16 Қазан, 2012

Аға-досқа арзу-хат

979 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Аға-досқа арзу-хат

Сейсенбі, 16 қазан 2012 7:37

Ардақты аға-дос Дулат көке!

Аппақ сәулелі, ақ­шаң­қан шұ­ғылалы Алатаудың ая­­сында, албырт шағымыздың армандары ақтарылған ару Алма­тының саясында аман-есен жүріп жатқан боларсыздар. Хабар-ошар алыс­пақ­тың, хал-ахуал сұрас­пақтың сирексіп-селдіреп кетке­ніне іні-досыңыздың ізет кем­шін­дігі кі­нәлі екенін мойындаймын.

 

Сейсенбі, 16 қазан 2012 7:37

Ардақты аға-дос Дулат көке!

Аппақ сәулелі, ақ­шаң­қан шұ­ғылалы Алатаудың ая­­сында, албырт шағымыздың армандары ақтарылған ару Алма­тының саясында аман-есен жүріп жатқан боларсыздар. Хабар-ошар алыс­пақ­тың, хал-ахуал сұрас­пақтың сирексіп-селдіреп кетке­ніне іні-досыңыздың ізет кем­шін­дігі кі­нәлі екенін мойындаймын.

Анда-санда теледидардан ди­дарыңызды көріп, сөзіңізді тың­дап, ойларыңыз бен пікірле­ріңіз­ге тәнтіленіп, өзіңізбен жүздесіп-кездескендей күй кешеміз. Оқта-текте Оңтүстікке келіп кеткені­ңізді естіп, кейбір керемет іні­леріңіз секілді күйлі-жайлы күте алмайтынымызға күрсініңкіреп, кіртиіңкіреп қалатынымыз да ып-рас. Жасырып қайтеміз.

Жақында бір жадыраңқы, жай­­дарман хабарды құлағымыз шалып, қатты қуанғанбыз. Көп кешікпей қос қанатты шақыру қағазы да қалықтай ұшып келіп, қолымызға қонған. Шат-шады­ман болдық. 2012 жылғы 10-16 қа­зан күндері Алматыдағы Мұх­тар Әуезов атындағы академия­лық драма театрында «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестивалі өтеді екен. Оған алыс-жақын шетелдерден аттай алты, Қазақстанның өзінен тағы да алты театр қатысатыны мағлұм­да­лыпты. Бір ғана автордың пьесалары бойынша өткізілетін мұн­дай бірегей фестиваль байтағы­мызда бұрын болмаған, өзгеше оқиға ғой. Құттықтаймыз, қым­батты дос-аға!

Осыдан жеті-сегіз жылдай уа­қыт бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бір мақа­лаңызда мына мені «іні-досым» деген едіңіз, Дулат көке. Көркем әдебиетіміздің кемеңгері, әле­миет­тік деңгейдегі дара дарын Мұхтар Әуезов осы іні-дос, аға-дос ұғымдары хақында терең тебірене пікір парасаттаған-­тұ­ғын. Іні-дос атағаныңызға, солай жаз­ғаныңызға жан-жүре­гімізбен тол­қыған ек. Еске түскен сайын жа­уап­кер­ші­лігімізді жа­нымаққа жа­ны­­ғаты­нымызды жасырмаймыз.

Міне, Алматыдағы академия­лық аймүйіз театрда болмақшы бірегей фестивальға шақыру қа­ғазын сол қолыма ұстап, оң қо­лыма қалам алдым. Бұрынырақта сіз бен біз хат жазысар едік. Хұснихат. Кейініректе мұқым-мүлде қойып кеттік. Ұмыттық. Жазысуды. Хұснихаттайын ғажа­йыпқа хошсыз қарайтынға ай­налдық. Баяғымызды еске түсі­ріп, жадымызды жаңғыртып, жет­піс жасқа толатын, фести­валіңіз болатын күніңізге орайлас­тыра хат жазып отырмын, көке.

