Елінің еркіндігін аңсаған
Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:13
Лениншіл Рүстемовтің қазақ ғылымына қосқан еңбегі ұшан-теңіз
«Сағат онбірлердің кезі. Ұзынша бойлы, сұлулау келген бір жігіт еніп келді. Әдемі жігіт. Жаманатқа қиып ауыз барарлықтай емес.
– Сіз кімсіз? – дедім.
– Мен Рүстемұлы Зиябекпін.
Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:13
Лениншіл Рүстемовтің қазақ ғылымына қосқан еңбегі ұшан-теңіз
«Сағат онбірлердің кезі. Ұзынша бойлы, сұлулау келген бір жігіт еніп келді. Әдемі жігіт. Жаманатқа қиып ауыз барарлықтай емес.
– Сіз кімсіз? – дедім.
– Мен Рүстемұлы Зиябекпін.
Кескініне қарай қалдым… Әңгімеге кірістік. Сөйлеген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме жетті. Шешен, сөз тапқыш жігіт екен. Өзімше дәлелдерімді айтайын деп едім, аузымды аштырмады. Бар тапқаным, «кәдік» дей беріппін. Зиябек өз сөздерін айтып жүріп кетті».
Бұл атақты жазушы Сәбит Мұқановтың Оңтүстік өңірден шыққан айтулы ақын, журналист, қоғам қайраткері, кейін жалған жаламен сталиндік репрессияның құрбанына айналған, Зиябек Рүстемовке «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1926 жылғы 19 тамыздағы № 618 санында берген сыпаттамасы. Зиябек – ғалым ағамыз Лениншіл Рүстемовтің әкесі.
Мені ол кісі студент кезден жанына тартты. Дипломдық жұмысты қорғайтын көктем кезі. Деканымыз – Темірбек Қожакеев. Қорғау комиссиясының жұмысына проректор Лениншіл Рүстемов қатысады дегенді естігенмен, бұл сөзге аса мән бермегенмін. Көзінде көзәйнегі бар, атжақты, ұзын бойлы жігіт ағасы келіп, диплом жұмыстарымызды үнсіз тыңдап отырды. Менің кезегім келгенде бірнеше рет сұрақ қойды. Диплом жұмысын қорғап болған соң, жаңағы кісі Темірбек Қожакеевпен бірге қатар тұрып, қолымды қысып: «Жақсы зерттелген дүние екен, келесі кандидаттық жұмысыңның тақырыбы да сол болсын», деді. Сонда барып бұл адам бағанағы айтқан проректорымыз Лениншіл аға Рүстемов екенін түсіндім. Ертеңіне ректораттың 12-қабатындағы кабинетіне бардым. Ол кісі орнында екен. «Басында Қазығұрттың…» деген жаңа шыққан кітабының алғашқы бетіне: «Бітер істің басына, жақсы келер қасына. Л.Рүстемов», деп қол қойып, маған ұсынды. Сөйтіп, ғылымға алғаш қадам басқан аспирант кезде Лекеңнің қолтығыма қыстырып жіберген сол кітабы маған біраз азық болды. Осы тақырыптағы кандидаттық диссертациямды қорғап шығумен қатар, ақын, публицист, қоғам қайраткері Зиябек Рүстемов жайлы «Зиябек ақын мұрасы» атты монографиямды жарыққа шығардым. Студент кезде жай аралас-құралас болғанмен, ағамыздың ішкі дүниесін шын ұға алмағанымды Зиябек ақынды зерттей жүріп, кейін түсіндім.
Сөйлеген кезде мақалдап, астарлап, әр сөзіне салмақ беретін Лекең НКВД-дан көрген қорлығы болар, көпшілік ортасында әңгімеге сараң әрі өте абай болатын. Оқыстан қарай қалған адамға көзінің тұңғиығындағы мұң мен қайғы анық байқалушы еді. Сабырлы да салмақты ағамыздың қара қылды қақ жарған әділдігінен қаймығатын табанының бүрі жоқ жандар ол кісіден алыс жүретін. Терең білім, ақыл-парасат Лекеңді министр дәрежесіне көтерсе, бойына атадан берілген адамгершілік қасиеттер оны айналасына сыйлы етіп танытты.
