Аймақтар • 21 Сәуір, 2019

Ақсайда Жолбарыс батыр ұлықталды

1291 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында «ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы және Жолбарыс Торыұлы батырдың өмірі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Ақсайда Жолбарыс батыр ұлықталды

Осы шара аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шыққан «Жолбарыс батыр Торыұлы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының өңірлік киелі нысаны тізіміне кірген тарихи тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық қызметіне арналған ғылыми жиынға еліміздің Нұрсұлтан, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда және Ресейдің Астрахань қаласынан келген ғалым тарихшылар қатысты.

- Кіші жүздің табын руынан шыққан Жолбарыс батыр – бар ғұмырын туған жерінің тұтастығын сақтауға арнаған тарихи тұлға. Жолбарыс Торыұлы 1785 жылы туған. Ол белгілі Есет Көтібарұлының бөле ағасы. Батырдың әділет үшін ішкі және сыртқы жауларымен күресі халық арасында ауыздан-ауызға таралып, күні бүгінге дейін жеткен. Оның есімі орыс мұрағат құжаттарында жиі кездеседі. Жолбарыс батыр XIX ғасырдың әлеуметтік-саяси оқиғаларына белсене қатысқан. 1823 жылы Жоламан Тіленшіұлының басшылығымен болған көтеріліс кезінде Ресей бекіністеріне шабуылға қатысқан. Елге беделді, ықпалды тұлғаны орыс билеушілері де түрлі сый-сияпатпен өз жағына тартуға тырысқан, - дейді осы конференцияны ұйымдастырушы «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев.

Осы конференцияға астанамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығының директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев өз сөзінде бүкіл Қазақстан бойынша 25 мыңнан аса тарихи ескерткіш бар екенін айтты.

- Соның ішінде елімізде 185 жалпыұлттық қасиетті нысан, 463 жергілікті нысан тіркелді. Яғни, елімізде 700-ге жуық сакральды нысан бар. Бүгінде біз Совет Одағы кезінен бері өзгермей келе жатқан тарихи ескерткіштер туралы Заңға өзгеріс енгізу үшін парламентке ұсындық. Ол бойынша «Қасиетті нысан» тізіміне енген киелі нысандар болашақта арнайы реестрге тіркеліп, мемлекеттің ерекше қорғауына алынады. Сол арқылы кейбір өрескел жағдайларға тиым салынады. Мысалы, Қостанай өңірінде ағартушы Ыбырай Алтынсариннің кесенесі бар. Сол кесенеге жаңадан үйленіп жатқан жастар тәу етіп келеді. Бірақ сол жерде тұрып аққайнар – шампан атады. Осындай сорақылық дәстүрге айналып кеткен. Болашақта мемлекет қорғауына алынатын мұндай орындарда жоғарыдағыдай орынсыз нәрселер болмайды, оны әр өңірдегі ескерткіштерді қорғау инспекциясы бақылайды. Бұл заңнама 2020 жылы күшіне енеді деп ойлаймын, - дейді Батырхан Жұмабаев.

Осы жиында батырдың ұрпағы, Жолбарыс батырдың сауытын бүгінге сақтап жеткізген Жолдығали ақсақал Батырханов Бөрлі өңірінде батырдың есімімен, өмір жолымен байланысты жер-су атаулары көп екенін айтып берді. Бір қызығы, бүгінде Ақсай қаласында Ұлттық ат спорты мен басқа да ұлттық ойындар өтетін алаң Жолбарыс батырдың есімімен аталады. Бұл шынымен де батырдың тұлпарының тұяғы тиген жер екен. Одан бөлек, Қарғалы, Шиелісай, Үшағаш, Жолбарыс сайы, Бақтыарал мен Түйеші сынды орындар Жолбарыс Торыұлының қонысы болған, түрлі тарихи оқиғалар өткен киелі топырақ екен.

Конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманәлин «Отаршылдық дәуірдегі қазақ ұлт-азаттық қозғалыстарының сабақтастығы мәселелері» тақырыбында баяндама жасаса, Қостанай облысындағы Жангелдин мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей 1868-1870 жылдардағы Орал, Торғай және Маңғыстау қазақтарының отаршылдыққа қарсы күресі туралы сөз қозғады. Астраханнан келген ғалым Рахмет Башбаев Астрахань өңіріндегі қазақтардың жалпы қазақ даласындағы қандастарымен тарихи байланысы жайында сыр шетті. Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың магистранты, жас ғалым Уәлихан Сағидуллин Жолбарыс батыр Торыұлына қатысты Орынбор мұрағатынан табылған жаңа құжаттарды ортаға салды. Конференцияның секциялық отырысына жергілікті мектептердің тарих пәні мұғалімдері белсене қатысып, туған жер тарихына қатысты өлкетанушылық ізденістерін жария етті. Бұл жиынның ең пайдалы үрдісі де кәсіби ғалымдар мен жергілікті өлкетанушылардың осындай сабақтастығы болды дер едік.

Айболат Құрымбаевтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында киелі нысандар тізіміне енгізілген тарихи тұлғаларға қатысты мұндай ғылыми конференция тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылар Ақсай қаласының іргесінде жатқан Жолбарыс батыр Торыұлының зираты басына болашақта еңселі ескерткіш белгі тұрғызуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ конференцияның қарарына тарихи тұлғаның атына орта мектеп пен Ақсай қаласынан көше атауын беру туралы ұсыныс енгізіліп, жергілікті мәслихат пен әкімдікке жолданды.
Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше