Сырбаз сипат
Сенбі, 13 қазан 2012 7:11
Тәуелсіздікке дейін де, Азаттық алғаннан кейінгі кезеңдерде де қазақ өлеңі мен көркем сөзіне елеулі еңбек сіңіріп, әдебиетіміздің сыры мен сымбатына, ойы мен көркемдігіне қылау түсірмей келе жатқан бір талантты буын бар. Олар – өткен ғасырдың 80-жылдары әдебиетке келген тегеурінді топ. Олардың әрқайсысы туралы тереңнен талдап, кеңінен қозғап, пікір білдіруге болады. Осынау қуатты толқынның белортасында жүрген замандасымыз, өкшелес іні – Өтеген Оралбаевтың өлең өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасын, дауысын, ырғағын айқын сезінтіп келе жатқаны ақиқат. Өмір деген алып тайқазанда бірге қайнап, бірге пісіп жүрген замандасымыздың өлеңін оқығанымен, өзін, оның жан әлемін қалың жұртшылық біле бермейтіні белгілі. Оны білу үшін азаматтың ішкі дүниесін тану, жақын жүріп сырласу, өлеңін оқу – парыз.
Сенбі, 13 қазан 2012 7:11
Тәуелсіздікке дейін де, Азаттық алғаннан кейінгі кезеңдерде де қазақ өлеңі мен көркем сөзіне елеулі еңбек сіңіріп, әдебиетіміздің сыры мен сымбатына, ойы мен көркемдігіне қылау түсірмей келе жатқан бір талантты буын бар. Олар – өткен ғасырдың 80-жылдары әдебиетке келген тегеурінді топ. Олардың әрқайсысы туралы тереңнен талдап, кеңінен қозғап, пікір білдіруге болады. Осынау қуатты толқынның белортасында жүрген замандасымыз, өкшелес іні – Өтеген Оралбаевтың өлең өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасын, дауысын, ырғағын айқын сезінтіп келе жатқаны ақиқат. Өмір деген алып тайқазанда бірге қайнап, бірге пісіп жүрген замандасымыздың өлеңін оқығанымен, өзін, оның жан әлемін қалың жұртшылық біле бермейтіні белгілі. Оны білу үшін азаматтың ішкі дүниесін тану, жақын жүріп сырласу, өлеңін оқу – парыз.
Өтегеннің «Фолиант» баспасынан жарық көрген қос томдық «Өлеңбаянын» оқып отырып, кемеліне келіп, кеңістігі кеңейген, атандай атпал азаматымыздың қалыптасу кезеңіндегі тағдыр-талайын, қуаныш-мұңын, қиналыс-күйзелісін, үміт-күдігін, жұбанышын, аңсаған арманын таразылағандай күй кештім.
Азамат Өтеген ес біліп, етек жинап, ат жалын тартып мінгелі, дәлірек айтқанда, оқу-тоқуын ойдағыдай аяқтап, оң мен солын танысымен, өз кәсібі бойынша қызметті туған топырағында бастады. Облыстық газет пен теледидардағы қалыптасу жылдары Өтегеннің келешегіне кепілдік берген жолдама десе де болады. Ал Өтегеннің Алматыға келіп, ұлттың ұстынына айналған басылымдардағы қаламгерлік жолы қайраткерлікке қатар бастады. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғаны да ел есінде.
Мұнайлы, мұнаралы Маңғыстау өңірінде өмір жолын бастаған Өтеген Оралбайұлы май сапырып, маңдайын ырысқа тіреген алып өндіріс ошақтарының лаулаған отына жас кезінен жылынып өскенін білеміз. Жердің жеті қат қатпарына бойлаған құрыш білекті жұмысшылардың болат бұрғысының ұршықтай зырылдаған үніне елтіп есейгені және белгілі.
Сексенінші жылдары Өтеген ақынның мұнайлы өңірде жүріп, аспанмен, жермен ағынан жарылып тілдескен, көгін алашұбар бұлт сирек кезетін ақтаулардың қолтығын аралап жүріп, арманға – жол, үмітке қанат бітірген жырларын ара-тұра республикалық басылым беттерінде жариялап тұрғаны жадымызда. Жырларымен қоса сол өңірдің қатал мінезі шыңдаған аға-бауырлары, іні-қарындастары жайлы тұшымды мақалалар жазып тұрғаны да күні кеше еді…
Сол кездің өзінде-ақ студенттік албырт күндерді айдынды Атырауының ақ жал толқынды өңірінде өткен ой қорыту, адам тану, ғалам қызығын бағалау тәрізді кемелдену, толысу баспалдақтарын игеруге жалғаған жас ақынның өмірбаянынан ондаған өркешті өлең-жырлар жазылғанын байқаймыз.
Сол жырлардың бірі – «Жел» атты бес шумақ өлең.
