Бірлікті берік мұрат тұтқан
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:02
Қазақстан ғылымының көрнекті өкілі, философия ғылымдарының докторы, профессор Марат Мұхамбетқалиұлы Сужиков 1956 жылы кешегі кеңестік кезеңнің басты оқу орны Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің философия факультетін ойдағыдай бітіргеннен кейін республика Ғылым академиясының философия және құқық институтында аға лаборанттан бастап директордың орынбасарлығына дейін 40 жылдай қызмет атқарды. Оның ішінде 20 жылдай осы институттың бөлім меңгерушісі болды.
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:02
Қазақстан ғылымының көрнекті өкілі, философия ғылымдарының докторы, профессор Марат Мұхамбетқалиұлы Сужиков 1956 жылы кешегі кеңестік кезеңнің басты оқу орны Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің философия факультетін ойдағыдай бітіргеннен кейін республика Ғылым академиясының философия және құқық институтында аға лаборанттан бастап директордың орынбасарлығына дейін 40 жылдай қызмет атқарды. Оның ішінде 20 жылдай осы институттың бөлім меңгерушісі болды.
М.М.Сужиков кең тынысты ғалым болатын. Оған одақтық және республикалық баспалардан шыққан көлемі 200 баспа табақтан асатын 20-дай жеке және ұжымдық монография мен жүздеген ғылыми еңбектері дәлел бола алады. Докторлық диссертациясының негізінде дайындалып, 1968 жылы жарық көрген «Социально-экономические проблемы национальной консолидации» атты еңбегінен бастап, «Образование СССР и социальный прогресс казахского народа», «Вымыслы и действительность», «Напряженность или гармонизация?» (развитие межнациональных отношений в Казахстане), қазақ тіліндегі «Ұлттың биік мерейі», тағы басқа монографиялар мен кітаптарда майталман маман негізінен ұлт және ұлтаралық қатынастардың өзекті мәселелерін, оның ішінде қазақ халқының дамуының проблемаларын кешенді де жүйелі зерттеді. 1989 жылы өзі авторларының бірі және жетекшісі болып дайындалған, қолжазба күйінде қалған, тіпті пікірлеріне дейін дайын, көлемі 40 баспа табаққа жақын ұжымдық монография да қазақ ұлтының қалыптасуы мен дамуының әлеуметтік-философиялық аспектілеріне арналған болатын.
Рас, бұл еңбектер шыққалы, жазылғалы бері заман өзгерді. Талап та жаңарды. Ғалым еңбектеріне кешегі тоталитарлық жүйе идеологиясы әсер етпей қалмады. Сол себепті кездесіп қалатын социализммен байланысты кейбір тұжырымдарға сынай қарайтындар бар шығар. Бірақ әркім өз заманының перзенті екенін түсінуіміз керек. Әміршілдік билік өз ғылымына, әсіресе оның қоғамдық саласының саяси сипатына тікелей тапсырма беріп отырды. Сондықтан ол талаптармен санасу қажет болғаны түсінікті.
Алайда, М.М.Сужиков еңбектері өзінің мазмұн сапалығымен, тақырып жаңашылдығымен, ғылыми-әдістемелік зерттеулерінің сонылығымен құнды. Ұлттардың жалпы дамуының заңдылықтарымен қатар, қазақ ұлтының қалыптасуының өзіндік ерекшеліктерін ашуы, ұлтаралық қатынастардың өзекті мәселелерін жан-жақты әрі терең зерттеуі ғалымның отандық әлеуметтану ғылымына қосқан нақты үлесі болып табылады. Ол ұлттық қатынастың табиғатын, үйлесімділік теориясын терең зерттеді, ұлттардың өзара жақындасуында тәжірибе алмасуға ерекше мән беріп, өндіріс үдерісінде әртүрлі ұлт өкілдерінің тікелей қарым-қатынас орнатуын, олардың өзара ұғынысуын, рухани, мәдени-тұрмыс, дәстүр саласында бір-бірімен жақындасуын қалады. Сондықтан әркез еліміздегі барлық этнос өкілдерінің түсіністігін, иықтасқан бірлігі мен шынайы достығын нығайта түсуді ойлады. Қазақстандағы ұлтаралық шиеленістердің туу мүмкіндіктерінің жалпы және жеке себептері, ұлтаралық дау-жанжалдардың табиғаты талданды және оған болжаулар жасалды. Ұлттардың жақындасуы мен қосылу проблемаларын саралаумен қатар, әр ұлттың өзіндік даму бағытын жоққа шығарушыларға, ұлттардың жақындасу бағытын асыра бағалаған, тіпті олардың бірігуін жеделдете түсуге, ұлттық ерекшеліктердің дамуын жоққа шығаруға, қазақ мәдениетінің дамуын кемсітуге тырысқан саясатшыл ғалымдарға үнемі қарсы шығып отырды. Осыдан 40 жылдан астам бұрын ол қазақ тілі қызметінің азаюын заңдылық деп санаған кейбір ғалымдардың пікірлерінің негізсіз екенін дәлелдеді. Егер сол кезде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы ой түсімізге кірмесе, ғалымның бұл пікірі шын мәнісінде батылдық болатын.
Қоғамдағы аса бір маңызды мәселе – ұлт және ұлтаралық қатынастарды жүйелі әрі табысты зерттеуі М.М.Сужиков атын Одақ көлеміне, одан да тысқары елдерге мәлім етті. Оның бірсыпыра еңбектері ағылшын, француз, испан және басқа тілдерге аударылып, шетелдерде де белгілі болды. Ол Кубаның Гавана, Польшаның Варшава және Чехословакияның Прага университеттерінде дәрістер оқыды. Америка Құрама Штаттарында, Франция, Венгрия және басқа елдерде өткен халықаралық конференция, конгрестерде ұлт теориясы мәселелері туралы баяндамалар жасады.
Бір ескертетін принципті мәселе – М.М.Сужиков өзінің еңбектерінің негізгі зерттеу объектісі етіп жалпы ұлт және ұлттық қатынастар мәселелерін капиталистік сатыға соқпай, социализмге өту жағдайында, оның ішінде қазақтың да ұлт болып қалыптасуының заңдылықтары мен ерекшеліктерін алған болатын. Рас, ғалым сол кезде бұл жолды бірден-бір тиімді деп санады. Шындық айтуды заман көтермеді.
Бүгінгі күні социализмді мойындамай, оны түгелдей сынау да, ол жөнінде бірсыпыра позитивті көзқарас та бар. Қазақ халқына кешегі социализм не берді десек, ауызды қу шөппен сүрту әділетсіздік болар. Компартия көсемдері жалпыәлемдік қауымдастықтың барысымен, бағытымен санаспай отыра алмады. Кеңестік саясаттың қас жауы болған, бірақ әркез шындыққа бетпе-бет қарай алған қайсар саясаткер Мұстафа Шоқай: «Кеңес үстемдігінің 16-шы жылдығына орай» деген мақаласында: «Кеңес өкіметі өмір сүрген 16 жыл ішінде ешқандай бір оңды істер болмады десек, ол да дұрыс болмаған болар еді. Табыстар да жоқ емес», деген болатын. Алайда, тоталитарлық жүйе жағдайында ұлттық республикалар шынайы мемлекет ретінде де, халықтар толыққанды ұлт ретінде де қалыптаса алмады. Өйткені, ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов айтқандай: «Қандай даму сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін қажет нәрселер: өздігінен даму, өздігінен қорғану, өзін-өзі басқару…» деген қарапайым қағидалар сақталмады. Мұнсыз шынайы өсу де, өркендеу де жоқ еді. Мұны адамзат тарихы талай рет дәлелдеді.
М.М.Сужиковтың мемлекетіміздің тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жазылған еңбектері принципшілдігімен, шыншылдығымен, нақтылығымен, мәселені өткір қоюларымен құнды. Мысалы, «Қазақстан Республикасы ұлттық қауымдастықтар мүдделерін жүзеге асыру – ұлтаралық келісімнің объективті негізі» деген мақалада қазақтың ұлттық мүддесі өткір қойылған. 1993 жылдың басында қазақтардың саны республикада 7 млн. 297 мың болып, еліміздегі бүкіл халықтың 43,2 пайызын құрап, азшылыққа айналғанын айта отырып, дүние жүзіндегі 2 мың халықтың ішінде саны жағынан 87-ші орын алатын қазақтың этнос ретінде дамуында көптеген мәселелер аталады. Ол мұның барлығы алдымен патшалық Ресейдің отаршылдығы, сонан соң миллиондаған қазақтың жойылуына алып келген кешегі орталық биліктің командалық-әкімшілік, ассимиляциялық саясаты қазақ халқының ұлттық дамуын қатты тежеп келгенін атап көрсетеді. Бұл проблемада этносаралық шиеленістің көптеген көздері жатыр және олар оп-оңай келеге келе қоймайды деп тұжырымдайды автор. Сондықтан нарықтық экономикаға өтуімізге байланысты қазақ ұлтының, Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің әлеуметтік-экономикалық деңгейін батыл теңестіруді ұсынады. Ғалымның қазақтың ұлттық мәселесін басқа этностың есебінен шешуге әсте бармай, оны қазақтың өзінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолымен шешу қажет деген ойлары бүгін де тағылымды.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде республикада орын алған халықтың өмірі сүру жағдайының күрт төмендеуі, бұқара халықтың көпшілігінің кедейшілікте болуы ұлтаралық және әлеуметтік шиеленістерді туғызуы мүмкін екендігі, сондықтан орталық билік органдары мұны шешудің жолдарын қарастыруы керек деген ұсыныс жасалынды. Сондай-ақ, Қазақстан сияқты көп этносты елде ұлтаралық келісімді сақтау мен дамыту үшін этностардың жалпыұлттық, яғни жалпы қазақстандық және ұлттық деңгейдегі мүдделерді дұрыс үйлестіру маңызды деп саналып, олар жеке-жеке арнайы қарастырылған болатын. Жалпыұлттық мүдде дегеніміз – бұл мемлекеттің нығаюы, егемендік пен тәуелсіздік, жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, экономика мен мәдениеттің жан-жақты дамуы, жұртшылықтың тұрмыс жағдайының өсуі және т.б. делінсе, ұлттардың өзіндік мүдделеріне мемлекеттік биліктен тиісті орын алу, елді билеуге қатысу, өндіріс саласында – экономикада өзінің орнын табуы, халық шаруашылығындағы белсенділігі, тілін, мәдениетін, тұрмысын, салт-дәстүрлерін дамыта алуы және т.б екендігі атап көрсетілді. Ғалым бұларға жайдан-жай тоқталмаған, күнделікті өмірде осылардың барлығына тұрақты назар аударып отыруды керек деп санады.
Қазақстандағы ұлттық және ұлтаралық үдерістердің жағдайы көбіне қазақ ұлтының, сондай-ақ өзге ұлттардың ішіндегі өзгерістерге байланысты болатынын атап көрсете отырып, автор ең алдымен қазақтың өзінің ұлттық жаңғыру бағытына тоқталып, оның дәстүрлі жайдан қазіргі өркениетті заманға жылжу, өту, өзінің басым бөлігін алып отырған аграрлық ұлттан экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени қатынастарын өзгертуге алып келетін аграрлық-өндірістікке ауысу мәселелерін көтерген еді.
Ғалымның тағы бір аса көңіл бөлетін мәселесі – қазақ ұлтының жаңаруы, дамуында қазақтың ұлттық ділінде (менталитетінде) жатқан дәстүрлі мәдениетінің прогресшіл белгілерін дамыту болатын. Олар ешқандай қанау жоқ кезде мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан: бостандықсүйгіштік, өзара адамгершілік сыйластық, ынтымақтастық және төзімділік, табиғатқа ерекше қатынас, үлкендерге құрмет, тұрмыста өзгеше мінез-құлық, ұрпақтар жалғастығын ескеру сияқты адами қасиеттерді алға тартты. Осы бағыттағы жаңғырығу нәтижесінде ғана қазақ республикада тұратын барлық этнос өкілдерін топтастырушылық және ұйымдастырушылық рөл атқара алады деп санады. Осыларды айта отырып, Марат Мұхамбетқалиұлы қазақ ұлтын және басқа этностарды модернизациялаудың бағдарламасын жасауды ұсынған еді. Бұл 90-жылдардың басы болатын. Мұндай бағдарламаның қажеттігі даусыз болғанымен, өкінішке орай, ондай құжат қабылданбады. Конституциялық, заңдық нормалармен шектеліп қалдық.
М.М.Сужиков еліміздегі қазақ ұлтының рухани әлемін Шығыс пен Батыстың бар өркениетімен байыта отырып, Қазақстан жаңа жоғары дамыған индустриялық-аграрлық еуразиялық мемлекет болуы тиіс деп есептеді. Мұны Қазақстанның Шығыс пен Батыстың геосаяси жағдайымен түсіндірді. Шынында да, сан ғасыр өз ұлтының рухани қазынасын игерудің нәтижесінде Батыстың нарығын, Шығыстың имандылығын астастыра отырып, біз өркениеттің жаңа деңгейіне көтеріле аламыз.
Ұлт және ұлтаралық қатынастардың табиғатын ғылыми танитындар кез келген қоғамда ұлттық мәселелер болатынын да, бола беретінін де мойындайды. Жалпы адамзат қоғамы қарама-қайшы көзқарастарсыз, принциптерсіз, сенімдерсіз, идеологияларсыз және т.б. қайшылықты құбылыстарсыз өмір сүре алмайды. Әңгіме соны дер кезінде танып, тиісті шара қолдана білгенде жатыр. Марат Мұхамбетқалиұлы бұл қайшылықтарды уақытында практикалық саясат амалымен шешілмей, бұрынғы күйінде қалдырылса, ол күшейе түсуі, содан стихиялық үдерістер қоғамның ақыл-ой күшінің бақылауынан шығып кетуі мүмкін деп қатаң ескерткен.
Философия және құқық институты жанынан құрылған Ұлттық және ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі ретінде М.М.Сужиков өзінің тікелей қатысуымен республика басшы органдарына дайындаған Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды жетілдірудің негізгі бағыттары туралы ұсыныстарының мәні әлі әлсіреген жоқ. Осы орайда 1989 жылдың 16 қазанында Қазақстан Компартиясы орталық комитетіне жазылған «Гурьев облысындағы ұлтаралық қатынастардың жағдайы және оларды жақсартудың болашақтары» атты талдау жазбасы туралы бірер сөз. Бұл сол кездегі Жаңаөзенде болған оқиғаға байланысты әлеуметтік зерттеудің қорытындысы болатын. Онда не көтеріліп еді? Ең бастысы – осы өңірде тұрғын халық болып саналатын қазақтар ұлттық мүдделер жеткілікті шешілмей, кейде аяқасты болуы, аймақтағы өндірісті игеруде одақтық министрліктер мен ведомстволар тарапынан әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, рухани және саяси сипатта толып жатқан шиеленістер туғызатын қайшылықтардың орын алғандығы туралы болатын. Аймақтағы өндіріс объектілерінің құрылысында соңғы 30 жылда жергілікті тұрғындар тарапынан жұмысшылар мен инженер-техникалық кадрлар даярлауға көңіл бөлінбеген. Жаңа өндірісті игеру негізінен сырттан келгендердің есебінен жүргізілген. Аймақтағы тұрғын халықты қазақтар құрағанымен, олар өндірісте 4-тен 12 пайызға дейін ғана. Және т.б. Жаңаөзендегі соңғы оқиғалардың түп-тамырында да осы сияқты әлеуметтік мәселелер жатқан еді.
Жоғарыда айтылған пікірлер мен тұжырымдар Қазақстанда кең көлемді әлеуметтік зерттеулер негізінде жасалынған болатын. М.Сужиков Алматы және Жамбыл облыстарында, Балқаш қаласында әлеуметтанулық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ұлттар арасындағы әртүрлі үдерістер, ұлттық мүдделер мен әртүрлі қарама-қайшылықтарды сараптады. Бірақ өмірдің шындық көріністері кеше көбіне бүркемеленіп, оның қорытындылары түгелдей жария етілмеді. Мәкең жеке әңгімелерде ұлттар қатынасы үдерісінде, ұлттық мәселелерде әлі де шешуін таппаған күрделі дүниелердің жеткілікті екенін айтып отыратын.
Қазақстанның қоғамдық ғылымдары кеңістігінде қырық жылдай қажырлы қызмет еткен, бар ғұмырын қазақ ұлтының, еліміздегі барлық этнос өкілдерінің бірлігіне, ынтымағына арнаған Марат Мұхамбетқалиұлының еңбектері бүгінгі күнімізге де, Қазақстан қоғамының келешегіне де қызмет ете беретініне дау жоқ.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор.
АСТАНА.