Тағылымды тағдыр
Жұма, 28 желтоқсан 2012 7:30
Зымырап бара жатқан уақыт! Кеше ғана сияқты еді, сөйтсем, бақандай 15 жыл өтіп кетіпті. 1997 жылдың жазы еді. Мен Ақмолаға көшіп келдім. Көшіп келуімнің себебі – Еуразия университетінің ректоры Амангелді Құсайынов қызметке шақырып, университет құрамында «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығын құруды, соны басқаруды ұсынған болатын. Келген бойда жұмысқа шұғыл кірісіп кеттік. Амангелдімен бұрын кездеспегем, жұмыс бабында танысып, араласып кеттік.
Жұма, 28 желтоқсан 2012 7:30
Зымырап бара жатқан уақыт! Кеше ғана сияқты еді, сөйтсем, бақандай 15 жыл өтіп кетіпті. 1997 жылдың жазы еді. Мен Ақмолаға көшіп келдім. Көшіп келуімнің себебі – Еуразия университетінің ректоры Амангелді Құсайынов қызметке шақырып, университет құрамында «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығын құруды, соны басқаруды ұсынған болатын. Келген бойда жұмысқа шұғыл кірісіп кеттік. Амангелдімен бұрын кездеспегем, жұмыс бабында танысып, араласып кеттік. Өте жылдам, алғыр, ойын ашық айтып, бет-жүзіңе қарамай, тік сөйлеп, сөзден гөрі нақты істі атқаруға бейім жігіт екен. Қай іс-шара болса да, ұжымды жұмылдырып, қолынан іс келетін адамдарды тартып, соларға әр тарапты тапсырма береді және соның орындалуын қадағалап, нәтижеге қол жеткізеді. Маған осынысы ұнады да, мен де жатсынбай, университеттің қайнап жатқан тіршілігіне еніп кеттім. Бірте-бірте жұмыс бабында ғана емес, әртүрлі бейресми жағдайда, жиын-тойларда бірге болып, отбасымызбен араласып, бір-біріміздің өміріміз бен тіршілік-тынысымызды да жақсы білісе бастадық. Кей-кейде, сөз арасында балалық шағымыз, студенттік кезіміз жайында әңгімелесіп, әзіл-қалжыңы аралас отырыстар мен таза ауадағы қыдырыстар сол бір ауыр жылдарда көңілімізге шуақ төгіп, серпіліп қалатынбыз. Сондай кездерде Амангелді «біз, жетімдер» деген сөзді әзіл түрінде жиі айтатын. Бірде соның себебін сұрадым. Сөйтсем, ол шынымен жетім боп, жетімдіктің зардабын аз көрмепті. Ол өзі былай деп айтады:
«Әкем Құсайын мен дүниеге келерден 3-4 күн бұрын аудандық әскери комиссариатта медициналық комиссиядан өтіп, қолына соғысқа аттануға шақырған қағаз алады. Мен туып, әкем аман келсін деп, атымды Амангелді қояды. Бірақ… Бірақ әкем 1942 жылы 30 желтоқсанда тұтқындалып, екі жыл тергеуден кейін, 1944 жылдың сәуірінде 58-статьяның 4-тармағы бойынша 10 жылға сотталды. Әкем осылайша ойламаған жерден «Германияның, Жапонияның, Иранның тыңшысы», «халық жауы» болып шыға келді. Түрмеден 1955 жылдың көктемінде толық ақталып, елге оралды.
Ол кезде 58-статьямен сотталған «халық жауларының» дүние-мүлкі тәркіленетін болған. Біздің үйдегі бар дүние-мүлікті сыпырып-сыйырып алып кеткен көрінеді. Аш, жалаңаш балаларды да аямай, үйге бір түйір де астық қалдырмай, барлығын алып кеткен».
