Сәкен Иманасов
Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:15
Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 75 жасқа қараған шағында қазақ қара өлеңінің ерен жүйрігі, көрнекті ақын Сәкен Иманасов өмірден озды.
Ол 1938 жылы 2 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында туған. Қазіргі Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін темір жол құрылысында қатардағы жұмысшы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болған. Аудандық, кейін келе «Лениншіл жас» газеттерінде, облыстық партия комитетінде,
Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:15
Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 75 жасқа қараған шағында қазақ қара өлеңінің ерен жүйрігі, көрнекті ақын Сәкен Иманасов өмірден озды.
Ол 1938 жылы 2 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында туған. Қазіргі Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін темір жол құрылысында қатардағы жұмысшы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болған. Аудандық, кейін келе «Лениншіл жас» газеттерінде, облыстық партия комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған. «Балдырған» журналында, «Қазақ мемлекеті» газетінде, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында істеген. «Жазушы» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор болып жемісті еңбек еткен. Алматы облыстық әкімдігінде жауапты қызметте болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Алғашқы өлеңі 1956 жылы жарық көрген. Содан бергі кезеңде: «Туған ауыл», «Ақ айдын», «Ақ дариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Алтын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары, 1993 жылы шығармаларының екі томдығы жарық көрді. 1998 жылы бір томдық таңдамалысы, 2001 жылы «Қаламдастарым мен замандастарым» атты эсселер, пайымдамалар, арнау өлеңдер кітабы шыққан. 2003 жылы «Елорда» баспасынан соңғы оншақты жыл ішінде жазылған өлеңдері «Өткірдің жүзі», естеліктері «Жазушы» баспасынан «Қалам мен заман» деген атпен жарық көрді. «Жазушы» баспасынан 2007 жылы шығармаларының екі томдығы, 2008 жылы таңдамалы шығармаларының 5 томдығы, балаларға арналған «Жәнібек пен атасы» атты кітабы шықты.
Көркем аударма саласында оның тәржімасымен Шығыс шайыры Жалаладдин Руми, орыс ақындары А.Кольцов, В. Маяковский, ангола ақыны А.Нетто, саха ақыны М.Ефимов, қырғыз ақындары А.Рысқұлов, С.Жусуевтердің кітаптары басылып шықты.
Бірқатар республикалық бәйгелерде жүлделі орындарға ие болған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының және Алакөл ауданы мен Үшарал қаласының құрметті азаматы.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.
Нағыз аламанның сәйгүлігі
Әлгінде ғана Бақытжан Момышұлының үйіне кіріп, отбасына көңіл айтып шыққаным сол еді, соңымнан тағы бір суық хабар қуып жетті: Сәкен қайтыс болыпты… Ақын Иманасов… Төбемнен жай түскендей болдым. Қайран менің аяулы досым! Екеуміз бір жылғы төл едік. Әзіліміз жарасқан құрдас едік. Менен шымшым үш ай кішілігі бар болатын. Қалжыңымызға әмсе осы жәйт түрткі еді. «Оу, інішек», – деп бастайтынмын мен сөзімді кездескен сайын. «Оу, менің Марал ағам», – деп күліп сәлемдесетін ол. «Ассалаумағалейкүм, Марал ағам, жалықпай дүние жүзін аралаған», – деп қосып қоятыны бар-ды. Құрдасымның осы әзіліне шынымен-ақ зар болып қалғаным ба?!
Сәкенмен алғаш рет 1959 жылы таныстым. ҚазМУ-дің филология факультетіне бірге түскен едік. Әдебиет дейтін киелі ордаға өзі қатарлы кейбір жігіттерше дуылдатып-шуылдатып кірген жоқ. Әдептен жаңылмай, байыпты сөйлеп, аптықпай енді. Аламанға түсетін нағыз сәйгүліктің мінезін танытты. Алқынған-жұлқынған біраз жас «тай жарыста» ғана ұшқырлық көрсете, «құнан жарысқа» іліккендер де біртіндеп шаң қауып қалды. Ал Сәкен сәйгүлігінің тізгінін тартып ұстап, үнемі өрге тартатын ұлан бәйгенің жел жағында, еркін шауып отырды. Араға ондаған жылдар салып, екеуміздің жолымыз қайта қиысқанда, ол танымал үлкен ақын еді. «Жазушы» баспасында екі жылдай бірге істедік. Достығымыз сол жерде басталды. Ол әуелде редакция меңгерушісі еді, соңыра бас редактордың орынбасары, бас редактор болды. Маған оның тыңғылықты іскерлігі ғана емес, ұстанымы берік, адалдығы ұнайтын. 150-ден астам кіл сайдың тасындай ақын-жазушыдан құралған салиқалы ұжым алдында Сәкеннің беделі биік еді. Жалтақсыз тура сөйлейтін, әділ сөйлейтін. Керекті жерінде бетің бар, жүзің бар демейтін. Сондықтан көбісі-ақ одан жасқана, ығып жүретін. Бірақ қиянатқа жоқ еді. Әріптестерін қолдай да, қорғай да білетін.
Мен оның кісілігімен қатар ақындығын да қатты құрметтейтінмін. Мерзімдік басылымдар бетінде жарық көрген өлеңдерін оқымай жіберген емеспін. Бір жолы үлкен топтамасымен танысып шыққан соң, болашақта керегі болар деген ойларымды қағазға түсіріп отырып: «Ақын күйрек тарта бастаса, кемелдікке қол артқаны», деп жазып қойғаным есімде. Шынында да, ол кемел ақын еді. Ұстамды, парасатты ақын болатын. Ойлы жырлар жазды. Ойлары кесек еді. Пікірлі еді, тауып айтатын. Жеңіл-желпі сөзге жоқ еді. Сондықтан да поэзия өлкесінде өте абыройлы болды. Ресми атағы бар анау-мынау жазушыдан еңсесі биік тұратын. Оның талант қарымын қай-қайсымыз да мойындайтынбыз. Әдебиеттегі абырой ресми атақпен емес, қаламгердің тырмысып шыққан биігімен өлшенетінін анық дәлелдеген кісінің бірі – осы Сәкен. Өзі бақиға аттанғанмен, фәниге мәңгілік мұра қалдырып кетті. Жетпіске толған шағында шығарған бес томдығы қазақ поэзия әлеміндегі бес биік шоқы болып қалары кәміл. Көңілімізге сол медеу. Қайран досым, өмірдегі орның да, әдебиеттегі орның да ойсырап қалды ғой. Бақұл бол, бауырым! Жаның жәннатта болғай!
Марал ЫСҚАҚБАЙ,
жазушы.
Ондай мінезді ақын қайда, енді…
Қазақтың сөз өнері атты әлемге өткен ғасырдың 60-жылдарында келіп қосылған пассионар бітімді ұрпақтың бір өкілі Сәкен Иманасов еді. Осы ұрпақтың өмірбаяндары, тіршілік өрімдері, тіпті дүниетанымдары бір-біріне ұқсас көрінгенмен, шығармашылық қолтаңбалары, темпераменттері, суреткерлік айшық-оюлары ерекше оқшауланып, дараланып тұрады. Мәселен, Мұқағали мен Төлегенді, Қадыр мен Тұманбайды, Жұмекен мен Өтежанды замандастары ретінде бастарын біріктіруге болғанмен, бұлардың ақындық өрістерінің алшақтығын аңғару қиын емес. Осы ақындар осындай қасиеттерімен қымбат.
Солардың арасында Сәкен Иманасовтың да төбесі көрініп тұр. Жай көрініп тұрған жоқ, мен мұндалап, ерекшеленіп, әдеттегідей еркінсіп, мойнына бұғалық салдырмайтын асаудай тарпаң мінезін анық танытады. Асылы, мінезсіз шын ақын дүниеге келе қоймайды. Сәкен де осылардың сойынан еді. Оның қай кітабын оқысаңыз да, әділетсіздікке, қиянатшылдыққа, әрекетсіздікке, жағымпаздыққа, дүниепарастыққа, тойымсыздыққа толып кеткен ортасына ашынған ащы жырын естиміз. Әрине, өмір-тұрмыстың сан қырлы сәуле-бояуларын анық ажырата білетін ақын шығармаларынан жақсылық пен қайырымдылықты, достық пен махаббатты асқақтата жырлаған жарқын муза әуендерін де жиі естиміз.
Осындай ақындардың шығармашылық өмірі ұзақ болатынына біздің сеніміміз кәміл.
Оразбек СӘРСЕНБАЙ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Алғаусыз жырдың адырнасы
Ойда жоқта опындырып Сәкен ағамыз да өмірден өте шығыпты. Опасыз жалған деген осы. Сабырхан Асановтың, Сағи Жиенбаевтың, Қалдарбек Найманбаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің ақыреттік досы еді. Біз соңғы ширек ғасырда осылардың соңына ерген іні болып едік. Биылғы ерте күзде телефон шалғанымда: «Сен де алыстап барасың», деп ағалық назын айтып қалып еді. Бір жылдай бұрын Орталық ауруханадан екеуміз оңаша бөлме алып, бір апта денсаулығымызды тексерткен болатынбыз. Көңілде секем жоқ еді. Соның алдында ғана Тұманбай ағамен бірге өткізген бір айымыздың әр күнін еске алып, рахаттана сырласып едік. Өте әңгімешіл еді. Әңгімені егжей-тегжейімен, ұсақ-түйегіне шейін тәптіштеп, қызықтырып айтатын. Әсіресе, аға досы Тұманбай туралы бірінен бірі өрбіп жататын, сыйластыққа, құрметке толы әңгімелерінің ғибраты мол болушы еді. Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев үшеуің қазақ жырының үш арысы едің ғой деген сөздерім Сәкен ағаның мерейін тасытушы еді. Анық елпілдемесе де, ішінен марқайып қалатынын аңғаратынмын. Шынында да, елде жүріңкіреп, Мәскеуде оқып, поэзияға есейген шағында біржола ден қойған Сәкен аға шеберліктің шыңына шалдықпай шыққан қапысыз ақын еді. Өлең сөзінің арасына қылау түсірмейтін шалқар шабытына тәнті болушы едік. Ноқтаға басы сыймайтын өр мінезі де ақындық табиғатының жалғасы секілді жарасымды болатын. Иілмейтін, илікпейтін қалпымен, жалғандық атаулымен ымыраға келмейтін тәкаппар болмысымен адалдыққа, тазалыққа құштар еді. Өзіне арнаған біздің бір өлеңіміздегі:
Өмір өрге бастаса екен,
Қабақты мұң баспаса екен.
Сызданасың сыртыңменен,
Жоқ секілді басқа Сәкен.
Жылдарменен жарысқандай,
Кеңеюде қарыс маңдай.
Ызаланған кездеріңде,
Арылдайсың арыстандай.
Одырайған орыс ағам,
Дидарыңнан дәріс алам.
Жақтырмайсың жан баласын,
Қарыздардай бәрі саған.
Бір киетін киімдейсің,
Түнерсең де, түйілмейсің.
Сынар жерде – сынасың да,
Илікпейсің, иілмейсің.
Сүрлеудейсің, соқпақтайсың,
Аяр көрсең – аттатпайсың.
Ашуланған адамыңды
Кітап жазып тоқпақтайсың.
От шашатын шақпақтайсың,
Сапарыңды тоқтатпайсың.
Барлық Сәкен атаулыны,
Жалғыз өзің жоқтатпайсың, – деген жолдарды ырзалықпен қабылдап еді. Ұлытауда, Қарағанды мен Павлодарда, Талдықорған мен Шымкентте бірге жүрген сапарлар көңілде қуанышымен сайрап тұр. Сәкен Иманасовтың талғамымен сүзгіден өткен туған поэзиямыздың Қазақ радиосындағы антологиясы да дер кезінде атқарылған игі шаруа болды-ау деп ойлаймын. Алакөлін арманындай аялаған аяулы ақын ақырғы сапарына да алаңсыз аттанған шығар. Өйткені, оның жауһар жырдан жасаған мұрасы бір ақынның пешенесіне аздық етпейді.
Бақұл бол, аға!
Жүрсін ЕРМАН,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Достыққа адал жан еді
Кім келіп, кім кетпеген жарық дүние бұл. Ақындық сұлу-сырбаз, табиғатынан тәкаппар қалпынан бір айнымайтын, жігіттің сырттанындай болып жүретін Сәкен – Сәкен Иманасов та бақилыққа аттаныпты деген хабар естіп отырмыз.
Сәкен – сыпа талантты ақындарымыздың бірі – бірегейі еді. Өзінің шұрайлы қаламгерлік жолында ұлттық дәстүрлі, сұлу поэзияның қалыбын берік сақтаған, «қазақтың қара өлеңіне» адалдықпен еңбек еткен, әсірешілдіктен аулақ, шынайы ақын болды.
Өмірде табанды, бір сөзді, мінезді кісі еді. Бала кезімізде зерделі үлкендердің әлдекімдерді «бұл бір жүрген торғай ғой» деп отырғанын естуші едік. Сол «торғайлар» көбейген мына кезеңде Сәкен Иманасов ол топтан қашық жүрді. Анда олай сайрап, мұнда былай сайрап жүретін, қыздырма қызыл сөзді ұшып-қонбалықтан аулақ жан еді.
Достыққа да берік, адал, жарасты табиғаты бар-ды. Сонан соң да шығар, Қасым Қайсенов тәрізді ағалары, Тұманбай Молдағалиев, Қалдарбек Найманбаев тәрізді қатарлары іссапарға шықса, әлдеқайда бара қалса Сәкенмен жүруді қол көріп тұратын.
Енді міне, қас-қағым сәтте осындай жайсаң жан да бақиға аттанып кетіпті. Пейішке бет алсын деп тілейік.
Топырағың торқа болсын, Ақын, Азамат!
Берік ШАХАНҰЛЫ,
жазушы.
Арын аспандатқан азамат
Сәкен айтарын іште бүгіп қалмайтын, кімге де болса, тайсалмай, қасқайып тұрып тіл қататын адуынды азамат еді. Сірә, бұл мінезі оған туа біткен. Сол мінезін ол барлық жерде де көрсетер еді. Оны жақын араласқан достары да, ағайын-туыстары да, шығармашылық қауым да білетін. Бұл мінездің біреуге ұнауы да, біреуге ұнамауы да заңды. Алдымен ол басқалардан жоғары тұрғысы келетіндерге ұнамасы анық. Ал Сәкен ешкімнен орынсыз төмен тұрғанды қаламайтын.
Жоқ, Сәкеннің өркөкіректігі де, тәкаппарлығы да жоқ еді. Қиянат көрсе, үндемей қала алмайтын әдеті. Әйтпесе, үлкенге құрмет, азаматты сыйлау – бұл да Сәкеннің бойына туа біткен қасиеттер. Оның Қасым Қайсенов, Тұманбай Молдағалиев секілді ағаларымен әзіл-қалжыңды араласы қандай еді! Әдемі еркелей алатын. Мінезі жарасқан құрбы-құрдастары мен қарым-қатынасы ше?! Өзінен кішілерді де еркелете білер еді.
Осы мінез оның шығармашылығына да тән. Оның жырларынан азаматтық асқақ әуен атой салып, адалдыққа, арлылыққа шақырып тұрады. Жұртқа Сәкеннің өлеңдері сонысымен ұнайды.
Айтам бүгін – айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен.
Ар алдында мен өзімді әрдайым,
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем, – деген шумақты Сәкең ғана жазады.
Тағдыр бізге Сәкенмен біраз бірге жүруді жазды. Құрдас едік, дос едік. Қуанышымыз ортақ еді, қиындықты бөлістік. Жаны шуақ шашқан, досқа тірек азамат еді. Оның достары да көп болатын. Енді оны сол достары іздейді, жоқтайды. Барша қазақ адуынды ақынын іздейтін болады. Табатыны – оның артында қалдырған өлмес мұрасы.
Мамадияр ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі.