Сан қырлы тұлға
Жұма, 5 қазан 2012 7:23
Мағынасы терең, ауқымы кең «Елдестірмек – елшіден» деген сөз бекерге айтылмаса керек, халық арасында елшілер ежелден ерекше тұлға ретінде қабылданған. Осындай жауапкершілігі аса зор мәртебелі қызметті атқару құрметіне ие болған алғашқы кеңес дипломаттарының бірі, КСРО-ның өкілетті өкілі Нәзір Төреқұлов еді. Өкінішке қарай, халқымыз мақтаныш етуге тұрарлық осы тарихи тұлғаның өмірі бертінге дейін қалың жұртшылыққа белгісіз болып келді. Бұған әртүрлі жағдайлар себеп болды. Ең бастысы, Нәзір Төреқұлов «халық жауы» ретінде (жазықсыз жаламен!) «37-ші» жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болғандықтан ол туралы ақталғанға дейін сөз қозғау мүмкін болмады.
Жұма, 5 қазан 2012 7:23
Мағынасы терең, ауқымы кең «Елдестірмек – елшіден» деген сөз бекерге айтылмаса керек, халық арасында елшілер ежелден ерекше тұлға ретінде қабылданған. Осындай жауапкершілігі аса зор мәртебелі қызметті атқару құрметіне ие болған алғашқы кеңес дипломаттарының бірі, КСРО-ның өкілетті өкілі Нәзір Төреқұлов еді. Өкінішке қарай, халқымыз мақтаныш етуге тұрарлық осы тарихи тұлғаның өмірі бертінге дейін қалың жұртшылыққа белгісіз болып келді. Бұған әртүрлі жағдайлар себеп болды. Ең бастысы, Нәзір Төреқұлов «халық жауы» ретінде (жазықсыз жаламен!) «37-ші» жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болғандықтан ол туралы ақталғанға дейін сөз қозғау мүмкін болмады. Ақталғаннан кейін де «осындай бір қайраткер бар еді-ау?» деп соңына түсіп іздеп, зерттеген ғалым не тарихшы шыққан жоқ. Алаш арыстарын ардақтауға Қазақстанның тәуелсіздік алуы даңғыл жол ашқан болса, Нәзір Төреқұловтай біртуар азаматты «қайта тірілтіп», есімін жаңғыртуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, дипломат Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров көп еңбек сіңірді.
– Тайыр Аймұхаметұлы, сіз көптен бері халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Нәзір Төреқұловтың өмірін зерттеп келесіз. Ол туралы қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде көптеген кітаптар шығардыңыз. Сіздің ізденістеріңіздің, еңбектеріңіздің арқасында бертінге дейін есімі сирек аталатын қайраткерді халқымыз тереңірек танып білді. Былай алып қарағанда, нәзіртану сіздің өміріңіздің басты мұратына айналған сияқты. Сіздің осы істі қолға алуыңызға не түрткі болды?
– Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бүгінде тәуелсіз мемлекетті құрып, нығайтудан артық ұлтымызды ұйыстырып, біріктіретіндей мақсат жоқ. Өз тарихыңның түп-тамырын танып-білу, ата-бабаларыңның ауқымды іс-әрекетін мақтаныш ету, өктем дәуірдің әртүрлі кесапат-кемшіліктерінен арылу, қазіргі заманға лайық сананы қалыптастыру ұлттық бірігуге қуатты күш-серпін береді», – деп айтқаны бар еді. Иә, кез келген ел «өткен жолын, тарихи түп-тамырын білмей, бүгінмен өмір сүрмей, келешектің қамын жемей» алысқа бара алмайды. Бүгінгі күн өткен мен болашақтың көпірі болуға тиіс.
Қазақстанның Ресейдегі елшігін басқарғанға дейін менің де Нәзір Төреқұлов жайында білетінім шамалы болатын. Өзінің көптеген замандастары сияқты, Нәзір де Кеңес Одағына адал қызмет еткеніне қарамастан «халық жауы» атанып, атылып кеткендіктен 1958 жылы ақталғанға дейін «жабық есім» болып, ол турасында айтуға, жазуға рұқсат етілмеді. Нәзір Төреқұлов қысқа ғана ғұмырында халқымыз бен Отанымызға мол пайдасын тигізді.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі (1994-2002) болып қызмет істеп жүргенімде біздің қазақстандық ғалымдардан Федералдық Қауіпсіздік қызметі арқылы Н.Төреқұловтың 1937 жылы тұтқындалып, атылуына байланысты құжаттарды сұратып әперу жөнінде өтініш түсті. Сұраған құжаттардың көшірмесін көп ұзатпай алып беріп жібердік. Ол құжаттар танымал жазушы-журналист Нұрмахан Оразбековтің 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан кітабында жарияланды.
– Сіздің еңбектеріңізде Н.Төреқұлов өмірінің бізге беймәлім тұстары жан-жақты ашылған, нақты тарихи құжаттармен дәлелденген. Осы құжаттар қайдан шықты? Дерек көздеріне тоқтала кетсеңіз. Оларды тауып, жарыққа шығару оңайға түспеген шығар?!
– Кейде бір шаруа екінші бір іске себеп болып жатады ғой. Қолға тиген құжаттармен танысқаннан кейін маған Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметін тереңірек зерттесем деген ой келді. Әрине, Нәзір Төреқұлов сынды мемлекеттік ауқымда жұмыс істеген саясаткер, жоғары деңгейдегі дипломаттың өмірі мен қызметіне қатысты құжаттардың арнайы мұрағаттарда, жеті құлыптың астында сақталатыны белгілі. Ресейде қалыптасқан тәртіп бойынша әрбір зерттеушіге архивтік қордағы құжаттардың әрі кеткенде 25 пайызы ғана беріледі. Осыған байланысты мен Ресей Федерациясының сол кездегі Сыртқы істер министрі Е.М.Примаковқа өзімнің сыйлас, достық қарым-қатынасымды пайдаланып: «…архивте шаң басып жатқан Төреқұлов жайындағы қағаздарды Қазақстанның Ресейдегі елшісі мен іздемесем кім іздейді?» дегендей сауал тастап, өтініш айттым. Сонда Евгений Максимович: «Мен Таяу Шығыста, араб елдерінде ұзақ жыл қызмет істедім. Нәзір Төреқұлов туралы естігенім бар. Бірақ, оның сіздердің отандастарыңыз екенін білмеппін. Ол қазақ екен ғой?» – деді. Сөйтіп, қолдан келген көмегін берді. Міне, сондай биік парасатты және адамгершілігі мол азаматтың арқасында Ресейдің Сыртқы саясат архивінен 750 беттен астам қағаз-құжаттардың ресми көшірмесін алудың сәті түсті.
Бұдан кейін басқа да ресейлік дерек көздерінен – Ресейдің саяси-әлеуметтік тарихы мемлекеттік мұрағаты, Ресей мемлекеттік мұрағаты және Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағатынан Нәзір Төреқұловтың саяси, дипломатиялық және ағартушылық, журналистік, зерттеушілік қызметтеріне қатысты сондай-ақ, бұрынғы СОКП Орталық Комитетінің мұрағатынан қосымша бірқатар мәліметтер алынды.
Шынымды айтсам, Өкілетті өкілдің Орталықпен (Сыртқы істер халық комиссариатымен) жазысқан хаттары, жолдаған жазба мәлімдеме-хабарламалары, күнделіктері мен есептері, олардың жазылу стилі мені таңғалдырды. Бұл оның дүние танымының кеңдігін, талант-қабілетінің жан-жақты екенін аңғартатын еді. Міне, осы материалдар бойынша алғаш рет орыс тілінде «Назир Тюрякулов – полпред СССР в Королевстве Саудовская Арабия» деген жинақ құрастырылып шығарылды. Осы кітаптың сүйінші данасын Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа апарып көрсеттім. Ол кісі кітапты көріп, жылы пікір айтып, жоғары баға берді.
Мұнан соң «Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны» деген еңбек жазылып, оның мәтіні төрт тілде: орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдерінде қатар берілді. Аталған екі кітап та негізінен кәсіби дипломаттарға, әлемдік саясат пен халықаралық қатынастар мәселелерін зерттеуші мамандарға арнап шығарылған болатын. Бұл еңбектер Нәзір Төреқұловтың өмірі мен кәсіптік қызметін, сондай-ақ өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы тарихи оқиғалар мен халықаралық жағдайды ғылыми тұрғыдан талдауға, бағалауға мүмкіндік береді. Оларда келтірілген ресми құжаттар арқылы бар күш-қуатын, тіпті өмірін де қоғамына, халқына арнаған ұлы перзенттің өсу жолын көресіз, оның саяси-психологиялық бейнесін танисыз.
