02 Қазан, 2012

Кеудесінде оты бар қазақ

429 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кеудесінде оты бар қазақ

Сейсенбі, 2 қазан 2012 7:08

Қазақ ғылымнан кенже қалғанмен, «Оян, қазақ!» деп алаш азаматтары аттан салған соңғы қилы кезеңде табиғи қабілетімен озық шыққан небір мықты ұлдарын әлемге паш етті. Аш-жалаңаш, саяси қуғын-сүргін ұлт зиялыларын жаппай отаған аласапыран дәуірде, халқымызға құдай қарасып, жас өскіні оқу-білімнің нұрымен көктеді, әлем таныған ірі тұлғаларға айналды. Солардың бірі Шапық Шоқыұлы.

 

Сейсенбі, 2 қазан 2012 7:08

Қазақ ғылымнан кенже қалғанмен, «Оян, қазақ!» деп алаш азаматтары аттан салған соңғы қилы кезеңде табиғи қабілетімен озық шыққан небір мықты ұлдарын әлемге паш етті. Аш-жалаңаш, саяси қуғын-сүргін ұлт зиялыларын жаппай отаған аласапыран дәуірде, халқымызға құдай қарасып, жас өскіні оқу-білімнің нұрымен көктеді, әлем таныған ірі тұлғаларға айналды. Солардың бірі Шапық Шоқыұлы.

Шапық пен оның ағасы Ризаның есімін ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Құран кі­тап ашып қойған. «Баталы құл арымас» десе, қазақтың өзі әулие. Киелі кітаптың қа­сиетін таныған Мәшһүр Жүсіптей әулиенің батасы екі баланы да заманның жаманатынан, өлім-жітімнен аман алып шығып, ақ­сақал жасына жетуді, абыройлы, адал еңбе­гімен өрлеген асыл азаматтардың қатарына қосуды жазыпты. Шапық аға кітабында: «Өмірбаянының осы дерегін Риза өле-өл­генше ерекше мақтан тұтты. Өзім де қазақ үшін сирек кездесетін есімнің шығу тегін сүйсіне әңгімелейтін едім», деп жазады. Те­гінен жаңылмауды қа­зақ айрықша қастер­лейтін халық.

Әкесі Шоқының бойында ерекше тек­ті­лік, заман бағдарын дөп тану бар. Сол қа­сиеті қан арқылы үлкен ұлы Ризаға берілген, ол жалғыз сиырды сатып, соның ақшасымен інісін оқуға жіберген көрегендігі, тегінің мықтылығы.

Шапық Шокиннің «Өмірдің төрт маусымы» атты мемуарлық-ғұмырбаяндық кітабы 1992 жылы жарыққа шықты. Осы кітабы­ның басында ол әке бейнесін алты жасында жетім қалса да, жүрегінде сақтап, қимас­тық­пен, сағынышпен еске алады. Бір үйде сегіз бала: үш қыз, бес ұл болса, ұлдың кенжесі – Шапық. Шоқы өлерінде кенжесін тұңғыш баласы Ризаға аманаттап кетеді. Арғы атасы Бәзіл бай болғанмен, кейінгі тұқым үш жұттан кедейленген. Ол әкесі тақыр кедей болса да, еңсесі түспеген, «Менің әкемде қа­шан оянып, қашан сіңгені беймәлім, міне­зінде бір кісілік, дегдарлық болды. Малсыз­дығынан ол қасірет жасаған жоқ. Ауырт­палыққа көнсе де» деп жазуы соны білді­реді. Шоқы қалтасында соқыр тиыны болмаса да туыстарды қайран қалдырып, үлкен ұлы Ризаны оқуға жіберген. Білім алу дәулеттілердің балаларының артық­шылығы саналған кез.

«Кедейдің талайына жазылғаны надан­дыққа одан әрмен шырмалып, мал соңында салпақтау» деп ұққан қиын заманда әке даналығы Шоқы балаларының келешекте өсіп-өркендеуінің алтын кілті тәрізді про­грессивті рөл атқарды.

Тіпті бұл жолда қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, дәлірек айтқанда, өмірден озған бір туысының күнәсін сатып алатын ғұрып көмекке келгені аян. Оның құны бір бие болып шығады. Бұл жетім балаларға бір қыс ризық болады. Оқуға барар жолда жалғыз сиырдың терісін сатып тапқан 8 сомды Риза інісі Шапыққа береді.

