Абырой
Сәрсенбі, 17 қазан 2012 7:33
Жер-ананың бетін мекендеген қаншама ұлт болса да олардың мінез-құлық, дүниетаным, психологиялық ерекшеліктерін былай қойғанда, салт-дәстүр, таным-сенімдеріне дейін ерекше болып келеді. Туған халқымыздың да өзге жұрттарға ұқсамайтын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан түсінік-талғамы баршылық. Кейде осындай ерекшеліктері жайлы бөтен елдердің өкілдеріне түсіндіріп жеткізе алмайсың. Мысалы, біздің халқымызда «ат басын тірейтін» деген ұғым бар. Бұл тіркес: «Ауылыңда немесе еліңде жөн-жосық білетін, қарапайым жұртқа сөзін тыңдата алатын, жақсы мен жаманды бір көргеннен байқайтын адам бар ма?» деген мағынада айтылады.
Сәрсенбі, 17 қазан 2012 7:33
Жер-ананың бетін мекендеген қаншама ұлт болса да олардың мінез-құлық, дүниетаным, психологиялық ерекшеліктерін былай қойғанда, салт-дәстүр, таным-сенімдеріне дейін ерекше болып келеді. Туған халқымыздың да өзге жұрттарға ұқсамайтын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан түсінік-талғамы баршылық. Кейде осындай ерекшеліктері жайлы бөтен елдердің өкілдеріне түсіндіріп жеткізе алмайсың. Мысалы, біздің халқымызда «ат басын тірейтін» деген ұғым бар. Бұл тіркес: «Ауылыңда немесе еліңде жөн-жосық білетін, қарапайым жұртқа сөзін тыңдата алатын, жақсы мен жаманды бір көргеннен байқайтын адам бар ма?» деген мағынада айтылады.
Қазақы тәрбиеде қалың ел түйінді мәселелерге келгенде осындай данагөй азаматтардың, ақылгөй аналардың пікіріне құлақ салып: «Ол не дер екен?» деп елеңдескен. Тіпті ат үстінде жүрген есті әкім-қаралар да елдегі осындай бірен-саран ақыл иесінің пікірімен есептесіп отырған.
Ана бір жылы Иманғали інімнің ұшақ ішінде айтқан сөзі ылғи ойымнан кетпейді…
– Апа, сіз бен біз өскен өлкеде жеке басы мен бала-шағасының, немере-шөбересінің жай-күйін күйттеуден аспайтын адамдар көбейіп, елге барғанда ағыңнан жарылып ақтарыла әңгімелесетін ағалар сиреді-ау… – деп мұңая сөйлескендегі келбеті әлі күнге көз алдымда.
Ол Иманғалидың еліміздің Бас министрі болған жылы еді. Нұртай, Иманғали екеуі Атыраудан Астанаға ұшып, сонда олар арнайы ұшақпен Атырауда жүрген мені де ала кеткен болатын.
Ұлтының қамын есінен шығармайтын перзенттердің әрқайсысы Қазақ елінің әрбір аймағы туралы осылай ойлайтын болса керек.
Ұрпаққа ұлағатты ұстаз, кейінгіге аға болу – тек қазақ деген халыққа ата-бабаларымыз қалдырған теңдесі жоқ мұрадай дәстүр.
Иманғалидың сөзі есіме түскен кезде өзім туған өлкеде: «Елге аға болар кімдер бар еді?» деп ойға батамын.
Біз елден кеткелі де жылдар легі талай ұрпақты ауыстырып, ересектерді өмір сахнасынан тайдырды. Жалаңтөс батырдай жас буын жетіліп, ат жалын тартып мінді.
Ұрпақтар арасындағы байланыс та жіңішкеріп, күні кеше мекеме, аудан, тіпті облыс басқарған аға-апайларға бүгінгі кейбір жастар: «Мынау кім?» дегендей шікірейе қарап, алдарынан көлденең өтетін болды. Алайда елдігіміздің алтын қазығындай бірлі-жарым азаматтар республикамыздың әрбір аймағында бар екенін көргенде құдайға шүкіршілік дейміз.
Осындай таутұлға азаматтардың бірі – Амангелді Селбаев. Ол он алты жасында қазақ жеріндегі темір жол жүйесінде ұлттық мамандар арпа ішіндегі бір бидай секілді кезінде Ескене мұнай кәсіпшілігінің шойын жол саласына орналасты. Орта мектепті жаңа бітірген жасөспірім жол бұрушы жұмысына ілескенде өзін бүкіл елдегі жол жүйесінің басшысындай сезінетін. Жіңішке жол үстімен Ембі мұнайын таситын тепловоздар ерсілі-қарсылы өтіп жатқанда орта бойлы, бидай өңді жұқалтаң келген сүйкімді жас өрен шілдедегі шақырайған күн аптабының, күз бен қыстағы жаңбырлы жел, төпелеген қардың астында тұрса да, өзін аса жауапты постының қызметкері сезінетін. Оның да өзіндік себебі бар болатын. Осы он алты жасқа дейін ол талай қиындықты басынан кешіріп еді. Жан-жағына, алды-артына оймен қарауға үйреткен де сол соғыстан кейінгі жоқшылықтың құрсауында өткен балалық шақ.
Атасы Селбай 1916 жылы ағасының он үш жасар қызын ер-азаматтар ауылда жоқ кезде тартып алып кеткен қара шекпенділердің соңынан қуып, оққа ұшқан. Орыс патшасының саясаты қазақтарды Еділ мен Жайықтан ығыстыру еді, ал сол мақсатты іске асырушы солдаттарды ел ішінде «қара шекпенділер» деп атап кеткен.
Амангелдінің әкесі Сисенғали көп сөзге жоқ, айтқанынан қайтпайтын, жек көрген адамының сәлемін алмайтын, жақсы көрген адамына жаны қалмайтын, осы мінезін қарапайым жұрт қадірлейтін, ал әкім-қаралар оның алдында ығысып жүретін кісі болған. Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақатпен елге оралған. Анасы Шолпан – Тәжен ақсақалдың алты ұлының арасында өскен жалғыз қызы, ақыл иесі, ұл-қыздарын мейіріміне бөлеп өсірген абзал жан. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі өзін де, үй ішін де таза ұстайтын өте талғампаз адам еді. Қандай жоқшылықта жүріп, жер үйде тұрса да, жаулығына қылау түспейтін. Балалы-шағалы үйдің шағын екі бөлмесін ғана емес, сыртқы есіктің алдын, үй айналасын шыбын тайып жығылатындай айнадай жарқыратып ұстайтын және балаларынан да алақ-жұлақ болмай таза жүруді талап ететін.
Тәжен – өз заманында аса беделді, Орынборда тұрған, орыс-қазақпен тіл табыса білетін, сол кездің өзінде сауда-саттықпен айналысқан кісі. «Түбінде ақыл сұрайтын адамдарың осы Амангелді болады, бұның бетінен қақпаңдар», – деп отырады екен нағашы атасы.
Амангелді Ескенеде төртінші сыныпты бітіріп, Гурьев қаласының Жамбыл атындағы №4 қазақ орта мектеп-интернатының бесінші сыныбына түсу үшін қаршадай болып жалғыз өзі жүк пойызына ілесіп жолға шығыпты. Мектеп-интернат директоры Атырау облысының білім саласының тарихында есімі алтын әріппен жазылған ардақты ұстаз Қатира Дүтбаева түу жер түбінен келіп тұрған кіп-кішкене баланы босағасында жаутаңдатпай бірден қабылдап, өтінішін тыңдады. Бірақ облыстағы ол кезде қазақ тіліндегі жалғыз мектеп-интернатқа отбасы жағдайы онша емес балалар қабылданатын. Үйдегі жеті баланың бірі Амангелді Ескенеге қайта жол тартып, әкесінің Ұлы Отан соғысының мүгедегі, отбасында жұмыс істейтін ешкім жоқ екені жайлы поселкелік әкімшіліктің қолхатын әкелу керек болды. Поселкелік әкімшілік Байшонаста еді. Ескенеге дейін тағы да жүк пойызына жармасып келгенде кеш түсіп, айналаны қараңғылық басты. Он жасар Амангелді түн жамылып он жеті шақырым жердегі Байшонасқа жаяу тартты. Ол кезде автобус, такси деген атымен жоқ. Ойы ертемен кеңсе ашылған бойда қолхатты алып, қайтадан Гурьевке тарту. Кешігіп қалса, арман болған мектеп-интернатқа қабылданбайды. Бұл оқу орнына әр бала отыз сомнан ақы төлеуі керек екен. Бірақ Амангелдінің үй жағдайын естіген Қатира апай қабылдауға шешім шығарды.
