09 Қараша, 2012

Армансыз адам болады

950 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Армансыз адам болады

Жұма, 9 қараша 2012 7:15

Бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқ, шет-шегі белгісіз мына жалғанда: «Арманы жоқ адам болушы ма еді, тәйірі?!» дейтін тәмсіл тектес тұжырымды естімей жүргеніміз некен-саяқ. Әрине, тірі пенденің тілегі таусылмақ емес, алайда, адам ғұмыры мәңгілік емес қой. Өмір таусылғанша, пенделердің де армандары ада болмайды. Дегенмен…

 

Жұма, 9 қараша 2012 7:15

Бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқ, шет-шегі белгісіз мына жалғанда: «Арманы жоқ адам болушы ма еді, тәйірі?!» дейтін тәмсіл тектес тұжырымды естімей жүргеніміз некен-саяқ. Әрине, тірі пенденің тілегі таусылмақ емес, алайда, адам ғұмыры мәңгілік емес қой. Өмір таусылғанша, пенделердің де армандары ада болмайды. Дегенмен…

Осы мақаланы жазуға отырарда бү­гін­гі қаржы саласының белді өкілі Ба­қытбек Байсейітовтің әкесі туралы са­ғы­нышты естеліктерін тыңдап отырып мына сөз есімнен кетпей қойды: «Әкем өмірден озарда «Арманым жоқ», деді.

Оған дейін де осы бір дара адам туралы талай естелік оқыған болатынмын. Ұлтымыздың небір игі жақсы­ла­ры­ның Рымбек Байсейітов жайлы жаз­ғандарын, қоғам қайраткері жайында замандастары қалдырған  жақсы сөзде­рін парақтадым. Сұрапыл соғыста то­лар­сақтан қан кешкен майдандас дос­та­рының  бейнетаспаға жазылған риясыз әңгімелерін тыңдадым. Тұлғалы жаннан туған ұл-қыздың әке мерейтойына арнаған кітаптарын қаузадым. Алайда, текті әкеден қалған ұлдың сол сөзі санамнан шықпай қойды. Тіпті, тебіреніп тұрып айтылған осы естелікті өз өмі­ріме де өлшеп, япыр-ай, дүниеден кетерде әрқайсымыз армансыз ғұмыр кештік деп айта аламыз ба деген бақилық сауал көкейде қала берді. Демек, ерен азамат туралы естеліктің де кілті – осы! 

Болар бала бесігінен

«Батысында Кент пен Қу, Қарқа­ралы, шығысында Абайдың Шыңғыс­тауы, ортасында көсілген асқаралым – Алатаудай Абыралы», деп сол өлкенің ақындары жырлағандай, Рымбек Бай­се­йітовтей азаматтың атамекені – Семей өңірінің Абыралы ауданы. Өзі балуан, өзі әнші Смақтың отбасында туған ұлдың арманын туған жері Қайнар ауылы әлдилеп, күндердің күнінде елінің қамын жеген  қайраткер тұлғаға айналдырарын ол кезде кім білген?!

«Қазан айының қыраулы күзінде, ел қыстауға әлдеқашан қоныстанып үлгер­ген тұста Балқия атты келіншек үйден атып шығып:

– Сүйінші! Кәжей босанып ұл тапты. Оу, жарандар, тағы бір жалықпас (ру аты) дүниеге келді. Оу, Смақ, өй қаңғыбас Смақ, көк құласына мініп алып тағы қайда жортып кете қойды бұл? Онсыз той-томалақ өтпей қала ма екен? Қатынының айы-күні жетіп отыр­ғанда, мына күйеудің қорлығын қара­шы! Сүйіншісін өзім алайын десем, – деп көрші-қолаңға естірте саңқылдай сөйлеген әйел жалт бұрылып, үйге қайта беттеді».

Ақиқатында, бұл күні елден тұлғасы ерек, еңгезердей Байсейіттің Смағы  қос бірдей құлжаны атып алып, үйге олжалы оралып келе жатқан беті еді. Дүниеге ұлы келіп жатқанда қанжы­ға­сы майланған мерген Смақ мұны жақсы ырымға балап, несібесін өзімен ерте келген перзентіне Рымбек деп ат қояды.

Рымбек те жасынан пысық, өр мінез­ді, көздері ұшқын атқан өжет бала болып өседі.

Рекеңнің анасының тетелес бауыры, яғни кіші нағашысы айтқан естелік­тер­ді оқып отырып, шынында да ол кісінің бала күнінен-ақ әкесінен дарыған оқ мінезділігін, бірнеше рет ажал аузынан қалған оқиғаларын оқып отырып, пе­ріштесі жебеп жүрген бөлек тағдырлы адам екендігін аңғару қиын емес.

Алайда, мына бір естелік мені ерекше ойға қалдырды. Мұны Рымбек аға­мыз көзі тірісінде ұлы Бақытбекке өз аузымен айтып берген екен. Ол кісі 12 жасқа келгенде әкелері көп қазақпен бірі­гіп, Новосібірге нәпақа табуға ке­теді. Абыралыда анасының қасында бауырларымен қалған Рымбек күндердің күнінде әкесін сағынып, сонау Новосі­бірге пойызбен аттанады. Білетіні –  әкесі сол қаладағы Ермаков көшесі, 13- үйге тұрақтаған. Бар болғаны 12 жас­тағы бала тәуекелін белге түйіп, арып-ашып жүріп Новосібірге де жете­ді ғой. Вокзалда жүрген бір ересек адамдардан Ермаков көшесін сұраса: «Біз де сол жаққа бара жатырмыз, ере ғой», деседі. Сол кезде адам жоғалып, жоқшылық болып, ұры-қары көбейіп тұрған заман екен. Тіпті ашаршылық­тан қорқау­лық­қа баратындар адам ұр­лап, етін жейді екен дегенді де бала құлағы шалған Рымбек, бөгделерге еруге сескеніп, қалып қояды. Өз бетінше сұрастыра келе, Ермаков көшесін де табады. Сол көшеде бір үйден әуелеп қа­зақша ән шығып жатады. Құлағы елең­деп, жаңағы үйге барып, есікті ашып қалса, көп қазақтың ортасында төрде домбырамен ән салып отырған әкесін көреді. Ән салып отырған Смақ  осы сәтте әнін доғарып, түк болмағандай: «Міне, менің балам да келді», деп домбырасын жанына қояды. Қаншама күн жол жүргені, қарны ашқаны, қорық­қа­ны бар бір жапырақ Рымбек есік аузында есінен танып құлап қалады. Бұл 1934 жыл еді.

Мені таң қалдырғаны, әрине, 12 жас­тағы баланың сонау Новосібірге бар­ғаны, ұстағанның қолында, тісте­ген­нің аузында кетпей аман-есен жет­ке­ні ғана емес болатын. Оның осы жол­дағы өзін өзі сақтауы, қаршадай болса да ақылдылығы мен сұңғылалығы еді…

 

Қазақ солдаты

Біз соғысты көрген жоқпыз. Біздің әке-шешелеріміз де мұндай қасіретті бас­тан кешкен жоқ. Алайда, ата-бабаларымыз мұз жастанып жүріп, қан майданда Отан қорғады. Ендеше, сол ата­ла­ры­мыздың бірі – Рымбек Байсейітов.

Жиырмаға толар-толмас шағында Семей облысындағы Ленин атындағы совхозда есепші болып жүрген жігіт ел басына күн туғанда соғысқа аттанады. Қазақ солдаттары қандай қайсар бола­тындығын өжеттігімен, бірбеткейлігі­мен паш еткен жас солдат осы міне­зі­мен-ақ бірден взвод командиріне айналып, аға сержант ретінде  сұрапыл со­ғыстың соңғы күндеріне дейін шайқас­қан. Жауға бет қаратпай айқасқан осы от кешуде азаматтың елі үшін, қала берді өз әулеті үшін, дүние есігін әлі ашпаған ұл-қыздары үшін өзін сақта­ғанына сан шүкірлік айтасың.

Ұлы Отан соғысы кезінде 100-ші дербес атқыштар бригадасының құра­мын­­да Калинин майданын зұлым жаудан азат етіскен, Великие Луки қаласының іргесінде фашист танкистеріне қарсы тізе қосып, қатар шайқасқан Рымбек ағамыздың майдандас досы – Қазақ­станның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың естелігін тебіренбей оқу мүмкін емес. «Великие Луки түбін­де» деп аталатын тағылымы бөлек сол повестің негізінде талай тарих, қыр­шын кеткендердің жанбай қалған шы­ра­ғы жатыр. Қазақ солдаттарының ерлі­гін, намыспен суарылған өрлігін сұлу да әсерлі сөзбен өрген Нұршайықовтай жазушының ғажайып естеліктері Рымбек Байсейітовтің жауынгерлік қырын жарқырата түседі.

Ұлы Отан соғысының сұрапыл күн­дерінде Алматыда жасақталған 100-­ші дер­бес атқыштар бригадасы 1942 жылы 25 қарашада Калинин облысы­ның Молодой Туд деревнясы түбінде жаумен шайқасты. Елден майданға жаңа келген өңкей өрімдей 20 жастағы жігіттердің жауынгерлік тұсауы осы деревня түбінде кесілді.

Кейін бригада бір ұрыста взвод командирі Қажым Көшековтен айырылып, оның орнына Рымбек Байсейітов взвод командирі болып жүреді.

1943 жылдың 1 қаңтарында біздің әскерлер Великие Луки қаласын жаудан азат етті. Бірақ, мұнда жаудың үлкен гарнизоны қалып қойды. Дұшпан жанталасып, қаланы қайта алуға, сөйтіп қоршаудағы гарнизонға қосылуға тырысты. Біздің бригада қаланың батыс жағында қаһарын төгіп, қарсы шабуыл­ға шыққан фашистермен белдесті.  Бір батарея фашистердің 30 танкісімен жалғыз айқасты.

Әрине, бұл жолдар Әзағаңның досы Рымбекті сағынғанда жазған естелі­гінен алынды. Осы шайқаста майдандас достарынан айырылып, аһ ұрған Рымбек Байсейітов өз взводымен 8 неміс танкісін жайратады.

«Великие Лукидегі шайқас өз ке­зінде «Кіші Сталинград» аталған болатын. Бұл операция алғашында Сталинград шайқасына қосалқы түрінде ғана жобаланғанымен, артынан Кеңес Ар­мия­сының аса ірі жеңістерінің біріне айналды», деп аяқталатын естелік ке­йіп­керіміз Рымбек Байсейітовтің ерлі­гін сипаттайтын бір ғана мысал.

Тарихтың өзі азаланып еске алатын сол төрт жылды, тұлғалы азаматтың ға­сырға бергісіз ғұмырын бір тақырыпша аясында толық баяндау мүмкін емес-ау.

Алайда, оққағары бар, бір періштесі жебеген қазақ солдаты сол сұрапылдың шеңгелінен аман шығып, атамекенге оралады.

 

Қаржы министрі

Әлі күнге дейін бірден министр болып туған адам жоқ. Бірақ, бөлек болмысты, ерек тірлікті, жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі алдамаған азаматтар – ел тізгінін ұстаса,  ғанибет!

Алла жебеп, аяқ-қолы бүтін оралған жігітті елде сарғая күтіп отырған анасы, ағайын-жұрты бар еді.