Бала Шапықтың оқу іздеп шыққан одис­сеясының басында ауылдан Қарқа­ралыға қазақтың төрт баласы 400 шақырым жа­лаңаяқ десе артығы жоқ, арба соңына ілесе жаяу жол жүретіні қазіргі балалар үшін ертегідей нанғысыз сезілер. Ол бірталай күнге созылған мехнаты мен қызығы мол сапар болды. Табанынан тозып, Қарқа­ра­лыдағы алғашқы оқуына тентіреп жеткен бала Шапықтың жігері жасымайды. Жас шағынан шынығу бұл ұрпақтың маңдайына жазылған жазмыш. Тегінде бұл кітаптың керемет артықшылығы: кәдімгі кинодрама­ту­р­гияға сұранып тұрғаны. Өйткені, нағыз өмір жолы, тарихи тұлғаның өмірбаяны ғана емес, тұтас бір халықтың басынан кешкен қилы кезеңі, боямасыз шындығы, адамдар арасындағы тартыс мейлінше обьективті суреттелінеді. Егер осындай нағыз адамдарды кино өнері арқылы өнеге қылуды білсек, Голливудтың жалған Рембосы, Бэтман, супер қаһармандары өтіріктің құйрығы бір тұтам қалпымен түкке жарамай қалар еді.

Алматыда, Медеу шатқалында 1973 жылы сел басқандағы бұл кісілердің: бірінші басшы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Совмин төрағасы Бәйкен Әшімовтің қасын­да табиғат апатының қайталануының алдын алу үшін тұрғызылған бөгеттердің қауқары жетпей қалатын болған соң, бірнеше насос арқылы селді бөгеу жөніндегі қажыр-қуаты мен біліктілігі жаугершілікте ел қорғаған батырдан артық болатын.

Өз өмірінің кез келген кезеңін сурет­теу­дегі нақты шындық Шапық Шокин мемуа­рының ерекшелігі. Әдебиеттегі осы деректі жанрдың табиғатын «Мемуары – это святая ложь» деп мәскеулік профессор В.­П.Смирнов бір дәрісінде күлімсірей таңбалағаны ойымда қалды. Бұл әрі қиялға бай лириктерге қатысты әңгіме болса керек. Ал физиктер, яғни нақты ғылым адамдарына матема­тикалық дәлдік тән, артық бояу, әсірелеу, жалған дәріптеу, әртістік, иллюзия оларға түбірімен жат.

Шапық Шокиннің туған ауылы Баянауыл – казак станицасы болып салынған аудан орталығы. Қазақ баласының үлкен ғұлама ғалымға айналу жолы соқтықпалы-соқпақ­ты, шытырманы мен тағлымы мол дүріл­деген дәуір болды. Еуразияның кеңістігінде мұхиттай шалқып жатқан, кейіннен Советтер Одағы аталып, он бес республиканы бір тудың астына жинаған зор мемлекеттің ХХ ғасырда басынан кешкен тарихи мезеттері бұл мемуарға тегіс кіреді. Ол: азамат со­ғысы, колхозға күшпен ұжымдастыру, бай­лардың малын тартып алып, өздерін жер аудару, Голощекиннің «кіші Қазан» науқаны, малын тартып алған соң жаппай аштықтан қырылған қазақ халқы, саяси-қуғын сүргін, адамдардың шынайы портреті тегіс кіреді. Мысалы, жас жігіт Шапықтың Семей уез­діндегі Шұбартау ауданына қақаған қыста конфискелеуге өкіл болып жіберілген сәті, бұл енді вестерн фильмге лайық эпизодтар.

Бұл еңбекте қазақтың сүт бетіндегі қаймақтай кілең текті зиялылары туралы деректер де мол. Шапық Шокиннің рухани жетілуіне, халқына риясыз еңбек ететін үлкен азаматқа айналуына құдай қарасқан десек жалған сөз бола қоймас. Ташкенттегі оқуға кешігіп барғанын, солай бола тұрса да, Орталық Азия мемлекеттік универси­тетінің геология-барлау факультетіне қабылда­нуына Мұхтар Әуезов көмектескенін жазады ол.