Аға-дос! Бұл – «эсэмэс» емес. Емес-емес-емес. Сіздің Сүлей­ме­нов Асқардайын ағаңыз ше, «Қарғын» дейтұғын романыңыз­дағы Жасын ғой, сол кісі «емес-емес-емес» дегенді жиірек қол­данатын. Мына «эсэмэс» дегенді естігенде ше, шүршиіңкі ерін­дерін шүйіріп, «емес-емес-емес» дейтұғын Созақтан шыққан сұң­ғылаңыздың елестейтіні неліктен екен…

Айтпақшы, «Қарғын» рома­ны­­ның қайта басылып шыққаны құтты болсын. Көркем шығарма, көркем кітап, әсіресе, роман оқылмайды делінетін мынадай алмағайып заманыңыздың өзінде «мың оқырманға татитын бір оқырмандардың» талай-талайлары бізден қайта-қайта «Қар­ғынды» сұрайтын. Оның орталық кейіпкері Жасынның кім екенін білгісі келетіндер көптұғын. Келестің Бағила дейтұғын бір қызы қайбір жылы алапат тасқын боп жатқанның өзінде өтінішін білдірген. «Қарғын» романы жөнінде. Жасыныңыз жайында. Екі-үш жылдай бұрын «Көк­шетау – Қызылорда» пойызына Астанадан мінген Күләнда дей­тұғын келіншектің Таразға дейін «Қарғынды» әңгімелеп, ұмытып қалған тұстарымды тәптіштеп есіме оралтқанын өзіңізге «эсэмэспен» жазғанымды білесіз.

Мектептерде, институттар мен университеттеріңізде, колледждерде жергілікті ақын-жазушылармен жүздесулер сирек болса-дағы өтіп жатады. Сондай-сондай кездесулерде, кітап оқы­майды дегеннің өзінде, сіздің «Қарғыныңыз» хақында, Бағила­ңыз бен Мәликеңіз жөнінде ең кемі екі-үш мұғалім келіншек, жоқ дегенде бір оқушы қыз сұрақ қояды. Жасыныңыздың жөні бө­лек, жосығы ерек қой, әрине. Мәликеңіздегі мән-мәніс те Жа­сыныңыздан кем соқпас, сірә. Осы кейіпкеріңіздің күрделілігі, характер ретіндегі риясыз қа­сиеттері ой қозғайтын шығар, әйтеуір әйелдер жағы Мәли­ке­ңізді басымырақ төңіректейді. Мұны сіз білесіз бе, кездесулер мен талқылауларда байқайсыз ба, байқамайсыз ба, қайдам. Біз қат­ты бақылаймыз. Жиі-жиі сеземіз. Қайта-қайта көз жеткізе қуана­мыз, аға. Сіз «Қарғындайын» роман жазған қаламгер ретінде қандай бақыттысыз, көке. Осы дүр-дүниеңіздегі Бағилаңыздың жеңгесі Мәликеңіз Жасыныңызға жан-жүрегімен беріле тіл қатып: «Сізге ризамын» дейді емес пе? Әрине, «Сізге ризамын» деген сөз, бір қарағанда, айрықша айтылым емес. Ерекше естілетін лебіз емес. Емес-емес. Бірақ, бір ғажабы сол, сіздің «Қарғыны­ңыз­да» Мәликеңіздің діл-дірілі ар­қылы әлгі лебіз айрықшаның айрықшасына айналады. «Сізге ризамын» деген, бөлекше ықы­ласқа бөленген, ой-санадан оймышталып шығып, орасан зор түйсініс пен сүйсініске оранған осынау тіркесіңіз рух тазалы­ғының, текті рухтың туындай биіктеп кете барады. Жасынның жан туындай желбірейді. Мәли­кеңіз өзін де, Бағиланы да биік­тетеді. Сіздің дос-құрдасыңыз, қанаттас, қаламдас қатарласыңыз Бексұлтан Нұржекеұлының бір кейіпкері бүй дейді: «Адамның адамшылығын өсіретін – жақсы­ны сағыну. Бәріміздің, сірә, ба­қыт деп жүргеніміз – жақсыға жолығу. Жолығуын жолыққан болармыз-ау, қу тіршіліктің күй­беңімен жүріп, қаншасын жоғал­тып алғанымызды айтсаңызшы». «Жақсылықтың жаны – адамды жақсы көру», дейді дүние­жүзілік данышпан Люк де Вовенарг. Ал, сіздің Бағилаңыз бен Мәликеңіз Жасындайын жақсы­ны жоғалт­қан жоқ. Бағасын білді. Бағалай алды. Сол дос-құрда­сыңыз Бексұлтан және былай жазған: «Дулат «Қарғында» оқи­ға шытырманынан гөрі жан дү­ниенің шытырманын алға шығарады. Және адам жанының арпалысын әрбір нүкте, үтіріне дейін дәл басып жазады. Жеке сөз, жеке сөйлем кейіпкердің жан дүниесін қаншалық дәл көрсете алса, жазушының шеберлігін де сон­шалық айқын көрсетеді. Жа­сын­ның аузынан шыққан жалғыз сөз кейіпкерді де, кейіпкерді сомдап отырған Дулатты да танытады. Бұл әр сөзіне, әр сөйлеміне мән беріп, астарына үңіліп оқуды талап ететін интеллектуалды роман».