Ал, «Өкілетті өкіл Нәзір Төреқұлов. Дипломат, саясаткер, азамат» деген көркем туынды жайында сөз еткенде, оның жай ретті баяндау емес, керісінше Нәзірдің дипломатиялық өмірінің кейінгі аянышты, трагедиялы тұсымен ұштасып жатқан желіде жазылғанын айтқан жөн. Сондықтан да ол: «Араб жеріндегі алғашқы қадамдар», «Корольдің сеніміне ие болу үшін күрес», «Күнделікті өмір…», «Қынжылысты сәттер», «Өмірінің соңғы күндеріне» дейінгі толғанысты тараулардан тұрады.
Болмысы бөлек, тарихи тұлға Мәскеудің атақты «Молодая гвардия» баспасын қызықтырған көрінеді. Сөйтіп, солардың ұсыныс-тілегімен және олардың әрбір факты негізді және дәлелді болуы керек деген талабын ескере отырып тарихи очерк жанрымен «Полпред Назир Тюрякулов» деген көркем еңбек жазып шықтым. Кітап аталған баспаның әлемге әйгілі «ЖЗЛ» (Тамаша адамдар өмірі) сериясымен 2004 жылы жарық көрді. Нәзір Төреқұлов жайындағы бұл кітап осы сериямен қазақтың көрнекті қайраткер өкілдері туралы жазылған шығармалардың қатарын Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаевтан кейін төртінші болып толықтырды.
«Өкілетті өкіл Нәзір Төреқұлов. Дипломат, саясаткер, азамат» деген кітаптың ағылшынша шыққан нұсқасы Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсал ханзаданың қолына түсіп, ол кітапты қызыға оқып шығыпты. Оның әкесі Фейсал корольдің Хиджаздағы уәкілі болып тұрған тұста кеңестік өкілетті өкіл Нәзір Төреқұловтың сенім грамотасын қабылдап алған. Мұнан әрі екеуінің арасында жақсы сыйластық қарым-қатынас орнаған. Жалғыз Фейсал ғана емес, Нәзір жалпы корольдің от басының айырықша құрмет пен сеніміне ие болып, әл-Саудтың өзі оны інім деп атаған. Тақ мұрагері ретінде Фейсал 1964-1975 жылдары Сауд Арабиясының королі болды. Кітапта король әулеті туралы осы сияқты бірқатар тарихи мәліметтер қамтылған. Кітап министрге сонысымен қымбат және ыстық болып көрінген болса керек. Осыған байланысты өздеріндегі зиялы қауым, жалпы араб жұрты кеңінен танып білуі үшін кітапты арабшаға аудару жөнінде ұсыныс жасады.
Кітапты аудару ісіне сол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс беріп жүрген, білікті тіл маманы, аса терең білімді азамат, Каир университетінің профессоры Амер Мұхаммед Амер тартылды. Кейін еңбектің араб тіліне өте сапалы деңгейде аударылғаны туралы бірнеше білікті арабтанушы мамандар пікір білдірді. Оның үстіне кітап Каирдің бүкіл Таяу Шығыста үлкен беделге ие «Айн-Шамс» баспасында басылып шықты.
– Е.Примаков Кеңестер Одағы тұсында, одан кейін де талай жоғары лауазымды қызметтер атқарған белгілі тұлға ғой. Ол кісінің Сізге қол ұшын беруінде не сыр бар? Оны көптен білесіз бе, бұрыннан араласып па едіңіз?
– Евгений Максимович кезінде Ресейдің сыртқы істер министрі болған, Ресей Федерациясының үкіметін басқарған ірі мемлекеттік қайраткер ғана емес, көрнекті шығыстанушы-арабист, академик ғалым және халықаралық деңгейдегі саясаткер. Ол кісімен мен Ресей Федерациясында Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі болған кезімде қызмет бабымен жақынырақ танысып, араласа бастадым. Мен елші болған 90-шы жылдары тәуелсіз мемлекеттер Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасының негізі қаланып, кең көлемде дами бастаған еді.
Мен ол кісі Ресейдің премьер-министрі қызметінен кетіп, Сауда-өнеркәсіп палатасын басқарып тұрған тұсында жоғарыда айтылған «Молодая гвардия» баспасының тапсырысы бойынша жазған кітабымның қолжазбасын апарып көрсетіп пікір білдіруін сұрадым. Ол қолжазбаны мұқият оқып шығып, төмендегідей алғысөз жазып берді: «Әрбір мемлекеттің сыртқы саясаты өткеннің тәжірибесіне сүйеніп, өзінің дипломатиялық мектебінің тұтас бір ұрпақтары жасаған амалдар мен әдістерді пайдаланса барынша тиімді болмақ… Н.Төреқұловтың еңбекқорлығы, батыл ойы, жергілікті шейхтермен қатар, «антогонистердің» – Англиядан, басқа да Батыс Еуропа елдерінен келген дипломаттардың тілін тапқан шеберлігі қайран қалдырады… Ең ауыр тапсырманың өзін орындауға дайын тұруы, туындайтын мәселелерді шын мәнінде мемлекеттік тұрғыдан шешуге ұмтылуы Н.Төреқұловты кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттары арасындағы жарқын тұлғаның бірі деуге толық негіз береді.
Кітап авторының басты еңбегі – осынау ірі тұлғаны түнектен арамызға оралтып қана қоймай, КСРО-ның Таяу Шығыстағы дипломатиясы тарихының тұтас бір қабатын жарқырата көрсете алғандығында…». Бұл сөздерді мен Евгений Максимовичтің жалғыз маған ғана емес, біздің халқымызға, Қазақстанға деген ықылас-пейілі деп қабылдадым.
– Сіз өз еңбектеріңізде Н.Төреқұловты қай қырынан болсын жарқыратып көрсеттіңіз, керемет биікке көтердіңіз. Ол кісінің елге, халқына сіңірген қандай еңбектерін бөле-жара атар едіңіз?
– Бұл сұрақтың жауабы меніңше оның өмірбаянында жатқан секілді. 1913 жылы Нәзір Қоқандағы көпестер мен сауда-өнеркәсіп компаниялары ашқан коммерциялық училищені бітіріп, оқуын Мәскеудегі коммерциялық институтта жалғастырады. Мұнда ол өз мамандығы бойынша экономикалық пәндермен қатар, шет тілдерін де оқып үйрене бастайды. Ерекше қабілет пен талап-ізденісінің нәтижесінде орыс, түрік тілдеріне қосымша француз бен немісше сөйлей алатын дәрежеге жетеді. 1917-18 жылдардағы оқиғалар, ақпан және қазан төңкерістері Нәзірдің қоғамдық таным көкжиегін кеңейтіп, саяси жағынан шыңдалып, қалыптасуына көп ықпал етті. Сондықтан да ол 1918 жылы большевиктер партиясы қатарына өтіп, өз еркімен Қызыл армияға жазылып, Түркістан атты әскерінде саяси басқарма бастығының орынбасары болып тағайындалды. Осы қызметтен, оның революциялық және партиялық өсуі басталды. Ол сондай-ақ, заманның үні мен мақсат-мүддесін білдіретін мақалалар жазып, газет-журналдар шығарып, бұқаралық мәдени-ағарту істерімен де айналысты.
1918 жылдың көктемінде Қоқан ревкомының хатшысы болып қатарға іліккен Нәзір Төреқұлов небәрі үш жылдың ішінде партиялық және мемлекеттік биліктің жоғары сатысына көтеріліп, 1921 жылдың мамырында Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы сияқты оны РКП(б) ОК-нің Орталық Азиялық бюросының мүшелігіне және Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшелігіне сайлау оған көрсетілген зор сенім болатын.
Айырықша айта кететін жайт Нәзір Төреқұлов Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде республиканың барлық ұйымдарында демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырды. Сондай-ақ, мұсылмандардың қасиетті мейрамы Құрбан айтқа байланысты үш күн демалыс беру жөнінде жарлыққа қол қойды. Атеизмді қолдайтын, большевиктік саясаттың тұсында мұнысы асқан батылдық та батырлық және халықтың мүддесі мен игілігі үшін жасалған ерлікке пара-пар іс болатын.
Бұдан кейін 1922-28 жылдар аралығында Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспаның төрағасы бола жүріп те көп жұмыстар атқарды. Мәселен, 1925 жылы мұғалімдердің бүкілодақтық бірінші съезінде «Ұлт мәселесі және мектеп» деген тақырыпта баяндама жасап, ұлттық мәдени-ағарту мекемелерін ретке келтіру, аса мұқтаж болып отырған аудандарда ұлттық мектеп үйлерін салу, жергілікті жерлерде арнайы кәсіптік-техникалық және ауыл шаруашылық мектептерін ашу сияқты сол кез үшін ең өзекті мәселелерді күн тәртібіне қоя білді. Жалпы, Нәзір өзіне сеніп тапсырылған қай қызметті де үлкен жауапкершілік, іскерлік және біліктілікпен атқарып отырды.
Нәзір Төреқұловқа дейін ешбір қазақтың Кеңес Одағының атынан шет елде дипломатиялық миссияны басқарып, елші болмағанын және ол кезде большевиктер елі КСРО-ның атынан небәрі 32 шет мемлекетте ғана елшілік өкілдіктің жұмыс істегенін, сондықтан ондай жауапты қызметке қабілеті ерекше тұлғалар жіберілетінін ескерсек, бұл фактінің қаншалықты маңызды екені түсінікті бола түседі.
Айтқандай-ақ, Нәзір Төреқұлов 1928-36 жылдар аралығында, яғни сегіз жыл көлемінде ауа райы мен климаты қолайсыз, түрлі жұқпалы аурулар жайлаған, ауыз су, азық-түлік тапшы, дәрігерлік көмек жетіспейтін араб жерінде КСРО-ның Өкілетті өкілі қызметін асқан төзімділік және іскерлікпен атқарды. Жан-жақты білім мен талант және кәсіптік біліктілігінің арқасында дипломатиялық корпуста биік беделге ие болып, дандайсыған ағылшын мен француз, итальян елшілерін мойындатып, дуайен (ағаман) болып сайланды. Екі елді жақындастыру мақсатында 1932 жылы король Әбдел Әзиз әл-Саудтың баласы, болашақ тақ мұрагері, ханзада Фейсалдың Кеңес Одағына ресми сапарын ұйымдастырды. Енді-енді автокөлікке мініп, майшамды пайдалана бастаған Сауд Арабиясының КСРО-дан кредитке 50 мың жәшік бензин және сондай мөлшерде керосин сатып алуына ұйытқы болды. Осы секілді өз деңгейі мен мүмкіндігіндегі толып жатқан шаруаларды жүзеге асырды.
– Қалай ойлайсыз? Біз Н.Төреқұловты танып болдық па? Әлде аласапыран, қиын-қыстау заманда өмір сүріп, еңбек еткен тұлғаның әлі де айтылмаған тұстары, ашылмаған сырлары бар ма?
– Көзін көрген замандастарының айтуынша, Нәзір жарқын жүзді, жанары өткір, болмысы байсалды, сөзге шешен әрі өзгені де тыңдай білетін, жігерлі де қызуқанды, жұртты өзіне үйіріп әкететіндей тартымды (харизматикалық) көшбасшылық қасиеті бар азамат болыпты. Осындай жан-жақты талантты және қарым-қабілетті тұлға Нәзірді танып болдық деп айтуға әлі ерте. Мәселен, мен өзім негізінен оның 1928-36 жылдар аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінде Өкілетті өкіл ретінде атқарған дипломатиялық қызметін Ресейдің мұрағаттарында сақталған құжаттар арқылы зерттеп таныдым. Тіпті, оның осы елшілік қызметінің де қамтылмаған, қағазға түспеген немесе тағы бір жерде елеусіз жатқан тұстары мен фактілері болуы мүмкін.
Нәзір Төреқұлов елші болғанға дейін де Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, РКП(б) Орталық Комитеті Орталық Азия бюросының мүшесі, Түркістан майданы революциялық-әскери кеңесінің мүшесі, КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы сияқты бірнеше жауапты және басшылық қызметтер атқарды. Ал, Сауд Арабиясынан келгеннен кейін де бірер жыл, яғни 1936-37 – КСРО Ұлттар Кеңесі жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. Жалпы, Нәзір Төреқұлов қазақ халқының 20-30-жылдары большевиктік өкімет тұсында осындай биік дәрежеге жетіп, лауазымды қызметтер атқарған бірден бір өкілі.
