етіп сүңгіп шыққан сұлудай. Құданың құдіреті дейді ғой! Таудың тастай суына түсіп қанша сүңгісе-дағы тұла бойы аздап тоңазып, өкпесі удай ашыды, әйтсе де санасы шайдай ашылмады. Қой, ә, өстіп малтып жүріп Шайтанкөлге батып аллау-акбар болармын деп, шошына шатқаяқтап, құлаштай жүзіп, жүрегі атша тулап әудем жердегі жағаға әзер ілікті» (Д.Досжан, Таңдамалы шығармалар, 2 том, Алматы, «Өлке», 2009, 85-бет). Осындағы… шошына шатқаяқтап… төбеден қалқыған толық ай… тастай су… өкпесі удай ашыды… қауіп пен күдік… үрей мен тастай су кезек алмасып бір жағы – үңірейген табиғат суретін көзге елестетсе, екінші – түн ішінде тау суына шомылып қан қызуын басқан байбатшаны танисыз. Құштарлық қызуы жантаптырмай бара жатқан беймаза мінез жарға жығарын болжайсыз.
Жазушы ұмытыла бастаған ұлттық харизм жоқшысы. Мұндағы кейіпкер қолдан жасалған періште емес, бар болғаны жолдан тайғыш, әзәзілге бой алдырғыш қарапайым пенде ғана. Боламын деп бола алмай жүрген жуантаяқ кертартпа. Басынан бақайшығына дейін қазақы мінез. Қазақы болмыс.
Қаламгер кредосы – жанталасып тұйықтан шығу, аласұрып ешкімге ұқсамай өту. Кейіпкер мақсұты – жүректің ұяты, жүрек құпиясын ашып қана оқырманға ой салу. Өкініш пен қуанышты сегіз өрім қамшыдай етіп өрімін жұтындырып жеткізу.
Дүкенбай мінездегі, қоғамдағы қайшылықты әрдайым елдік сана деңгейіне көтереді. «Ине ұшындағы өмір» повесіндегі – Айбар, «Пайғамбардың өліміндегі» – Шұғайып – соны сүрлеу іздесе де таппаған, адами ой-санасы сергелдеңге салған, жанып жүріп шаруа тындыратын, жанып жүріп өз ортасын табатын өлермендер. Бәзбірде тарихи тұлға секілді елестейді. Қазақтың жаны – кеудесінде емес, рухында дейді жазушы кейіпкері.
Жазушы шығармасындағы ойшылдық, пәлсапашылдық – ойдан ой тудырып жатады. «Пайғамбардың өлімі» хикаятында қарт әке, кеудесіне жел бітіп, тәкаппарлық, астамшылық шалқытып, кісі болудан қалған перзентіне қаратып: « – Адам баласынан өзгеше, артықша көрінемін деп жүріп кеудеңе жел бітті, азғантай ақылыңды сол жел ұшырып әкетті, балам, – дейді барып-келіп жатып. – Содан нұрың бұзылды», – деді де кемсең қағып, иығы селкілдеп жастыққа бетін басып, көрер көзге жатып қалды» (сонда, 67-бет). Ауру әкенің менменсіген жалғыз перзентіне «сен олайсың… бұлайсың…» деп кейіс білдірудің орнына – баяғының кәриясы секілді алыстан болжап, астарлап ақылға икемдеуі – философиялық пайымның, тұспалдың әдемі үлгісі.
Ұлттың бүгіні мен ертеңін бір-бірінен нәр тартқан алып дарақтың тамырына теңейді. Ұлттың жанын іздейді. Елдің тағдыры – бала-шаға жеп кеткен той секілді дейді. Кеңестік шындық сөз жүзінде асқар таудай, іс жүзінде құмға сіңген судай екенін алғашқының бірі болып, «Ағынға қарсы», «Жылы жауын» әңгімелерінде жазамын деп сынға ілігіп, тауық қораға түскен түлкідей болғаны, өткен ғасырдың 60-шы жылдардың басында Қазақстанда облыстарды жойып, өлке-өлкеге бұтарлай бастағанда бір топ құрбысымен үнпарақ таратып, тоталитарлық жүйенің үндеместері ізіне түсіп – аузына қақпақ, желкесіне тоқпақ үйіріп – үрпиткені есінде. Сонда да күйіне жүріп жазудан қол үзбеді, күйініп кетпеді.
Жазушы әңгімеде оқиғаны жалаң құрамайды, әрекетке тарихи астар беріп, уақыттың қоғамға, қоғамның уақытқа түсірер салмағын безбендейді. Көне дәуір философы Платонның: «дүниені ұстап тұрған идея, идея өлген күні арғы жағы – таусылу, тоқырау», – дейтіні Дүкенбайдың «Анасы жақсы адамдар», «Қызыл Кеніш оқиғасы» әңгімелерінде нанымды көрсетілген. Қаламгер идеяны, мазмұнды, бірлікті темірқазық етіп ұстайды. Тектілік үзілген тұста – күйреу, құлдырау басталады. Жақсылық – жақсылықты туғызады, достық – достықты шақырады. Дөңгеленген дүниені бір жүйеде ұстап тұрған тек түзілімі дейді автор.
Билік дәлізінде көзге көріне бермейтін жасырын күрес, басараздық, «болмасын» деу, өсек өрбіту, айла-шарғыны «Үрей» хикаятына арқау ету – елестету үшін жазушы ең әуелі мұзарт шың басына шыққан альпинисті іздейді. Табады. Төсек тартып жатыр екен. «Сізді жазу үшін келгенім жоқ», – дейді жазушы, – мың алты жүз шақырым жол жүріп жеткендегі мақсатым: шың басына шыққан кездегі нендей сезім билегенін айтып берсеңіз – жетеді». «Сол-ақ па?» «Сол-ақ…» Жүзін әжім торлап егделенген альпинист бірден тиылып, бәсеңсіп қалады. Біраздасын ой теңізінен шығып айтқаны: «Адам аяғы баспаған шың басына шыққан кісіні ең әуелі айтып-болмас ұлы тәкаппарлық сезім билейді», – дейді. «Сосын?!». «Сосын жүректі айтып болмас үрей меңдейді. Тайып кетем бе деген үрей етекке түскесін де… ай… жыл… өткесін де жүректен таза жуылып бітпейді» (сонда, 237-бет). Билік дәлізінің, лауазым басқышының бас айналар биігіне шыққан кісінің көңіл түкпірін дәп әлгі альпинист айтқан – әуелі ұлы тәкаппарлық, артынша айтып-болмас үрей сезімі билейді екен. Осы пәлсапаны жазушы салыстыру силлогизмі арқылы қисынды өріп, шенеуніктер арасындағы бірін-бірі аңду, астыртын айла-шарғы, көлеңкелі күресті дәл суреттейді. Әлгі айла-шарғыны, астыртын іліп-шалуды елестетіп бойыңызды кәдімгідей үрей меңдейді, діріл кезеді.
Дүкенбайдың сәуірдің сары уызындай дәмді әңгімелері көп уақыт сыншы қаламына ілікпей келді. Бұл жалғыз оның басындағы жағдай емес еді. Отыз жетінің зобалаңынан, сосынғы елу бірдің жаппай жау іздеу індетінен ауыздары күйіп қалған әдебиетші қауым алғашқы «Отырар», сосынғы «Жібек жолын» жабулы қазан жабулы күйінше қалдырды. Тіпті сол кезеңде қазақ қашан қала салған… қазақ қашан ғұлама болған… деп оның Әбунәсір әл-Фарабиін, «Абақтысындағы» Алаш ардагерлерін оқыса да – оқымаған, естісе де – естімеген болып, көп жерде құйрығына қалжуыр байлап немкеттілікпен титығына жетті. Автор «еленбедім… ескерілмедім…» демеді. Қажырын қайрай түсті, қалам мен қағазды серік етті. Боямашылыққа бой ұрмады, ұраншылдыққа ұрынбай, мазмұны терең, теңеуі дәл, тарыдай сөзден түйедей тірі пәлсапа түйіп, түстік еліндегі – өзі тісіне басып шайнап, өзі тілін тигізіп талмап түсінген өмірді жазудан жалықпады. Саусағын сорып жазатын қиялкеш емес, көкірегінің көзімен көретін сөз суретшісіне айналды.