Өз ісінің білгірі, білім саласының ірі ұйымдастырушысы Лениншіл Рүстемов әкесі Зиябек жала жабылып итжеккенге айдалғанда бар-жоғы 5 жаста болатын. Бұл қазақ халқына қасірет боп төнген 1937 жыл еді. Қазақ зиялыларының алды қынадай қырылып, соңы түрмеге қамалып жатқан. Қоғамға қауіпті адамдардың бірі ретінде Зиябекке де «халық жауы» деген қалақша ілініп, ит тұмсығы өтпес Колыманың қалың орманына жіберіледі. Лениншілдің әпкесі Мәлика мен ағасы Шахзаданы сол кезде істі болғандар мен халық жауларының балалары тәрбиеленетін Түркістандағы орыс балалар үйіне тапсырады. Ұлы мен қызынан көз жазып аңырап қалған Қалипа шешей кенже ұлы Лениншілді ертіп төркінін паналайды. Балалары мен жарынан тірідей айырылып, іштегі шер-құсалыққа шыдамаған сорлы ана ол жерде де байыз тауып тұрақтамай, жарық дүниенің жылуына зар болып, қырық күн өткеннен кейін бұл фәни дүниемен қоштасады. Анадан айырылған Лениншіл енді тірі жетім атанып, ағайын-туысты паналап күн көреді. Өйтпеске амалы да жоқ болатын. Себебі, сол жылдардағы ашаршылық өзі секілді талай жастың өмірін бірінен соң бірін жалмап жатқан.
– Кейде біз бейбіт өмірдің қадірін білмейміз. Сол кездер есіме түссе, тұла бойым түршігіп, ерекше қорқынышпен еске аламын, – дейтін кейін әңгімесінде Лениншіл Рүстемов. – Біріншіден, көрер жарығымның таусылмауы болса, екіншіден, көп қырғынның ішінен аман қалуым нағашыларымның арқасы. Олар менің ер жетуіме көмектесті. Қара танып, оқи алатын халге жеткізді. Арада он жыл өткеннен кейін, әпкем Мәликамен, ағам Шахзадамен кездестім. Әкем қайтып оралғаннан кейін бәрімізді бір жерге жинады. Сол кездегі біздің түрімізді көрсеңіз ғой! Жайпап өткен жойқын өрттен аман қалған, сойдиған тамырсыз теректей төртеуміз төрт түрлі болатынбыз. Орысша тәрбиеленген әпкем мен ағам бір ауыз қазақша білмейтін. Ал мен болсам, орысшадан мақұрыммын. Бір-бірімізді түсінісе алмай, жат адамның баласындай біраз күн бірге жүрдік. Тағдыр туғаныңды жат қылайын десе осы екен. Бауырың екенін біліп, бүйрегің бұрып тұрғанымен, тәрбиеміз екі түрлі болғандықтан да біздің балалық шағымыз өзге балалардай шат-шадыман қуанышта өтпеді. Бәріне уақыт емші, біздің жарамыз бертін келе жазылды.
1944 жылы әкелері «жазасын өтеп» айдаудан оралған кезде, алғаш көріп танымай қалғандары да есінде. Қалай ұмытсын, 42 жастағы әкесі емес, алпыстан асқан бір қария кіріп келгендей көрінген. Он жыл көрген азаптың сораптары нулы жерді сорға айналдырғандай шашын аппақ қудай қылып, айқын із салыпты. Жүзі әжім-әжім, баяғы еңсегей алып денеден де ештеңе қалмаған. Қос қолының алты саусағы ашылып, жазылмайды екен. 1937 жылғы жаппай жазалау кезінде НКВД жендеттері «шетелдің тыңшысысың» деп әбден қинап азаптаған. Тырнақтарының астына ине жүгіртіп, ұрып сындырған. Басқа да қинаудың неше түрлі әдістерін қолданған. Колыманың ну ормандарында он жыл жазасын өтеп оралу, бұл «ет турағыштан» аман шығу, бір құдайдың Зиябек ақынға деген сыйы-тұғын.
Зиябек Рүстемов айдаудан оралғаннан кейін ауылдағы жеті жылдық мектепке мұғалім болып орналасады. Бірақ, артынан бір айдан кейін кеңестік партия «халық жауының бала оқытуға правосы жоқ» деп жұмыстан босатып жібереді. Бір кезде партияға сенген Зиябек ақын, енді өмірден біржола түңіледі. Азап, қорлыққа шыдай алмай, іштей налып, ауруға шалдығады. Бірақ, қанмен беріліп, бойға сіңген дүние қашанда қойсын ба, қайсар ақын қолынан қаламын тастамай, туған жерге, еліне деген сүйіспеншілігінің көрінісі ретінде бірнеше қисса, дастандар жазып қалдырады. Ескіше оқыған Зиябек араб қарпіменен жазылған «Отырабад аңызы», «Кейкі батыр» сияқты тарихи танымы мол өлең-жырларды дүниеге әкелді. Ол кезде мектепте оқып жүрген Лениншіл әкесінің жазуын түсінбей әбден қиналатын. Ал, әкесі болса балама зияны тиеді деп ойлады ма қайдам, томаға-тұйық күй кешіп, ол қаріптерді түсіндіруге де аса көп құлық танытпады. Зиябек ақын аурудан титықтап, қалжырап жүрген күндерінің бірінде қасына Лениншілді шақырып былай дейді: «Кенжем, бар үмітім сенде. Үлкен ұлым мен қызым тағдырдың тәлкегімен орысқа айналды. Әйтеуір түбінде бір жарық көреді-ау деген үмітпен жазған-сызғандарымды жинай бердім. Кейін ер жетіп, ес білгенде бүгінгі әкеңнің халін түсінерсің, осы мұраға ие бол. Уақыт өтіп, заман түзелген кезде араб қарпінен аударып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырар, менің тапсырар бар аманатым да осы», – деп ауыр күрсінген. Осы әңгімеден кейін аяулы әке, қайсар ақын Зиябек Рүстемов көп ұзамай, 1948 жылы қырық алты жасында көз жұмады. Ал, Лениншіл болса мектеп бітіргеннен кейін еш ойланбастан әке аманатын орындау жолында Ташкенттегі Орта Азия университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Әке аманаты өршіл, талапшыл жастың арқасында, тек, отыз жеті жыл өткенен кейін ғана орындалып, Зиябек ақынның жинақтаған мұрасын ғалымдар Н.Келімбетов пен М.Дүйсеновтің алғысөзімен 1982 жылы жеке кітап етіп жарыққа шығарды.
Ол әркез әкені ардақтай білетін, аманатына адал жан еді. 1992 жылдың тамыз айы. Осы жылдың 8 тамызы Лениншіл Зиябекұлының 60 жылдығына тұспа-тұс келгендіктен де республикалық ақпарат құралдарында ол туралы әртүрлі қоғамдық ұйымдармен қатар бірге істеген қызметтестері, жерлестері бірінен соң бірі жарыса жазып жатты. Әсіресе, Оңтүстік өңір Лекеңнің үлкен жетістіктерімен қатар, ғылымға сіңірген еңбегін аса зор мақтанышпен еске алды. Кеңес үкіметі құлап, елде экономикалық қиын жағдай орын алса да, ол туып өскен Келес өңірі ұлан-асыр той қамына кірісті. Абай ауданының әкімшілігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір топ ғалымдарымен қатар республиканың бір топ зиялыларына арнап 50 адамға пойызға билет алып, әкесі Зиябек жатқан қоңыр төбе – Коммуна ауылына шақырды. Университеттің сол кездегі ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, бүгінгі белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров бастаған академик Ғайрат Сапарғалиев, философ Зейнолла Қариев қостаған (ішінде аспирант мен де бармын) бір топ адам тамыздың бас кезінде Лениншіл Рүстемовтің 60 жылдығын, әкесі Зиябек Рүстемовтің 90 жылдығын тойлауға Оңтүстікке аттандық.
Әрқашанда қонақжай Оңтүстік өңір Алматыдан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Шымкентке, одан әрі Коммуна ауылына жеткенше күтушілер жағы қонақтарының аяғын жерге тигізген жоқ. Ағыл-тегіл, көл-көсір пейілді көріп, біз разы болдық. Шағын ғана мәдениет үйіне ауылдың кәрі-жасы түгел жиналған. Қолдарында шоқ-шоқ гүл. Ауылда өткен осы ғылыми конференцияда Зиябек ақынның ірі қаламгер болуымен қатар, Оңтүстік өңірде әлі де аты аталмай, лайықты бағасы берілмей жатқандығы айтылды. Шығармашылығын зерттеудегі ақтаңдақтарға әдейі тоқталу керектігі, көнекөз қариялармен қатар ғалымдар арасында кеңінен сөз болды. Конференцияның соңғы жағында сөз ауаны Лениншіл Рүстемовке ауа бастаған кезде, ағамыз мінбеге көтеріліп: «Мен туралы әлі де айтылар, жазыла жатар, ал, менің әкем туралы оң пікір айтқандарыңыз үшін келген ғалымдарға, барша жұртшылыққа үлкен рахметімді айтамын», – деп толқи сөйледі, өзін мақтар тұста сырғақтап, сытылып шыға берді.
Біз кейін түсіндік, Лениншіл ағаның сол кездегі ойы да, мақсаты да өзінің туған күнін тойлау емес, әкесі туралы әлі де айтуға болмайтын ақтаңдақ беттердің сырларын ашу екен ғой. Сол ғылыми бас-қосудан кейін мен ғылыми жұмысты шындап қолға алдым, ғылыми ортада Зиябек ақын туралы оң пікірлер қалыптаса бастады. Абай ауданында тұратын келестік ақсақал Шынәлі Артығалиевтің Жошы Қараманұлы туралы жазған көлемді мақаласы жарыққа шықты. Тың деректер пайда бола бастады.
Лениншіл Рүстемов 1953 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетін бітіргеннен кейін, Талдықорған облысы, Ақсу ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Міне, әке мұраты алғаш орындалған күн де осы болатын. Өйткені, тозып кеткен Рүстемов әулетінің көп жылдардан кейін адам қатарына қосылып, жығылған туының қайта түзелген шағы еді. Өз ісіне мығым, алған бетінен қайтпайтын жас маман мектепте қызмет істей жүріп, білімін одан әрі толықтыруды алдына мақсат етіп қойды. 1958-1962 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне аспирантураға түседі. Қазақ тілі кафедрасының аспиранты Лениншіл Рүстемов оқи жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.
Лениншіл ағаның қазақ халқына деген шексіз махаббаты, ұлттық ішкі ұстанымы бір қарағанда сырт көзге байқала бермегенімен, сынға түсер сәтте буырқанып, бұрқанып сыртқа шығатын-ды. Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамған қиын заманында Лекеңнің арқасында талай адам жазадан аман қалды. Әділ сын, орынды пікірден ол кісі ешқашан қашпайтын, қайта сондай ортада шыңдалып, жігерін намысына жанитын-ды. Қазақ ұлтының білімге құштар еместігіне жаны ашып, қазақ балаларының ғылым да өзі, мал да өзі дейтін Абай сөздерін ескермейтіндігін көріп қынжылатын. Халық жауының баласы ретінде әкесі көрген азапты көрмесе де, одан кем емес кемсітулер мен қорлықты басынан өткізді. Сын сағаттарда өрге жүзген жаулары: «Бұл әлгі халық жауының бөлтірігі», деген бір ауыз сөзбен мұның тасын төмен қарай домалататын. Осы жолда талай құқай да жеді, бірақ ар жолынан аттаған жоқ. Әділеттілігінен айнымай өмірге тура қарады. Ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қойды. Қажет жағдайда қорқып қалған жоқ, басын бәйгеге тікті.
Кеңес дәуірінің Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанын жырлап, мадақтап әнге қосып, жатқан кездегі бір басқосуда ғалымдар арасында Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы сөз болады. Ақсақал академиктерден бастап ғылымға жаңа қосылған аспирантқа дейін бұл оқиғаның құндылығы мен тарихтағы орнын дәріптеп, ауыздары-ауыздарына жұқпай сайрап жатады. Бұл тәуелсіздігімізге қол жеткізуге таяу қалған 1987 жыл. Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылғандықтан да, енді одан ажырау ешқашан мүмкін емес деген пікірге тоқтайды көпшілік. Дәл сол кезде шыдай алмай, шытынап, орнынан тұрған Лениншіл Рүстемов: «Сіздер не десеңіздер ол деңіздер. Мен білетін тарихқа жүгінсек, біз Ресейге өз еркімізбен қосылған емеспіз, қайта орыстар күшпен басып алған», – деп саңқ етті. Зал тым-тырыс. Әп-сәтте құр сөз қуған жалған саясаткерлердің ауызына құм құйылып, бағанадан көпірген көбіктей лепірме сөздер сап тыйылды. Алқынып, ісінген ғалымдардың арындаған ағыны басылып, аңтарылып қалған.
Міне, мұндай көзсіз ерліктер Лениншіл Рүстемовтің елі үшін, халқы үшін қандай да болсын тәуекелге баратындығын көрсетеді.
1962 жылы аспирантураны үздік бітірген Лениншіл Рүстемов белгіленген уақытында кандидаттық диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атағын алады. Сол жылы жоғары оқу орнына қалдырылып, ассистент, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарады. Өз ісінің маманы, білгірі әрі ірі ұйымдастырушысы болып танылған азамат 1973-1976 жылдары Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық университеттің ректорлығына тағайындалады. Жетісуға оралған Лениншіл Рүстемов қызметке білек сыбана кірісіп, елдің құрметіне бөленеді, мемлекет басшыларының назарына ілігеді. 1977-1989 жылдары Орталық комитет ұсынысымен Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары қызметіне тағайындалады.
Халықпен біте қайнасқан Лениншіл Зиябекұлы қандай биіктерді бағындырса да, адами қалпынан бір айныған емес. Министрдің орынбасарымын деп мардымсып, маңғазданғанын да бір адам көрмепті. Ғылыммен шұғылдана жүріп, халық ағарту ісіндегі күрмеуі қиын күрделі мәселелерді табандылықпен шеше білді. Ол үнемі жастарға үміт артатын, кейінгі буынды қадірлейтін, құрметтейтін. «Біз ешкім де емеспіз, біз тек өткендер мен келер ұрпақ арасын жалғастырушы звеномыз», деген шығыс нақылын берік ұстанатын. Сексенінші жылдарда берік қалыптасқан қырықтан аспай кандидаттық, алпыстан аспай докторлық қорғауға болмайды деген қате пікірді жоққа шығарып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі басшысы Д.А.Қонаевқа кіріп, көптеген отыз бен қырықтың арасындағы жас ғалымдарды облыстарға жібертуге мұрындық болған да осы Лекең. Бүгінгі білім саласында жүрген аға буын өкілдерінің көпшілігі Лениншіл Рүстемовты сол себепті өздеріне ұстаз санайды.
Белгілі ғалым, шығыстанушы ағамыз 1989 жылы бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқу ісі жөніндегі проректор болып оралады. Бұнда да талапшыл Лекең жұмысын өз деңгейінде көрсете білді. Біреуге жақты, біреуге жақпады бірақ, ол бірбеткей, ұлағатты ұстаз ретінде студенттер есінде қалды. 1991 жылы КазМУ-дың шығыстану факультетінің декандығына, кейіннен иран және түрік филологиясы кафедрасының меңгерушілігіне тағайындалды. Білім-ғылым саласындағы ұзақ жылдардағы өлшеусіз еңбегі ескеріліп, профессор ғылыми атағы берілді. Ирантанудың Қазақстандағы негізін салды. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, осы жолға баулыды.
Лениншіл Зиябекұлының о бастағы ұстанымы да қатарластарынан өзгешелеу болатын. Өйткені, ол ілім-білім кілтін құр жылтырға үйір Батыстан емес, қаймағы қалың Шығыс жұртынан іздейтін-ді. Шығыс ғұламаларының терең философиясын, үлкен дастандарын қазақ жастарының білгенін қалайтын, өзі де том-том дастандарды жатқа айтатын-ды. Ірі дастандарды жатқа айту-адамның жадын жаңартумен қатар есте сақтау қабілетін де жоғарылататындығын айтып отыратын. Шіркін, еліміз егемендік алып, тәуелсіз болсақ, онда шығыстану институты, тіпті болмағанда шығыстану факультеті болса деп армандайтын. Қазір міне, құдайға шүкір сол ғұлама ғалым арманы орындалғандай. Білімнің қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өз алдына отау тіккен шығыстану факультеті бүгінде жыл санап көркейіп, дамып келеді.
Лениншіл Зиябекұлы артына бірнеше буынға жетерлік, бірнеше ұрпақ пайдаланар ғылыми мол қазына қалдырды. Білім-ғылымға қатысты өрелі мақалаларын есептемегеннің өзінде әркімнің тісі бата бермейтін үлкен томдық араб, иран кірме сөздерінің қазақша, орысша түсіндірме сөздігін жасады. Бұл қазақ филологиясына қосылған сүбелі еңбек, өкінішке қарай, оның қадір-қасиетін әлі күнге түсінбей келеміз. Бір-біреуі алты жүз, жеті жүз беттен тұратын парсы тілінің ізашар сөздік кітабын жасауда қаншалықты тер төгілгенін, айта келіп, иранның ғұлама ғалымы Сәмәре:
– Лениншіл Рүстемов мен танитын қазақ ғалымдарының ішіндегі бірегейі. Парсы тіліндегі ол білетін кейбір сөздерді парсылардың өздері де білмейді. Ғылымға осынша тереңдеп ену, өзге тілдегі сөздік қорды түгелге жуық қамту қазақ ғалымы түгілі дамыған елдердегі көп ғалымдардың қолынан келе бермейтін іс. Сөздік жасау көз майыңды тауысып, шұқылап отырар табандылықпен қатар зерделілікті қажет етеді. Ал, бұл үлкен еңбекке қаншалықты қажыр-қайрат жұмсалатындығы осындай жұмыспен айналысқан жандарға ғана аян. Мен ол кісіні нағыз батыр дер едім, ол өз елінің болашақ ұрпағы үшін өлмес мұра қалдырып кетті, – дейді.
Теһран университетінің профессоры Йадолла Сәмәре мырзаның бұлайша еске алуы қазақ халқына, оның бірегей ұлдарына деген аса үлкен құрметі болса керек. Сол кісінің қолдауымен академик Сағындық Сатыбалдиннің көмегімен иран, парсы тілінің сөздігі туралы кітап Лекең өмірден өткеннен кейін дүниеге келді. Ғұлама ғалымның «Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері», «Тіл білімі тарихына қысқаша шолу», «Сөз туралы сөз» сияқты еңбектері қазақ ғылымы мен мәдениетіне қосылған қомақты дүние болумен қатар, шығыстанушы маман ретінде ол кісіні барша елге танытты.
Лениншіл Рүстемов бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне қарасты шығыс филология кафедрасы 1991 жылы араб, иран, түрік және қытай филология кафедралары болып үшке бөлінгенде декандық қызмет пен қатар кафедра меңгерушісі қызметінің тізгінін бірге алып жүрді. Сөйтіп, бүгінгі шығыстану факультетінің негізі қаланды. Ол қай қызметте болмасын өзіне көрсетілген сенімге лайық болуды мақсұт етті. Ғылыми ізденісті өмірлік серігіне айналдырды. Ғалым қолынан шыққан ғылыми еңбектер өзінің сонылығымен, салмақтылығымен құнды. Әртүрлі ғылыми орталарда сөйлеген сөздерін, конференциялардағы ғылыми мақалаларын есептемегеннің өзінде ол 14 іргелі еңбектің авторы. Қазақтың тілтану, дүниетану саласындағы мықты білгірлер қатарындағы ғалымы. Бүгінгі діни экстремизм ушығып тұрған заманда Лениншіл Рүстемов секілді ғалымдарымыздың салмақты жазылған еңбектері ауадай қажет-ақ.
Лениншіл Рүстемовтің ел үшін еткен еңбегі қыруар. Қаламгерлігімен де, қайраткерлігімен де қазаққа қарасқан азамат еді ол. Бүгінде баспасөз басшылығында жүрген журналистердің бірі мынандай әңгіме айтады деп естігенмін: «Орталық Комитеттің Насихат және үгіт бөлімінде істейтін кезім. Алматыда қазақша қалалық газет ашу мәселесін көтердік. Бұрын да қозғалып, шешімін таппай жүрген жай еді, қайта құрудың қарқынымен, жариялылықтың желімен тиянағын табатын болды. Бір күні бөлімде жаңа газеттің жобасы талқыланды. Қазақ газет-журналдарының кураторы ретінде қысқаша сөйледім. Газеттің аты – «Алматы ақшамы» деп ойластырылған болатын. Сол атауға байланысты дау туып кеткені. Біреулер: «Бұл кешкі намаздың аты», деп шықты. Атеизмнің ақырып тұрған кезі. Қалай дәлелдесек те, дегенмен, даулы мәселе екен, қайта қарайық, болмаса «Кешкі Алматы» деп қойыңыздар деп бөлім меңгерушісі отырысты түйіндеді. Қысылғанымнан Лениншіл ағаға хабарластым. Ауылдас ағам болатын. Мән-жайды айттым. Көмек сұрадым. Сонда Лекең түні бойы отырып, «Ақшам» сөзінің сан түрлі қолданысына мысалдар келтіріп, төрт беттік жазба дайындап берді. Соны басшылыққа көрсетіп жүріп, әупірімдеп «Алматы ақшамы» атауын қорғап қалғанбыз». Міне, бұл да Лениншіл Рүстемов азаматтығына бір мысал.
Қазақша, орысшаны, парсышаны, арабшаны емін-еркін игерген талантты қазақ ұлы Лениншілдің жас ұрпаққа қалдырған аманаттарының бірі – мәдени байлықты Еуропадан емес, Шығыстан, оның ішінде ежелгі түркі ұрпағынан іздеу керектігі. «Айқын» газетіне берген сұхбатында академик С.Сатыбалдин былайша сыр шертеді:
– Екеуміз оңаша қалып сырласқанда ол былай деп отырушы еді. Түркі түркі болып, оны әлем мойындағанда қазіргі алпауыт АҚШ мемлекеті түгілі, Америка құрлығы да ашылмаған еді ғой. Араб әлемінде Александр Македонский тізіміне енген «Әлемнің жеті ғаламатының» дүниеге келуі, олардың бірде-бірінің Еуропа әлемінде болмауы біз нәр алған ежелгі мәдениеттің, ежелгі өркениеттің қандай дәрежеде болғанын көрсетпей ме?! Адамзаттың ежелгі заманында болған екі кітапхананың аты тарихта бар. Бірі – Александрияда, бірі – Отырарда жасақталған. Ғылымның осындай өлшеусіз байлығы бізде болған кезде Батыс Еуропа қараңғылықтан көз аша алмаған аймақ еді-ау! Әттең, солардың болғанын айту мүмкін емес. Бірақ түптің түбінде бұл ақиқатқа жол ашылар.
Міне, нағыз көреген, ұлтжанды ғалымның толғанысы. Білсе де Кеңестің екпінінен қорқып айта алмаған ғалымның ішінде тұншыққан қаншама бүгулі сыры өзімен бірге кетті десеңізші!
Лениншіл Рүстемовтің сол кездегі жанқиярлық еңбегін бағалаған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы оны Құрмет грамотасымен, Ы.Алтынсарин медалімен марапаттады. КСРО Оқу министрлігінің «Ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алып, арнайы төсбелгісін омырауына тақты. Бұл ғұлама ғалымды тек қана қазақ зиялылары ғана емес кеңестік державаның да мойындағаны деп білгеніміз жөн. Өйткені, ол кездерде мұндай үлкен атақты бүгінгідей екінің біріне бере бермейтін. Ол үшін ең үлкен атақ та құрмет те елдің, халықтың ықыласы еді. Өйткені, қай жерде еңбек етсе де оның басты мұраты – қазақ халқына қызмет ету болатын.
Сансызбай МӘДИЕВ,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры.
Атырау облысы.