«Соғады Батыс, Түстіктен,
Терістік, Шығыс – бәрінен.
Үндесіп өмір әнімен.
Сағым боп ескен самалды,
Сағынып жүрмін әлі мен.
Желпиді тау мен төбені,
Бұлт болып жерге төнеді.
Жаутаңдап тұрған жұлдыздар,
Демінен желдің сөнеді.
Мұнараларды ырғап бір
Маңғыстау әнін тыңдап қыр,
Түбектен соққан тентек жел
Тыныштық жайлы жырлап тұр…» –
деген жолдарды оқып отырып, толқымау, тебіренбеу мүмкін емес.
Өлеңнің өрті қалай қалың болса, оның дерті де солай. Өлең үшін қуану да, жұбану да – дерт. Дертсіз, өртсіз жазылған өлең оқырман жүрегіне жол таба алмайды.
Өтеген өлеңдерінде кез келген жүректің қыл пернесін басар шын өлеңнің шыңғырған дерті мен шуағы, жылуы мол өрті бар. Сондай жырдың өрті мен дертіне қамалған сәттердің бірінде болуы тиіс, ақын қаламынан төмендегі жолдар төгіліп түскен:
«Бір ұстатпай қойдың-ау сен, отты өлең,
Өзімді-өзім оңашада жеп келем.
Ормансың ғой, жүректерде көктеген,
Армансың ғой,
Жалғыз ғұмыр жетпеген.
Іздеп келем
Бір жаңалық өртеніп,
Ұстатпайды өлең деген
Ерке – елік.
Маған керек: Жұмекендік жұмыр ой,
Мұқағали мінезіндей еркелік…»
Байқайсыз ба, ақынның жыр жаратудағы кредосы мен концепциясы осы!..
Өтеген поэзиясынан үлкен әдебиетке тән айшықты нышанды танытар мәдениеттіліктің сырбаз үлгісі мен сипаттарын байқау қиын емес. Жалпы, ақын жаратылысы мен болмысын айғақтар басты ерекшелікті де осы өлшемдер айналасынан іздеуіміз керек. Ол қыр туралы жазса да, тау туралы толғанса да, осы биіктен көрінуді мақсат етеді. Өрнегі өркенді, өрісі кең қазақы қалып – Өтеген өлеңбаянының басты көркем құралы.
«Андыздап шығып үйірі,
Алдымды кесіп барады.
Даланың жүйрік киігі,
Дария болып ағады…», – деген сурет төркінінде қаншама дала мінезі, далалық жұрттың жанының көрінісі жатыр.
Осы бір жолдарды оқығанда менің жадымда өткен ғасыр қойнауынан Торғай даласы қол созғандай күй кештім… Әр жыраның қолтығынан жалт-жалт еткен қара сулар есіме түсті. Маңдайларын желге төсеп, ашық «ГАЗ-53»-тің үстінен мына жарық дүниеге айрықша тазалық пен адалдық нұрын шаша қараған студенттік кездегі құрбы-құрдастарымның риясыз күлкілері келді құлағыма… «Достар, достар, жүрсің қайда? Бірге еді ғой жанымыз…» деп қосыла ән шырқаған қыздар мен жігіттер мінген сол машина үстінде тұрып, темір тұлпармен қатарласа жүйткіген дала киіктерін көргенім еске түсті… Біз мінген машинамен жарыса жүгірген дала тағыларының қалың үйірі өршелене шауып, үстінен мәз-мәйрам қыздар мен жігіттер алақайласқан жүк машинасының алдын кес-кестеп, ызғып өткені көз алдымнан кетпейді. Кейін марқұм ақын досым Кеңшілікке осы жайды айтқанымда: «Нұрлан-ау! Нұрлан! Киік пен ақын туысқан ғой! Білмейсің бе, туысқан?!. Топырағымыз бір… Жарыссақ, озғанша, тоқтамаймыз!.. Мына мен – Торғайдың киігімін… Машина жолын кесіп өткен №1 киік мен едім ғой… Қалай танымағансың?» – дегені есімде.
«…Алдынан кесіп өттік те,
Сонан соң кеттік бұрылып.
Киіктер – қызыл көп нүкте,
Келеді қалмай жүгіріп.
Жанымды тербеп бір үміт,
Таңданып келем тағдырға.
Балалық шағым жүгіріп,
Шығарып салды сан қырға», –
деп аяқталатын «Киіктермен кездесу» атты жыр қиялыма қанат бітіріп, көз алдыма осындай бір жанды суреттер келді.
Өтегенге рахмет! Кеңшілігімді, Кеңшілігімнің Торғайын, Торғай даласының бүгінде қатары сиреп бара жатқан күміс тұяқ киіктерін есіме салды.
Қақаған аяз, қарлы боранда, аспан айналып жерге түсердей қапырық шіліңгір ыстықта, былайғы алыс-беріс, ұрыс-керісі көп, жұтаң, тым қарабайыр тіршілікке бой алдырмай, от пен судың бұрқ-сарқ қайнаған ортасында арпалысып күй кешкен жұмысшылардың қапысыз өміріне тәнті болған, ащы-тұщының дәмін қатар татқан ақынның «Өлеңбаян» атты қос томдығына енген өлең-жырларының ішінде көп қаламгерлер елей бермейтін шыңырауға бұрғы салып жүрген ғажайып еңбек адамдары тақырыбына саналы түрде дендеп бару үрдісі барын аңғарамыз.
Асылы, адам жүрегіне тез қонақтап, сезімінің әлдебір нәзік пернелерін дөп басатын өлеңнің өмірі ұзақ болады. Өтегеннің «Өлеңбаянында» өмір сүру құқысы берік, оқырманының жан-жүрегін жаулап алатын жырлар көп. Сондай жырдың бірі – «Орал мен Орда арасы». Өлең еркін оқылады.
«Жалтақтай беремін,
Нарынның ор құмдарында.
Жыр кешіп келемін,
Жайықтың толқындарында.
Айдау жол ағады алдымнан,
Танбайды арғымақ шабыстан.
Төбелер төбесі жаңғырған
Тартады алыстан.
Бағандар шабады бұлдырап,
Сымдары ән салып.
Бұрымдай бұрылған мың бұлақ,
Барады Жайыққа қарсы ағып.
Қалқиды төбелер көнерген –
бір кезгі жаушы дерегі.
Жеті қат тереңнен
Мұхиттың дауысы келеді…» –
дейтін көркемдік кескіні ғана емес, жалпы жырдың ой өру үлгісі де өзгеше осынау жыр Өтеген ақынның қолтаңбасын бедерлеп тұрғаны шүбәсіз.
«Биіктік деген сонда не?
Бақытты күндер,
Думанды ел,
Кір жуып, кіндік буған жер.
Жатқанмен табан астында
Бәрінен биік туған жер…» –
деген шабытты жолдар ақынның ысылған шеберлігінің белгісі. Жалпы, Өтегеннің отты жырларының көбі тамырын туған жер, атамекен, атажұрт секілді киелі де қасиетті ұғымдардан тартады.
Бұл – ақындық қуат пен азаматтық ойдың үйлесімі. Өтеген жырларының алтын арқауы осы.
Мына сағымдай құбылып, сабындай бұзылып тұрған замана желі адамзат атаулының байырғы болмыс-тіршілігіне бұрын-соңды болмаған бейтаныс құбыжық құбылыстарды сәт сайын тықпалап, мазасын кетіріп тұрғаны ешкімге құпия емес. Әлемдегі алды-алдына ғұмыр кешіп жатқан алыс-жақын мемлекеттер бұл күндері ауыл үйдей араласып, мидай тұтасып барады. Жаһандану деген жымысқы құбылыс ұлттар мен ұлыстарды, әcipece, аз санды халықтарды ділінен, тілінен, салт-дәстүрінен, мейірім-шапағатынан, жанашырлық, бауырмалдық, кісілік сынды абзал қасиеттерінен айырып, айныту үшін жеті басты айдаһардай ысқырып айбат шегіп, рухани күйзеліске итермелеп тұрғаны мынау. Не істемек керек?
Осындай уыты адамзаттың бойын алып бара жатқан алмағайып уақыттың сұрапыл сауалына ақын өлеңінен артық жауап болмас, сірә…
«Teмip-қайрақ заманым-ай, заманым,
Баспай қойды-ау болашаққа қадамым.
Ұрпағымның болашағы үшін деп,
От пен суға кезек түсті-ау таланым.
Бірде суық, бірде жалын мына күн,
Амал жоқтан күліп тұрып, жыладым.
Сенің ертең күнің үшін, ұланым,
Бас имейтін пенделерге құладым.
Құладым кеп, құлдық ұрдым, дерттендім,
Күйін кештім шатырдағы кептердің.
Жалғыз,
Жамау жүрегімді ап қолыма,
Қансыратып, қақыратып төрт бөлдім.
Ай, заман-ай
Беу, заман-ай,
Заман-ай,
Болғаным ба борбастардың мазағы-ай.
Жұта-жұта көкірегімнің көз жасын,
Бip жарқ етер болар ма екем нажағай.
Қорқауларға құлдық ұрған жоқ едім,
Қолын жайып торықпап ед өлеңім.
Үш балапан үмітімді шынжырлап,
Аяқ-қолым кісендеулі келемін.
Қайран заман,
Қол кесермін тегінде,
Шыда, төзім,
Шарасыз боп шегінбе!
Барар жерің белгілі ғой сенің де,
Мансабыңды шын мәңгілік дедің бе?
Жата алмассың дөңбекшімей көріңде…»
Заман, Ұрпақ, Уақыт туралы бұл толғаныс білікті, білімді, ойы терең, қиялы ұшқыр кез-келген азаматтың жүрегін шымырлатып, санасын сарапқа салары айдан анық. Бүгінгі Тәуелсіз еркіндігімізден, елдігімізден айырылып қалмау үшін, әрине, намысымызды жібермей, қайратымызды жанып, белді бекем буып күресуіміз керек. Сонда ғана жаһандық рухани апаттан өзімізді сақтап қала аламыз. Ақадал ақын осыны меңзейді.
Азаматтық-қайраткерлік келбеті мен ақындық болмысы қатар өрілген Өтеген ақынның «Өлеңбаян» атты қос кітабында көркемдігі бір қаралық жолдар жетіп артылады. Мәселен, «Жас келіндей ұялады қыз-көктем, ақсақалды Атыраудың алдында» немесе «Тырналарым, ұя салшы ұятқа» деген жолдар адамдарды алабөтен құбылыстардан арылуға шақырған ақынның жанайқайы десек те болғандай. Ақын жырларының айтары мол, ауқымы кең, тақырыбы алуан-алуан. Көркемдігі қаламгердің өз деңгейін паш ететін дүниелер. Автор заманның кейіп-кеспірін ашып беру үшін ұрымтал жайттарға да жиі барады. Мысалы, «Ғабең, Тахаң және партия жиналысы», «Боран», «Ата, бұл менмін ғой», «Күз. Көне домбыра», «Барсакелмес», «Аға шопан Кемелбек Текебаевтың партбилеті», «Алматы, ит базары, ауылдан келген шал», «Қалалар» қатарлы өлең-жырлары жоғарыдағы ойымыздың айқын дәлелі.
Өтеген сезім қылын шертер сюжетті өлең – «Барсакелместі» де сәтті бастап, сәтті аяқтаған. Жайлауы мен қыстауы төрт түлік малға толған шіріген бай өзінің ержеткен сұлу қызын, «кім үйірлі жылқы, қоралы қой берсе, соған ұзатамын» деп жар салады. Малға сатылуды намыс көрген ару түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, құтылудың амал-айласын ойлайды. Ақыры адам таңқаларлық тапқырлықпен құтылудың жолын табады.
«Әке, «Барсакелмес» деген жер бар екен, сол жердің алтын-күмісі жер бетіне сыймай шашылып жатқан көрінеді. Менің жаныма бір жігіт серік болсын, иесіз жатқан қазынаны алып келейін», – дейді. Дүниеге құныққан әкесі қызын «Барсакелмеске» аттандырады. Сол кеткеннен мол кеткен қыз бен жігіт елге қайтып оралмайды.
«Күн зымырап, ай зулап, жыл сырғанар,
Қайтты талай түстіктен топ тырналар.
Ақырында ажал жетіп өлді бай,
«Барсакелмес» жақтан болмай бір хабар.
Озған өмір осыны айтып жылайды,
Мұң шертеді, аруларға шырайлы.
Махаббатты байлық емес, мал емес,
Махаббатты «Барсакелмес» сынайды.
Махаббат бар,
Мен білмеймін өңгесін,
Көңіл соқыр сенбейді ме,
Сенбесін.
Адалдығың, адалдығың өлмесін,
Айналайын менің «Барсакелмесім».
Тапқыр ой. Тосын түйін. Жүрек толқытар оқиға. Иә, махаббат мәңгілік.
Өтеген қаламдасымыздың қос томдық «Өлеңбаян» таңдамалы жыр жинағынан алған әсерімізді әрі қарай жалғастыра беруге де болар еді… Бірақ саналы түрде уақыт қабағына қарап, әріптес жайлы толғанысымызды осы арадан іріккенді жөн көрдік. Қос томдықтың беташары ретінде жазылған мына жыр жолдары еске оралады.
«Сүйеніп шуағы мол нұрлы өлеңге,
Шығамын бір белеңнен бір белеңге.
Жүректің сиясымен жыр жазамын,
Жанымның жазирасы гүлдегенде» –
дейді Өтеген ақын.
Ақынның бағындырған белдері қалай оқырман ойынан шықса, алдағы асар асуларына деген сенім де жырқұмар қауымның көңіліне солай қонақтары күмәнсіз.
Асықпай жүріп, өлең дейтін өнер әлемінде анық басқан, өз өрнегі мен сөз жүйелеу шеберлігі қалыптасқан Өтегенді өрісті күндер күтеріне өз басым сенемін.
Дүниеде сенгеннен үлкен, сенімнен қуатты күш жоқ екені рас.
Өтегеннің өлеңбаяны осындай ойлар өрісіне жетелейді…
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты.