08 Желтоқсан, 2012

Ақсұңқар азамат еді

707 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақсұңқар азамат еді

Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:23

Ақселеу Сейдімбеков кім еді? Ақселеу Сейдімбек көшпенділер этномәдениетінің сабақты инесіне дейін бүгінгі күнге жал­ғастырушы, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ілгері сүйреуші, қазақ халқының жалпы адамзаттық дамуға қосқан сүбелі үлесі музыкалық мұрасы екенін дәлел­деуші, қазақ шежіресін бүтіндеуші, туған тіліміздің бірден-бір жанашыры, «адамзат тарихындағы түбірлі өзгерістердің се­беп­шісі» болған салт атты көшпенділер өркениетінің жыршысы. Ақселеу Сейдімбек…

 

Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:23

Ақселеу Сейдімбеков кім еді? Ақселеу Сейдімбек көшпенділер этномәдениетінің сабақты инесіне дейін бүгінгі күнге жал­ғастырушы, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ілгері сүйреуші, қазақ халқының жалпы адамзаттық дамуға қосқан сүбелі үлесі музыкалық мұрасы екенін дәлел­деуші, қазақ шежіресін бүтіндеуші, туған тіліміздің бірден-бір жанашыры, «адамзат тарихындағы түбірлі өзгерістердің се­беп­шісі» болған салт атты көшпенділер өркениетінің жыршысы. Ақселеу Сейдімбек…

Адамзат санасы озғалы – аң­сағаны бүтін тарих. Бұл мұратты ширата алға оздырған неміс ойшылы Иммануил Кант болды. «Күнге табынғаннан бергі тарихты әбден түгендеуге болады», дегенді жүрегі дауалап Олжас Сүлейменов те айтып салды. Айтып қана қойған жоқ, іске кі­рісіп, «Қыш кітап», «Аз и я», «Таңба тілі», «Атамзаманғы тү­рік­тер» деп аталатын бірнеше еңбек жазды.

Көшпелілер әлемі тарихын бедерлеу Ақселеу Сейдімбектің де еншісіне бұ­йыр­ды. Оның ең­бектерінде үшмыңжылдық ая­сын­дағы өрлеу, ұлттың мәдени-рухани өресі өркениеттік дең­гейде пайымдалды. Өз басым Ақселеу ағаны осы үрдістің сақ­­­шысындай көремін. Ол: «Тү­ркі­­­лер өркениет құруға бейім­сіз», деген пікірге қатты қын­жы­ла­тын. Ақселеу Сейдім­бек­тің пайымдауында жалпы адамзат тарихын Ұлы дала көшпен­діле­рінен тыс танып-түсіну мүмкін емес, ондай тарих бүтін болмас еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ақселеу Сейдімбек сан қырлы тұлға еді. Және ол қай салада болмасын жарқырай көрінді. Ға­лым ұзақ жылдар бойы күй өнері туралы кешенді зерттеулер жүргізді. Нәти­жесінде қазақтың музыкалық мәдениетіне қатысты мейлінше мол эмпирикалық материалдар алғаш рет рухани ай­налымға түсіп, халық компози­торларының өмірі мен шығарма­шылығы тың дерек-тұ­жы­рымдар өзегінде пайымдалды. Бір жарым мың жылдың аясында ға­­­сырлардан сыр шерткен бес мың күйдің тең жартысының аңызы өңделіп, басылым беттерінде жа­рық көрді. «Күй шежіресі» деп аталатын екі кітабы шықты, докторлық диссертация қорғады. «Қазақтың күй өнері» туралы толайым монография жариялады. Осы еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Ақселеу Сейдімбек осылай домбыраға кие дарытып, қазақ­­­тың күй өнерінің маң­дайынан қайтқан бағын жандырды, үміт­ке үкі тағып қайыра тірілтті. Ел қамы үшін қиялға ғана сияр істер атқарды, қазақ халқының тарихтағы орны – жалпы адамзат мәдениетінің дамуына қос­қан сүбелі, рухани үлесі – му­зыкалық мұрасы екенін алға тартты. Бұл кешенді зерттеумен күмән тудырмайтындай болып шег­е­ленді. Әлемдік додаға бес мың күй, он мың ән сыйлаған «бар қазаққа бар әлемді қара­тып» аруақ қонған мәдениеттің алтын ордасын жойдасыз биікке көтерді.

«Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды. Уақыт жалғас­тығында жік жоқ; таң атса ертең бүгінге, бүгін кешеге айналады. Демек, кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ». Кеше болса тарихқа сүңгіп кете барады. Тарих біл­­геннің еншісінде, бола­шақ болса оны жасаушының қолында. Бү­­­гінгі күні ДНК сараптамасы бойынша генді миллион жылға кері қарай сүзіп өтуге болса да тарих бізге қиын бетімен қарағанын қойған жоқ. «Қазақтың ауызша тарихы» Ақселеу Сейдімбектің соңғы қалам серпері. Осы туындысы үстіндегі еңбегін өзі «соң­ғы шабысқа» балады. Әр туын­­дының өз тарихы бар. Үйірімен үш тоғыз тізілген 1999 жылы «Төр шежіре» нұсқасын дайын­дауға кіріседі. «Бәйте­рек» гра­фи­калық ұсқынға 15 мың этноним бұтақ кейпінде телінеді. Бәйтерек еңсесін «Сақ», «Ғұн», «Скиф» тамырларынан тіктеп алып кетіп барады. Пла­катқа он мың этноним де сыймаған­дық­тан, бес мың ғана ру, аталардың аттарымен шектелуге тура ке­леді. Плакаттың етегіне автор өз мекенжайын жазып жібереді. Бұл астарлы әрекет халық санасын селт еткізеді. Еліміздің түк­пір-түк­пі­рінен этнограф ғалым­ның қолына мың шежіре келіп түседі. Кітапқа арқау болған деректі халық бар ықыласымен өзі ұсы­нып тұр. Оның сыртында автор даңғайыр шежірешілердің көбімен кездесіп тіл­­дескен. Ос­ындай «көп авторлы» еңбек толайым дүние болып туды.

Алғаш рет шежіре жөнінде теориялық жүйелі ойлар түйін­­делді. Рулық құры­лымның таралымы түбегейлі зерттелді. Жүз­дік құрылымның пайда болуына байланысты бірнеше вариантта деректер келтірілген.

«Қазақтың ауызша тарихы» – ұлттың бас шежіресіне ұмтылып тұр. Осыған дейін мұндай халық аузында жүрген мың сан шежі­­­рені біріктіре  алған, оларды бір өрістен өргізген еңбек болған емес.

Кітап ұлтты үш ұдайға бө­лу­ге ұмты­лып тұрған жоқ. Ан­тро­по­логия­лық тұрғыдан біртұтас ұлтты біріктіруді мұрат тұтқан. Исі найманның Ұлы жүз­дің Әлпеш атты әйелінен тарайтынын, ұлтқа ерекше қызмет еткен қаракесек руының анасы Кіші жүздің қызы Қар­қабат еке­нін келтіргендегі мақсаты ұлтты біріктіру екені күмәнсіз. Бұл еш­­­қандай шүбә келтірмесе керек.

Еңбектің жанғаны мәртебе. «Қазақтың күй өнері» туындысы Мемлекеттік сыйлық­­­тың лау­реат­тығына бағалануы өзін ерекше марқайтты. Қанат бітірді. Ас­қа­­ра­лы алпысында Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтан өз қолымен жазған құттық­тауын алды. Тұң­ғыш Президенттің Ақордаға кі­руіне байланысты іс-шарада ұлт­тың ақсұңқары ретін­де иығына шапан жабылды.

Кітап – жеке тіршілік кешуге қанат қаққан, құқық алған адамзат санасы. Аға маған арнаған бір хатында: «Кітап мың төгіл­ген маң­дай термен бірге адам­дық-азаматтық арман-аңсардың да (идеал) көрінісі ғой. Еңбектің жанғаны, сол ар­ман-аңсардың оқырманға жетуімен, оқыр­ман­ды мүдделес етуімен өлшенеді», – деп жазған болатын.

Данышпан Л.Толстой айт­пақ­шы: «Ұлы суреткер өзінің жанр­лық үлгісін туындатады». Ол осы тұрғыдағы нұсқалар ретінде Н.Гогольдің «Өлі жандар», Ф.Дос­­тоевскийдің «Өлі үйден жа­зыл­ған хаттар» шығармалары­ның бір­ту­ма­лығына сілтеген. Сол айт­пақ­шы, «Қазақ әлемінің» жанры – этномәдени пайымдау, «Қазақ­тың ауызша тарихының» жанры – зерттеу.

«Елтұтқа» – ұлылар шежі­ресі. Қазақта ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану үрдісіне зер салынады. Қазақтың шежі­ре­лік зердесінде адам – тарихтың негізгі тұлғасы, ал адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші. Кім­нен кімнің туғаны маңызды да болар, бірақ бұл ең басты ұста­ным емес. Тарих үшін тектілікті өр­біткен, ортасына кие дарытқан біртуар тұлғалардың үлгі-өнегесі мәндірек.

Жартасты толқындардан, «ұлы сілкі­ністер мен дәуірлі тол­ғақтардан» туған көшпелілер әлемінің ең жарқын тұлғасы, ұлт киесі домбыраға тіл бітірген Құр­манғазы туралы Ақселеуден артық биік сөзді күні бүгінге дейін кім айта алды? Ол таяу шақта да бола қояр ма екен? Қорыта айтсақ, Ақселеу Слан­ұлы – төбе тірер діңгегіміз, белі мықты бестіміз, тоқтам айтар естіміз еді. Қазақ атты те­гімізде көбе бұзар ақ сұр жебемен бола­шаққа атылған еңсе­міз­ді танытар, қаді­рімізді ұқтырар, қасие­тімізді мойындатар бойтұ­мар­лы киеміз еді-ау. Сөз жоқ, Ақселеу салт атты көшпелілер өрке­ние­тін жаңа зерде сүзгісінен өткізіп, тағылым ете білген, ұлттық психология мен пат­рио­тизмді тәжі­рибелеуші, қазақтың алтын күм­безді сарайын тұрғы­зушы­лар­дың бірі. Көшпелілер өркениетін адамзаттың өзіне түсіндіру үшін ойы қанат­тылы­ғы­нан, қаламы ұшқырлығынан таймаған тұлға.

Тасанби ТОҚБЕРГЕНОВ.