Орта мектепті бітіре сала жоғары оқу орнына түсу үшін жүріп-тұруға қаражат жоқ. Арманы – теміржолшы болу. Ол оқу тек Ташкент қаласында. Бірер жыл Ескенеде жол бұрушы болып істегесін Амангелді Ташкент теміржол институтына түсіп, үздік бітіріп шықты.
Ол кезде темір жол мемлекет ішіндегі мемлекет секілді болатын. Бәрі Мәскеудің қолында. Батыс аймақтағы темір жол жүйесінде екі қазақ, өзгесі «ұлы халықтың» өкілдері. Қатардағы қарапайым инженерден бастаған жас маман өзінің тәртібі, білімі, қарапайым жұмысшылармен тіл табысуы секілді қабілет-қасиетімен өз ортасының сүйіспеншілігіне бөлене бастады.
Бірде Алматыдан Қазақ темір жолының бастығы Көпжасаров Құдайберген Дүйсенұлы Атырауға келіп, мұндағы темір жол бөлімінің ішкі-сыртқы алаңдары мен бөлмелерін аралап болып, Амангелді Селбаевты қабылдауына шақырды.
– Арақ ішесің бе? – деді салған жерден орысша сөйлеп. – Сені осындағы басшының орынбасары етіп тағайындаймын.
– Мен әзір емеспін, – деп жас жігіт өз пікірін жасқанбай айтып еді, бірақ мансабы министрмен бірдей басшы айтқанын орындамай қоя ма!
Амангелді өз өмірін темір жол жүйесін жақсартуға арнаған жылдардың бәрінде ұстазы Құдайберген Дүйсенұлының қатаң талабын, енді бірде жанашыр ағасындай мейіріммен айтқан өсиеттерін бір сәт те көңілінен шығарған емес. Құдайберген Дүйсенұлы оның есіне Тәжен атасын түсіреді. «Текті адамдар деп халық осындай кісілерді айтатын болар». Ол ылғи осылай ойлайды. Ойлайды да өмірдің үлкен жолында осындай ұстазға тап қылған Жаратушыға тәубе етеді.
Темір жол саласында істеген жарты ғасырға жуық уақыттың соңғы отыз жылы Атырау және Қазақстанның батысында темір жол басшысы болды. Сол кездегі Гурьевтің өзіндегі осы саланың елуге жуық мекемесінде бұрын бір ғана қазақ басшы болса, Амангелді басқарған алғашқы үш жылда бәрін жергілікті мамандар басқарды. Мұның да өзіндік себебі бар. Құдайберген Дүйсенұлы мұны Атырау темір жолының басшысы қызметіне ұсынғанда, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болған. Сонда ол кісінің: «Гурьевтегі жергілікті кадрларды өсіру керек. Себебі, онда саған дейін ылғи транзиттік басшылар болды. Осыған батыл көңіл бөл, қарағым», дегені бар. Сол кезде Амангелді бар болғаны отыз жаста болатын.
1989-1994 жылдарғы екі сайланымда республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ол кезде Кеңес Одағының темір жол жүйесі Мәскеудегі министрлікке қарайтын. «Халықтар достығы», «Құрмет», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін КСРО министрі И.Г.Павловтың өз қолынан алып, «Темір жолға еңбегі сіңген қайраткер» атағымен марапатталды.
Шынында бұл жылдары тындырылған шаруа да айтарлықтай еді. Астрахань – Бейнеу темір жолы, облыстағы локомотив, вагон деполары, теміржолшылар үшін Атыраудың өзіндегі үш шағын аудан, Маңғыстауда, Мақатта, Атырауда бой көтерген ауруханалар Амангелдінің артында қалған із. Сондай-ақ, Ганюшкин мен Мақат, Құлсары, Маңғыстауда үйлер тұрғызылып, жүздеген теміржолшылар баспаналы болды.
Асты мұнай мен газға толы Атырау мен Маңғыстау жері қашанда суға тапшы келеді. Аталмыш өңірдегі темір жол бекеттерінің бойындағы артезиан құдықтарын қазып іске қосуды да Амангелді Селбаев бастаған еді.
Қоғам өзгерді, еліміз тәуелсіздік туын көтеріп, Жер шарының бір нүктесінде Қазақстан деген жеке мемлекет пайда болды. Бұрын өз алдына монополия болып келген темір жол бөлімі деген жүйе жабылып, жаңа бағытта жұмыс істей бастады. Енді еліміздің батыс облыстарындағы бұл сала бөлімдері біріктіріліп, басқаруы Ақтөбеге қарады. Амангелді Селбаевтың іскер басшы екенін байқаған еліміздің Президенті оны Қазақстанның батыс аймағындағы өзінің өкілі етіп тағайындады. Бұл істі де ол абыроймен атқарды.
Талай жыл темір жолда аға инженер болып қызмет еткен Бақыт Мақашева кейіпкеріміз Амангелді Селбаев туралы: «Талапты қатты қоятын, өз ісін өте жақсы білетін, білімді басшы болды. Атыраудағы темір жол саласына көп еңбек сіңірген сол кісі», дейді. Ал, бүгінгі Қазақ темір жолындағы жолаушылар тасымалы акционерлік қоғамының президенті Ақболат Жағыпаров: «Біз секілді қазақ жастарына қамқор болған, білмейтінімізді жалықпай үйреткен, өмірдің ағымын алдын ала байқайтын көреген ұстаз болды. Біз ол кісіні әкеміздей көреміз», деп тебірене сөйлейді.
Елінің елеулісі, халқының қалаулысы, замандастарының қолдаушысы Амангелді Селбаев – бұл күнде абзал әке, сүйікті ата, үлкен отбасының қадірлі отағасы. Оның алтын босағасын ұстап отырған Сәния Сусақызы екеуі Анардай әдемі қыз, Исатайдай саналы ұл өсіріп, Аина, Димаш, Имаш, Диас атты сүйкімді немерелерін аялап тәрбиелеуде.
Амангелді Селбаевтың қарауында істегендер өздерінің ұлағатты ұстазы болған ағаларын ардақтап: «Біз Әбекеңнің қабағынан тәрбие, жанарынан жанымызға жылу алғандармыз», – деп мақтанышпен айтады.
Амангелдінің әулиедей көретін нағашы атасы Тәжен ақсақал:
«Балам, ақшаң болмаса да, абыройың болсын. Осыны есіңде сақта», дейді екен кішкентай жиеніне. Атасының осы қағидасы Амангелдіні қандай шырғалаң шақтарда да, кейде көңілі құлазып ойға батқанда да тапжылмайтын темірқазықтай өмір деген тылсымның бұралаң жолдарында адастырмай алға бастап келеді. Сөз соңында оған:
Тумысы бөлек жақсы адам,
ерекше келер басқадан:
қаншама биік болса да,
басына бақ-құс қонса да,
орынсыз асып-таспаған;
шаршы топтарда іркілмей
ағалық сөзін бастаған;
жарамсақ біткен жармасса,
қабағымен-ақ жасқаған;
қадірін білмей жақсының,
тасыраңдаған басшының
есігін мүлде ашпаған, –
деген өлең жолдарын арнағың келеді.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
________________________________
Мансабы үлкен қолдаушыдан өзіңнің биік абыройың әлдеқайда жоғары.
Түркімен мақалы
Ұстазың ұлы болса, өсиетімен ойыңды жемдейсің; сол ұстаздың нұрықонса, биікке өрлейсің,
Лао-цзы
Қандай терең сайда отырса да, таудай көрінетін тұлғалар болады.
Рабиндранат Тагор