Ардагерлер – алтын қазық
Бейсенбі, 18 қазан 2012 8:03
Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер… Ұлы Абайдың осынау ұлағатты сөздері жасымыз ұлғайған сайын ойға жиі оралатын болып жүр. Сондайда арқа тұтып жүрген алдымыздағы ағаларға қарап алаңдаймыз. Жылдар жылжып, уақыт ілгерілеген сайын олардың қатарының сиреп бара жатқаны жанға батады. Оның есесіне ізімізден еріп келе жатқан інілерді көріп, көңіліміз көншігендей болады. Не болғанда да алдыңда ағалардың ат оздырып жүргеніне не жетсін. Апыр-ай, алдарынан шығып, «ассалаумағалейкум» деп сәлем бергенде қолыңды қысып, қолтығыңнан демегенде, арқаңды тауға сүйегендей сезімде боламыз-ау, шіркін.
Бейсенбі, 18 қазан 2012 8:03
Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер… Ұлы Абайдың осынау ұлағатты сөздері жасымыз ұлғайған сайын ойға жиі оралатын болып жүр. Сондайда арқа тұтып жүрген алдымыздағы ағаларға қарап алаңдаймыз. Жылдар жылжып, уақыт ілгерілеген сайын олардың қатарының сиреп бара жатқаны жанға батады. Оның есесіне ізімізден еріп келе жатқан інілерді көріп, көңіліміз көншігендей болады. Не болғанда да алдыңда ағалардың ат оздырып жүргеніне не жетсін. Апыр-ай, алдарынан шығып, «ассалаумағалейкум» деп сәлем бергенде қолыңды қысып, қолтығыңнан демегенде, арқаңды тауға сүйегендей сезімде боламыз-ау, шіркін. Өкініштісі, абыройы, атағы атанға жүк боларлықтай ардақтыларымыз азайып қалды. Дегенде барға қанағат деп, көзі тірілерінің бейнесі көш жерден көрінгенде, өзіміз де биіктеп бара жатқандай боламыз. Сондай биіктеріміздің бірі де, бірегейі де Ернияз Омаров ағамыз.
– Мен кішкентайымнан отбасында жалғыз өстім, – деген ол бір кездескенде балалық шағын барлағандай болып. – Әкем Қожанияз бен анам Рәбиға менен кейін де бірнеше перзент көрді, алайда шетінен шетіней берді. 1939 жылы туған інім Қалиды мен ерекше жақсы көрдім, бесігін тербетемін, әлдилеймін, әйтеуір, қасынан шықпаймын. Өзі де аққұба өңді, екі көзі тостағандай әдемі бала болатын. Құданың құдіреті, сол сәбиге көз өтті ме, кім білсін, төтеннен бір дерт жабысты. Дәрігерлер де көрді, қазақы емшілер де ықылас білдірді, алайда дертке дауа болмады. Қос жанары жаутаңдап, көмек күткендей болғанда, сай-сүйегің сырқырайды. Кеудесіне құлағымды тосып, жүрек қағысын тыңдаймын, тамырын ұстап, ішін уқалаймын. Айықпас сырқат сүйікті інімді ақыры алып тынды. Сонда еңіреп отырып, дәрігер болуға ант еткен едім…
Ерекең бала кезінде берген сол антынан өмірбақи айныған емес. Алдымен ауылдағы жетіжылдық мектепті үздік бағамен бітіріп, 1947 жылы Қызылордадағы медицина училищесіне түсіп, оны 1950 жылы қызыл дипломмен тәмамдады. Содан екі жылдай Тереңөзек ауданында фельдшер болып жұмыс істеп, 1952 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсті.
Ол институтта да өте жақсы оқыды. Алайда, күнкөріс жағдайы қиын еді. Ауылдан келетін көмек жоқ, аз шәкіртақы жыртықты да жамауға жетпейді. Содан жігерлі студент алты жыл бойы Сызғанов атындағы хирургия институтында түнгі кезекте фельдшер болып жұмыс істеді. Ерекең институтты қызыл дипломмен аяқтады. Хирургия институтының сол тұстағы директоры Г.Ткаченко бұны өзіне шақырып алып, дипломына байғазыға 200 сом ақша беріп, құттықтап тұрып: – Біздің институтқа ғылыми қызметкер болып қал, әзірге жатақхана, кейін үй алып беремін, – деген еді. Алайда, олай болмады, ақылдасқанда әкесі: – Менің денсаулығым нашар, азды-көпті қызығыңды көрейін, елге кел, – дегенді айтты. Сөйтіп, жас дәрігер келіншегі Қадишаны қолтықтап, тұңғыш перзентін құшақтап елге оралды.
Бұл 1958 жыл болатын. Ол облыстық ауруханаға орналасты. Аурухананың бас дәрігері Шәдібай Абдуллаевтан басқасының бәрі дерлік өзге ұлттың өкілдері еді. Бас дәрігер бұған хирургия және жедел жәрдем бөлімшелерінде бірдей жұмыс істеуді тапсырды. Қысқасы, күн демей, түн демей, жата-жастана жүріп еңбек етуге тура келді.
Кешегі кеңестік дәуірде көзге түсіп, көпшіліктің құрметіне бөленген жақсы мамандарды партияға өткізіп алып, басшылық қызметке тартатын үрдіс болды. Бұдан жақсы хирург Ернияз Омаров та қағыс қалған жоқ. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының бас кезі болуы керек, жас коммунист-хирургті қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Тасболатовқа шақыртты. Мәселе төтесінен қойылды: “Сізді қалалық денсаулық сақтау бөліміне меңгеруші етіп қоймақпыз…” Бұл хирург мамандығы бойынша жұмысын жалғастырғысы келетінін айтты. Хатшы қайтар емес: “Сен партия қатарындасың, сондықтан партия қайда бар десе, сонда барасың. Ал айтқанды орындамайды екенсің, партбилетті тапсырасың”, – деді. Ол заманда партиядан шығу – бәрінен айырылу, амал жоқ, келісім берді.
Ұжымға басшы болу, оның жұмысын ұтымды ұйымдастыру, әрине, оп-оңай шаруа емес. Ерекеңе бұл орайда облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі София Мақашеваның облыстық аурухананың бас дәрігері Шәдібай Абдуллаевтың көмегі көп болды, солардың ақыл-кеңесін, тәжірибесін тәлім етті. Ол 1982 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып тағайындалып, осы қызметтен құрметті еңбек демалысына шықты. Ернияз Омаровтың медицина саласына сіңірген еңбегі еленіп “Халықтар достығы”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен марапатталғанын айтуға тиістіміз.
Ерекең құрметті зейнет демалысы жылдарында да қол қусырып қарап отырған жоқ. Оны облыс дәрігерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аймағымызда өтіп жатқан әр алуан шаралардың, сан түрлі қоғамдық істердің ең ортасынан көруге болады.
Ернияз Омаров бақытты да берекелі отбасының басшысы, үлкен әулеттің ұйытқысы. Құдай қосқан қосағы Қадиша екеуі 55 жыл бірге өмір сүріп, бес перзент тәрбиелеп, олардан он-он бес немере сүйіп отырған жайлары бар. Балаларының төртеуі әке жолын жалғастырған дәрігер, олардың екеуі ғылым кандидаты. Немерелерінің алды шетелдердің беделді оқу орындарын бітіріп, еңбек етіп жүрсе, кейінгілері мектеп оқушылары. Бұл реттегі ойға түйгендерімізді қысқаша қайырар болсақ, Ерекең өз отбасы мен бауырынан өрген ұрпақтарының алдындағы аталық борышын да абыроймен ақтаған адам. Ал өнеге деген, міне, осы.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ.
Қызылорда.