Сафура Қыдырбек келіні: «Достарды жоғалтып алуға болмайды. Олардың қай әрекетіне де кешірімді болу керек» – деуші еді отағасымыз Бәкең
Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:25
Атақты, танымал тұлғалар жайлы сөз қозғағанда, әдетте, шығармашылық адамының осыншалықты биік дәрежеге жетуіне өз тарапынан өлшеусіз үлес қосып, болмыс-бітімімен біте қайнасып, олардың ең бірінші оқырманы, ең әділ сыншысы, ең бастысы – анасынан кейінгі тілеуқор тілекшісіне, яғни дүниедегі ең жақын, ең сенімді адамына айналған Құдай қосқан қосағы жайлы көп айтыла бермейді. Байқасаңыз, мұндай ерлі-зайыптылар арасындағы ішкі терең түсіністік, шынайы жанашырлық бара-бара ұлы махаббатқа, үлкен сүйіспеншілікке ұласып жатады.
Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:25
Атақты, танымал тұлғалар жайлы сөз қозғағанда, әдетте, шығармашылық адамының осыншалықты биік дәрежеге жетуіне өз тарапынан өлшеусіз үлес қосып, болмыс-бітімімен біте қайнасып, олардың ең бірінші оқырманы, ең әділ сыншысы, ең бастысы – анасынан кейінгі тілеуқор тілекшісіне, яғни дүниедегі ең жақын, ең сенімді адамына айналған Құдай қосқан қосағы жайлы көп айтыла бермейді. Байқасаңыз, мұндай ерлі-зайыптылар арасындағы ішкі терең түсіністік, шынайы жанашырлық бара-бара ұлы махаббатқа, үлкен сүйіспеншілікке ұласып жатады. Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы-журналист Балғабек Қыдырбекұлы аяулы жары Сафура Сәйдәліқызымен 41 жыл бірге отандасып, өрелі ұрпақ өсірген бақытты отбасының бірі еді. «Егемен Қазақстан» газетінде аттай 38 жыл қызмет атқарып, қатардағы тілшіден редакторлыққа дейін өскен Балғабек Қыдырбекұлының өмірден озғанына да 18 жылдың жүзі болыпты. Бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан «Егеменнің» бас келіндерінің бірі, бекзат болмысты Сафура апаймен әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді еске алған едік…
– Сафура апай, қазақ «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра», деп жатады емес пе. Сіз көп те жасаған, көпті де көрген жансыз. Балғабек ағадай айтулы азаматпен бас қостыңыз. Егер бір әйел ер азаматының қадіріне жетіп, сыйлап, отағасының шыққан тауы биік болсын деп, ақырын жүріп, анық басып, сабырлы қалыпта, бекзат болмыста қызмет жасаса, соның бірі сіз боларсыз. Жазушы да бәйге аты сияқты, бапты, күтімді, көңіл-күйді қалайды. Ендеше, Балғабек Қыдырбекұлының өмірлік тілеуқоры болған өзіңіз жайлы жақынырақ білгіміз келеді.
– Ашаршылық жылдары туған бүгінгі аға ұрпақ өкілдеріне, менің қатарластарыма қаншама қиын-қыстау уақыттарды бастан өткеруге тура келді ғой. Соның салдарынан маған қазақ топырағында дүниеге келу тағдырыма жазылмапты. 1928 жылы Голощекин алғаш рет алашордашылардың Қызылордада бір тобын, Қостанайда бір тобын, Ақтөбеде бір тобын ұстап, түрмеге отырғызады. Әкем Сейдәлі Оразалин Ақтөбеден ұсталған 11 адамның бірі болып, 10 жылға сотталып, Мәскеудің жанындағы Владимир облысының Суздаль қаласына жер аударылады. Онда барған соң қаладан шығуға құқы жоқ. Қалай күн көрсең, солай күн көр. Жұма сайын пәлен сағатта ОГПУ-ге келіп, тіркеліп тұруы керек. Ол кезде қазіргідей емес, қатынас тек пойыз. Жалғыз інісі малын сатып, жылына бір рет пойызбен тамақ апарып беріп тұрады. Алашордашылардың барлығы оқыған, орысша жақсы білген ғой. Әкем денсаулығы сыр беріп, жағдайы нашарлай бастағанда «жылырақ жаққа ауыстырсаңыздар» деп арыз жазады. Оған келісім бермегенмен, отбасымен тұруға рұқсат етеді. Содан шешем байғұс үлкен әпкемді қалдырып, 4 жасар қызы Амансұлтанды бауырына басып, ерінің артынан кете барады. Қазір ол әпкем 86 жаста, Ақтөбеде тұрады. Осылайша мен 1932 жылы Суздальда тұрғанда туыппын.
Күнкөріс қиын, жағдай нашарлай берген. Ресейің ашаршылықты білмейді. Аштан өліп жатқан ешкім жоқ. Ал Қазақстанда халық қырылып жатты. Әкем: «Ульяновскіге, болмаса Ресейдің оңтүстік қалаларына ауыстырыңыз, денсаулығым мүлдем нашарлап кетті», деп тағы арыз жазады. Содан оңтүстік қалалардың біріне ауысуға рұқсат беріп, картадан қай қалаға барғысы келетінін көрсетуді ұсынады. Әкей Орынборды таңдайды. Ал Орынбордың Қазақстанға жақын екенін білмеген милиционерлер «жарайды» деп келісіп, қолына құжатын береді. Орынборға келсе, ондағылар облыс орталығында қалдырмай, Орск қаласына жібереді. Орск мен Ақтөбенің арасы өте жақын, әкей соған қуанады. Кейін ағайындарымен хабарласып, қатынасып тұрады. Бірақ, дендеген ауру ақыры алып түседі. Әкей 1936 жылы 52 жасында Орскіде қайтыс болды. Хабар жеткен соң нағашы ағасы арба жегіп, қазіргі Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына әкеліп жерлейді. 1937 жылы жаппай науқан басталғанда, әкемді Қазақстанға әкеліп жерлегені үшін жақын адамдарынан 12 адамды түрмеге тоғытып, төртеуін атып жібереді. Інісін он жылға соттап, әкемнің мәйітін арбамен әкелген әліпті таяқ деп білмейтін шалды да сотсыз атады. Жазығы алашордашыны әкеліп көмгені үшін.
Ол кезде бес жастағы баламын, мұның бәрінен хабарсызбын. Жетім бала, жесір әйел, балапан басына, тұрымтай тұсына, ешкім сөйлемейді, ешкімнің атын айтпайды. Одан соғыс басталды. Шешем әкемнен кейін 4 жылдан кейін дүние салып, жеті жасымда тұлдыр жетім қалдым. Екеуміздің арамыз 19 жас үлкен әпкем Бәдигүл педучилище бітірген, мұғалім еді, мені қолына алды. Әпкемнің күйеуі соғыстан оралмады, өзінің екі баласы бар. Ол кезде 8-сыныпта оқып жүргенмін, әпкемнің қосымша сабақтарын алып қояды. Жағдайымыз қиындап кеткен соң «заврайоно» қайнағасы мен күйеуінің туысы мектеп директорына барып, қосымша сағат беруін сұрайды. Олар: «Сағат берудің ыңғайы жоқ, өзің балаларыңды зорға асырап жүргенде, ана Сафураны пансионға жіберсеңші. Сонда өзіңе де жеңіл болады», деп ақыл қосады. Пансионның интернаттан айырмашылығы тегін киім беретіні. Сонда әпкем қатты ренжіп: «Қайнаға, бала табылар-ау, ал бауыр табылмас, бермеймін», деп есігін тарс жабады. Міне, әпкемнің осы сөзі өмір бойы есімнен кетпейді. Кейде есіме түссе жылап аламын.
