10 Қараша, 2012

Парасат биігіндегі әріптес

482 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Парасат биігіндегі әріптес

Сенбі, 10 қараша 2012 7:06

Атам қазақтың: «Өткен күнде белгі жоқ» деген философиялық тұжырымының рас екеніне күннен-күнге көзіміз жетіп келеді. Шындығында да адамның «қамшының сабындай қысқа ғұмыры» қас-қағым сәт секілді көрінеді екен. Күні кеше ғана ауыл мектебін бітіріп, сол кездергі әсем астанамыз Алматыға арман қуып, білім іздеп келген алып-ұшқан жастар едік. 1968 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстік. Содан бері арада қырық бес жылдай уақыт өтіпті.

 

Сенбі, 10 қараша 2012 7:06

Атам қазақтың: «Өткен күнде белгі жоқ» деген философиялық тұжырымының рас екеніне күннен-күнге көзіміз жетіп келеді. Шындығында да адамның «қамшының сабындай қысқа ғұмыры» қас-қағым сәт секілді көрінеді екен. Күні кеше ғана ауыл мектебін бітіріп, сол кездергі әсем астанамыз Алматыға арман қуып, білім іздеп келген алып-ұшқан жастар едік. 1968 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстік. Содан бері арада қырық бес жылдай уақыт өтіпті.

Бүгінде бір-бірімізді көре қал­сақ, бір үйдің балаларындай шүй­ір­келесе қалатынымыз бар. Сонау жастық шақты, қызығы мол студенттік жылдарды ерекше жы­лылықпен еске аламыз. Сол қимас достарымыздың бірі – бізден бір курс төмен оқыған, университет жатақханасында қатар тұрған әріптесіміз, Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагоги­ка­лық университетінің «мәңгілік деканы» атанған белгілі ғалым, білгір ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әб­діғазиұлы.
Мен Балтабаймен алғаш сырт­тай таныстым. Ол кезде 2-курс студентімін. Оқта-текте са­бақтан тыс уақыттарда газеттерге мақалалар беріп тұрамын. 1969 жылдың қоңыр күзі еді. Әдеттегіше «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакциясына бара қал­дым. Онда қарт журналист Аба­қан Наурызғалиев деген ағамыз хат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін. Ол кісі ашық, ақ­көңіл, жастардың жанашыры бо­ла­тын. Өнегелі әңгімелері, ғиб­рат­ты тағылымдары ерекше жан еді. Мен материалымды өткіздім. Ағамыз қолма-қол тіркеп қа­был­дап алып, тұратын мекен-жайым­ды мақала соңына: «Алматы қа­ласы, Виноградов көшесі, 88 үй, 29 бөлме» деп жаза бастады да:
– Тұра тұр, бала, сен осы жа­тақ­ханада тұратын Балтабай Әб­діғазиевті танисың ба? 1 курста оқиды екен, – деп стол үстінде жат­қан редакцияға келген хат­тар­ды ақтара бастады. Көп ұзамай іздеген конвертін тауып маған ұсынды. Оны көргенде бірден бай­қағаным: хат жолдаған бей­та­ныс автордың конверт сыртын­да­ғы жазуы (каллиграфиясы) әдемі екен. Сөздері маржандай тізіліпті. Тәжірибелі ұстаздардың: «Жақ­сы оқитын оқушыны қол­таң­басынан білуге болады» дейтіні ойға оралды.
Біздің жатақханамыз Қазақ­стан­ның халық жазушысы Әзіл­хан Нұршайықов ағамыздың «Махаббат, қызық мол жылдар» романының қызықты оқиғалары өтетін құтты мекен, қастерлі ұя болатын. Көп кешікпей студенттерден сұрастырып жүріп Бал­та­байды тауып алдым да, оған ре­дакциядағы Абақан ағаның сәле­мін жеткіздім.
Балтабай – Тұрсынбек Баймолдаев, Құныпия Алпысбаев, Өтеген Оралбаев, Анарбай Бұл­дыбаев секілді жігіттермен бірге оқиды екен. Жатақханада орын тапшы. Мен сол жылы қыста жаңадан университет ректоры бо­лып тағайындалған үлкен ға­лым, техника ғылымдарының док­торы, профессор, ҚазКСР ҒА-ның академигі Өмірбек Арыс­лан­ұлы Жолдасбековтың қабыл­дауы­на барып, шалғай ауданнан келген студент ретінде жатақ­ха­на­дан орын алғанмын. 1-2 курс­тың балалары жатақханада аралас орналасты. Біздің курстағы Шәкір (Шаһимашриб) Ыбыраев, Болатжан Абылқасымов, Аманкелді Әлиев, Тәңірберген Ай­мұ­ра­тов, Нұр­лан Тұрсынбаев, Черчилль (сө­зінен үнемі үзінді келтіре берген соң курстастары солай атап кеткен) Омархан Құ­лах­метов секілді жігіттер бірінші курстың аттары аталған студенттерімен бірге тұр­ды.
Балтакең университетте жақ­сы оқитын студенттердің қата­рын­да болды. Сонымен қатар ол қоғамдық іс-шараларға да белсене араласатын. Мұнда ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев басқара­тын факультет жанындағы  М.Әуезов атындағы әдеби бірлестік жұмысының бел ор­та­сын­да жүрді. Сол тұста бірер жыл филология факультетінің «Қар­лы­ғаш» атты домбыра оркестріне бірге қатыстық. Музыкалық жетекшіміз әрі дирижеріміз атақты домбырашы, шертпе күйдің хас шебері Уәли Бекенов ағамыз еді. Сол кездегі оркестрге қаты­су­шы­лардың көпшілігі кейіннен белгілі ғалымдар болды. Зейнол Би­сен­ғали, Шәкір Ыбыраев, Құ­ны­пия Алпысбаев, Тұрсынбек Баймолдаев, Балтабай Әбдіғазиев, Өтеген Оралбаев, Анарбай Бұл­дыбаев, Сәндібек Ғұбайдуллин бү­гінде филология, педагогика ғы­лымдарының докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары, доцент ғылыми дәрежелерін иемденіп, биікте жүрген белгілі азаматтар.
Сонан студенттік жылдар зы­мы­рап өте шықты. Біз оқу минис­трлігінің жолдамасымен ауылға аттандық. Ал келесі жылы Бал­та­кеңдерді – университеттің жақсы бітірген бір топ түлектерін Тұр­се­кең (Тұрсынбек Кәкішев) ағамыз Қазақ КСР Ғылым академия­сы­ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына ертіп әкеп, жұмысқа орналастырыпты деп естідік.
