14 Қыркүйек, 2012

Тұлпарлар туған өлкеде

642 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Тұлпарлар туған өлкеде

Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:50

(Эссе)

Көш керуеніндей алысқа, тым алысқа тартқан сол күндерден бері қасиетті Қаратаудың үстінен қан­ша­ма айлар асып, жылдар көшті. Жылдар көшімен бірге соңында сан қилы тағдырдың сарқылмас жыры мен сырын қалдырып тұтас бір дәуірлі өмір жасап өткен әкелер мен ағалар заманы да алыстай түсті. Әйтсе де өмір озса да адам жүрегі мен жалын кешуге жаралған жан сарайы тозбайды. Қайсыбір өзіңмен өзің қалған оңаша күндер мен ұйқысыз оңаша ұзақ түндерде қайта келмес жастық шақ, көз көрген, бас­тан кешкенің бәз-баяғы өзгермес, өшпес қалпы көз алдыңда мөлдіреп көшіп жатпас па?!

Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:50

(Эссе)

Көш керуеніндей алысқа, тым алысқа тартқан сол күндерден бері қасиетті Қаратаудың үстінен қан­ша­ма айлар асып, жылдар көшті. Жылдар көшімен бірге соңында сан қилы тағдырдың сарқылмас жыры мен сырын қалдырып тұтас бір дәуірлі өмір жасап өткен әкелер мен ағалар заманы да алыстай түсті. Әйтсе де өмір озса да адам жүрегі мен жалын кешуге жаралған жан сарайы тозбайды. Қайсыбір өзіңмен өзің қалған оңаша күндер мен ұйқысыз оңаша ұзақ түндерде қайта келмес жастық шақ, көз көрген, бас­тан кешкенің бәз-баяғы өзгермес, өшпес қалпы көз алдыңда мөлдіреп көшіп жатпас па?!

Мені көп жылдар толғантып, ақыр соңында қолға қалам алғызған сол бір таңғажайып жай дәл кешегідей есімде. Ол жанкешті соғыстың сұрапыл өрті барынша өршіген 43-ші жылдың көктемі еді. Елдің ер азаматы түгелге дерлік майданда. Өткен жазда он төртке енді толып, ауылдағы білім биігі – жетіншіні бітіріп, қырда қырман­шы­лар ортасында жүрген жерде шұ­ғыл шақыртумен бес жүз үйлі ауылдық кеңестің хатшысы бол­ғаныма санаулы айлар өткен. Түні бойы себелеген ақ жауыннан соң аспан жүзі жаңа ашылып, ауданға берілетін шұғыл ақпарат қағаздарға енді кірісіп жатқанда, сырттан тасырлаған ат тұяғының дүбірімен бірге: «Кім бар, шығыңдар бері!» – деген өктем дауыс естілді де, ізінше, атынан аударылып түсе қап, ентелей басып келе жатқан шидем шекпенді қара шал – әйгілі атбегі Тілеміс атайдың қарасы көрінді.
– Оу, не болып қалды шабандоз, таң­мен таласа айқайға басып?! – Ке­ң­ес төрағасы қайсар мінезді Қалы ағай көзі ұшқын атып тіктене қарады.
– Ойбай, әкетті. Жылқыға жау шап­ты! Қараңғы түнді жамыла аң­дып келген қарақшы керқасқа ай­ғыр үйірін қақ бөліп аягөз алмауыт бие бастаған тең жарымын қуып кетті. Ақтасты-Аюлының қиясынан ылди сорғыған сойдым із мына ойдағы Талдыны кесіп өтіп, Қа­ра­ның бұлағын өрлеп, тіп-тіке көк жон­ға бет түзепті. Бағыты – Арабатас, Аралтау жағы. Әсте бекінер же­рі Берікқараның жан аяғы баспаған қалың жынысы-ау, шамасы!
– Жә, болар іс болыпты. Құр ай­қайыңды тоқтат та, ана тау бағ­баны Әлжан мен сыңар көз Мәдек тентекке хабар бер. Тез қаруланып, аттарына мінсін. Әшейінде тапаншасын шошаңдатып аттан түспейтін әлгі Қарақайыс мылайсаның да құ­рып кеткенін қарашы.
Қалекеңнің «Қарақайыс мылыйса» дегені ауылдағы жас желең, келін-кепшектер: «Адамзаттың ап­па­ғы, жанында бар тақпағы», деп әжуа­лайтын қайыстай қатқан қара ушасковой Әбілқайыров Мәмен ағамыз ғой, кәдімгі. Ол кез: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, ел бар жерде түн жамылған ұры-қарыға да орын табылған. Оның үстіне кешегі қан майданға жаппай аттаныстың кезінде әр ауылдан жан сауғалап, тау жағалап, сай сағалап қалып қойған бірлі-екілі «дезертир» қашқындардың сыбысы да өршіп тұрған. Сондайлардың ізі­не түсіп аңша аулап, қолға түсіріп, бұғаулап айдап кету – әлгі қатқан қара мылыйсаның жұмысы.
Көп күттірмей кеңес кеңсесінің алдында дойыр қамшысы қолында, қара сойыл шоқпарын тақымға бас­қан Мәдек тентегі қасында тау тұл­ғалы Әлжан көкеміз иығында опыр­малы қосауыз, арынды арғы­ма­ғы үстінде екпіндей келіп ат үстінен айқайға басты.
– Шығыңдар түге! Қайда, қайда әкеңнің аузы, қандықол қарақ­шы­ның басын қауындай айырамын!
– Ой, пәлі, Әлжан батыр келген екен, деп басын тосқан жаудың жолында тұрса, қанеки. Ал, кеттік, – деп Қалекең де көк жорғасының үс­тіне қонды.
Наурыздың алғашқы күнде­рі­нен дүркін-дүркін төгіп өткен ақ жауыннан соң тамылжыған шуақты күн­дер шұғыласында дүркірей кө­те­рілген сан-түрлі гүл-балаусалы жас өскін жайқала жайнап, тұнып қал­ған. Қайда қарасаң да көргенің жан аялап, көңіл тербейді.
Енді, міне, өткен түнгі жылы жаң­бырмен жер жетесі босап, бусанып жатқан тау төскейінде сойдым боп алдымен өрге тартқан үйірлі жылқы ізіне де кездестік. Із кескен Тілемістің қамшы сабымен нұс­қа­ған қараның бұлағын өрлей тартып келеміз. Енді алдымыз көк жонға, Марының сазына ұласып жатқан Қарағашты мен Доланалының биігі, сол биіктен айнала алыс-жақын аты­рап алақан аясындай көрінбек. Солай дүрмекті топ дүрліге келген бетте жусанды жон биігінде ат басын тартып, жер шолып тұрмыз. Мына алдымызда күншығыс тарапта үшшоқы сырты кешегі өткен хан Абылай заманында жоңғарға қарсы жорықта сиқым қолын бастаған әй­гілі Рысбек батырдың сөресі. Ұлы дәуірдің өшпейтін ізі қалған қас­тер­лі биік. Одан әрі шығыста қыр­ғыз­дың ақ бас­ты ала тауларына ұласып, өз заманында ақ үйлерін алшысынан тігіп, ат жүйрігін жаратқан батыр баба әулеті – Батырбек датқа, Төре­бек, олармен іргелес құдан­да­лы қатысып, шалқыған-шалқар дәуір­лі-дәурен сүрген Сарыүйсіннің Ақ­шал, Темеш, Қарымсақ, Жетібай-Ті­леукедей байлардың жасыл жайлауы жатыр.
Өткен күн, кеткен өмірді бір сәт көз-көңілге елестетіп, енді сол жақ тарапқа бет бұрдық. Сол тарапта сұлудың бұрымындай бұлаң қаққан қара бұлағының жонға иек артқан теріскей қойнауында бұлақ суына көз жасындай мөлтілдеп қосылатын тұма бастаудың басында төбесі көк тіреп «Телеудің талы» дейтін жапан күзеткен жалғыз тал тұрушы еді.
Енді сол тарапқа жалт бұрыла қараған көз жанарымызға ең алдымен сол жалғыз тал, оның саясында әлдеқалай бір шоғыр, әлдененің қарасы ілінді. Сол қарайғанға ат үстінен шаншылған қыран көзді қарт жылқышы Тілеміс:
– Я, пірім, жылқы, жылқы үйірі ғой сонау көрінген, – деп атына қамшы басып жөнеле берді. Біз дүрмекті топ қара шалды қалталдай ауыздықпен алыса жортып келеміз.
Қарт жылқышы суаттағы үйірге әудем жерде ат басын тартты. Үйір тобына шаншыла қарап, бір сәт аң­тарыла тұрды да: «Ойбай, Құдай-ау, не көріп тұрмын мен! О, жасаған, жақсылығыңа жаза көр – Ақбақай, Ақбақай ғой, мынау!» – деп ат үс­ті­нен аударыла түскен бойы қос құ­ша­ғын жайып жіберіп, естен танып, құлап қалардай қалбаңдап, үйір тобына ұмтыла түсіп бара жатты. Ол барған бойда шағын үйірдің бергі шетінде қос құлағын қайшылап, қос жанары оттай жайнап, тіп-тік тұла тұлғасы құндыздай құлпырған баз-баяғы жұлдыз төбелі жарқыраған ай маңдайлы арғымақтың мойнынан құшып, еңкілдеп-еңіреді-ай, келіп. «Айналайын! Айналайыным, келдің бе, шының ба, Құдай-ау», – деп оны сағағынан сипап, алқымынан алқы­на сүйіп жатты қара шал.
Ес пен елес арасын сағым мұнар құшқан мына жай бәрімізді естен тандырды. Қатал заман талқысына көндігіп, шемен болған жан-сезім су­дай толқып, көз жанарымыз ыс­тық жасқа толды. Иә, еш қатесі жоқ, соның өзі. Ақбақай. Басында ат байлары түбірінен үзілген қып-қызыл әскери қайыс ноқта. Оның аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан небәрі алты жасар өмірі көз алдымызда. 1936 жылдың дәл осындай сәуірлі көктемінде мемлекеттік қор­дан сонау бір атын есітіп, көз көр­ме­ген Жаркент жағына арнайы жолсапармен барып, Төртбай мен осы Тілемістер өз аяғымен айдап қайт­қан бір үйір – он алты жылқы іші­нен жол-жөнекей құлындаған келіс­ті кер биенің құлыны еді ол. Топ жыл­­қының ішінде құлдырай жортып келе жатқан ақсирақ, жұл­дыз­тө­­бел құлыншақты көрген бетте бар­ша ауыл жұртымыз «Ақбақай» деп ат қойып, қолбала ғып өсіріп едік.
Ақбақай беске толған былтырғы жыл көктемінде Елтай ауылының таңдаулы сәйгүліктер үйірін бастап алғаш рет Боралдайдың биігі – Шіліктінің асуын өрлеп, Асан жайлауына жол тартып еді. Ер азамат қа­тарында арғымақ ат басына да күн туған 42-нің сұрапыл сентябрі тұсында армияға елден таңдап алын­ған бір топ сәйгүлік ішінде аудан асып, алды беймәлім алыс сапарына жол тартып кете барды. Сол ар­ғымақтар тобы Шымкентке жет­кі­зі­ліп, одан әулиелі Әулиеата же­рін­де жасақталып жатқан қазақтың ұлттық 356-шы атты әскер дивизиясы құрамына берілгені жайынан ол кезде бейхабар едік.
Оның қандай хал, не жағдайда әскери қамалдан қашып шыққанын бір Құдай білсін? Тек анығы жаңа көктем лебімен өскен жері – Қа­ра­таудың жасыл жайлауын, үйірлі ортасын сағынған от жүректі жануар орайы келгенде түн жамыла байлауын үзіп, аралығын жүз алпыс ша­қы­рым құрайтын жер басып, ешқайда бұрылмай, өткен күзде Асан жайлауында өзінен қалған, бүгінде жаба­ғы жалды керқасқа айғырға беріл­ген үлкен үйірді қараңғы түнде ортасынан қақ жарып, алғаш аяқ басып өскен ортасы – Қаратаудың қа­лың қойнына қуып жөнелген ғой.
Қатал заман толқынында жаңқа­дай қалқыған сан мыңдаған тағдыр­дың жолы солай! – Адам затынан емес, төрт аяқты, қыл құйрықты жануар болса да сағыныштың сазымен ортамызға бір оралып, бас-аяғы бес ай өскен жерде сайран салған Ақ­бақай сынды, тұлпар тұлғалы жануар сол жылғы қара күз ортасында май­дангер армия құрамына қайта алынып, артына бір қайырылмай кете барды. Оны соңғы жол, соңғы са­парына аудан ортасынан өз қо­лы­мен жөнелткен қара шалдың көз жа­сы сақалына жылыстап, аңыз қы­лып айтар сыры мен жыры қалды соңында.
* * *
Өзінше дербес кітап болып жет­пісінші жылдары жарыққа шыққан «Ақбақай» пәни себеппен сәті түсіп Алматыда өткен үлкен бір жиында кездесіп, аз-кем сырласуда қолына тиген замандас дос, әлемге әйгілі Айтматовтың шалқар жүрегін шал­қыт­са керек. «Сенің Ақ-бақайың чоң чыкарма Эр-еке. Құрдоштар қа­қыда очу повесінің ічіден еки созду жанада жазып жүрген повесіме қо­шуб жажышқа рухсот эт», – дегені естен кетпейді. «О, не дегенің, Шың­ғыс! Сенің керемет шығар­маң­да «Ақбақайдың» екі сөзі жүрсе, Ақбақай мен оны жазған авторында арман не», дегенмін.
Арада біршама айлар өткенде со­ғыс жылдарындағы жасөспірім ұрпақтар өмірінен «Ерте келген тырналар» («Ранние журавли») атты романтика сарындағы повесін жариялады. Сондағы екі сөз: Сол бір соғыс жылдарғы жанталасты көк­тем­де егіндікте ел міндетін арқалап арпалыста күн кешкен Сұлтан­мұ­рат, Жанатай, Құбатқұл атты жет­кін­шектер қатарында Ақбақай ар­ғы­мағын мініп, Еркінбек атты жас баланың жүргенін жан туыстығы жа­расқан қырғыз бен қазақ бір­лігінің бәйшешектей гүл жарған бір белгісіндей сезініп еске аламын.
* * *
Бірде, 1981 жылдың тамылжы­ған көктемінде, Алматыда өткен Қазақ­стан жазушылары VІІІ съезі­нен келе жатып Шымкентке аялдап, алдағы Жеңіс мерекесімен құт­тық­тап, сәлем бергелі сыйлас, даң­ғыл қаламгер, ол кезде обкомда жа­уапты қызмет атқаратын Әбжапар Жыл­қы­шиев ағаға бардым. Құрқол бармай, таяуда «Жазушы» баспасында басылған «Қыран тауы» атты кіта­бымның бірін қолтаңба жазып алдына тарттым.
Өзі де әдебиет майданына ат басын бұрып, өндіре жазып жүрген Әбекең кітапты көріп, арғымағы бәй­геден келгендей көңіл-күйі биік­теп, балаша қуанды. Қысқа нұс­қа­лары облыстық, орталық газеттерде басылған бағдары таныс кітаптың қыран бүркіт шарықтаған тау бей­несімен көркемделген мұқабасын бі­рер сипап:
– Кітабыңның тағы бірі табыла ма, Еркін, – деді.
– О, міне, аға, – деп делегат пап­ка­сының ішінен алып екінші кітап­ты да алдына қойдым.
– Е, сәті келді, ендеше. Бүгін Асекең – Асанбай Асқаров ағаңның алды бос, ертең Ұлы Жеңіс күні ғой. Майдангер ағаңның алдына барып құттықтап, сәлем бергенің жөн болар, – деп телефон тұтқасын көтерді. Көмекшісімен тіл­десті. Ме­нің съезден олжалы қайт­қанымды келістіре жеткізді. Енді мен күт­пе­ген жерде есімі қа­лың қазақ жұрты­на мәлім үлкен тұл­ға, мемлекеттік деңгейдегі қай­рат­кер кісімен кез­дес­келі отырмын. Әңгіме ағысы не жайында болмақ… Менің бұл күн­дерге дейінгі, бұл аға жөніндегі мағлұматым оның бар­ша­ға мәлім, басшы қызметтегі аса салауатты азамат ретіндегі мерзімдік баспа­сөз­де көп көрінетін ресми жа­ғы. Ресми болғанда ағамыздың жас­тық шақ­тан жалындап шыққан өмірлік баяны кешегі дәуір – Сталин заманынан бас­тал­мақ. Сталиндік дәуірдің от-жалы­нын­да темірдей тәртіпке суарылған отаншылдық рухына жан-тәнімен берілген халықтың ұлы қан майданнан шоқтай жанған алтын погонды офицер болып қайтқасын жыл құ­сын­дай сағын­дыр­ған теберік қа­лай­ша көзге түспесін.
Қанатты жігер, дауылды жылдар шыңдаған жастың романтика, аза­мат­тық айқын жол Асанбай Асқаровты ауыл, аудан комсомолдар ортасынан бір ғана Қазақ елінің емес, кеңестік ұлы дер­жаваның партия, мемлекет дең­гейін­дегі көрнекі қайраткерлері қа­тарына шығарды. Туған жер, өскен өлке Алатаудың аясы, Сусамырдың жайлауы қа­сиет­ті Меркі жерінде із­гі­ліктің керуенін алысқа тартқан отыз­дағы аудан басшысын аз жылдарда Қазақстанның ең күрделі де ірі атырабы – Алматы мен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын отыз жыл басқарудың билігіне жет­кізген.
Өткен қилы-қиын жылдарда кел­меске кеткен ағалардың елдегі орнын басып қабырғамыз қайысып қырман суырып, кеш оқып өмір кө­шіне де кешігіп ілескен жастар бұл өмірде әлгіндей тау тұлғалы аға­мыз­дың бар екенін сырттай біліп, іш­тей сүйсініп жүрсек те, алыс-жақын жылдарда Асанбай ағамен қыз­мет жағдайында кездесу, кеңе­сулер арамызда болмады. Ондай бір араласу ойымызға келген жоқ.
Енді, міне, жылыстай жылжып өтіп жатқан өмірдің сәтті күні алдымнан ағамыздың жұмыс орны – кең бөлменің есігі айқарасынан ашыл­ды.
– Кел қарағым, отыр, – деп ал­дын­дағы қосалқы үстелше жа­нын­дағы орындықты нұсқады. Көңілі да­рия, көргенді адам кездесуге дей­ін мен жайында аз болса да хабары бар сияқты. Кішіге ілтипат жөнімен ішке тарта сөйледі. Туған жер, өс­кен орта, отбасыда кімдер барын, қа­шаннан қай бағытта жазып жүр­генімді, бір кездері Әуезов сынды ұлы ағамызбен сапарлас болып бір­ге жүргенімді жайлап сұрай отырып: Мұхаңдай ұлы кемеңгердің қа­сында жүріп тәлім алғаның мың да бір сыйлық болған екен өзіңе. Мына кітабың – «Қыран тауы», ондағы по­весіңді «Ақбақай» деп атапсың. Аты-жөні келісті. Қыран құс пен келісті бір арғымақ жөніндегі хикая болар. Ат пен адам қазақтың ұлттық эпос жырларында қабат жырланған ғой. Қамбардың қара қасқасы мен Қобыланды мінген Тайбурыл. Ақан­ның Құ­ла­гері мен кешегі Мақұл­бектің қара аты…
– Еш қатесі жоқ, аға. Менің ту­ған елім бір кезде Жуалыға қараған Қа­ратаудың Талдыбұлақ, Қошқа­р­ата тарабы. Мына кітаптағы оқи­ға­лар сол елде өткен жайлардан туған еді…
– Е-е, солай, қарағым. Жылқы – өз табиғатында киелі түлік. Ат ар­ғымағы, сәйгүліктер үйірі десе қан­ша­ма замандар аттанысты жол ке­шіп тұлпарлар түлеткен елде құ­ла­ғы елеңдемейтін қазақ жоқ. Менің өзім де сондайлардың бірімін. 48-ші жылдың жазында Жамбылда жүр­ге­німде ойда жоқта Мәскеуден атағы дүрілдеген әйгілі қолбасшы Буден­ный­дың Алматы арқылы біздің об­лысқа келгені есімнен кетпейді. Ол өзі арғымақ ат десе өзге шаруаны ұмытатын керемет атбегі адам еді. Соғыстан кейін де атты армияны дамытудың жайын Сталинге айтумен өткен. Әйгілі «Буденновский» дейтін Дон жылқысы тұқымын дү­ние жүзіне таратудың негізін салған аса ілтипатты жан еді. Ол кісінің келуі Дегерес, Луговой, Жамбыл жыл­қы зауыттарының қарқындап өсуінің бастамасы болды. Ол зауыттар әйгілі қолбасшының тек ақыл-сөзімен емес, іс жүзінде көрсеткен көмегімен қанаттана түсті. Бізге келіп, Алатау баурайының таза ауа, кәусар бұлақ, көк майсалы өріс­те­рін көрген соң, Шаяхметовпен кеңе­сіп, Мәскеуде тас қорада бағымда тұр­ған жерінен 1945 жылдың жазында кеңестік Отанының даңқын дүние жүзі алдында асқақтатқан тарихи Жеңіс парадында маршал Жуков мініп шыққан әйгілі ақбоз тұлпарды арнайы вагонмен Луговой жылқы зауытына жеткізді. Бұдан тараған Абсент, Араб қос тұлпар сұлулық, әсемдік, спорттық өнері­мен әлемге даңқы кетті, – деді Асанбай Асқаров аға.
– Cенің «Ақбақайың» арқылы әң­гіме жылқы жайлы қозғалып кетті, – деді сөзін жалғап. Ендеше, өзіңе бір жаңалық айтайын. Сенің ту­ған жерің Жуалы тараптағы «Ақ­тас» совхозы – нағыз жылқының жері. Жамбылда жүргенімде арғы жағынан келіп Қаратаудың Жон жайлауын көргенмін жақында. Шаян арқылы бергі жағынан да барып көрдік. Таулы жер сулы да нулы. Жотасы бөтегелі бел, шыбынсыз жаз. Ақылдасып совхозды жылқы зауыты етіп қайта құруды қолға алмақ болып отырмыз. Бұған қалай қарайсың? – деп толымды құба жүзі күреңіте нұрланып, мен жаққа жұмсақ жымиып, барлай қарады.
Ел десе, туып-өскен жер десе жан жүрегі езілетін қазақ баласы Қыдыр атаның өзі келіп жебеп тұр­ғанда мынадай сәтте не дер еді.
– О, көке, бұл ақиқат болса, алыс­та, қиян шетте көп-көп нәр­седен кенже қалған менің қайран ауылыма бұдан артық қандай шарапат болсын. Ықылас-ниетіңізге рахмет, аға! Тілек, жүрегімізбен өзіңіз­бен бір­геміз.
Бір сөзі тегін айтылмайтын, көп өлшеп, бір шешетін ақылман аға­ның сөзі анығында күні ертең өріс алатын игіліктің басы еді. Арада санаулы күндер өткенде аталар заманынан бергі өмірдің қаншама қиын-қия жолын өткен ел жаңа бір жел­пініспен қазақтың қанымен жанына бірге біткен қасиетті түлігін түр­лендіре өсіруге кірісіп жатты.
Қанатсыз құс, армансыз адам жоқ. Арманшыл аға Асанбайдың тұ­сында жақсының шарапаты арқа­сында сексенінші жылдар ағы­мын­да Ақтастының жасыл жайлауына Түркіменстанның Ашғабад жылқы зауытының айдай әлемге әйгілі ахалтеке жылқысының «Гелешекли» тұқымынан 22 құстай ұшқан жүйріктері келтірілді. Бұ­ған қанат­тас Луговой зауытының ая­сында өсіп жатқан жоғарыда ай­тылған әйгілі ақбоз тұлпардың ұр­пақтары «Ахмел», «Алсу», «Ай­нұр», «Аглона» атты сәйгүліктер бас­таған жаңа толқыны қосылды. Со­лардың бірі әлем көрген Абсент­тің ұрпақ-шөпшегі – тұлпар сынды «Көк­сең­гір» мен «Ақбақай» атты құс қанатты жүйріктер әйгілі Көк­бас­тауда өткен Жамбыл ата мен Қарасайдың ұлы думан тойында аламанның алдын бастағаны көрген жұрттың есінде.
Міне, сол бір айтулы күндерден бері өмір керуені жылыстай жылжып, қаншама жылдар өтті. Бір кез­дері Ақбақайдай аймандай тұл­па­рын түлеткен тау елінде жаңа келген азаттықтың алтын дәуірі тұ­сын­да жаңа төл, жаңа ұрпақпен өрбіген өмір өрісі өрлей түсіп келеді. Бұл күндері қасиетті Қаратау ортасынан өрге тартып жаңа салынған айнадай даңғыл жол жатыр. Қаншама заман ел іші зарыға күткен арман жолы. Ел барда алысқа тартқан өмір жолы, тұлпарлар жолы таусылмақ емес.
Еркінбек ТҰРЫСОВ,
жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық 
«Алаш» сыйлығының лауреаты.
Шымкент.