Тәңірі жарылқаған жан
Сейсенбі, 25 желтоқсан 2012 7:28
Ә.Нұршайықов қаламынан туған дүниелердің тартымдылығы неде, құпиясы мен жұмбағы неде дегенге келсек, сөз жоқ, ол нені жазу керек, неге жазу керек, қалай жазу керек екенін білетін қаламгер. Әдетте шығармашылыққа бастайтын әуелгі жол: өзімді көрсетсем, айналама танылсам дейтін ниет (тегінде мұндай ұмтылысты философтардың өздері де оң бағалайды), тіршілік тұғырымды бекемдесем дейтін пенде баласына бөтендігі жоқ табиғи сезім. Кейіннен бұл сезім қара бастың қамын ғана күйттейтін,
Сейсенбі, 25 желтоқсан 2012 7:28
Ә.Нұршайықов қаламынан туған дүниелердің тартымдылығы неде, құпиясы мен жұмбағы неде дегенге келсек, сөз жоқ, ол нені жазу керек, неге жазу керек, қалай жазу керек екенін білетін қаламгер. Әдетте шығармашылыққа бастайтын әуелгі жол: өзімді көрсетсем, айналама танылсам дейтін ниет (тегінде мұндай ұмтылысты философтардың өздері де оң бағалайды), тіршілік тұғырымды бекемдесем дейтін пенде баласына бөтендігі жоқ табиғи сезім. Кейіннен бұл сезім қара бастың қамын ғана күйттейтін, өзіңді танытудың құралын таңдаудағы тасырлыққа, атаққұмарлыққа, даңғазалыққа ұрынып кетпей, еліңе, жұртыңа, қоғамға пайдамды тигізсем дейтін үлкен мұратқа ұласса игі. Айтары не, өмірдің парқын от пен өрттің ортасында жүріп пайымдаған жазушы осы ағысы қуатты, тоспасы мен тоқырауы болмай қоймас, әйтсе де тоқтауы болмауға тиіс тура арнаны таңдайды. Әрі оны өзінің өмірлік қажетіне айналдырады.
…Оның оқырман қауымға айтпақ ойы, көкейінде тұнған тіршілік суреттері аз емес-тін. Сонымен қатар, ол өзінің көкейіндегісін оқырманының көкірегіне сол қалпында жеткізудің амал-айласын, әдебиеттану терминіне салсақ, формасын таба білген жазушы. Ол әуел бастан шындықтан шықпауды, ойдан ештеңе қоспауды өзінің жазушылық кредосына айналдырады. Ол сөзді терең меңгерген, көкейінің түкпіріндегі ойын сөздің күшімен еркін жеткізе алатын қаламгер.
Ол сөз ұғатын қазаққа арнап сөйлейді, шешіле де, көсіле де шешен сөйлейді. Ол өзінің туған табиғатымен, туған тілімен, туған халқының болмыс-бітімімен ойланып-толғанады, мына дүниені де қазақтарша парықтайды.
Деректі проза дегеннің өзінде, ол салқын, салиқалы санамен емес, жүрек жалынымен жазады. Өмірінде ұшырасқан оқиғаларды ол жаңа қырынан танып, тағылымдық астарларын тауып, қоладан құйғандай етіп қағаз бетіне түсіреді. Оның қаламынан туған деректі туындылардың өзінің соңыра шып-шымыр лирикалық прозаға айналып жүре беруінің сыры да осында жатса керек. Ол қарапайым жазады, бірақ қарадүрсіндікке ұрынбайды. Ол тарихтың еншісіне көшкен кезеңді емес, әрі кеткенде өзі басынан кешкен күні кешегіні, әлі де баршамыздың санамыздан ізі суып үлгермеген сол бір сәтті, көкейіндегі емес, көзі көріп отырған, жанында жер басып жүрген кейіпкерді жазады.