Жазушының еңбегі еленбей, ұлтына деген адал пейілі бағаланбай, біраз қаламгер – билігі бардың қабағына қарап, жазғанын бастыра алмай, бастырса-дағы көңілі толмай, санда болса да, санатқа кіре алмай жүретін жылдары – «Фарабиді», «Жібек жолын», «Отырарды» жазған еді. Тәтті іздеген бал арасының ащыдан қорқып гүлге қонбай тұра алмайтыны секілді жас жазушы «төрге шықпадым», «тоқпан жілік ұстамадым» деген жоқ; сол баяғы ақ топырақ арасынан ырзық теріп, несібе айырған жерлестері туралы «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» атты бірін-бірі толықтырған, бірінің әуенін келесісі әуелеткен, бірінің кейіпкері келесіге ауысқан қалың-қалың үш роман жазды. Алғашқы екеуі Мәскеудің элиталық баспасынан орысша жарық көрді.
Америка классигі Томас Вульфтың «Ұшқан ұяңды ұмытпа, періштем» мен Уильям Фолкнердің «Сноупс сагасын» түзген үштігіне ұқсатып туған жердің кеңдігі мен кенендігін, ұлтының кемелдігі мен кемшінін, қара орман қазағының жайсаңдығы мен момындығын, соры мен бағы кезек алмасқан алмағайып мінез түзілімін алақанға салғандай аша түсті. Құмсағаттай сусып өтіп жатқан адам ағзасындағы уақыттың рентген сәулесінен іздеді. Өмірдің ащы-тұщысын жүз құлаштық шыңырау секілді адам жүрегінің түп тереңінен саумалады. 70-80-ші жылдар өзгерісін жалаң дәріптеп, жадағай топшыламай, ауруды тамыр соғысынан табатын тәуіпше – кісінің арғы аңғарынан, назарынан қазбалады. Қараңғыда талшығын айыратын үкіге ұқсап – кітапхана үкікөзіне айналды. Қарабайыр қарекет пен күнделікті күйбеңнен құбатөбел тартып тапты. Психоанализ тәсіліне жиі жүгінді.
Мінез – өмірдің зергер ұстасы. Өмір – тағдырды қалыптайтын сәулетші. Тіршіліктің басталуы да, аяқталуы да тағдырдан. Жазушы өзін-өзі жылдар өте тапты, кешеуілдеп танылды. Өзіндік бет, өзіндік қолтаңба ғана ерекшелік биігіне баспалдақтап биіктеді. Түптің түбінде өзіндік мені ғана аласапыран шығармашылық шытырманының ішінен адастырмай алып шығарына сенді. Екі сөздің басын құраған кітап шығарып, екі кітап шығарғанның көбі жазушымыз деп кеуде қағып… көп білгенсіп… күпініп… құлақ сарсылтқан өмір базарында өзіне тиесілі орнын, қастерлі биігін әлдеқашан еншілеген еді. Өзіндік менін өмір бойы қызғыштай қорып, балиғатқа жетпеген қыздай үлпілдетіп, жүрегіне бөлеген сол қымбатын жан баласына бұлдап көрмеген біреу болса – соның өзі, оншақты болса – соның бірегейі Дүкенбай Досжан.
Дүкенбай сомдаған характерлер бүгінде қазақ прозасы сомдаған кейіпкерлер қатарынан орын алды. Алаштың амандығын тілеген тілеуқоры, бейнетқоры ана Айтуар… мына тіршілік майданының жауырыны жерге тимес балуаны, қайтсем ауыл жақсыларының бір жағына шығамын деп жығылып-сүрінген Палмантай бейнесі оқушы жүрегінде жатталды. Кісіні ет жүрегімен езіле жақсы көретін, кісіге қылдай қиянат жасау қолынан келмейтін қаламгердің әрі адалдығы, әрі бауырмалдығы, әрі әлеуметшіл қалпы танылды.
Дүкенбай – ерінбейтін, шаршамайтын, өндіріп жазатын жазушы. Бальзак секілді жазушы туа берер деймісің, қаламгеріміз 11 роман, жиырмадан астам повесть, жүзге тарта әңгіме жазыпты, бас-аяғы жетпіс алты кітап шығарыпты. Бір авторға бұл аз емес.
Дүкенбай асып-тасымайтын, не болса соған жасымайтын, артық айтылған сынға сағы сынбайтын, илеуіне дән тасыған құмырсқаша тынбайтын жазушы.
Әлі де өндіріп жаза берсін. Үлкен белестен түспесін.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.