Амангелдінің «біздер, жетімдер» деп айтатынының себебін енді түсіндім. «Халық жауының» бала-шағасы қалай өмір сүргенін біздің жасымыздағы ұрпақ, ағаларымыз, аналарымыз жақсы біледі (Құдай оның бетін аулақ қылсын!). Әкеміз соғыста қаза болып, біз де жетім болып өстік, бірақ «халық жауының» балаларындай жағдайда болғанымыз жоқ. Амангелді болса, бәріміз сол кезде мәз боп өткен пионер, комсомол деген ұйымдарға қабылданбаған. Осының өзі жасөспірім балаға қаншалықты ауыр тигенін білу де, айту да оңай емес-тін. Оның үстіне ауылдастардың да «халық жауының» отбасына деген көзқарасы теріс болатын. «Әкем тұтқындалған соң, – деп есіне алады Амангелді, – көп ұзамай ең үлкен әпкем Хадиша, ағам Сағадат бірінен соң бірі қайтыс болған көрінеді. Үйде шешем Үнзилә, әпкем Ағиша, мен – үшеуіміз қалдық. «Халық жауының» семьясы болу қараңғы қазақ ауылында қандай екенін толық сипаттап айтып беру оңай емес. Ауылда шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділер де жеткілікті болатын. «Жау қайдалап» алақ-жұлақ етіп жүрген жалақорлар да жететін. Ешкіммен жақын араласуға мүмкіндік болмаған соң томаға-тұйық өмір сүруге тура келді. Ауылда біздер сияқты қабырғаларын қайғы мен қасірет, азап пен мехнат қайыстырған семьялар да жеткілікті болушы еді. Олар да бір-бірімен жақындаса бермейтін».
Осындай жағдайда тіршілік етіп жүрсе де Амангелді жасымады, керісінше аталарының тектілігіне тартып, қайраттана, жігерлене түсті. Оның бабалары Қуандық, Алтайдан тараған, өсіп-өнген ұрпақ екен. Ұлы бабасы Оразбай, одан Қойбақ, Қуантай, Байзақ, Әмен болып таралады. Қойбақтан атасы Әбдірахман, одан Құсайын, Құсайыннан Амангелді өрбиді. Ал, Қуантайдан Әби, Байзақтан Иса, Әменнен Аяпберген туады. Байқап қарасақ, Амангелді қазақтың мақтаны болған, дүлдүл ақынымыз Иса Байзақовпен аталас екен (Бәсе, Амангелдінің айтқыштығы қайдан десем, аржағында, тұқымда бар екен ғой). Павлодар облысының Үлгілі ауылы – Исаның да, Амангелдінің де кіндік қаны тамған жер. Осы арғы бабалардан жетіп Иса ақын бойынан толқындап, буырқанып шыққан тектілік пен дарындық Амангелдіге де жастайынан әсер етіп, оның рухын көтеріп, өмірлік нәр берген секілді. Мұны біз Амангелдінің оқуынан, оқу бітірген соң атқарған істерінен, жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан, адамдармен қарым-қатынасынан көреміз.
Ауылдағы жеті жылдық мектепті мақтау грамотасымен бітіріп, Павлодардағы педучилищені аяқтаған соң, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, оны қызыл дипломмен тәмамдайды. Үздік оқып жүріп, спортпен шұғылдануды машық еткен жас жігіт айтарлықтай табыстарға жетеді. Небәрі 18 жасында спорт шебері атағын алады, бұл 1960 жыл еді, педучилищені бітіретін кезі. Одан кейін сол жылы ауылда мұғалім болып жүріп, Қарағандыда өткен республикалық жастар біріншілігінде жеңіске жетіп, чемпион атанады. Спортта мұндай атақтарға жету адамнан жігерлікті, қайсарлықты, тәуекелділікті, яғни өр мінезділікті талап етеді. (Осы қасиеттің бәрі бүгінгі Құсайыновтың бойында әлі бар десем, артық емес). Спортпен шұғылдануды ол университет қабырғасында жүргенде де тастамаған. Осы спорттың «арқасында» ол университетте оқып жүргеніне қарамастан 1963 жылы Совет Армиясына шақырылып, Вьетнамда «интернационалдық парызын» өтеп, сол елдің өз тәуелсіздігі үшін жүргізген америкалықтарға қарсы соғысына қатысады. Менің есімде, сол жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде туған балалардың аздығынан жоғары оқу орнында оқып жүрген, спортқа қатысы бар студенттерді армияға шақырып, олардың біразы Вьетнамда болды. Сондайлардың бірі – менің досым, марқұм Рафаэль Жұмабаев та 1963 жылы күзде шақырылып, Вьетнамда әскери міндетін атқарған болатын. Ол ракеталық бөлімде болып, 1965 жылы елге оралды, бірақ бұл туралы көпке дейін айтқан жоқ.