Көзі тірі адам жайында жазудың, әрі оның қабағына кірбің түсіріп алмай, көңілінен шыға білудің қаншалықты қиын екені қолына қалам ұстаған жанның бәріне мәлім. Ертеңгі күні кейіпкеріңнің бетіне тура қарау үшін де ештеңені асырып алмай, ешнәрсені жасырып қалмай жазуың шарт. Қалай дегенде де деректі прозаның қалам иесіне қоятын талабы зор, талғамы кіді, тауқыметі мол. Ендеше, Әзекең ерінбей-жалықпай ұштаған қаламының қарымы мен құдай берген дарынының, тумасындағы кішіпейілділігі, адамға деген ізеттілігі, табиғатына біткен рухани тазалығы әрі тәуекелшілдігі арқасында бұл жолдан сүрінбей, абыроймен өтеді.
Кезінде Әзекең шығармашылығы турасында әдеби сынымыз әжептәуір шүйлігіп, жазушының жазғандары өткінші, публицистикалық сарыны басым, көркем дүние емес, бір күндік фотосурет тәрізді солғын, жалаң натурализмге ұрынатын тұстары көп, мұндай дүние уақыт тезіне төтеп бере алмайды дегендей сарындағы пікірлер білдіргені бар. Әсіресе, «Махаббат, қызық мол жылдар» романы төңірегінде айтылған осы тақылеттес пікірлер біршама. Осыған байланысты белгілі әдебиет зерттеушісі, профессор Тұрсынбек аға Кәкішев мынадай ой түйген екен: «Алайда бір айта кететін жай, біздің кей сыншыларымыз романда сентиментализм жұрнағы бар, махаббат азабы нандыра бермейді, оқушыға осы жағымен ғана ұнағысы келеді деген қаңқу сөзді айтып қап жүр. Ондай ертелі-кеш айтылған қысыр ойларды уақыт пен қалың оқушы әлеумет мансұқ етіп, аяқ астына тастағалы қашан?! Оған Ә.Нұршайықов шығармаларының орыс, қазақ тілдерінде желісін үзбей көп тиражбен шығып, тез арада сатылып кететіні нақты жауап». Егер, жазушы шығармасының өміршеңдігінің басты өлшемі – қалың оқырманның оған деген ықыласын санайтын болсақ, онда Әзекең шығармасының мұратына жеткені деуіміз керек.
Алайда, әдебиеттің арғы-бергі тарихына үңілер болсақ, бұл біздің әдеби сынымыздың әлсіздігінен немесе балаңдығынан ғана емес екен, тегінде Әзекең шығармашылығына ғана қатысты ахуал емес екен. Әсілінде, көргенін (әрине, ол мол болса), көңілге түйгенін (әрине, олар биік парасат тұрғысынан сараланса), жан-дүниесімен сезінгенін (әрине, бұл биік талғам тұғырынан таразыланса), қағаз бетіне түсірген жазушының шығармасы (әрине, ол шынайы шеберлікпен, лайықты қабілет-қарымымен жазылса) әдеби сынның қандай баға бергеніне қарамастан, оқылмай қалуы, қалың оқырман қауыммен қауышпай қалуы мүмкін емес. Қалай десек те, жазушы ойдан образ жасауға әрекеттенген жоқ, ешқандай теориялық тұжырымдар мен шарттылықтардың шырмауына түскен жоқ. Қалыптасқан өлшемдердің құрсауында да қалған жоқ. Қала берді, әдеби сынның қалай кесіп-пішерін де қаперіне алып жатпаған секілді. Көкірегіне лықсып келген ой-сезімді шашауын шығармай, қылауын кетірмей қағаз бетіне түсіруге асыққан сыңайлы. Оның қиналмай жазатыны да сезіледі, мол тәжірибе мен жылдар бойғы дағды сөздер мен сөйлемдерді лекітіп әкеліп, бірімен-бірін өздігінен сыналап қиюластырып жататын түрі бар. Қысқасы, оқырмандарын ал дегеннен баурап, үйіріп әкететін де оның осынау шығармашылық еркіндігі ме екен деген де ойға қаласың.