Жасынның аузынан шыққан сөздің жөні бөлек, әлбетте. Ол – өз алдына басқа әңгіме. Біз бұл жолы Мәлике мәнісімен-ақ шек­телейікші. Ол «Сізге ризамынды» неге, неліктен айтты? Мұны түсіну үшін, сезінбек мақсат көз­деген оқырман «Қарғынды» қай­талап оқысын. Қайта басылып шыққан романды. Жасынды жақ­сы көрген Бағила да басқаша. Жасын мен Бағилаға тілеуқор, Сәргел сергелдеңінен сансырап, сәуесіне Жасын сәулесін сіңірген Мәлике де өзгерген. Өскен. Өре­ленген. Оқырмандар да өсер. Өреленер.

Менің аға-досыма, Дулат кө­кеме Мәлике сынды мыңдаған келіншектер «Сізге ризамын» демегі ләзім-дүр. Деп те жүр. Қандай бақытты қаламгерсіз. Дейтініміз осындай-осындайдан, аға.

Оңтүстігіңіздегі әдебилеу орталарда әңгімелеріңіз жөніндегі әңгіме жүдә жиі, шыли көп, көке. «Исабековтің ирониясы мен сарказм-сатирасы сеспей қатырады», – дейді бірі. «Әңгімелерінің әр­бірі туралы таң атқанша тал­қылау өткізуге болады», – дейді әде­би кешке қатысушының екін­шісі. «Исабековтің ишарасын сезінбеген адам – бейшара», – дейді үшіншісі. «Дулаттың әңгі­ме­­леріндегі күлкі кісі өлтіреді», – дейді төртіншісі.

Есіңізде шығар, Әмірхан Мең­деке дейтұғын әдебиетші, сыншы ініңіз бүй деп жазып еді ғой: «Сыншыларымыз «Әдебие­тімізде ұқсас тақырып, ұқсас кейіпкер, ұқсас шешім көбейіп кетті» десіп жүр. Сайып келгенде, мұның жалғыз-ақ себебі бар. Бәленің бәрі – біркелкі ойлаудан. Еркін ойлай алмаудан. Еркін ойлауды игерген суреткерлер қазіргі қазақ әдебиетінде қадау-қадау, үркердей ғана топ. Соның бірі – Дулат Исабеков». Әмірхан ініңіз осылай түйеді-дағы, сіздің «Социализм зәулімі» атты әңгі­ме­ңізді талдайды. Жіліктеп тұ­рып жіктейді. Социализмнің «жеміс­тері», сіздің кейіпкерлеріңіз Сепентай мен Пашатты паршалайды. Ұлттың қасіретін, қарекет-әрекеттегі азып-тозушылықты, азаматтық сана сапасынан ажырап қалудың қаншалықты сор­маңдайлыққа соқтыратынын саралайды. «Социализм зәулімінің» – зау-заңғар үйдің қалайынша қи­сая бастағанына екпін түсіре отырып, сіздің суреттеуле­рі­ң­іздегі арлы, ақиқатшыл, кісі өл­тіретін күлкіні одан сайын тұздықтай түседі. Сыншы ініңіз. Сөйте-сөйте келе: «Дулат Иса­бековтің «Талахан – 186», «Ес­керткіш», «Бонапарттың үйле­нуі» атты әңгімелеріндегі күлкі де – дәл осындай арлы, ақи­қатшыл күлкі. Күлкі шақыратын әрбір емеуріннен, әрбір детальдан автордың уайымы мен күйзелісі менмұндалап тұрады. Бұл қасиетті тек жазушының шеберлігіне жатқыза салу аздық етеді, мұндай қасиет, яки арлы күлкіні ояту және оны оқыр­манның жүрегіне жеткізе білу – сирек дарынның қолынан ғана келетін сирек қасиет. Ілуде бір кездесетін таптырмас қасиет», – деп тәмәмдайды.