Ұлы Отан соғысы жылдарынан ке­йін күйреген шаруашылықты қалпына келтіріп, күйзелген елдің жағдайын тү­зеу ісі – соғыстан аман оралған, май­дан­герлердің үлесіне тиген болатын. Неміс басқыншыларымен аянбай шай­қасқан, майдан даласында жүз мыңдап мерт болған боздақтарды көріп қайтқан бұл азаматтар, бейбіт еңбек майданына  да бел шеше кірісіп елге оралмаған сол ерлер үшін де еселеп еңбектенеді. Замана жүгін, жауапкершілігін, бейбіт күннің қадірін барынша сезіне білді. Халқымыздың мүшкіл халге жеткен әлеуметтік жағдайын жөндеуге бар күш-жігерлерін аямай жұмсады.

Жаңасемей қаласындағы ұн комбинатында қабылдаушы болып жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен Рымбек Байсейітов бір жылдан соң-ақ облыс­тық қаржы бөлімінің аға инспекторы, салық және алымдар бөлімінің бастығы қызметін атқара бастаған. Осы қызмет­терде жүріп ол сырттай оқиды.

Сонау 1951 жылы Қазақ КСР Қаржы министрлігіне бөлім басқармасының бастығына орынбасар болып қызмет сатысында өрлей бастаған азаматты көз көргендердің бәрі да алдымен оның кішіпейілділігін, көпшілдігін, тура жолдан таймаған адалдығын алға тартады.

1974 жылы Қазақ КСР Қаржы ми­нистрі болып тағайындалған Рымбек Байсейітов жауапкершілігі жоғары бұл лауазымды қызметті зейнетке шыққан­ша он жыл атқарады.

«Республикамыздың қаржы минис­трі Рымбек Байсейітов Мәскеудегі Ор­та­лық Қаржы министрлігінде Қазақ­стан­ның экономикасы мен әлеуметтік дамуына қатысты, қаржыға барып тіре­летін мәселелерде өз ойын батыл айтып, істі оң шешетін. Мұндайда Рымбек Смақұлының бойындағы білгірлік, іскерлік, өз елінің мүддесіне шынайы берілген елжандылығы анық байқалар еді. Орталықта жылдық бюджетті қор­ғап, бекіту кездерінде Рымбектің бұл қасиеттеріне талай куә болдық. Ол іске жанашырлықпен қарап, жергілікті жерлерден келіп жатқан талай мұқтаж­дық­тарға жан-жақты көңіл бөліп, оларды шешу жолында үкімет тапсырыстарын бұлжытпай орындайтын, – деп естелік қалдырыпты 14 жыл бойы Қазақстан Үкі­метін басқарған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов.

…Осындай ел пайдасына асатын республиканың ішкі қаржылануының көзін табуда министрлік басында Рымбектей жанашыр жанның отыруының әсері мол еді, дейді сол кездегі Мәскеудің қабағына қарап отырған ел зиялыларының бәрі де.

 

Сом тұлға

Ұлтымыздың шежіресінде сап тү­зеген тұлғаларға уақыт көкжиегінен көз салсаң, олардың шоқтығын көтерген басты ұстанымы – халқына тигізген пай­дасы екенін түйсінесің. Рымбек Бай­сейітовті тұлғаға айналдырған да сауапты  тірліктері.

«Сен ерекше жаралған мейірбан, жұртқа жаны ашығыш, жақынға да алысқа да бірдей қамқор жан едің, досым. Республика қаржысының тұтқа­сын ұстап отырғанда, әдебиет, мәде­ние­т, өнер, ғылым қайраткерлеріне көп жақсылық жасадың. Олардың өнерді өркендетіп, ғылымды алға бастыруына қолыңнан келгенінше көмектесіп отыр­дың. Кімге қандай көмек көрсеткеніңді маған сан рет айтқансың. Олардың бәрі менің күнделіктерімде жазулы тұр.

Ол өзгелерге жасаған жақсылығың ғой. Ал бір маған жасаған жақсылығың қаншама!» – деп тебіренген екен кезін­де атақты Әзілхан Нұршайықов ағамыз.

«Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты романы  52 мың данамен шығарылсын», деген шешімге ті­келей ықпал еткен Рымбек Байсейі­тов­тей жандарға әдебиет өмір бойы мұқ­таж болып өтер. Бұл жазушының майдандас досынан көрген шарапатының бірі ғана. Ал, ағамыздың ел азаматы ретінде өзі басқаратын министрліктің құзырына бағынбайтын істерге араласып, таланттарға талай қарайласқанын, олардың баспаналы болып, өнермен, ғылыммен алаңсыз араласуына тигізген септігінің өзін тізе берсең, талай әңгіменің тиегі ағытылады.

Бұрынғы республика Министрлер Кеңесінің Төрағасының орынбасары Сұлтан Жиенбаев өз естелігінде Рымбек Смақұлының тамаша қаржыгер, өз ісіне толайым берілген жан екенін толғай келе, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «О моем времени» деп аталатын кітабынан Рымбек Байсейітовке қатысты жолдарды келтіріпті. Димаш атамыз өз тұсындағы басқа министр­лер­ді де атай отырып, Рымбек Байсейі­тов­тің республикамызда жоспарлы да мазмұнды жұмыс жүргізгенін ризаш­ы­лықпен суреттейді.

Сұлтан Жиенбаевтың айтуынша, Рымбек Байсейітовтің қызметіне көңілі толған Димаш аға Қонаев қаржы ми­нистрлерінің арасынан  ол кісіге айрық­ша құрметпен қарап өткен.

Сол сияқты республика Ардагерлер Орталық кеңесінің төрағасы ретінде Мақтай Сағдиев ағамыздың мына бір естелігі көңілге шуақ ұялатады. «Елге, қоғамға қызмет  етудің жарқын үлгісін кейінгі буынға мысал қылып, ғибрат етуден әсте жалықпаймыз. Бұл орайда, құдайға шүкір, ауыз толтырып айта алатын, алаштың айбарына айналған, аспандағы ай мен күндей арыстарымызды айшықтап көрсететін жарық жұлдыздар жеткілікті. Осы алыптар тобын толықтырып тұрған тұғыры биік тұлғалардың бел ортасында Рымбек Байсейітов сынды ардагер ағамыздың болуы да жарасымды», деп сөз саптап алып, жасандылықтан ада мінезін, жадының мықтылығын, істі сөзбұйдағы салмайтынын нақты мысалдармен дә­йек­тей келе: «Ол кісінің атап айтар адамгершілік сапасының бірі – адал­ды­ғы болса керек. Мемлекеттің қаржысын ұстаған, халық қазынасын қайнатқан қолының тазалығымен бірге, ісіне, дос-жаранға деген адалдығын қосып айтып отырмын. Қолында көп билігі бола тұра, ол кісінің әдетінде ортақ ырысты тамыр-танысқа, ықпал-беделге қарап бұра тартуға, бөле-жаруға жол бер­мейтін. Болатын шаруаның ыңғайын, мәселенің себеп-салдарын ашық айтып, тиісті заңның талабын дәлелімен алға тартып отыратын», дейді.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Николай Кузнецов Байсейітов­тің қаржы саласында тума талант екендігін былай баяндайды: «Рымбек Смакович поломал все ранее существовавшие годами инструкции в министерстве и стал твердо на путь автоматизированного метода управления финансовой деятельности в республике, что сразу сказалось на эффективности выполнения бюджета страны.

Обаятельная улыбка, дозволенный юмор в отношениях с людьми, характеризовали его как человека богатой внутренней духовности. Он был любим в семье и сам ее любил, как голубь родное гнездо. Манера исключительной простоты в поведении была природной, как привольная степь его родины».

Әттең, бірақ, дүние жалған деген осы ғой. Дәл осындай ғажайып тұлға­ларды уақыт ұмыттырғандай да болады. Байсейітовтей бөлек болмысты қа­зақ өмір сүрмеген сияқты да көрінеді. Дегенмен, дәтке қуат, атпал азамат­тар­дың ендігі ғұмырын ұзартатын ұл-қызы, тәуелсіз тарихы бар.

 

Шоң құда

Ұл-қыз демекші, Рымбек Смақұлы­ның ұлық болып тұрып та кішік бола алатын қасиетін сол кезде атқа мінген азаматтардың бәрі де бір кісідей қуат­таса да, шынайы қарапайымдылығын құйрық-бауыр жесіп, төс қағыстырған құдасы Әділхан Зықаевтан артық айтар адам табылар ма екен? Қай қырынан қарасаң да ғұмыры сыйластыққа суарылған жан туралы жазылған «Шоң құда» естелігінің ғибраты шынын айту керек, мені де көп ойға қалдырды.

«Біз Қалиман екеумізді әке, ана атандырған тұңғышымыз Ленаға 1982 жылдың жомарт күзінде тәңірімен та­лас­қан тау елі – албанның ауылына – Рақаң – Рымбек Байсейітов, Мақаң – Мағ­рипа Смағұлқызы құда болып түс­ті. Қарапайым ауыл қазағына бүкіл Қазақстанға ғана емес, Одаққа әйгілі ірі қаржыгер – Қазақстанның қара қазаны­ның тұтқасын ұстап тұрған қаржы министрі Рақаңмен, Мақышпен құда боламыз деген кімнің ойында болған. Ауыл түгіл аудан адамдары  мәртебелі адамның құда болғанына, қазақшалап құда түскеніне үлкен мән беріп, ілтипат, құрмет санап, үлгі-өнеге тұтты.

Жасыратыны жоқ, лауазымды адамдар қазақтың салт-дәстүрін сақтап құда болыпты дегенді ол кезде естігеніміз шамалы», дейді Әділхан ағамыз.

«Біздер ауылда отырсақ та құда келгенде құдаларға сыртта жасалатын қазақы ырым-кәде жасамадық. Ол кезде қаймығатын, қорғанатын уақыт. Әрі мәртебелі, үлкен адамдарға ырым жа­сау­ды ыңғайсыз көрдік. Сөйтсек онымыз дұрыс емес екен. Ұлы жандар да пенде, құдаларымыз қазақы дәстүрді жақсы білетін болып шықты».

Бір қарағанда, бұл қарапайым естелік сияқты, алайда, аңғарған адам бұл тұстан да Рымбек ағамыздың адам ретіндегі тереңдігін, алыстан ойлайтын парасатын таппай ма!

 

«Екі жақсы қосылған  қай жерде бар?»

Елу жылға жуық ерден түспеген жайсаң адам туралы жақсылардың нар­қын, сөздің парқын білетін көзкөр­ген­дер айта беруден жалықпас-ау.

Ақиқатында, адамды жаратқан ие­міз бақытты етемін десе, алдымен төрт мүшелді түгел етіп жаратып, ақыл-парасат бермек. Содан кейін ұяңды жылытып, ұл-қызыңды дүниеге әкелетін адал жар бермек.

Мысалы, көрнекті қоғам қайраткері, тұңғыш Жер-су комиссары Әшімбек Бектасовтың 1978 жылы 5 наурыз күні жазған күнделігінде Мағрипа апамыз туралы мынадай сөзі бар: «Бүгін маған қонаққа Рымбек Смақұлы өзінің жұба­йы Мақыш келінмен келіпті. Мақыш­жан мен Рымбекке халық нақылының мына бір жолы әдейі арнап айтылған­дай көрінді: «Бір жақсы мен бір жаман әр жерде бар, Екі жақсы қосылған қай жерде бар?».

Қарап отырсақ, Рымбек Байсейітов туралы естеліктердің бірде-бірі Мағри­па әжемізді айналып өтпейді.

Мағрипа қажы Смағұлқызы да 44 жыл бір шаңырақ астында отасқан отаға­сының алдынан кесе өтпей, төрт құбыласын сай етіп, қонағы арылмайтын үйдің алтын ұстыны  сияқты сабырлы адам екен.