Бұл сөздерімізге Әзекең шығармашылығының шоқтығы саналатын «Аңыз бен ақиқат» романының байсалды дәлел бола алатыны анық. Халқымыздың біртуар перзенті, Ұлы Отан соғысының атақты сардары Бауыржан Момышұлының болмысты болғандай ғана қалпында суреттеуді қалайтын, қия басқанға кешірімсіз, мадақ айтқанды, жалған сөзді әсте жаратпайтын бекзат адам болғаны баршаға белгілі. Сонымен қатар, қол бастаған ағамыздың өзінің де қаламы қарымды жазушы (бұған оның қазақ және орыс тілінде жарық көрген ондаған кітаптары куә), жан алып-жан беріскен ұрыс даласындағы жауынгердің ой жүйесі мен ішкі дүниесінің сырына үңілген үлкен философ («Психология войны» шығармасы) ретінде көрінгені де көпке мәлім.
Ол кісі туралы жазылған, соғыс жүріп жатқан кездің өзінде шыққан белгілі публицист А.Кривицкийдің очерктерімен де және жазушы А. Бектің «Волокаламское шоссе» («Арпалыс») повесімен де, сондай-ақ, кейіннен жарық көрген жерлесіміз жазушы Дмитрий Снегиннің эсселерімен де оқырман қауым талайдан бері танысты. Сонымен қатар, Баукеңмен қатарлас, таныс-біліс болған адамдардың көптеген естеліктері және баспасөз қызметкерлерінің ертеректе, кейініректе айтулы даталарға байланысты алған талай-талай сұхбаттары жатыр. Бұл дүниелердің батыр өмірінің белгілі бір сәттерін ғана бейнелегені белгілі, алайда кей кездерде оны қисынсыз ұрт әрекеттерге бара беретін, ел ішінің «ерке тентегіне» теліп жіберген тұстары да жоқ емес, бірақ халқының бітімі бөлек қаһарманының, зиялы, ойшыл азаматтың, әрі қаламы жүйрік жазушының тұтас тұлғасын сомдай алмағаны да рас. Енді бұған батыр туралы ел арасына тарап кеткен ертегіге бергісіз неше түрлі ауызекі әңгімелерді, кейде оны ештеңемен есептесіп жатпайтын, ерсілікке бара беретін қыңыр да қиямпұрыс адамға, кейде тіпті ауыл арасының кәдімгі сайқымазақ шалына айналдырып жіберетін «хикаяларды» қосыңыз. Орыс қаламгерлерінің жазғандарына келетін болсақ, оларға мың да бір рахмет, қазақтың батыр перзентінің естілігі мен ерлігін, сардарлық өресі мен азаматтық өрлігін жақсы суреттегенімен, меніңше, оның осы қасиеттерінің нәр алатын тамырын, ұлттық табиғатын аша алмаған, сондықтан батырдың өзіне тән «қазақы характерін» көрсете білмегені сезіледі.
Бауыржан Момышұлы төңірегіндегі мұнарды сейілтуге, оның өмірінің нақты дерегі мен дәнегін аршуға, бұл міндеттің қиынға түсетінін біле тұра, Әзекең бел буады. Өзінің алдында жазылған шығармалар бар, мұндайда әдетте еркін кете алмайсың, дағдылы сүрлеуге түсіп кету қаупі бар, артық қосуға, кем қалуға да хақың жоқ, бұл жерде деректі жанр заңдылықтары да (парықтау мен пайымдау) жұмыс істемейді, өйткені айрықша айбарлы, әрі сәл қателігіңді кешірмейтін кірпияз кейіпкерің бар, сондықтан да ерен мәмілегерлік қабілет көрсетуің қажет. Соның бәрін біле тұра, Әзағаң осынау күрделі іске құлшына кіріседі. Сәті түскенде, ақыл-парасаты, танымы өзгеше, дағдылы қалыпқа салуға келмейтін, әрі оған сыймайтын кейіпкерін бейнелеудің ең оңтайлы нышанын табады. Роман-диалог, шынын айтқанда, ежелде мысалдар, моральдық эсселер түрінде кезіккенімен, бертінде ығысып қалған, әсіресе, мынадай үлкен жанрда қолданылмаған тәсіл еді. Әсіресе, Баукең сынды ақиқат пен әділеттен қия баспайтын, боямалауға, әсірелеуге жаны қас кейіпкерді суреттеудің бұдан басқа жолы жоқтай көрінеді бүгін. Біріншіден, сол уақытта басқа түрде жазуды Баукеңнің өзінің қабылдай қоюы да екіталай екені даусыз. Екіншіден, Баукең ғұмыры жайында дәл осы Нұршайықов сияқты өзі де соғыс көрген, оқ-дәрінің дәмін татқан жанның жазуының керектігі де дау туғызбайтын жәйт. Үшіншіден, Баукең туралы бір адам жазса, деректі туындылар жазуда қаламы әбден төселген Әзекеңнің жазуы керектігін, әрі оның бұған толығымен моральдық-адамгершілік құқының бар екенін айтқан ләзім.
Әзекең қай тақырыпқа қалам тартса да, оның жазғандарынан ойдан шығарылған оқиғаны немесе кейіпкерді ұшырастыра алмасыңыз да рас. Ол «өмірдің өзі қиялдағыдан қырық мәрте бай» дейтін қағидатты дәлелдеп тұрған тәрізді. Қай туындысын алыңыз, сол «Махаббат, қызық мол жылдар» романының өзіндегі кейіпкерлердің бәрі де өмірде бар адамдар. Тұстастарының тұтас бір шоғырының толымды бейнелерін сомдаған қаламгер мемуарларындағы танымал тұлғаларды айтпаған күннің өзінде, лирикалық повестеріндегі кейіпкерлерінің өздері жаңа ғана жүздескен таныстарыңыз сияқты жылыұшырап тұрады. Майданнан жанарынан айырылып, зағип болып оралған Әділхан Құсайынов, екі аяқты берсе де намысты бермеген Хамза Ақжолов, күнделікті тіршілік күйбеңімен жүргенмен, сыры мен сынын жоғалтпайтын небір азаматтар Әзекең туындыларының беттеріне өмірдің өзінен көшкен сияқты. Жазушының шынайы шеберлігі де осы тұста ерекше көрінеді. Осы тұста тоқтала кетуді қажетсінетін бір жәйт: оның өмірде бар кейіпкерлерінің бірде-бірінің дәрібімді тым асырып жіберіпсің немесе кемшінімді несіне көзтүрткі еттің дегендей өкпе не базына білдірмеген сыңайлы. Бұл жәйттің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Әлбетте, көзі тірі адамдар туралы жазу – олардың тағдырына араласу, жеке басының ісіне кірігу деген сөз. Бұл адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзіндік бір өлшемі тәрізді аса нәзік әлем. Абыройы сол, Әзекең ерекше әдепті адам, рухани тазалықтың, кісіліктің, кішіліктің шегінен әсте аттамаған жазушы.
Ол жүрегімен жазған жазушы. Бәрінен де бұрын жақсылық туралы жазуды мұрат тұтқан қаламгер. Ең алдымен айналадағы тірліктен ізгілік іздеген суреткер.
Енді Әзекең «сентиментализмі» турасындағы кейбір тұжырымдар туралы. Біздің халық – рухани дүниесі күні бүгінге дейін лайланбай, таза қалпында сақталған халық, ділі мен дініне, табиғи тұрпатына әлі де жегі түспеген жұрт. Оның рухани тазалығының кепілі – Әзекеңнің жазғандарына кей реттерде мін болып тағылған дүниені таза күйінде көргісі, сезінгісі келетін сентиментализмі секілді. Бұл белгі (қасиет) айналадағы дүниені кейде қатаң прагматизмге ұласатын тек ақыл-ойдың күшімен, былайша айтқанда, «ілгерілеп кеткен» парықтаудан гөрі жүрегімен және сезімімен қабылдауға бейіл (мұның бүгінгі таңда даму сатысындағы балаңдық ретінде бағаланатын кездері де бар) өзінің тал бойындағы, табиғатындағы ұлттық құндылықтарын жоғары қоятын халыққа тән. Сондықтан да дәл бүгінгі таңда, заманауи қатынас құралдарының қарыштап дамуы арқылы біздің танымымыз бен нанымымызға, ділімізге басқа мәдениеттердің ықпалы дендеп арта бастаған қазіргі уақытта, Әзекең сентиментализмінің маңызы арта түсетіні де түсінікті. Табиғат заңдылықтарымен сыйыспайтын адами қатынастар, ізгілікке жат ұғымдар, көзсіз күштің өктемдігі насихатталатын, кейде тіпті зорлық-зомбылық, қулық пен сұмдық басқаша тұрғыда бағаланатын мына жаһандану заманында бүгінгі ұрпақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтап қала ала ма, рухани дүниесінің тұнықтығынан айырылып қалмай ма? Дүниені басқаша парықтаушылардың тарапынан жанының ашықтығы – аңқаулық, бауырмалдығы – балаңдық, жатсынбаушылығы – жасықтық, тағаттылығы – табансыздық ретінде бағаланып жүрмей ме? Сол сияқты бүгінгі ұрпақ бабаларының жақсы қасиеттерімен қатар, оларға амалсыздан жұғысты болған кесел-қырсықтардан арылуға қабілеті жетер ме, ал өздері әуестік пен әбестіктің, шын асыл мен алдамыштың, мадақ пен мазақтың арасын ажырата алатын, көзсіз еліктеуден көңіл елегі мен парасат сүзгісінен өткізе білетін биік деңгейге көтеріле алар ма екен? Бүгінгі таңда бұлар алдымызда тұрған аса бір көкейкесті мәселелер. Бұл түйіндерді шешуге, меніңше, Әзекеңнің шығармашылығы, біздер профессионалдық тұрғыдан таразылағанда, кейбір олпы-солпысына қарамастан, ойдағыдай қатыса алатынына, қатысып келе жатқанына күмән келтіруге болмайтын тәрізді. Ол кісінің шығармашылығы ұзақ уақыт рухани айналыстан қалмайтынына кепілдік беретін дүние – оның ұлттық құндылыққа тікелей қатыстылығы болса керек.
Ә.Нұршайықов – адалдық, әділдік, арлылық, жан тазалығы сияқты биік адамгершілік қасиеттерді этикалық мұраты тұтқан жазушы. Туындыларының қалың оқырмандарды тартып тұруы оның осы проблемалар төңірегіндегі толғаныстарынан туындап жататын тәрізді. Бұл арада осының бәрі де жазушының жеке басының қасиеттерімен, оның өзінің өмірімен, болмысты парықтаудағы ұғым-түсінігімен ұштасып кететіні аңғарылады. Ол оқырманын ойдан шығарылған оқиғалармен алдаусыратпайды, құрғақ уағыз айтып та жатпайды. Дүниені өзі қалай қабылдаса, өмірде өзі қандай қағидаттарға жүгінсе, дәл соларды оқырмандарына таза қалпында жеткізе біледі. Оқырман да өз кезегінде адал көңілмен, ақ ниетпен жазылған туындыларды тұшына қабылдайды, әрі автордың моральдық бейнесінің өз айтқандарына сай келетінін қапысыз сезінеді, сөйтіп автор мен оқырман арасында терең сенімге негізделген екі жақты қарым-қатынас орнайды.
Әзекеңнің адам баласының бойындағы ең асыл сезім – махаббат тақырыбына ізерлей қалам тартқан жазушы екені мәлім. Мынаған назар аударыңыз: «Махаббат, қызық мол жылдар», «Махаббат жыры», «Мәңгілік махаббат жыры»… Сондай-ақ оның көптеген шығармаларының әуелде жекелей шыққанда, махаббат сөзімен аталғаны, кейіннен бір кітапқа топтастырылғанда ғана қайталай бермеудің қамымен басқаша аталып кеткені белгілі. Оның туындыларымен жақынырақ, толығырақ таныс адамдардың көпшілігі бұған жақсы қанық. (Бір ғана мысал, оның «Ботагөзі» алғашында «Алғашқы махаббат туралы жыр» аталған екен). Қалай аталса да бәрібір, ол кісінің қайсыбір шығармасын алсаңыз да, өзегіне адамды түлететін, өмірде алға жетелейтін, небір қиын да қызықты қадамдарға бастайтын қайшылығы қат-қабат осынау күрделі сезім өріледі. Әзекең оған сәулелі өміршең қырынан көз салады.
Ендігі жерде Әзекеңнің осы тақырыпқа ынтызар болуының, оған ерекше ден қоюының, әрі оны ізерлей игеруінің айтпай кетуге болмайтын тағы да бір сыры бар тәрізді. Бойына ізгі мінез-құлық дарытып, санасы мен жүрегіне тегеурінді туындыгерлік қуат дарытқан, мыңдаған оқырмандардың ыстық ілтипатына бөлеген Тәңірі мен Тағдыр осы үйіп-төгіп бергендерінің үстіне Әзағаңа періштедей таза жанның кіршіксіз махаббатын сыйлады. Біз бүгін қазақ әдебиетінің өзіндік үні бар үлкен жазушысы туралы ой кешкенде, оның тынысының барынша ашылуына, моральдық-адамгершілік пайымдарының түзілуіне нәр берген, өнімді жұмыс істеп, өндірте жазуына тікелей жағдай туғызған Халима анамыз екенін ерекше еске алуымыз керек. Қазақтың жүзінен иманы төгіліп тұрған дейтін теңеуі тікелей осы кісіге арнап айтылған сияқты. Бойынан айрықша бір шуақ есіп тұратын осы кісі Нұршайықов шаңырағының киесі, құты болды.
Әзекеңнің өзі: «Ол менің … әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды», деп жазған екен. Ендігі жерде бұған мен ол кісі Әзағаңның сырт сипатын қалыптастырушы, бүгінгі күннің тілімен айтқанда, «имиджмейкері» болғанын қосар едім. Әзекеңмен жолығысып жүрген адамдар оның әрдайым «ине-жіптен жаңа ғана шыққандай» таза, маусымына, күн райына қарай, ерекше талғаммен, жарасымды, қонымды киініп жүретінін аңдаған болуы керек. Сонымен қатар, оның айтар сөзі мен ішер асына дейін алдын ала сайланып қойылатын тәрізді. Менің ойымша, Әзекең үстіндегі киімдері былай тұрсын, дүкендегі нан бағасын білмей кеткен секілді. Мұның бәрі де Халима анамыздың міндетіне жататын әрі тікелей қамқорлығы мен қарауындағы, әрі Әзекеңді бір сәтке де алаңдатуға тиіс емес, «ұсақ-түйек» мәселелер еді.
Әзағаң жүрегінің рухани қызуы күшті болғанымен, таза физиологиялық тұрғыда, көп салмақ түскенінен, сірә, ақаулы болғаны да, аралас-құралас дос-жарандарына жақсы мәлім. Ол кісінің талай мәрте инфаркт алып, күзетке ілінген кездерінің болғанынан да хабардармыз. Бұл тұста шығыс халықтарында, оның ішінде өзіміздің жұртта да сырқат адамның ауыртпалығын арқалауға жақын адамдардың бірінің мойынсұнып, жаратқанға тілек арнайтын дәстүрлерінің болғаны да белгілі. Эзотерикалық пайым кеңінен таралып, адамдардың танымы мен нанымына ықпалы күшейіп келе жатқан қазіргі кезеңде мұндай ұғым кәдімгідей тұтас бір концепция түзетін құбылысқа айналып барады. Осындайда абзал ана, адал жар жазушы ағамыздың өміріне араша түсіп, оған өзіне «Мәңгілік махаббат жыры» сынды ескерткіш тұрғызуына, сөйтіп, Әзекеңнің мына жарық дүниеде лайықты мұра қалдыруына мүмкіндік беріп, өз өмірін сол ізгі ниетінің садағасы етті ме екен дегендей жер басып жүрген пенденің пайымына көп жуықтай бермейтін тосындау тылсым ой келеді.
Таңдаған тақырыбының өмірдің өзінен туындауы мен көкейкестілігі, деректілігі және замана ағымымен үндестігі, оқырман ұғымына жақындығы мен жан сарайына жетімділігі, ұлттық құндылықтарды ұлық тұтуы мен тарихи қырларын қарапайым тілмен өрнектей білуі, әлбетте, Ә.Нұршайықов туындыларының ұзақ жасауына жақсы алғышарттар болары сөзсіз.
Кеңес ЮСУП.