Нәзір Төреқұлұлы өз қолымен толтырған анкеталардың бәрінде мамандығын «журналист» деп көрсеткен. Шаң басқан архивтер мен түнекті тарихтың қойнауынан бізге Нәзірдің қазақ, орыс тілдерінде жазған: «Қазақ мәселесі», «Кокандская автономия», «Ислам және коммунизм», «Отзыв на книгу В.Бартольда «История Туркестана», «Атлант мұхитынан – ұлы Мұхитқа дейін», «Туркестанская Автономная Республика» деген тәрізді қоғамдық-саяси, мәдени тақырыптарға арнап жазған ондаған мақалалары келіп жетті. Бұлар арқылы ол ел, қоғам алдындағы аса бір өзекті мәселелерге, көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде пікірін білдіріп, үн қатып отырған. Керек десеңіз, ол Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» жинағына да сын жазып, ондағы өлеңдерді талдап, заманның, уақыттың талабы тұрғысынан өзіндік көзқарасын білдірген. Демек, Нәзірдің тілші, ғалым, ағартушы, баспагер, журналист, редактор ретінде тындырған істері де қыруар. Міне, осының бәрі қандай да бір тарихшы, филолог, журналистер тарапынан тереңірек зерттеуді қажет етеді.
Жуырда маған Маңғыстауда облыс әкімінің кеңесшісі болып жауапты қызмет атқарып жүрген, елге танымал, қайраткер азамат Бекет Тұрғараев бір жақсы жаңалық жеткізді. Сонау 20-шы жылдары Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып жүргенде Маңғыстау жерін Қазақстанның құрамына қосу жөніндегі арнайы Декретке қол қойып, елдің келешегі үшін үлкен игілікті іс атқарыпты. Осындай құнды құжаттың табылуына орай Маңғыстау тарихи өлкетану музейінен Нәзірге арналып, арнайы бөлім ашылып, сондағы бір көшеге Нәзір Төреқұловтың есімін беру ұйғарылыпты. Мен де өз тарапымнан маңғыстаулықтарға ризашылығымның белгісі ретінде музейге Нәзір Төреқұлов туралы 8 кітабым мен бір кітапшамды сыйға тарттым.
– Нәзір Төреқұловтың есімін мәңгі есте қалдыру бағытында мемлекет тарапынан атқарылған істерге көңіліңіз тола ма?
– Үкімет тарапынан шама келгенше Нәзір Төреқұловтың есімін мәңгі есте қалдыру бағытында іс-шаралар жасалынды және қолға алынып жатыр. 2002 жылғы желтоқсанда осынау айтулы тұлғаның туғанына 110 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Астанада «Н.Төреқұлов – көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат және ағартушы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Сол сияқты, 2006 жылы қараша айында Түркістанда Нәзір Төреқұловтың дипломатиялық және саяси қызметіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Екеуіне де қатысып, тақырыпқа қатысты баяндамалар жасадым.
Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында Нәзір Төреқұловтың атымен көшелер аталған. Оның есімі Шымкент пен Түркістанда, Шолаққорғанда мектептерге берілген. Тарихи қаламыз Түркістанда арнайы мұражай ашылды, қор құрылды. Қазақстан Үкіметінің 2003 жылғы 20 қаңтардағы №57 қаулысымен Нәзір Төреқұлов атындағы медаль белгіленді. Ол медальмен республиканың Сыртқы істер министрлігі атынан Қазақстанның сыртқы саясатына зор үлес қосқан азаматтар марапатталып отырады.
– Тайыр Аймұхаметұлы, біздің білуімізше сіздің өткеннен қалған тарихи мұраларымызға, рухани дүниелерімізге деген көзқарасыңыз алабөтен. Кешегі кеңестік кезеңде Қарағандыда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүргенде Қарқаралыдағы Құнанбай қажының қирап қалған мешітін қалпына келтіруге ұйытқы болдыңыз. Мұндай қадамға ол кезде екінің бірі бара бермейтін. Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан облысында әкім болған кезіңізде осы өңірден шыққан тұлғаларды насихаттауға кең жол аштыңыз, қыруар қаржы бөліп олардың еңбектерінің жарық көруіне шарапатыңызды тигіздіңіз. Елбасының тікелей қолдауымен Қызылжардағы аса құнды тарихи мұра «Абылайдың ақ үйін» өзіңіз бас болып жүріп қалпына келтірттіңіз. Сіздің ықпалыңызбен тұңғыш рет қазақ тіліндегі қалалық газет жарық көрді. Өңірдің рухани өмірі жаңғырып, бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Осындай игілікті істеріңізді солтүстікқазақстандықтар әлі күнге асқан жылылық және ризалықпен естеріне алып, ауыздарынан тастамай айтып жүреді.Осында не сыр бар?
– Меніңше өткен тарихымызды ұмытпау, көне мұра-ескерткіштерімізге, рухани дүниелерімізге құрметпен қарау әр адамның азаматтық парызы мен борышы болуға тиіс. Елбасы үлкен сенім артып, жауапты міндет жүктегеннен кейін Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын ғана емес, мәдениеті мен руханиятын да көтеру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Жоқ болып өшіп кеткен «Абылайханның ақ үйін» қайта көтеріп, қалпына келтіру үшін алдымен 2004-2005 жылдары Орынбор, Санкт-Петербург және Ресейдің сыртқы саясат архивтерінен тиісті деректер мен мәліметтер іздестірдік. Солардан алынған құжаттар Ресей патшайымы ІІ Екатеринаның жарлығымен 1762-1765 жылдары Петропавл бекінісінде Абылайханға арнайы резиденцияның салынғанын айғақтаған соң барып істі қолға алып, бұрынғы жоба, архитектураның негізінде ол жаңадан тұрғызылды. Оның алдына Санкт-Петербургтегі салт аттының үлгісімен Абылайханның ат үстіндегі ескерткішін орнаттық.
Бұған қоса, 2005 жылы облыстық өлкетану музейін жаңа үлгіде қайта қалпына келтіріп, оның сыртына сыйластық-достықтары шексіз болған Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің барельефі жасалынды. Оны Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашып, тамырын тереңнен алатын орыс пен қазақтың достығы туралы сөз сөйлеп, оны кейінгі жастарға үлгі етті. Осы сияқты, 2006 жылы сәуірде Мәскеуде ұлы Абайға арналып ескерткіш ашылған болатын. Сол кезде Петропавлда Абай-Пушкин ескерткішін тұрғызу идеясы туып, оны Елбасымыз қызу қолдап, сол жылдың желтоқсанында қос тұлғаға арналған монументальды тас мүсін бой көтерді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту жөнінен де біршама іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, облыс бойынша 750 қазақ тілінің мұғалімдеріне айлық жалақыларына қосымша елу пайыз үстеме төленіп отырды. Ересектерге арнап 20 мың дана қазақ тілі оқулығы бастырып шығарылып, тегін таратылды. Сол жылдары облыста бірталай жаңа бала бақшалар салынып, 90-нан астам бала бақшада әр ұлттың балалары тәрбиеленіп, олар жаппай қазақ тілін оқитын болды. Оған ата-аналар ризашылықтарын білдірді.
Алматы және Талдықорған облыстарында көп жылдар мемлекеттік басшылық қызметтер атқарған, елге сыйлы, қадірлі болған біздің әкеміз Аймұхамет Көпежанұлының негізгі мамандығы тарихшы еді. Сондай-ақ, ол кісі көптеген мәдениет-өнер қайраткерлерімен және жазушы, тарихшы ғалымдармен таныс, аралас-құралас болды. Әкеміздің өткен тарихқа, рухани мұраларымызға, халқымыздың басынан кешкен оқиғаларды баяндайтын шығармаларға деген көзқарасы мен ықыласы ерекше болатын. Бұл тақырыптағы кітаптарды қалт жібермей оқитын. Бізге балаларына үнемі «тарихқа, әдебиетке үлкен құрметпен қарау керек, одан көп нәрсе үйренуге болады», деп өсиет айтып отыратын. Тарихқа, рухани мұра –жәдігерлерге жанашыр көзқарас пен әрекетіме бәлкім, әкеміздің де әсері болған шығар.
Сөз соңында айтарым, туғанына 120 жыл толып отырған Нәзір Төреқұловтың туған халқына, Отанына сіңірген еңбегі орасан зор. Оның жасаған қызметі мен жеке тұлғасы кейінгі жастарға үлгі-өнеге болып, біз оны саясаткер, дипломат, ғалым және азамат ретінде әр қырынан тани түсетін боламыз. Сондықтан Нәзірдің есімі халықтың жадында мәңгі сақталып, ғасырдан-ғасырға жалғаса береді деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».