Амангелді Құсайыновтың негізгі мамандығы – ұстаздық, ол педучилищені бітірген соң да, университетті тәмамдағаннан кейін де педагогикалық қызметте көп жыл жұмыс істеді, әлі де солай, өзі құрған Еуразия гуманитарлық институтының (ЕАГИ) ректоры ретінде педагогтық жұмысты бірінші кезекте ұстайды.
Рас, Амангелдінің өмірі тек ұстаздық етуден тұрмайды. Университетті бітірген соң үш жылдан аса уақыт Алматыдағы Совет аудандық партия комитетінде нұсқаушы болған. Бұл жұмыстан өз еркімен кетіп, ҚазГУ-дің аспирантурасына түседі де, енді ғылыми-зерттеу ісіне ден қояды. Үш жылдың орнына бір жарым жылда кандидаттық диссертациясын қорғап үлгереді. Ал, докторлық диссертациясының жолы бұлай болған жоқ. Дайын тұрған диссертациясын қорғау ұзаққа созылды. Сөйтіп, өмір оны тағы бір әділетсіздікке тап қылды.
Алып Совет Одағын дүр сілкіндірген 1986 жылғы желтоқсанда болған қазақ жастарының көтерілісі күшпен бастырылған соң КПСС Орталық Комитеті арнайы қаулы қабылдап, қазақ халқына «ұлтшыл» деген айып тақты. Осы қаулыдан кейін Қазақстанда да, бүкіл Совет Одағында да қазақтарға қысым жасалып, ұлттық тарих, тіл, әдебиет, өнер жайында зерттеу жүргізу, кітап шығару, диссертация қорғау белгілі дәрежеде шектетілді, мұндай еңбектерден, көркем әдебиет пен өнерден, жекелеген авторлардың шығармаларынан «қазақ ұлтшылдығын» іздестіру науқаны жүрді. Амангелді Құсайыновтың докторлық диссертациясын қорғау мәселесі дәл осы мезгілге тұспа-тұс келді де, кезектен алынып тасталды, белгісіз мерзімге шегерілді. Бақандай 5 жыл өткен соң ғана, 1991 жылы қорғауға мүмкіндік болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Амангелді Құсайыновтың екінші тынысы ашылды десек болады. 1992 жылы сәуірде ол Целиноград педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалады. Ректорлық қызметте жүріп, оқу жүйесін жетілдіру мен білім беру сапасын көтеру ісінен басқа да шаруалармен тікелей шұғылдануға тура келеді. Мәселен, пединституттың материалдық-техникалық базасын нығайту, қаржысын тиісті дәрежеге жеткізу, кадрлар құрамын күшейту сияқты жылдар бойы қордаланып қалған проблемалар шаш етектен болып, соларды нәтижелі шешу ректордан жігерлілікті, іскерлікті, тәуекелділікті талап етеді. (Спортпен шыңдалған қасиет осы жерде көрінеді). Сөзді Амангелдінің өзіне берейік.
«90-шы жылдардың алғашқы жылдары аса қиын кезең болғаны баршаға аян. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қиыншылық кезеңін біздің институт ұжымы да басынан өткізді. Қазір біреулерге сол кезде оқытушыларға жалақы, студенттерге стипендия бере алмай, жылу мен электр жүйесіне қаражат болмай, төлемақы төлей алмадық десек, таңданыспен қарауы мүмкін. Ол кездегі Целиноградта төрт институт болатын, ал ең сорлысы біздің пединститут еді десем, өтірік емес.
Алдымен тәртіп пен тазалықты қолға алдық. Ол кезде институтта бар-жоғы 2 доктор, 27 ғылым кандидаты ғана бар екен. Институттағы ең күрделі мәселе – бар кадрларды пәтермен қамтамасыз ету болатын. Бірінші күннен бастап, қаңырап бос қалған бір жатақхананы жас мамандарға баспана етіп беру мәселесін қолға алдық…».
Міне, алғашқы кездегі жағдайды осылай еске алады Амангелді. Шынында да, сол шақтағы істелген істерді 90-шы жылдары оқыған студенттер мен аспиранттар айтып отыратын. Мысалы, мен 1997 жылы келгенде, жоғары курс студенттері мен менің аспиранттарым «ректор Амангелді ағай институттың маңайын тазалау жұмысына бізбен бірге қатысатын, аяғына керзовый етік киіп, ұлдармен қатар зембіл көтеріп жүрді» – деп әңгімелейтін. Мен бәрін тізіп жатпай, мына бір фактілерді ғана атап кетейін.
