Халық қазынасын өзіне қайтарсам деймін – дейді көп жылдардан бері ұлттық өнердің жанашыры боп жүрген Әлима Ысқаққызы
Жұма, 13 қаңтар 2012 7:33
Ол кісі Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай өңірінде дүниеге келген. Есін жинап, етегін жапқаннан-ақ әдебиет пен өнерге құштар болып өскен жан. Зеректігімен зейінді шәкірт атанып жүрген сонау жылдары Аспанасты елінде мәдени төңкеріс болып, оның тақсіретін тартқан адамдар аз емес. Бұл саяси оқиға мыңдаған, миллиондаған адамдардың ішінде өлең жазатын, әдебиетке құмар Әлима Ысқаққызының да арманын басқа арнаға бұрып жіберсе керек.
Жұма, 13 қаңтар 2012 7:33
Ол кісі Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай өңірінде дүниеге келген. Есін жинап, етегін жапқаннан-ақ әдебиет пен өнерге құштар болып өскен жан. Зеректігімен зейінді шәкірт атанып жүрген сонау жылдары Аспанасты елінде мәдени төңкеріс болып, оның тақсіретін тартқан адамдар аз емес. Бұл саяси оқиға мыңдаған, миллиондаған адамдардың ішінде өлең жазатын, әдебиетке құмар Әлима Ысқаққызының да арманын басқа арнаға бұрып жіберсе керек.
Әкімшілік салада істеп, аудармашылықпен де айналысқан біздің кейіпкеріміз 1980-жылдары Іле Қазақ автономиялық облысының орталығы Құлжаға көшіп келеді. Қайта гүлдену дәуірі басталғанда әдебиет саласына қайта оралуға талпыныс жасап, Іле Қазақ облыстық әдебиет көркем өнер бірлестігіне қарасты «Іле айдыны» редакциясына қызметке кіреді. Осы жерде еңбек ете жүріп қазақ қолөнері туралы ақпараттардың орны өте олқы болып тұрғанын байқайды.
– Кейбір адамдар осы тақырыпты зерттеп, кітап шығарғаны рас. Алайда Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында ұлтымыздың аса бай мәдени қоры бар екендігіне қарамастан, оны жарқыратып көрсете алмадық. Оның үстіне салт-дәстүрімізді білетін қариялар қатары азайып, қолөнер шеберлері сирей бастағаны да маған көп ой салды. Ол аз десеңіз, мәдени төңкеріс жылдары да бұл мәселеге аз кесірін тигізген жоқ. Ұлттық мұраларымызды қоқысқа лақтырған жылдар болды. Осының бәрін көзімізбен көріп, жүрегімізбен түсініп өскен соң, бәрін тек өз қолымызбен жасауымыз керек деген ойға келдім, – дейді Әлима апай.
Осылайша, Әлима Ысқаққызы Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарындағы көнекөз қариялар барда осы істі қолға алады. Редакцияда қызмет істей жүріп, өзіне ешкім артпаған жаңа міндет жүктейді. Осыдан кейін-ақ Әлима Ысқаққызы қазақ ауылдарына барып, ұлттық қолөнер үлгілерін, олардың жасалу жолдарын зерттей бастайды.
Сөйтіп, зергерлік, теміршілік, өрімшілік, сырмақ басу, ши орау, бау тоқу, үй ағашын жасау сияқты істерге қатысты 5 мыңдай сурет түсіріп, мәліметтер жинап, бас-аяғын біріктіреді. Оған қоса қазақ өнер адамдарымен де кездесіп, өмірбаяндарын жинастыруды да қолға алады. Кейін осы мұралар «Қазақ қолөнері қазыналары» деген атпен кітап болып шығыпты. Оның ішінде «Қазақ киіз үй мәдениеті», «Қазақтың кесте өнері», «Сырмақ өнері» деген дүниелер жазылады. Әлима Ысқаққызы жазған-жинаған материалдары бір төбе болса, жазылмағандары бір төбе екендігін айтады. Дегенмен, осы кітаптарын Қытай елінде жүргенде жарыққа шығаруға қанша талпынғанымен, олар фотосуреттермен безендірілгендіктен, қымбатқа түсетін болған соң, шығара алмапты. Бірақ, ол кісіге жол жүріп, деректер жинап, фотоға түсіруге қаржылай көмектескен адамдар әрдайым табылып отырған.
Әлима Ысқаққызының отағасымен атажұртқа оралуына балалары да септескен. Ұл-қыздарының соңынан бірнеше жылдан кейін, яғни 2003 жылы елге көшіп келіпті.Елге келген соң Әлима апайдың жиырма жылға жуық табанынан тозып жинаған материалдарының бір парасын «Алматыкітап» баспасы түрлі-түсті етіп «Қазақ сырмақ өнері» деген атпен жарыққа шығарыпты. Аталмыш баспа мұның сыртында ол кісінің ұлттық киім кию, тұрмыстық мәдениетке қатысты 60-қа тарта фотосуретін «Қазақ халқының ұлттық киімдері», «Қазақтың тұрмысы мен мәдениеті» деп аталатын кітаптарға енгізген.
Алайда, Әлима Ысқаққызының жарияланбаған еңбектері де жеткілікті. Әу баста «Қазақтың қолөнер қазыналары» деген кітапты тақырыптарға бөліп, 5-6 кітап етіп жариялатпақшы болған. Өкінішке орай, жинаған дерек жеткілікті болғанымен, қолы қысқа адам ол ойын жүзеге асыра алмай отырған жайы бар. Және ол кісінің қолында атажұрттан жырақта жүрген қолөнершілер мен тарихи адамдардың дауысы жазылған 40 шақты үнтаспасы бар көрінеді.
Бүгінде Алматы облысы, Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылында тұратын біздің бүгінгі кейіпкеріміз:
– Халқымыздың асыл қазыналарынан жиналған фотосуреттерім мен жазбаларым ұстағанның қолында, тістегенің аузында кетпесе екен. Патент алсам тіпті жақсы болар еді. Және баспалар менімен қазақ тілінде тоқтамдасып, өз қалауыммен кітап бастыру орайына ие болсам деймін. Өйтпегенде еңбегімді баспалар пайдаланып, дәнін алып, сабағын қалдыратын немесе пайдасын басқалар көріп, азабын ғана арқалап қаларыма көзім жетіп отыр. Маған осы жағынан мәдениет саласы арқа сүйер асқар бел болса деймін. Ата-баба жерінде өз борышымды орындап, ойға алған арманымды іске асырып, халық қазынасын халқымның өз қолына тапсырып, ұлттық қолөнер мәдениетін айдай әлем көре алатындай еңбек ету – менің мұратым. Осы мұратқа жетуге бес тұрманымды дайындап, қолтығымнан көтеріп аттандыратын ұлтымның ұлағатты азаматтары мен ұлтжанды ұлдарынан демеу күтемін! – деген Әлима Ысқаққызының тілегін айна-қатесіз көптің назарына ұсынып отырмыз.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.