Соғыс кезінде де, одан кейін де отын-су деген қиын. Жетім балаларды өзің білесің, қыдыру деген жоқ. От жағып отырып, жарығына сабақ қарайсың, бір қолыңмен диірмен тартып, кітап оқисың. Өйткені, сабаққа дайындалуға уақыт жоқ, шаруа көп, бәрі қолмен атқарылады. Біздің кезімізде еш бала ойнамайтын. Сондықтан ойынның түрлерін білмей кеттім. Мектеп бітірген соң әпкелерім жылап-еңіреп жүріп, үйтіп-бүйтіп ақша жинап, мектепті тәуір оқыдың ғой, Алматыға барып көрші деп, пойызға билет алып, салып жіберді. Жолым болып, 1950 жылы ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түстім. 4 жыл жатақханада тұрдым. Сүйенерің жоқ, стипендияны бір айға жеткізу үшін асханаға бармайсың. Сабақтан келе сала бір стақан қайнаған суға бір түйір қант салып, қара нан жеп, ертеңге дайындалу керек, қайтадан оқу залына кетесің. Қазір таңғаламын, ыстық тамақ, ет дегенді білмедік, қалай өліп қалмай жүргенбіз деп. Соған қарамай жақсы оқыдым.
– Енді әңгімені Балғабек ағамен таныстығыңызбен жалғастырсаңыз …
– Үшінші курста оқып жүргенімде жерлес қызым тұрмысқа шығып, үйіне қонаққа шақырды. Қасыма дос қызымды алып бардым. Шай ішіп отырғанда, Балғабек кіріп келді. Сөйтсек, ол досымның шыққан күйеуімен журфакты бірге бітіріп, жұмыс істейді екен. Содан біз кеттік. Әлі есімде, он күн өткен соң, бөлмеде курс жұмысын жазып жалғыз отырғанмын, біреу есік қақты. Шықсам, анау күнгі көрген жігіт тұр. «Кіріңіз», дедім. Кірді. «Не істеп отырсыз?» – деп еді, айттым. Қарап тұрды да: «Қыдырып келуге қалайсыз?» – деді. Қолым тимейтінін, курс жұмысын аяқтауым керектігін айтсам, «жарты сағатқа, алысқа емес, осы маңда қыдырып қайтсақ», деп өтініп тұрып алды. Содан шыққанымды қайтейін, «Алатау» кинотеатры жатақхананың қасында еді ғой, енді киноға барайық деп жабыспасы бар ма. Бардық. Соғыс туралы «Звезда» деген фильм екен, өзім шаршап отырғанмын, ұйқым келмесі бар ма. Қалғып кетіп, ұят болар ма екен деп әзер шыдадым. Кино біткен соң шығарып салды да, содан біразға дейін төбе көрсеткен жоқ.
Жаңа жыл да келді. «Той тондынікі» деген, қайда қыдырасың, әрі кіммен? Оқу залында отырсам, тарих факультетінде оқитын қостанайлық жігіт бар еді, қасыма келіп: «Сізді бір ағайлар шақырып тұр», деді. Шықсам: Балғабек, Әбілмәжін, Төлеубай үшеуі тұр. Амандасып, жаңа жылмен құттықтап, артынша достарымен таныстырып, киноға шақырды. Бәріміз киноға бардық. Осыдан кейін келуді жиілетті. Біртіндеп үйленген курстастарының үйіне апарып жүрді. Шай ішіп, өлең айтып, билеп қайтамыз. Ол кезде мейрамхана, кафе деген жоқ. Түнімен отырып, таңертең тарқасамыз. Ол кездегі жігіттер қыздарды алдамайтын, қыздар да алданбайтын. Ағаң бір жарым жыл сынап жүріп, оқу бітірген соң үйлендік.
– Ал сіздің жүрегіңізді жігіт Балғабек несімен жаулап алды?
– Адамгершілігі, ешкімді алдамайтын адалдығы ұнады. Пәлен күні келем, келмеймін деп айтатын. Әкесіз өскендіктен бе, бәрін өзі шешетін. Мынау ер-азамат екен ғой деп іштей ойлап қоятынмын. Ағаңмен бір шаңырақтың астында 41 жыл бірге ғұмыр кешіппіз. Сырт көзге мінезі қаталдау көрінгенмен, жаны жұмсақ, отбасына өте жайлы, бірақ талапшыл еді. Жалғызсырамасын, жетімсіремесін деп қашанда көңілімді аулап, өз басымды сыйлап, өте жақсы қарады.
– Сафура апай, білуімізше қалалық жерде енемен бірге тұрып, рекорд жасаған келіндер қатарынансыз ғой. «Жақсы ене үзігіңді жалғайды», деген. Кейде ондай енелер ананың орнын алмастырып жатады емес пе?
– Рас, енеммен 34 жыл бірге тұрдық. Ол кісі ХІХ ғасырда туған, оқымаған, ескі көзқарастағы, қазақшылығы мол адам еді. Мен 1954 жылы келін болып түскенде, тұрмыстары нашарлау, жалғыз баласының қолына қарап отыр екен. Күйеуі соғыстан келмеген әпкесі екі баласымен барлығы бір бөлмеде тұрды. Әпкесі де оқымаған адам, жұмыс істемейтін, барлығын асырап-сақтау Балғабектің мойнында. Мен келгенде енемнің үстінде жалғыз ғана көйлегі бар еді. Бірінші айлығыма апама көйлектік мата сатып әпердім. Ол кезде қолдан тігіп киетін. Содан айлық алған сайын сыйлық жасаймын, мәз болып қалатын. Кейін жібектен де көйлек киді, тон да киді, тұрмысымыз да жақсарды. Апам өте шешен, мақалсыз сөз сөйлемейтін керемет әңгімешіл адам еді. Балғабек ескілікті әңгімелерді анасынан сұрап отыратын. Жарықтық 98-ден асып дүниеден озды. Бір байқағаным, ене мен әпкенің көзқарастары әртүрлі болады екен. Енең жаны ашып, әпкелер сыни көзбен қарайды. Балғабек анасын бағып-қағып, қас-қабағына қарағаныма, ағайын-туғандарын сыйлағаныма маған да риза еді. Достарымыздың ішінде жалғыз енесімен тұрған мен ғана. Енемнің батасын көп алдым. Шомылдырған, киіндірген сайын рахметін жаудырып жататын. Апам маған риза болып дүниеден озды. Сол кісінің батасы ма, сексенге аяңдап жеттім ғой.
– Балғабек ағаның тағы қандай жақсы қасиеттерін атаған болар едіңіз?
– Жақсы қасиеттері көп қой, дегенмен марқұм өте балажан еді, олардың болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Кішкентайынан ертегі айтып үйретті. Кейде қызықтыру үшін образға кіріп кететін. Балаларды екі тілді жетік меңгерсін деп, орыс мектебіне бергенмен, қазақша үйренуге өзі көп еңбек сіңірді. Әдеби кітаптар әкеліп, оқытып мұқият қадағалайтын. «Оқыдық», деп алдап жатса, мазмұнын сұрайтын. Содан балалар әкеміз мазмұнын айтқызады деп түгел оқуға тырысатын. Мектепте жүргенде бақылау жасап, класс жиналысына барып, күнделіктерін тексеріп, үйге берілген сабақтарын қадағалайтын. Балғабектің бала тәрбиесіндегі басты ұстанымы, кредосы – баламен әңгімелесу еді. Кішкене кезінде де, есейген шақтарында да әңгімелесуге қашанда уақыт табатын. Кімдермен ойнайды, достары кім деген сияқты. Болмаса, бір тақырып жайлы ойларын айтқызатын. Қыза келіп үй кең ғой, бір қарасаң бірге билеп жүреді, қосылып өлең де айтатын. Өзің білесің, біздің үйге қонақ көп келетін. Қонақ күткенде балаларға қызмет жасататын. Оларды қарсы алдырып, киімдерін іліп, шай алып беріп дегендей. Бәкең айтатын, сөзге араласпаңдар, әңгімелеріне құлақ түріп тыңдаңдар деп. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі тәрбие, әр келген кісіден жақсы сөздер естиді.
Біздің балалардың бәрі арнаулы мектепте білім алды. Мәселен, Балнұр мен Шайнұр К.Байсейітова атындағы музыка, Алматбек пен Алғатбек қазіргі О.Жәутіков атындағы физмат, Дулатбек №56 шет тілін тереңдетіп оқытатын мектептерде оқыды. Өзім О.Жәутіков атындағы мектептің алғашқы ұйымдастырушыларының бірімін. Осы мектепті ашып, қалыптастыруда екі рет Ленинград пен Мәскеу және Новосібірге барып, төрт мұғалім екі ай курстан өттік. Сол кездің өзіндегі Ғалымдар қалашығындағы физмат мектебін көріп, таңғалдық. Университеттің жанында бір факультет сияқты. Жатақхана, асхана, оқу, спорт залдары, бәрі керемет. Барлық жағдай жасалған.
Тағы бір қасиеті достарына адал еді. «Достарды жоғалтып алуға болмайды. Олардың қай әрекетіне де кешірімді болу керек», деген қағида ұстанатын. Сонан соң бауырмалдығы. Туған-туыстан басқа, жерлестерінің, әйтеуір алдына келген адамның барлығына қолынан келгенше жақсылық жасап өтті. Оның бәріне өзім куәмін.
– Сафура апай, өзіңіз №56 мектепте істедіңіз емес пе?
– Иә, алдымен мұғалім, директордың орынбасары, сосын 6 жыл директор болып, зейнетке шықтым. Өзім сабақ берген екі мектептегі 17 оқушым бүгінде ғылым докторы. Бұл енді ұстаз қуанышы, ұстаз мақтанышы. Мақтанды деп ойлама, осы еңбегімнің бағаланғаны ғой, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атағым бар. Өз балаларым да өте жақсы оқыды. Үш ұлымыз, келінім Ләйлә ғылым докторы, қызымыз композитор. Қызметтері де жаман емес, соған шүкір. Балғабектен одан басқа байлық қалған жоқ. Білген адамға одан артық не керек. Бір ғана өкінішім, Шайнұрымнан айрылып қалғаным. Ана үшін бауыр ет баласын жоғалтудан асқан қасірет болсын ба?!
– Балғабек ағаның да өмірден өткеніне 18 жыл толыпты. Ер-азаматыңыздың арқасында талай жақсыны да, жаманды көрдіңіз, төрге де шықтыңыз. Жастарға үлгі болсын қырық бір жылғы ерлі-зайыпты өміріңізге қандай баға бересіз?
– «Қосағыңмен қоса ағар», деп қазақ дұрыс айтқан ғой. Онысы қол ұстасып ұзақ өмір сүріңдер деген батасы ғой. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі жақсы көріп, бірге жүріп-тұруы – ол басқа өмір. Ал еңбек етіп, бала тәрбиелеу, үй болу – ол басқа дүние. Балғабек – ойымнан бір сәт кетпейтін, өмір бойғы сағынышым ғой. Өмірдің заңдылығы ерлі-зайыптыларға мәңгі бірге тұру жоқ, айырылмай ғұмыр кешу мүмкін емес екенін білсең де, соны аңсап отырғаның. Уақыт өзгеріп, заманың өтеді екен. Отағасымен тату-тәтті тұрған да қиын екен. Бір жаман нәрсесін есіме түсіріп ойланайыншы десең де, кілең жақсы жағы басым түсіп тұрады. Қалмаған көңілдің өте бір қиындығы, ол адамнан айырылып қалғанда сең соққандай есеңгіретіп жібереді екен. Өйткені, шәй дескеміз жоқ. Жұмыстан келгенше бәріміз күтіп отыратынбыз. Балалары әкесі, анасы баласы келгенше тамақ ішпейтін. Есікті шырылдатқаннан оның көңіл-күйінің қалай келе жатқанын білетінбіз. Бірде жұмыстан жай келді. Күтіп отырғанбыз. Бір кезде есіктің қоңырауы үздіксіз басып, безілдеп қояр емес. Не болып қалды екен деп, бала-шағамызбен өре түрегелдік. Есікті ашпастан: «Ура, тәуелсіздік алдық! Біз енді қазақ мемлекеті болдық!» деп айқайлап, алақайлап жатыр.
Балғабектің бақыты – артында жақсы ұрпақ қалдырды. Марқұм қашанда: «Ер азаматтың бақыты – үйінде, от басы, ошақ қасында. Жұмысың, бүгінгі отырған креслоң бәрі уақытша нәрсе. Қызмет қолдың кірі. Ең сенімдісі де, шын жанашырың да – ол отбасың», деп отыратын. Міне, Балғабек сол бақытты, берекетті өзі жасап кетті.
– Қазақта әдемі қартаю деген бар, сексеніңіз қалай екен?
– Әрине, күш-қуатың бұрынғыдай емес. Мүжілген кірпіш сияқты, адам да мүжіле бастайды екен. Қатарың бірте-бірте сиреп, моральдық жағынан да қартаясың, туған-туысқандарың, таныстарыңа дейін сирейді. Осы үйге көшіп келгелі 62 жыл болды. Көршілердің орнында ешкім қалмағанын көріп, көңілің құлазиды. Менің түсінігімде құдай алжастырмай, ақыл-есің дұрыс, ел сыйлап, бойыңда кішкене қуатың болып, уақыттың дөңгелегінен қалмай бәрін біліп отырсаң, жақсы қартаю деген сол шығар.
– Балғабек аға 38 жыл бойы бір мекемеде табан аудармай қызмет істеді. Ол кісінің еңбек кітапшасында қызметке алынды, зейнетке шықты деген жазу ғана бар екенін барша жұрт біледі.
– «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық», демекші, алғаш бетімді ашқан редакция қызметкерлері ғой. Тойымызды Бәкеңнің бір бөлмелі үйінде жасадық. Редакциядан оншақты адам келді. Сондағы сыйлаған үстел сағаты біздің отбасында ең қадірлі жәдігердің бірі. Онда: «Балғабек пен Сафураның өмір жолының тоғысуына. 17 июнь, 1954 жыл» деп жазылған. Небір қазақтың марқасқалары, айтулы тұлғалар қызмет жасаған киелі қара шаңырақ қой. Қашанда атымды атамай, айналайын келін дейтін еді. Содан да шығар, редакцияға қайын атамның үйі сияқты баратынмын. Ондағы қызметкерлердің қай жылдары қызмет істегенінің бәрін білемін. Оның үстіне Бәкең де редакцияда болып жатқан жаңалықтарды, кілең айтқыштар емес пе, олардың тауып айтқан ұтымды сөз, ұшқыр ойларын әңгіме етіп жеткізіп отыратын. Мысалы, мен келін болып түскенде қазақтың қабырғалы ақыны Хамит Ерғалиев экономика және транспорт бөлімінде тілші екен. Сол тақырыпта мақала қорытады, өзі де жазуы керек. Арқалы ақын ғой, өзінің жанына жақын тақырып болмаған соң, шаршап кететін көрінеді. Бірде бір мақаланың шекесіне: «Айналмалы қаражат, айналмасаң қарап жат», деп бұрыштама жазып қоя салады. Ол кезде бас редактор Аққұлов шақырып алып, Хамит мынауың не десе, «енді қайтемін, экономикадан басым қатып кетті» депті.
– Балғабек ағаның жұмыс істеу стилі қалай еді?
– Бір жұмыс бастаса, оны бітірмей орнынан тұрмайтын. Шапшаң жазатын. «Алатау» романын жазып, Қазыбек бек Тауасарұлының жазбаларын тауып, («Түп тұқияннан өзіме дейін») кітап етіп бастырғанда, мойнынан жүк түскендей қуанып, көпке дейін ерекше көтеріңкі көңіл-күйде жүрді. Балғабектің бір басты қасиеті – өмірі ішімдікті аузына алып, шылым шекпеген адам. Сол қасиетін балалары да ұстанды. Бір баламыз арақ ішпейді, шылым шекпейді. Ауылға тойға барғанда басқалар гу-гуге басып жатса, Бәкең бір-екі шалды ертіп алып, бау-бақшаның ішінде әңгімелесіп, етбетімен жатып алып, жазып жататын. Балғабек әңгімені көп тыңдайтын.
– Әйелдің бақыты неде?
– Әйел бақыты – өзіңді түсінетін, өзіңді сыйлайтын, тіпті өзі арқылы өзгеге сыйлаттыра білетін ер азаматында. Егер әкелері анасын сыйлап тұрса, онда балалар да ондай әкені сыйлап, жерге қаратпайды. Әрине, осындай құрметті көріп тұрған әйел ақыл-есі дұрыс болса, ерінің жасаған осы ықыласын екі есе қайтаруға тырысады ғой. Міне, сондай түсіністік, сыйластық отбасының діңгегін, тірегін мықтай түседі. Ал ананың бақыты – жақсы балада, жақсы келін, жақсы ұрпақ жалғастығында. Қартайғаныңда балаларың бетіңе жел болып тимесе, жақсы киініп, дұрыс жүріп, барғың келетін жерге барсаң, бала, келін, немере барлық жайды ақылдасып шешіп жатса, сенің айтқан әңгімеңді тыңдап, ұғып отырса, көршіңнен бастап елің, халқың сыйласа ананың, әженің бақыты сол. Яғни, ананың бақыты – баласының әрбір қадамында, соған шүкірлік жасап отырғаныңда.
– Асылы, қарапайым қазақ әйелінің өмірдегі тауқыметі аз емес. Ал өмірін шығармашылыққа арнаған адамның жары болудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ендеше, бұл ретте қандай басты қасиеттер болуы шарт деп ойлайсыз…
– Қалай дегенде де, күйеуі журналист, жазушы болсын, болмасын қазақ әйелі отағасының шыққан тауы биік болса деген тілекпен жүреді ғой. Ал тағдыр саған журналистің, не жазушының, әйтеуір, шығармашылықпен айналысатын адамның жары болуды жазған екен, меніңше, халықтың сөзін сөйлеп, ұлттың қамын жейтін, көпшілікке қызмет ететін ер азаматыңа шамаң келгенше жағдай жасап, бір жағына сүйеу, тіреу болу міндетің деп білемін. Бір білерім, әйел адамның артық сөз айтпағаны ең абзалы. Ал өтірік айтқан әйелдің ісі қай халықта болса да жақсылыққа апармайды. Шамасы келсе, әйел адам аз сөйлеп, көп тыңдап, өзінің жолын, жөнін жақсы біліп, нәзіктігін жоғалтпаса дейсің. Жағаласып сөйлеп, ерінің сөзіне араласу әйелге тән мінез емес, ол – тәртіпсіздік. Ал шығармашылық адамның әйелінде осы міндеттерге қоса жауапкершілік қатар жүреді. Жалпы, журналист, жазушының әйелі психолог болуы керек. Қалайда олардың алаңдамай жұмыс жасауына жағдай туғызып, отбасының басқа майда-шүйде тірлігіне араластырмай, көңіл-күйін, режімін бұзбай қолдап, яғни бар ықыласы кітап, болмаса музыка жазып отырған күйеуінің үстінде болуы тиіс. Мысалы, киімдері, қағаздары, т.б. заттары қашанда өз орнында тұрады. Тіпті оң қалтада тұратын заттары сол қалтаға, не төсқалтаға түсіп кетпеуі, ертеңгі киетін киімдері өтектеліп дайын тұруы керек. Бұл оларға отбасы жағынан жасалған көмек, қолдау. Балаларды да соған ыңғайлап тәрбиелеп, әке беделін арттырып отырған абзал. Бәкең кейде жазған дүниесі біткенде, оқып беретін. Мен ойымды айтып, қуанатынмын. Ол оны сезетін. Ал кітабы жарық көргенде отбасында үлкен қуаныш, мейрам.
– Сафура апай, өзіңіздің де үш ұлыңыз бар, ал өзіңіз қандай енесіз?
– Қазір уақыт басқа. Қазакем «келінге – келін болсаң жағасың» дегенді де айтқан. Құдағиларыма: «Мен енемнің өзіме жасағандарын келіндеріме істегім келмейді», – деймін. Енемізге айлығымызды әкеліп беретінмін, ақшаны өзі ұстайтын. Келінге билік, еркіндік бере қоймайтын. Сандықтың кілті бертін келе қолымызға тиді. Ал мен оқыған, көзім ашық енемін ғой, олардың өздері еңбектеніп тапқан ақшаларында жұмысым жоқ. Кіші ұлым Дулатбек қолымда. Келінім Индира көргенді, жақсы бала. Балаларыма, келіндерімнің барлығына ризамын. Қазақ айтады ғой, «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», деп. Балғабектің ағайын-туғандарына, еліне рахмет. Азаматым жоқ болса да, еш жерден қалдырмай, шақырып жатады. Бәкеңнің жасаған жақсылығы да алдынан шықты. 1995 жылы қайтыс болғанда қиын уақыт еді ғой. Халық көтеріп кетті. Қазір Балғабектің атында мектеп те, ауыл да бар. Ескерткіш мүсінін де солар орнатты. Мерейжасын да дүркіретіп өткізіп жатты. Міне, жақсылығы қайтқан деген осы емес пе.
– Әдемі әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».