1994 жылы Целиноград пединститутының негізінде Ақмола университеті өмірге келді, ал 1996 жылдың мамырында ол Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті болып қайта құрылды. Сол 1994 пен 1999 жылдардың аралығында істелген шаруа аз емес.
Университет ұлттық мәртебесін алған соң алда жаңа міндеттер тұрады. Ең алдымен, оқытушылар құрамын жоғары білікті мамандармен толықтыру және университет үшін жаңа ғимарат салу мәселесін шешу қажет болады. Сол кезеңді еске алып, Амангелді Құсайынов былай дейді:
«Осы жылдары университетке 43 ғылым докторын жұмысқа шақырдым. Барлығын пәтермен, қала сыртынан 10 сотық жермен қамтамасыз еттім. Президенттің қабылдауында болып, Еуразия университетінің бас корпусын салу мәселесі оң шешімін тапты. Университет жанынан профессор-оқытушыларға арнап, пәтер салу мәселесі де шешілді».
Университеттің бас корпусы 2000 жылы жазғытұрым салынып бітті. Ректор А.Құсайынов күндіз-түні құрылыстың басында жүрді, біз оны көзімізбен көрдік. Осы тұста ол өзін шебер ұйымдастырушы және өзіне жүктелген міндетке үлкен жауапкершілікпен қарайтын азамат екенін көрсетті. Амангелді Құсайыновты шебер ұйымдастырушы деп тегін айтып отырғаным жоқ. Осыдан 17 жыл бұрын, қоғамдағы, экономикадағы қиыншылықтарға қарамастан, 1995 жылы Ақмолада тұңғыш жекеменшік «АҚҚУ» атты институт ашқан Амангелді болды. Бұл оқу орны бүгінде «Еуразия гуманитарлық институты» деп аталады. Оның құрамында 3 факультет, 5 кафедра бар. Қазіргі уақытта мұнда 150-ге жуық жоғары білікті маман жұмыс істейді, олардың 18-і ғылым докторы және профессор, ал 71-і ғылым кандидаты мен доцент, біразы АҚШ-та, Англияда, Германияда, Ресейде стажировкадан өтіпті. Демек, Еуразия гуманитарлық институтының ұстаздары бүгінгі білімгерлерге қойылатын талапқа сай деп айтуға болады. Сол себепті де институтқа түсетін балалар саны да жылдан-жылға өсіп келе жатқан тәрізді. Мұның дәлелі – 1999 бен 2010 жылдың аралығында институтты 4670 адам тәмамдапты, олар қазір әр салада қызмет атқаруда. Жалпы, бұл институтта студенттерге қажетті жағдайлардың бәрі жасалған деуге негіз бар. Оқу үдерісі заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті аппаратурамен жабдықталған, сабаққа дайындалуға мүмкіндік беретін кітапхана бар. Ең бастысы – институттың өз ғимараты бар, осы күндері салынып біткен жаңа ғимарат та іске қосылды. Студенттерге арналған асхана жұмыс істейді және оларға дәрігерлік қызмет те көрсетіледі. Бұларға қоса арнайы спорт кешенін, жаттығу залын, Бурабай кентіндегі демалыс аймағын айтпасқа болмайды.
Ал Амангелдінің Еуразия университетінің ректорлығынан кейін төрт жарым жылдай уақыт бойы Жоғары аттестациялық комиссия төрағасы ретінде атқарған қызметі өз алдына бір әңгіме арқауы етерлік. Бұл жұмыста ол біліктілігін де, принципшілдігін де қатар танытты. Ол қызметтің қандайлық жауаптылығын ВАК-тың тұңғыш төрағасы болғандықтан мен өз басым өте жақсы білемін.
Міне, осының бәрі ректор Амангелді Құсайыновтың бүкіл ұжымды ұйымдастыра, жұмыстың жүйесін таба білетін іскерлігінің нәтижесі. Ендеше Амангелдіге еңбегі еселене түссін, еліміздің білім саласын дамытуға өз үлесін қоса берсін деген тілек айтамыз.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі.