Смағұлдың сырлы саздары
Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:11
Смағұлмен алғаш рет баспасөз бетінде бірді-екілі өлеңдері қылтиып көріне бастаған жас қаламгерлердің жиынында танысқан едік. Ол кезде Еркеш Ибраһим, Нұрғожа Оразов, Төлеген Қажыбаев, Нұрмияш Көбенов, Жайық Бектұров сынды сыйлы ағаларымыз бәрімізге жол көрсетіп, жөн сілтеп жататын. Смағұл қалай дегенмен де аймақтағы іргелі орта, өзі туып-өскен облыс орталығы Ақмолаға табан тіреді. Радио, одан әрі теледидар саласында еңбек торысы болып, ерінбей-жалықпай қызмет жасады.
Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:11
Смағұлмен алғаш рет баспасөз бетінде бірді-екілі өлеңдері қылтиып көріне бастаған жас қаламгерлердің жиынында танысқан едік. Ол кезде Еркеш Ибраһим, Нұрғожа Оразов, Төлеген Қажыбаев, Нұрмияш Көбенов, Жайық Бектұров сынды сыйлы ағаларымыз бәрімізге жол көрсетіп, жөн сілтеп жататын. Смағұл қалай дегенмен де аймақтағы іргелі орта, өзі туып-өскен облыс орталығы Ақмолаға табан тіреді. Радио, одан әрі теледидар саласында еңбек торысы болып, ерінбей-жалықпай қызмет жасады. Радио торабындағы қауырт жұмысы оны елмен етене араластырып, түрлі тағдырларға жолықтырып, күнделікті күйбең тірлігімен шыңдай түсіп, осы жанрдың өзіне тән ерекшеліктерімен жазу мәнерін бейімдеп, қаламгерлік қарымына, шығармашылық шырқауына игі әсер етті ғой деймін. Әсіресе, Әскен Нәбиев, Хажымұрат Рахимов, Нұрғожа Оразов, Мәди Хасенов, Нөгербек Мағзұмов, Төлеген Қажыбаев, Алдан Смайыл, Жарасбай Нұрқанов, Амантай Кәкенов және басқа ағаларынан көп нәрсені үйреніп, талабы зор да, қаламы жорға жазушы болып шыққаны анық.
Кеңестік кереғар саясат кенегесін кептірген, тың игеру науқаны тынысын тарылтқан ұлттық рух тұрғысындағы Ақмоланың ол кездегі жағдайы мүшкіл еді. Бүкіл түстіктегі өңірлерге тән замананың сол қиындықтарын серпу үшін, алаш айбынын аласартпай, халқымыздың рухани болмысын жоғары ұстап жүру үшін жоғарыда аталған азаматтардан бастап, журналистика, әдебиет, мәдениет, өнер, білім және басқа салаларында жүрген көптеген жергілікті азаматтар талмай қайрат қылды, күресе білді. Сол қаһармандардың бел ортасында баяғы алаш ардагерлерінің аты мен затын мирас еткен біздің Смағұлдың, Мағжандардың да жүргені анық. Олар елордамыз Есіл-Нұраға ескегін бұрып, Астана Арқа төсіне қоныс тепкенде ғана сол бір күрес байрағын зиялылардың жаңа легіне тапсырды. Қалған шаруа Астананың тірлігімен астасып кете барды.
Смағұл Рахымбек бірнеше жыр жинақтарының, «Ару мен арлан», «Көңіл шуағы», «Темір тордағы тіршілік», «Айдындағы ақ желкен», т.б. прозалық кітаптардың авторы. Бірталай прозалық, поэзиялық дүниелерді ана тілімізде сөйлеткен шебер аудармашы. Талай телехикаялар мен телехабарлардың шоғырын жасап жүрген танымал қаламгер. Қазақстан Журналистер одағының публицистерге арналған Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
Автор өзі таңдаған тақырыптан рухани мәнді, танымдық дәнді дәл тауып алып, өз шығармасына алтын арқау етеді. Өткен заманның яки қазіргі күннің жай адам байқай бермейтін суреттерін көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, көз алдыңа алып келеді. Тарихи оқиғаларды қайта қорытып, шеберлікпен қырнап, екшеп алады. Шығарма өзегіне айналған тарихи тұлғамыз, танымал кейіпкеріміз жайшылықта ескеріле бермейтін жаңа бір қырынан ашылып, сол бір сәттегі, жарқ еткен кадрдегі қалпымен есте қалады. Қазіргідей қарбалас уақытта, қалың кітаптарды оқуға уақыттың қат кезінде, көркем шығармалардың көп таралыммен қаптап шығып жатпаған тұсында оның ірі жанрға бергісіз әлгі көркем әңгімелері, эсселері мен новеллалары аса тартымды оқылып, өзінің шынайылығымен, шымырлығымен ерекшеленді. Осылайша ол өнер адамдарының, ұлы тұлғаларымыздың, адамзат алыптары бейнесінің тұтас бір галереясын жасады.
Бұл орайда, жазушының Жаяу Мұса, Мағжан, Сәкен, Әсет, Құлтума, Мәшһүр Жүсіп, Қасым, Мұқағали, Ерзакович, Ілия Жақанов және басқа да қас таланттарымыз бен өнер адамдары жайлы, «А.С. Пушкиннің махаббаты», «Эх, Натали, Натали», «Лев Николаевич Толстой жайлы толғаныс», «Баронессаның бақыты» шығармаларын, Тезек төре, Сейілбек Жанайдаров пен Жақып Ақбаев әулетінен шыққан, қуғын-сүргін құрбаны болған дәрігер Зұфнун туралы танымдық дүниелерін атап айтқан орынды.
Құт қонған Қорғалжынның құс қанатты қаламгері, Қарашалғынның түлеп ұшқан қаршығасы қиядан шалып, тағдырдың талқысына тап болған өнерпаз жүректердің өлмес рухымен сырласады: «Тайга ішінің аязы бүгін ерекше шаңытып тұр. Барактан барынша жылы киініп шыққан қария қуаты қайта бастағанын бойының лезде қалтырап қоя бергенінен аңғарғандай болды. Қалың оппа қардан малтығып, бірер аттап үлгергені сол еді, жайдың оты түскендей әлде не жақын маңнан шатыр етті. Қарағай, самырсындар селк етіп, ағаштардың өн бойларынан қар көшкіні саулап қоя берді. Еңсегей бойлы қария өзін басып қала жаздаған ақ ұлпадан үсті-басын қағынып, арылысымен-ақ қарсы алдына көз салды. Әлгінде ғана тұлғасы аспандай зорайған алып қарағай аязға шыдамай қақ айырылған екен. Өзегінің қызғылт беттерінен сары алтындай шырыны бұлақ болып ағып жатыр. Ғұмыры біткен соң, қарағай да жылайды екен-ау деп, тебіренді ақын жаны. Дұшпандарының жаласымен Қиыр Шығысқа айдалып келгелі Үкілі Ыбырай болмысы боркеміктікке ауысқандай ма қалай. Көзіне жас алды…Жо..жоқ! Ақынның Айыртаудай ардағын, Көкшетаудай қымбатын, өзін әз көтерген асыл жұртын сағынғаны бұл…».
Автор «Шәкәрім қажы мен голландық Альвин Бимбоэс» атты әңгімесінде дана ақынның дара тұлғасын бейнелей отырып, қатпар-қатпар танымдық тың деректерді де үсті-үстіне қоса ұсынады: «Жауыннан соң байтақ даладан жамырай бері жүгіретін сансыз жылғалар Есіл өзенін жаз бойы әлдерінше молықтырып жатады… Үнемі үстінен қызыл әскер киімін тастамайтын Альвин Бимбоэстің де Ақмола политотделіндегі күндізгі нұсқаушылық жұмысынан соң, қал-қадерінше дем алатын маңы осы өзен жағалауы… –Шәкәрім ақынның тек Шығыстың ғана емес, Еуропа философтарының да еңбектерінен хабардарлығы таңдандырады,– деді, Альвин кешкілік серуенге өзімен ере шыққан, біраздан бері «Музыкалық этнография» еңбегіне қазақ музыкасы туралы деректер жинап жүрген омбылық ғұлама Финдейзенге жүзін бұрып, манағы қаладағы Кубрин көпестің үйіне орналасқан Ақмола совдепінен шыға басталған әңгіменің желісін қайта жалғап…1926 жылы голландық музыка танушы Альвин Бимбоэс нотаға түсірген Шәкәрімнің екі әні Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағына қазақтың өзге де 25 әнінің қатарына енді. Кейін осы жинақты Альвин туған елі Голландияға ала кетті». Міне, бұл да Смағұл шығармашылығының әңгіме өзегіне ой өрісін қоса өріп отыратын өзіне тән бір қыры. Мұның бір шарты, шығармаға бойлау үшін оқушының азды-көпті дайындығы керек, яғни ол жоғарыда келтірілген бес-алты сөйлемнен Шәкәрім әлемінен басқа, Альвинді, Финдейзенді, Кубринді, совдептің не екенін біліп алуға тиіс немесе солар арқылы көркемдік әсермен бірге, жаңа мағлұмат алады.
Қаламгердің туған ауыл жайында, бірге өскен бауыр жайында жазылған жан сырлары да ешкімді селқос қалдырмайды: «Туған ауылыма жеттім!.. Әке-шешемнен қалған қоңыр салқын, үлкен саман үйде отырған бұрынғы механизатор Шортан ағам қуана қарсы алды. Келіншек кезінде дала мен қаланың арасына талай «соқпақ» салып, ауылдастары тарапынан «саяхатшы-турист» атанған ақ көңіл, дабдырлаған жеңгем жаны қалмай, апамның көзіндей, бүйірі майысып қалған жез самауырынға құдықтан мұздай су қотарып, етегіне сүріне жүріп, шәй қойды…Самауыр мұржасынан жан анамның тірі кезіндегідей, көк шуда түтін көңілдене көкке көтеріле жөнелді» деп, әркімнің жүрек түкпіріндегі ауылға деген сағыныш сезімін оятып, тағылымды түйін жасайды.
Тәуелсіздік тағылымдарымен бірге, адамдарды алды-артына қаратпай, бір дәуірден екіншісіне ауыса жөнелген қауырт замананың жүректерге түсірген жүз батпан жүктерінің зардабы да жазушының назарынан тыс қалмайды. Соның бірі бірге өскен Бораш жайлы мұңды хикая. Зор талаппен ер жетіп, ақыр соңында тағдыр тәлкегіне ұшырап, болмысы бордай тозған Бораш тағдыры өте аянышты, ол бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның да жан жарасы. Жазушы әлгіндей бейнелерді де оқырманмен жүздестіре, талайлы тағдырға ортақтастыра отырып ой түйеді. Қарашалғынның қарлығашы құтты ұясын қия алмай, қатарласына пана бола алмай, қанатымен су бүркеді…
Тортай СӘДУАҚАС,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
АСТАНА.