Айтпақшы, аға, «Социализм зәулімі» әңгімеңіздің негізінде жазылған «Енді қайттік?» атты комедияңыз да «Исабеков әлемі» фестивалінің тізімінде тұрыпты. Сол спектакльді көріп, «социа­лизміңізді» қайта сезінбекке жазғай.

Әңгімелеріңіз туралы әңгіме­легендердің небір-небір пікір­лерін әдіптеп келтіре берсек, ұзаңқырап кетерміз. Бір ғана «Бонапарттың үйленуі» қаншама оқырманды ойға салды. Десе­ң­ізші. Біздің жылы жақтағы айтулы, ақ халатты абзалдарымыздың бірегейі, Мәскеуде көп жыл оқы­ған медицина ғылымдарының докторы, профессор, мыңдаған адамның сүйікті дәрігері, Пар­ламентіңізге депутат болған Иман­әлі Оспанұлы Байдәулетов бірде былай деді: «Сенің аға-досың Дулат Исабековтей жазатындар аз. «Бонапарттың үйле­нуі» сияқты дүние жаратпаққа дайын нәрселер әр саладан да табылады. Тіпті медицинаның өзін­де толып жатыр. Қалай қи­сын­даған?! Қалай қиыстырған?! Бонапарттарды мына біз өз көзі­мізбен көрдік. Бонапартың не, оның отыз-қырықтағы аға­ларын білеміз. Отыздан, қырық жастан асып кеткендерді сүн­деттедік. Он­дай сормаңдайлар да, сүндет­теген біз де азаптандық… Жазған соң солай жазу керек қой…»

Дулат көке, сіз де пәлендей партияшыл емессіз. «Ауыл» партиясына қайран қазақтың ауылын қалтқысыз сүйіп, перзенттік пе­йілмен жүдә шыли жақсы кө­ретіндіктен ғана, аты мен затына иланып, имандай сеніп өттіңіз. Мына іні-досыңыз мені де тым партияшыл, тым саясатшыл дей алмассыз. Ешқандай партияға кірмей-ақ қояйын дейтіндердің бірі едік. Сіздің «Бонапарттың үйленуі» атты әңгімеңізді жатқа білетіндей, сонау Батыс Қазақ­станда әкім боп жүргенде өзіңізге арнайы айтып, сол әңгімеңізді пьеса ретінде қайта жаздыртып, Орал театрының сахнасына шы­ғартқан Нұрғали Әшімов Оң­түстікке әкім боп келе қалды. Қоярда-қоймай «Нұр Отанға» өтуімізді өтінді. Сіздің сол әң­гімеңізді алға тарта бергені үшін  де «Алға!» деп, өттік те кеттік. Солай, көке.

Қазақ көркемсөзіндегі әңгі­мелер сияқты повестер жөнінде де менің аға-досымның аты-жөні алдыңғылар қатарында аталатыны, бүгінгі проза шеберлерінің, заманауи заңғарлардың сапын­дағы саусақпен санарлық саң­лақтардың бірі екені марқайтады. Мерейлендіреді. «Бекет», «Мазасыз күндер», «Пері мен періште», «Гауһар тас», «Сүйекші», «Дермене», «Тіршілік». Мінекиіңіз, осы тізімнің өзі оқырман­да­рыңызды ойландырады. Толған­дырады. Таңғалдырады.

«Бе-еу, Сафуражан-ай, – дей­тінмін, – сен алақаныңды ойып аласың, маған бер, маған түк те етпейді. Сонан соң ол сыңғыр етіп бір күлетін де, ағашты ұстап тұрушы еді. Мен топырақ тастаймын. Жүрші, мен ерінбей-ақ сол ағашты көрсетейінші саған».

Құлахмет екеуміз әлгі ағаш­тың қасына барамыз. Ол алма ағашын алақанымен сипалап: «Са­фуражан да кексе тартты, ол да өзгерді», – дейтін.

Бұл – сіздің «Пері мен пе­ріште» атты атақты повесіңізден үзінді. Оқымағандарға обал-ақ. Ал, оқығандардың тамағына әл­дебір аянышты мұң тығылып, жанарлары жасаурайтыны, кеу­делерін күрсін кернейтіні анық. Сафураңыздың күйзелістері, кү­й­еуінен кетуі, Құлахметті қи­мастан қайта оралуы. Осылар жайындағы қызғылықты пікірта­ластар. Бәрі есімізде ғой. Ай, аға-досым-ай, әңгімелеріңіздегі күлкі кісі өлтірердей, ал повес­тері­ң­іздегі қалың қасіреттер қайта-қайта жылатып қинайды-ау, қай­ран-ай. Қай-қандай хикаяты­ңыз­да да солай. Стиліңіз сондай. Әй­дік әдебиетші, әлемдік деңгейде дәйектейтін сыншы Әлия Бөпе­жанова тың да тосын талдамаларында «адамдар тағдырындағы трагизмді арман-мұрат пен кешкен ғұмыр арасындағы, адамның өз еркінен тыс шығып жатар сәйкессіздік» деп түсіндіреді. Асқар Сүлейменовтің: адамның «жатыр түнек пен көр түнек» арасында шырқырап жүріп бас­тан кешетін азабы – әдебиеттің ұлы сюжеті дегеніне ден қой­дырады. Бұл сюжетті шығарма­шылығының көкөзек идеясына айналдыру – жазушының жазу­шысының ғана қолынан келер шаруасы. Деген қорытындыны қағидалайды.

«Дерменеде», әсіресе «Сүйек­ші» мен «Тіршілікте» ой ағымы әдісі салтанат құрады. Шығар­маларында жақсылық, ізгілік атау­лы көбіне көркеуделік, зор­лық-зомбылықтан жеңіліс тауып жататын жазушы үшін қоян-қолтық арпалыс, жекпе-жектегі нәтиже, табан асты жеңістен гөрі адам баласының рухани жеңісі қымбат – ол рух мықтылығын дәріп­тейді», – дейді Әлияңыз.

Дүке! Осы Әлия сыншының ой-оймыштарын оқығанда ше, кешегі Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Сағат Әшім­баевтардың әдіп-әдептерінен су­сындағандай рахаттанып, сәуеңе сәуле дарып, жан дүниең ны­ғайып сала беретіні неліктен екен?!

Білімпаздың аты білімпаз екен дә, Дулат көке. Күні кеше ғана Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» теңдесі жоқ ойшылымыз, заңғарымыз Әбіш Кекілбайұлы «ешқандай әсіре драматизмсіз зұлымдық таби­ға­тын ашқан ізгілікті эпопея», деді. «Егемен Қазақстандағы» «Топ­жарған» аталған толғанысында. Сіздің іні-досыңыз осы «Ай мен Айша» туралы көп ойланатын. Айқын анықтамасын айта алмай әуреге түсетін. Әбіш ағамыздың айқындамасынан кейін санасы сайрап қоя берді. Шынында да Шерағаңның «Ай мен Айшасы» эпопея екен ғой! Қысқалықтың нұсқасы. Нұсқалықтың қысқасы. Мұндай миниатюралық мөлдір новеллалардан нақышталған, мұң-мұнарлы, шер-шеменді, қа­за­­қы қайнарлардан құралған, құ­нары қалың қазақы көркем­діктегі, ұлттық эпопеяны тек қазақ суреткері ғана жарата алмақшы. Дулат көке, сіздің де талай-талай туындыларыңыз – тек қазақ қаламгері ғана жазатын жауһарлар. Сондықтан да Абайдан бастап, Мағжан, Қасым, Жұ­мекен, Мұқағалилар да, Әбіш, Шерхан, сіздер де толыққанды тәржімалана алмайтын шығар­сыздар. Қайран қазақ сөзінің, қазақ қиялының, қазақ ойының, ұлт мұңының ешбір ұлтқа ұқ­самас құнар-құпиясы, қайталан­бас, кілт таптырмас кілтипаны да осында шығар. Кім білсін-ай, кім білсін.

Қай-қандай хикаятыңызды да оқырмандарыңыз, сыншылар, әде­­­биет зерттеушілері жоғары ба­ғалайды. Маған, сіздің іні-до­сыңызға, неге екенін қайдам-ау, қайдам, «Дерменеңіз» ала­бө­тен ұнайды. «Дермене» дей­тұғын кі­табыңыз шыққанда шаттанға­ны­мыз әлі есімізде. Бір аптада бірнеше мәрте оқып, жаттап ала жаздағанымыз жадымызда. «Қа­ра қарғаның миы қайнай­тын шаң­­­қай түс» деп басталады-ай. Осы «қара қарғаның миы қай­найтын» деген тіркесіңіз тұ­рақты сөз тіркесіне айналып кете барған.

Бұрын да «Дермененің дәні» деп бір эссе жазғам. Оқыдыңыз ба, оқымадыңыз ба, білмеймін. «Дерменені» ойға алсам болды, сіздің: «Шұбар жыланның бауырын қарып, арқасын жидітетін осындай аптапты далаға да бір кезде қыс түседі дегенде иланғың келмейді», деген сөйлеміңіз тілге оралады, аға. Кәдімгіңізше, жұм­сақ қана жымиып, миығы­ңыздан мағыналы күлімсіреп қойып, сәл-пәл ойланыңқыраған кейпіңізде қара қарғаның миын сұқ сау­сағыңызбен түртіп көріп, арқасы аптап ыстықтан жидіген шұбар жыланның қаудыр қабы­ғын тірідей-ақ аршып алып отыр­ғандай елестейсіз.

Сіздің дерменеңіз – дәрілік жусанның дүр-дүриясы, жер жү­зіндегі жүздеген түрінің төресі. Дерменелі далаңызда Тоқсанбай қартыңыз бен немересі Ергешбай нәпақа-несібе термек еді. Теріп-ақ еді дерменені. Қартыңыз жал­ғыз ұлынан, немересі сүйікті әке­сінен қапияда айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалған. Олар­ға Омаш­­тайын оспадарсыз типті тап келтірдіңіз. Әдейі. Шал мен не­мересін аямайсыз-ау тіпті. Қан­шама қанқұйлы азап, зорлық пен зомбылық көрсеткенімен, айласын асырып, алаяқтық-аярлық жа­сағанымен, озбыр Омашыңыз ақырында, бәрібір, Тоқсанбай қар­­тыңыздың рух мықтылы­ғы­нан, табиғи тазалығынан жеңіліс табады. Дерменеңіз тек түсті­гі­ңіздің белгілі бір атыраптары мен ал­қаптарында ғана өседі. «Дер­ме­недейін» дүниеңізді Дула­ты­ңыз­дайын, менің аға-досым­да­йын қазақ суреткері, қазақ қалам­гері ғана жаза алады. Деп қайта­лай­тынымыз бекер емес. Емес-емес.

Мейлі «жыланыңыздың арқа­сын жидітер» жазыңыз болсын, мейлі дермене жусаныңыз қо­ңырқайлана, мұнарта мұңданып, желге тербелер күз болсын, мейлі дәнді басын қылтитып, қардан қарауыта қарайтын қыс болсын, мейлі бар-барша өсімдіктеріңіз әлемінен әдемілене әрленер (дерменеңіз) көктем болсын, сол сіздің далаңызбен кетіп бара жатып, «Дермене» деген ғажайып хикаятыңыздың кейіпкерлерін көз алдымызға келтіреміз, Дулат көке. Мойнымызды әлсін-әлсін созып, «беті омырылып ішке түсердей иегі кемсеңдеген» Тоқ­санбай қартты, есек арбаны кө­пірден ентіге өткізіп жатқан Ергешбайды, оман арықта осқы­рынған ожар Омашты көріп қа­латындай қайта-қайта қара­ғыш­таймыз.

Жеті жылдай Жазушылар ода­ғының Шымкент облысаралық бөлімшесінде шығармашылық шырақшысы болдық қой, көке. Талай да талай ақын-жазу­шы­лардың жанына еріп, Оңтүс­тігіңізді аралаттық. Өзіңізбен де бірге сапарлас болдық. Әлденеше мәрте. Сіз шығармашылық жа­ғынан ғана емес, ағайындық айналаңыз, туыстық төңірегіңіз, қаламгерліктен тыс дос-жаран, жора-жолдастарыңыз жағынан да бақыттысыз ғой, Дулат аға.

Аңқылдап келіп, Арысқа баратынсыз. Сайрамыңызға соға­тынсыз. Монтайтаста қона жататын ек. Келесіңіздің белестерінде жүретінбіз. Жер жәннаты Же­ті­сайдың каналдарына шомылатынбыз. Тү-у Түлкібастың Ақсу-Жабағылысы мен Таупістелі ауылына дейін жеткенбіз. Әсіресе, Монтайтас маңайындағы ақпейіл ағаларыңыз қандай-ды?! Мон­тайдың қиясындағы қара ша­ңырақтарда тұратын туған ағаңыз Нәбиәлінің нысай-ниеті, мейір­бандығы қандай-ды?! Басқа да бауырларыңыздың, мейірбан әпкелеріңіз бен қарындаста­ры­ң­ыздың, ізетті інілеріңіздің, жандары жылы, ықыластары ыстық жеңгелеріңіздің жүздері аптапқа қақталғаны, бейнет шеккені біліне тұра таңғажайып табиғи түр-тұрпаттары таңғалдыратын. Қайырымдылықтары, қалбалақ­тай қарсы алып, сағыныса қа­у­ышатындарына қайран қалатын­быз. Қандай бақыттысыз, көке. Дейтінбіз. Бір ғажабы, сондай мейірімділіктеріне, қайырым­ды­лықтарына, түсінік-түйсіктерінің таза-табиғилығына қоса, бәрі де оқитындар ғой! Кітап оқит­ын­дары, оқығандарын тоқитын­дары, «төбелерінің тесіктері», саналарының сәуе-сәулелері се­зіліп тұратын. Қазірге дейін, бүгінге дейін солай сияқты, аға. Біразырақ бұрын Шымкент ша­һарындағы бір тойда бірталай бауырларыңызды жолықтырдық. Арқа-жарқа амандасып, екі бірдей көкеңіз бен жеңгелеріңіз бірқанша жыл өткеніне қара­мас­тан, құшақтап, бетімізден сүйіп жатыр. Мына заманда, шынайы ықыласқа шөлдеп жүргенде, бір жасап қалады екенсіз. Көзіңізге жас келеді екен, көке…

Жақында Жүсіпбек Қорғас­бек­­тейін дарынды қаламгер ба­уырыңыз бас редакторлық жасайтын журналдан сіздің «Ақ желкен» мен «Ұланның» жас тіл­шілерімен сырласқан сұхбаты­ң­ыз­­ды оқып, қатты қуандық, Дүке. Өзіңіз білесіз, қай өңірдің қа­ламгерлерінде де уайым аз емес. Сол көп уайымдардың бел ортасында болашақтың, оның ішінде, әрине, әдебиеттің келе­шегі, ке­неркөгі көлкіп тұрады. Осы тұр­ғыдан қарағанда, өзі­ңіздің өскін-өндір жауқазын­дар­мен жүздесіп, жүрекжарды жан сөзіңізді айтып, балғын құрақ­тарға сабақ болар­лықтай дәріс бергеніңіз кім-кімге де өнеге, аға.

«Мына бастамаларың бұлақ­тың көзін ашқандай екен. «Ақ желкен» мен «Ұланның» жас тілшілері талапты, талантты балалар деп ұғамын. Мысалы, «Ақ желкендік» Мейіржан Жылқыбай – өзім тап­қан талант. Тоғызыншы сыныпта «Ақ желкенге» өзім алғаш хикаятын ұсынғам. Қазір туған баламдай болып кетті. Өнер академиясында сабақ бере­мін. Бірде Ме­йіржанның жазға­нын студент­те­ріме: «Міне, осылай жазу керек» деп, жартысына дейін оқып бердім де, «қалғанын көбейтіп, өздерің оқып алың­дар» дедім. Студенттер соңына дейін сол сәтте оқып беруімді өтінді. Мейіржан балам­ның жаз­ғандары мультфильмге сұранып тұрған дүние», – депсіз.

Тағы бір тұста: «Жақында Төлен Әбдіктің «Парасат майданын», «Ғұмыр мен тұғырын» қай­талап оқып риза болдым. Кейіпкерлері биік. Міне, қазіргі жазушылар осылай жазса деймін. Балалар, сендерге Төленнің осы аталған шығармаларын оқып шығуға кеңес берер едім. Барлық нәрсені Еуропамен салыстырамыз ғой, еуропалық деңгейдегі поэзия, проза, театр деп. Төленнің жазғандары еуропалық деңгейден асып түспесе, кем емес екен. Мен мұны Еуропа әдебиетімен жете таныс болған соң, осылай деп кесіп айтып отырмын», – депсіз. Жас өскінге, жас тілшілерге сабақ деуіміздегі гәп те осындай-осындай ордалы ойларыңыздан. Біз де облыс орталығындағы «Оқырмандар отауы» клубында сіз атағандайын айшықты шығармаларды алға тартып, талқылап жүрміз, аға.

Перельман деген атақты математикті мысалға келтіріпсіз. Жер-Анаға төніп тұрған қауіпті қаузапсыз. «Жазушының лексиконында «білмеймін» деген сөз болмайды» депсіз. «Қазір не көп, кітап көп. ХХІ ғасырдың 12-ші жылындамыз. Бірақ жазуымыз әлі Спандияр Көбеев пен Сәбит Мұқановтың аралығында. Баяғы ауыл, баяғы өсіп-жетілмеген орта деңгейдегі адамдар, үлкен поэзия­дан гөрі айтысты жақсы көретін халық… Міне, кейіпкерлердің сиқы осы, өспеген», – дейсіз жә­не бір жерде. Ай, айналайын ағатайым-ай, тым ащы айтасыз-ау кей­де. Әрине, сіз осылай ойтол­ғақ оятпасаңыз, кім оятар…

Ал, енді мына «Исабеков әле­мі» театр фестивалі алаш сана­сының сапасына дүр сәуле дарытары сөзсіз. Драмадағы дара да­рыныңыздың дүниежүзілік дең­гейіне дәлел. Сонау Санкт-Пе­тербургте пьесаңыз қойылса, Болгария мен Кореяда көрсетіліп жатса, тіпті түстіктегі Түркия мен ирек өрнекті Израиль ишаралы-ирониялы иірімдеріңізге та­ң­ырқап, трагизмге толы туын­дыларыңызды сұрап, тезірек тап­сыруыңызды өтініп отырса, одан артық нендей мойындау керек?! Трагизм дегеннен шығады-ау, осыдан жүз жылдай уақыт бұрын американдық білімпаз қаламгер, драматург әрі театр сыншысы Юджин О, Нил деген кісі былай депті: «Для меня только трагичес­кое обладает той значимой красотой, которая и есть правда. Трагическое составляет смысл жизни и надежды. Самое благородное всегда было самым трагичным. В настоящей трагедии – я убежден – больше счастья, чем во всех пьесах со счастливой развязкой, вместе взятых…»

Көрдіңіз бе, Юджин О, Ни­ліңіздің ойтолғағы біздің Әлия­дайын жауһарымыздың жазған­дарымен үйлеседі емес пе?! Әлия Бөпежанованың әлемдік дең­гейіне тәнтілігіміз осындай-осын­­дайларынан ғой, аға.

«Исабеков әлемі» театр фес­тивалі әдемі өтсін, көке. Жетпіске де жетіп қалдыңыз. Алайда, ай­ма­ғыңыздағы айналайын қыз-келін­шектер аң-таң. Қалың оқыр­ман­дарыңыз қайран. Сенбейді. «Сү­йікті жазушымыз, дара драма­тургіміз әлі жап-жас сияқ­ты ғой, туу туралы куәлігінің түпнұс­қасын көру керек», – десе­ді. Ләйім, жас жігіттейін жіптік боп, тіп-тік боп жүре беріңізші, Дүке.

Осымен «эсэмэс» емес хатымды аяқтайын. Есіңізде ме, 1995 жылы Таупістелі ауылында Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл, Қалдарбек, Мекемтас, Ахат аға­ларымыз, өзіңіз, Сауытбек ініңіз, тағы басқа талай кісілер Көк­бұлақтың бойындағы тепсең текшеде болашақ баудың негізін қалап, көшет отырғызып едіңіз­дер ғой. Әкімқаралар үйдің орнын белгілеп, күрек бойы қазып, тас тізген. Мына бауырыңызға бір-екі жылда үй салып береміз деп уағдаласқан. Орындалмады. Уәделері. Насыр-ака Фазыл аға­мыз: «Әкімдеріңіз үй салып берсе, бітірген күні бір өзбектің қы­зын ініме ұзатамын», – дегенін де естіген едіңіздер. Тәшкенге бар­ған сайын сұрайды. Үй-жайды. Сол кісіден ұят болды. Биыл сіздің атыңызды арнап қойған ұлымыз Дулат бастап, қалған­дары қостап, тырбануға кірісті. Күзгі жауынға ұрын­дырмай, шатырын жауып үлгер­ді-ау, әйтеуір. Хатымның басында кейбір керемет інілеріңіз секілді күйлі-жай­лы күте алмайты­нымызға күрсі­нің­кіреп, кіртиіңкі­реп қалатыны­мызды жасырмай-ақ жайып салдым ғой. Алла жазса, бірер жазда Таупістелідегі шағын ғана шаңы­рақтың құры­лысы да аяқталар. Сол шаңы­рақта емін-еркін, емен-жарқын күтерміз өздеріңізді, көке.

Аман болыңыз, ауырмаңыз, аға-досым менің!

Мархабат БАЙҒҰТ.