Кейіннен ол өмір-өзен ағысы­ның ырғағымен біраз жылдар бас­пасөзде қызмет істеді. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті мен «Жалын» журналында еңбек етіп, жазу өне­рі­нің қыр-сырына әбден қанықты. Қаламы төселіп, мол тәжірибе жинақтады. Содан әбден ысылған Бәкең атынан ат үркетін Қазақ­стан Компартиясы орталық коми­тетінің мәдениет бөліміне жұмыс­қа ауысып, партия тарағанға дейін сонда қызмет етті. Кеңес Ода­ғы тарап, еліміз егемендік алған тұста, болашақ ғалым Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасын тәмамдаған соң, кандидаттық дис­сертациясын табысты қорғап, оқу-білім, ғылым саласына біржолата ден қойды. Одан кейінгі өмірі тұтастай осы қарашаңырақ жоғары оқу орнымен тікелей бай­ланысты өрбіді. Мұнда ол аға оқы­тушы, кафедра меңгерушісі, декандық қызметтерді абыроймен атқарып келеді.
Ол үшін оның Қазақстан Рес­публикасы білім беру ісінің құр­метті қызметкері атанғанын, еліміз тәуелсіздігінің жиырма жыл­ды­ғына арналған мерекелік медальмен марапатталғанын, фа­куль­тет деканы ретінде «Қаз­ҰПУ-дің үздік ұстазы» төс­бел­гісін омырауына таққанын айт­сақ та жеткілікті деп ойлай­мын.
Балтекең – қазақ әдебиеттану ғылымына да сүбелі үлес қосып келе жатқан зерделі ғалым. Ол ұлы ойшыл, ақын Абайдың шә­кірт-інісі, ұлттық әдебиетіміздің аса көрнекті өкілі – философ-ақын, тарихшы-этнограф, сан алуан өнер иесі Шәкәрім Құ­дайбер­ді­ұлының шығармашылық мұра­ларын жан-жақты зерттеумен ай­налысуда. Ғалым бұл тақырыпта алғаш рет монографиялық еңбек жазып, соның негізінде филология ғылымдарының докторы ғы­лыми дәрежесін сәтті қорғап шықты. Сөйтіп, әдебиет зерттеушісі Балтабай Әбдіғазиұлы ақын Шәкәрімнің шығармашылығына негіз болған әдеби дәстүрлердің түп-төркініне назар аударып, оның поэзия, проза, көркем аударма саласындағы суреткерлік бейнесін ашуға, оның әр жанр­дағы туындыларының көркемдік қасиетін, тақырыптық ерекшеліктерін, қайталанбас сипаттарын ғы­лыми тұрғыда зерделеуге ерекше мән берді.
Әдебиеттанушы ұстаз өз еңбегінде жылдар жылжып, айлар өткен сайын, замана ағымына сай адам бала­сы­ның санасы жаңа биіктерге кө­те­ріле беретінін, оның алға қойған міндеттерінің абырой-мәртебесі өсе түсетінін, тіпті мән-маңызы күрделене түсетінін айта келіп, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылы­мы­ның уақыт керуенімен ілесе бой көтерген әдеби мұраларына тұтас рухани-мәдени, әдеби-эс­тетикалық құбы­лыс ретінде баға беру, олар ту­ра­лы айтылған жеке-дара ой-пікір­лерді жинақ­тал­ған бірегей тұжы­рымға айнал­ды­ру қажеттігіне тоқ­талады. Сөйтіп, ол сан қырлы талант иесі Шә­кә­рім Құдай­бер­діұлының әдебиет­тің барлық жанрларындағы шы­ғармашылық мұраларын әдеби дәстүр мен жаңашылдық, көр­кем­дік таным мен уақыт са­бақ­тас­тығы сияқты әдебиет­та­ным­дық ұғымдар тұр­ғы­сынан тұң­ғыш рет қарастырып зерделеді.
Ол еліміздің жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің жо­ға­ры сыныптарына қазақ әдебие­ті­нен оқулық жазу ісіне, атап айт­қанда, 10 сыныптың жара­ты­лыс­тану-математикалық бағытын­да­ғы әдебиет оқулы­ғы­ның «Шә­кәрім Құдайбердіұлы», «Нарманбет Орманбетұлы», «Жа­яу Мұса Байжанұлы», «Үкілі Ыбырай Сан­дыбайұлы», «Әнші-ақындар шығармашылығы» атты тарау­ла­рын жазуға атсалысты.
Бәкең – үлкен әулеттің отаға­сы. Құдай қосқан қосағы Нәлкеш (Нәлбике) қазыналы Оңтүстіктің қызы болғандықтан оны «күйеу бала» деп әспеттейміз. Өйткені, Нәлкеш те біздің университеттің филология факультетінің түлегі. Өзімен қатар оқыды. Ол да ал­ға­шын­да тіл білімі ғылымымен ай­на­лысты. Қазірде үлкен отба­сы­ның иесі, немерелерінің сүйік­ті әжесі.
М.Әуезовтің: «Абай өзі білген кітаптардан алған адамгершілік, гуманистік, бұқарашылдық идея­ларды өзінің ұстаздық, тәрбиелік керегіне жаратуға тырысады», – деген сөзін еске алсақ, Балтакең де Шәкәрімнің шығармаларын, оның ішінде философиялық, рухани мұраларын тынбай зерттей жүріп адамгершіліктің, пара­сат­тылықтың биігіне көтерілген азамат. Өйткені, күнделікті тіршілікте де, қызметтің қат-қабат қызу қарбаласында да Балтакең өзінің ұстамдылығымен, парасатты­лы­ғымен ерекшеленіп тұрады. Оған ұлы жаратушының өзі қазақтың ер жігітіне тән кескін-келбет берсе, ішкі дүниесі де сондай келісті де көркем.
Бүгінде «алпыс – тал түс» ат­ты кемел кезеңге, өнегелі де өнім­­ді толысқан шаққа келіп отыр­ған Балтабай Әбді­ғази­ұлы­ның алар асулары, шығар биігі әлі алда деп ойлаймыз.

Бақтияр СМАНОВ, 
Халықаралық Айтматов академиясының  академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.