Ұстаз есімі ұмытылмайды
Жұма, 19 қазан 2012 8:01
Саналы ғұмырын заңгерліктің қыр-сырын терең зерттеуге арнап, құқық саласының, заң ғылымдарының дамуына орасан зор үлес қосқан ғалым, академик Салық Зимановтың пәниден бақиға озғандардың ұлы керуенімен өзге дүние есігін ашқанына да жыл толыпты. Салық ағасыз өткен бір жыл сынаптай сырғып өте шыққанымен, отандық заң ғылымының негізін қалаушы, тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұруына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздың орны ортайып-ақ тұр…
Жұма, 19 қазан 2012 8:01
Саналы ғұмырын заңгерліктің қыр-сырын терең зерттеуге арнап, құқық саласының, заң ғылымдарының дамуына орасан зор үлес қосқан ғалым, академик Салық Зимановтың пәниден бақиға озғандардың ұлы керуенімен өзге дүние есігін ашқанына да жыл толыпты. Салық ағасыз өткен бір жыл сынаптай сырғып өте шыққанымен, отандық заң ғылымының негізін қалаушы, тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұруына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздың орны ортайып-ақ тұр…
Салық Зиманұлы Ата Заңның әрбір бабын айқындау мақсатында өлшеусіз еңбек етіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің демократиялық жолды таңдауына зор ықпал етті. Құқықтық жүйенің теориясы мен тарихының, сондай-ақ конституциялық құқықтың білгір маманы ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға және отандық заңнаманы жетiлдiруге бағытталған реформалардың бастауында тұрды.
Отандық заң ғылымының атасы атанған мемлекет пен құқық зерттеушісі, қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, жоғары білім ісінің ұйымдастырушысы академик Салық Зиманұлына кезінде академик Қаныш Сәтбаевтың «Салық Зиманов – Қазақ-станда заң ғылымдарының негiзiн қалаушы», деген жоғары баға беруі қайталанбас тұлғаның қажырлы еңбегін шынайы бағалауы еді.
Дүние жалған туралы «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген философиялық толғамды айтқан ұлы Абайдың судья ретіндегі бейнесін ашқан да, өткен ғасырдың саяси ақтаңдақтардан арыла қоймаған 60-шы жылдары, жалпы ұлы даланың билер соты туралы алғаш ғылыми тұрғыдан дәлелдеген де Салық Зиманұлы болатын.
Осы тұста ұлы тұлғаның бүкіл өміріне өлшем болатын мына бір параллель оның бар болмысын аша түсетіндей.
…Әлемді соғыс өрті шарпыған отты жылдарда жас офицер Салық Зиманұлы Кавказды, Украина мен Беларусьті азат етуге қатысып, минометті полк командирінің орынбасары, механикаландырылған артиллериялық бригаданың командирі қызметтерін атқарып жүргенде жау қоршауында қалады. Жау құрсауға алып, өлім мен өмір айқасқа түскен сын сәтте ол жауынгерлерін жау қолына бермей, өз артиллериямызға өзіне қарай оқ жаудыруын сұрайды. Бұл туралы отандық басылымдар кейін «Он вызвал огонь на себя» деп жазды. Соғыс біткеннен кейінгі бейбіт өмірде өзге мүддені көздеген кейбір саясатшылар қазақтың жеке мемлекеттілігіне күмән келтіре бастайды. Бір ауыз сөз үшін иықтан бас кететін заманда Салық Зиманұлы қазақтың ежелгі мемлекеттігі туралы егжей-тегжейлі зерттеулерімен ғылыми түрде дәлелдеп шыққан. Сөйтіп, ол қазақ елінің дұшпандарының елге көздеген бүкір мылтығының қарауылын өзіне аударып, ел абыройын, тарих шындығын қорғап қалды.
Ол бұл ақиқатты қорғап қана қойған жоқ, оны ғылыми еңбегіне негіз етіп, зерттеулерін тарих қойнауына тереңдете түсті. Ғалымның тікелей жетекшілігімен жинақталған, бүгінгі күнде ғылыми құндылығы ерекше болып саналатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрып нормаларын, хандар заңнамасы мен халық арасында жоғары беделге ие болған би-қазылардың сот төреліктерін, қазақтың ортағасырлық «Жарғы» құқықтар жүйесін зерттеген «Қазақтың ата заңдары» атты жинағы осының дәлелі.
Ұлағатты Ұстаздың заңгерлік саладағы терең теориялық білімі мен мол тәжірибесін үйретуден талмаған, шәкірті ретінде мені ғылыми ізденістерге жетелеген ағалық қамқорлығы қашанда жадымда. Ғұлама ғалымның алдынан дәріс алған, оның кішіпейілділік пен парасаттылыққа тұнған өмір жолын өнеге тұтқан ізбасарлары мен шәкірттері ұстаз есімін ешқашан ұмытпайды. Өйткені, көрнекті қоғам қайраткері, заң ғылымдарының патриархы Салық аға Зимановтың ерен еңбегін шынайы ықыласымен құрмет тұтатын халқы бар.
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
Төрағасы.