 Ол елді аштық жайлаған 1932 жылдың сұмдығын Қазақстанның әртүрлі аймағы: Аягөз, Көкшетауда өз көзімен көреді. Тірі өлік сияқты қаптаған аштардың бейнесі ұмытыл­майды. Бұл қазақ халқына қасақана жасалған қастандық екенін мына бір дерек әшкерелейді: «Мұнда біз осында вокзалда Қазақ Орталық атқару комитетінің төр­ағасы Елтай Ерназаров тоқтағанын білдік. Қоразданып шай ішіп отырған президентті көргенде жарылып кете жаздадық. Ескендір (қазақ студент) даусы бұзылып, айқай салды: «Сізге ұят емес пе? Анда адамдар өліп жатыр…. Совет үкіметі қайда?». Шал кесесін қолынан түсіріп алды, шайы кілемге төгілді. Ол басын қос қолдап ұстады және ақырын жылады: «Менің қолымнан не ке­леді?». Осынау сауатсыз шал осы минуттарда президенттің жағдайының мәнісіне біздің көзімізді ашты». Бұл Ново­сибирскдегі вокзалда болған оқиға. Қазақтың сауатсыз шалы Голощекиннің әншейін қуыр­шағы болып шықты. Геноцидтің сан түрлерін кәрі тарих әбден біледі.

Сол кезде жалаңаш қолмен жауға шапқан баяғының жалаңтөс батырындай тоталитар­лық жүйеге қарсы шыққан қазақта ерлер болғанын мына бір дерек растайды: «Зұ­лымдықтың тізбекті реакциясы ешкімді аямады. Мен САКУ-дағы (Орталық Азиялық коммунистік униерситет) Айналхат Күле­новты еске алдым, ол қасына өзінің сегіз жерлесін жинап алып, отанындағы жаппай аштыққа кінәлілерді жұрт алдында жазалауды талап етті. Олардың бәрін «Тоғыздың тобы» деп атады». Әрине, бұл ұлтын сүйген студенттердің бәрін органдар ұстап әкетті.

Советтік индустрияландырудың темір­дей қатал тәртібі туралы ол «Қай жерде апат болса, сол жерде сөзсіз бүлдіргіштік» деп таны­ғанын жазады. Және Қарғалы ГЭС-ын­дағы табиғи апатты мойнына жазық­сыздан жүктеп, совет өкіметіне қастандық, халық жауы деп айдар таққан инженер Шальдені ол қылмысы жоқтығын сараптамада дәлел­дейді, біліктілігі­мен ақтап алады. Комиссия бірнеше ай қа­мау­да отырған Шальдені бо­сатқан. Шапық Шо­қы­ұлының арқасында. Білімді мыңды жығып қана қоймайды, панасызды қорғай да алады!

Ұстазы академик Г.М.Кржижановский кі­шіпейіл, кең пейіл, нағыз зиялы қалпымен жас қазақ ғалымына темірқазықтай бағыт беріп, шәкіртін аса жоғары бағалайды. Орыс­тың небір үздік ғалымдарын сүйінт­кен, оқымаған қазақ Шоқының баласы Ша­пық болады. Бір қызық детальдар айтылған: академик Глеб Максимилианович Кржижановский Ленинді өте қадірлеп, Сталинді жек көрген екен. Ол Лениннің ең жақын адамы болғанын кітаптағы академиктің сөзінен білеміз. Жас Шапық үшін бұл адам нағыз ғылымның шамшырағы: «Чернь от науки, мещане новой жизни не уставая ждали момента, когда он оступится, даст промашку, чтобы доставить себе удовольствие позлорадствовать, поизощряться в умении за глаза осмеять «выжившего из ума старика». К их огорчению, такое удовольствие выпадало на их долю редко». (Тұпнұсқадағы: «чернь от науки», ғылымды иектеген қара албастыдай жалған сұмдардың бейнесін қалай дәл берген, қазір олар өткел бермей қабындап кеткенін Ш.Шокин сияқты алыптар білсе қалай күңіренер еді. Бірақ Шапық аға тәрізді шын ғалымдарды «моги­кан­ның соңғы тұяғы» демесек болғаны).

Өз уақытында жалған ғылымды малданып, оңай олжа көрген біреу кездескен екен, ғалым оны «Адам өз орнында отырған жоқ» деп анықтайды және дилетанттарды бөтел­кеден шыққан жынға теңейді. Ал қазір ғылым ойыншыққа айналғандай әсері бар.

Елді электрлендіруді Ленин коммунизм құрудың алғышарты һәм өсиеті қылды. Мұ­ның саяси маңызы болғанын қазақтың бас электр маманы жазады. «Электр шамының жарығы партия мен үкіметтің еңбекшілерге қамқорлығын айқын көрсетті. Сол жылдарда совет өкіметіне электрлендіруден артық айқын үгітті табу қиын болатын».

«Отыз сегізінші жылдың қазан айында мен өз өмірімдегі алғашқы су электр станциясын іске қостым». Ташкенттен соң Омбыға оқуға ауысып, Омбы ауылша­руа­шы­лық институ­тының гидромелоративті фа­культетін үздік бітірген Шапық Шокин жұлдызы Қазақстан энергетикасы, су электр станциялары, суға шөлдеген Арқаға «Ертіс– Қарағанды» каналын салу, т.б. республикамыз үшін көптеген маңызы зор істерде, аса ірі жобаларда жар­қырау үшін жанды. Күллі әлемдегідей, энергетика жергілікті қорлар арқылы дамуы керек деген ойды ол ту қылып ұстады.

Шапық Шокиннің тұлғасын тану бір мақалаға сыймайды. Үлкен қызметте, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Қа­ныш Сәтбаевтың қасында жүрген серігі, идеялас жолдасы, Қаныш Имантайұлынан соң Ұлттық Ғылым академиясын басқарған жетекші-ғалым Шапық Шокиннің ғұмыр жолында кездескен көрнекті тұлғаларының өзі айтарлықтай. Ол Совет Одағы билігінің басындағы біраз: Н.С.Хрущев, маршал К.Е.Ворошилов, М.А.Суслов, Л.­И.Брежнев, Д.А.Қонаев сияқты тарихи адамдардың пор­треттерін эпизод арқылы берсе де, нақты береді. Ол солардың бәрімен қоян-қолтық жұмыс істеді, дос болды, ел игілігі үшін жанын салды, тіпті, пікір қайшылығы үшін республиканың бірінші басшысы, қоғам қай­­раткері Д.А.Қонаевпен ымыраға кел­меді. Бір сөзбен айтқанда, ағат кетсе де, бұл боямасыз жарқын өмір. Мұнда жағым­паздыққа, екіжүзділікке орын жоқ. Қазіргі ұрпақ үшін тұлға тану. Бірақ, тірі адамдар өзара қақты­ғыстарда жүргені шындық әрі қателіксіз адам өспейді. Біз үшін Дінмұ­хамед Қонаев пен Шапық Шокин қазақтың озып туған біртуар ұлдары болып қала бермек.

Ол қазақ ғылымы туралы Ғылым ака­демиясының хатшысы ретінде нақты, ай­қын, объективті дерек береді. 1948-1952 жылы Қазақстан Ғылым академиясындағы репрессия, 200 ірі ғалымның Қ.Сәтбаевтің серіктері ретінде қуғындалғаны туралы шын­дық бар. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Дихан Әбілев, Әбікен Бектұров, Салық Зиманов, Евней Бөкетов, Абылқас Сағынов, А.П.Полосухин, т. б. тұлғаларды ол сүйінішпен жазады. Ал өзінің туған аға­сы Ризаға деген құрметі мен алғысы шексіз.

Артына 20 том ғылыми еңбек қалдырған, Қазақстандағы энергетика бойынша ғылы­ми-зерттеу институтының алғашқы және 45 жыл үздіксіз басқарған директоры Шапық Шокин. Сондықтан Қазақ елі тәуелсіздігін алған сәтте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті Н.Ә. Назарбаев «Халық Қаһарманы» жоғары атағын Шапық Шокинге берді.

Шапық Шокиннің мағыналы ғұмыры нағыз киноға лайық. Осы кітап бойынша келешекте киносценарий жазғым келеді. Жастар мұндай ірі тұлғаларды дәуір озған сайын біле түсуі керек. «Тәрбиелеу» деген сөзді ұнатпаймын. Адам өзін-өзі жасайды» дейді қайсар тұлға. Өзі болғандықтың формуласы. Ғылымның қиын түрін таңдаса да, ол Абайдың ғибратын, өлеңдерін біледі. Мұны­сы ізгі үлгі, сыңаржақ емес. Шапық ағаның адам уақытты бос өткізуді ғадетке айналдырып, оны пәлсапамен ақтап алса, сол оның соры дейтіні – Абайдың адам баласын аздырар жұмысы жоқтық, жалқаулықты әшкере­лейтін өсиетіне дәл келеді.

Академик Шапық Шокинді дер шағында әрі заманынан озып туған ел азаматы десек артығы жоқ.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, «Дарын» мемлекеттік

жастар сыйлығының лауреаты