Қос бұрымы тірсегіне түскен тәр­биелі қызды алғашқыда туған шешесін­дей болып өмірден өткен енесі – Кәжей көріп, ұнатады. Перзенті дегенде ана жүрегі алдамайды-ау. Расында да, Кәжей анамыздың көңіліне жаққан қыз – Рымбек ағамыздың өмірінде жанған шырақтай, жанына демеу, қиын-қыстау тіршілігінде де медеу болып, ұл-қызы­ның ғана емес, әулеттің ардақты анасына айналады. Өз отбасын бақытты етемін деген кез келген қазақ әйелі Мақыш әжеміздей терең, төзімді, ізетті болса жарағаны.

Мына жәйтке қараңызшы, қайран, біздің тектілікпен суарылған шешеле­рі­міз! Осы Мақыш әжеміз ерінің 80 жыл­дығына орай және өмірден озғанына 10 жыл толғанда ұл-қызы оқып жүрсін деп, ұлағатты сөздерін қалдырыпты.

Өзінің бойжеткен бұла күнінен бас­тап сырын ақтарған аяулы кейуана қайын атасы Смақ пен енесі Кәжей туралы тұсқа келгенде, аттарын ешбір атап көрмеген ата-енесінің есімдерін жазғаны үшін де әруақтарынан кешірім сұрап алады.

Бойындағы тектілігі мен қазақы тәр­биесі – өмірінің тұмары болған Ма­ғри­па қажы Смағұлқызы Рымбек ата­мыз­дың шаңырағы бала күлкісінің шатты­ғына шомылып, қазаны асылып, қо­на­ғы күтіліп, ауылдан келген ағайын-туысы бір жасап қайтуына бүкіл өмірін арнаған адам.

Министрдің әйелі болып тұрып та өктемсіп сөйлеуді білмей, қазақы қал­пы­нан танбай өткен жаратылыс иесі. Мақыш әжеміз сабырмен күн кешіп, өсіп-өніп келе жатқан ұрпағына салауат  тілеп отырған ғибратты жан.

Осылайша, бүгінде Байсейітовтер әулеті десек, бәйтеректің бұталарындай – Бақытбек пен Мұратбек, Айман, Шолпан, Розаның аты еске түседі.

Рымбек Смақұлының ғұмырын енді осы екі ұл, үш қыздан өрген өрімдей-өрім­дей, немере-шөберелері жалғап отыр.

Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі, дегендей, үлкені – Бақытбек Байсе­йі­тов бүгінде «ЦентрКредитБанк» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Мұ­рат­бек Байсейітов те банк ісінде қызмет ете­ді. Қыздары – Айман, Шолпан, Роза да қаржы саласынан алысқа ұза­ма­ған, өз мамандықтарының майталмандары.

Айтқандай, бүгінде абзал жанды ешқашан ұмыттырмау үшін Семей қа­ласында Рымбек Байсейітов атындағы көше мен кейіпкеріміздің есіміндей қар­жы-экономика колледжі бар.

Міне, өкінбейтіндей өмір сүрген адам туралы естелікті аяқтаймыз. Хал­қы­на пайдасы тиген тұлғалы азамат жай­лы сөздің соңы бұл емес.

Осылайша,  Абыралы қазағы қара­па­­йым солдаттан Қаржы министрі дә­режесіне дейінгі жолдан өтіпті. Өмірін адалдыққа суарып, абыройлы ғұмыр кешті. Айналасына шапағатын шашты.  Халқы оған қоғам және мемлекет қай­раткері деген мәртебе берді.

Адам өмірден озарда: «Арманым жоқ», деп айтуы үшін де ұяты азаптамайтын ұлағатты күн кешуі керек екен-ау.

Рымбек ағамыз сөзсіз арманы орын­далған адамдардың санатында. Демі үзілмей елінің Тәуелсіздік алғанын көрді, қала берді туған жері Абыра­лы­ның қайта аудан болуын көксеген перзент бұл күнге де куә болған.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.