Ел тағдырын еңкеймей көтерген
Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:22
103 жастағы тыл еңбеккері Қадиша Төлегенова әже туралы
Бірде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев мырза: «Шәке, «Мырзабай ахун» ауылында жасы жүзден асқан Қадиша атты әже бар. Сол жайлы газетке жазсаңыз», – деген ой білдірді.
Келісімімді берсем де бір ғасыр жасаған ана туралы жазу мені қатты ойландырды. Ақыры тәуекелге бел байлап, 103 жасқа келіп отырған анамен кездесу үшін жолға шықтық. Жолсерігім Күншығар Нұрділдаев атты зейнеткер азамат. Ол өзінің сол ауылда туып-өскенін, Қадиша әжейді жастайынан жақсы білетінін тілге тиек етті.
Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:22
103 жастағы тыл еңбеккері Қадиша Төлегенова әже туралы
Бірде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев мырза: «Шәке, «Мырзабай ахун» ауылында жасы жүзден асқан Қадиша атты әже бар. Сол жайлы газетке жазсаңыз», – деген ой білдірді.
Келісімімді берсем де бір ғасыр жасаған ана туралы жазу мені қатты ойландырды. Ақыры тәуекелге бел байлап, 103 жасқа келіп отырған анамен кездесу үшін жолға шықтық. Жолсерігім Күншығар Нұрділдаев атты зейнеткер азамат. Ол өзінің сол ауылда туып-өскенін, Қадиша әжейді жастайынан жақсы білетінін тілге тиек етті.
Осылайша екеуара әңгімелесіп отырып, «Мырзабай ахун» ауылына келіп те қалыппыз. Мәшинеміз қам кесектен салынған шағын үйдің алдына кеп тоқтады.
– Міне, Қадиша әже осы үйде тұрады – деді жолсерігім.
Аулада жүрген жас жігіт бізді жылы шыраймен қарсы алып, сәлемдескеннен кейін:
– Үйге кіріңіздер, – деді.
Айтқан сөзіне қарағанда әжесіне сәлем берушілер жиі келетін болғандықтан болу керек деген ой келді. Әңгімені тағы да Күншығар бастады.
– Шәке, бұл Қадиша әженің немересі Ертай деген жігіт.
Содан соң үй иесінің бастауымен үйге кіріп, қарияның бөлмесіне барып сәлемдесіп болғаннан кейін аты-жөнімізді айтып, келген шаруамыздың мәнісін баяндадық. Сабырлық сақтаған әжеміз әңгімемізді бұзбай тыңдады. Бір мезетте:
– Балаларым, сендердің мені сыйлап, маған келіп сәлем беріп отырғандарыңа мың да бір рахмет. Алла тағала ұзақ өмір, мықты денсаулық берсін. Ал енді мені газетке жазайық деген ниеттеріңізге айтарым, мен осы жасқа келгенше қалың көпшілік таң қаларлықтай ештеңе жасағаным жоқ. Осы жұртпен қатар өмір кешіп келе жатқан жайым бар, – деді.
Қарияның айтқан сөзі салмақты, үні жұмсақ, қимылы ширақ көрінді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші кескін-келбетінен, жүзінен әлі де әйелге тән сұлулықтың белгілері байқалып-ақ тұрды. Киген киімі, орамал тартысы, тіп-тік отырысының өзіне қарап жүз жастан асқан адамның осындай ажарының сақталғанына, қимылының тың, айтқан әңгімесінің сауаттылығына қайран қаласың.
Содан соң кейуанаға: «Өміріңіздің қызықты сәттерінен әңгіме айтып берсеңіз. Соны қаз-қалпында оқырман қауымға жеткізсек», деген тілегімізді білдірдік.
– Олай болса, – деді ол немересі Ертайға қарап, – келінге тапсырма бер. Мына балаларға жақсылап тұрып самаурын дайындасын. Сосын әңгімемізді шай үстінде жалғастырамыз.
Әңгімені Қадиша әжеміздің өзі бастады.
– Жастық шағыңнан артық бақыт бар дейсің бе? Бірақ, біз сол жастық шақтың қызығын қызықтай алмадық. Өйткені, жастық дәуреніміз аласапыран уақытқа тап келді. Ендеше менің өмірімді үш кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезеңім – ол жақ, мен жақ болып әке-шешемнің келісімі бойынша шөмекей руының сарғасқа атты аталығымен құдандалы болып, мені он бес жасымда Төлеген баласы Әлішерге қосты. Әлішермен жиырма үш жыл тату-тәтті, ерлі-зайыптыларға тән өмір кештік. Отбасымызда 1935 жылы Тәрбие, 1938 жылы Қазына, 1940 жылы Патыма атты қыз балалар өмірге келді.
Ол кездері келіндер қазақы дәстүр бойынша отбасының тіршілігімен, бала тәрбиесімен айналысқан. Ерте тұрып үйдің тазалығын сақтау, сауын малдарына қарау және де кемпір-шалдың құмандарына жылы су құйып дайын ету, ертеңгілік шайын қойып беру, осылайша басқа да тіршілік көзі жалғаса беретін. Бұл келіндік парызды өтеудің бастамалары ғана болатын.
Марқұм енем: «Үйге үлкен адам келсе, сәлем ет. Үйде де, түзде де ер адамның алдын кесіп өтпе, ер адамның бетіне бадырайып қарама, қайныларыңның атын атама, өздеріне лайықты ат қоя біл. Күйеуіңе орынсыз дауыс көтеріп сөйлеуші болма. Көрпе-төсек жинаудың тәртібін сақта, шай құйғанда кесе-аяқтың дыбысы шықпасын, ыдыс-аяқтарды жуғанда салдырлатпа», деп айтып отыратын. Біздер одан жаман болғанымыз жоқ. Қайта ауылдың абысын-ажындары замандастарына: «Төлегеннің келінінен үлгі алыңдар», деп мені өнеге тұтатын. Әр заманның өз талабы, өз тәртібі, өз қызығы болады деген осы шығар. Біз сол талапты бұлжытпай орындаған келіндердің соңымыз-ау.
Менің өмірімнің екінші кезеңін былайша баяндауға болады.
Сүттей ұйып отырған шаңырағымыздың тынышын 1941 жылғы басталған Ұлы Отан соғысы бұзды да жіберді. Бұл жағдай тек жалғыз біздің отбасымызда ғана емес, бүкіл ауылды күңіренткен. Ауылдағы еркек біткеннің бәрі соғысқа аттанды. Солардың қатарында менің күйеуім Әлішер де 1941 жылдың қыркүйек айында соғысқа алынды. Сол кеткеннен ол елге оралмады. Оның қай жылы, қай жерде оққа ұшқандығы әлі күнге дейін белгісіз.
Күйеуім соғысқа аттанғаннан кейін менің қарауымда қарт атам мен енем және үш қыз балам қалды. Бұларды асырау өз борышыма айналды. Колхозға мүше болып кіріп, сол кездің тәртібі бойынша тапсырған қол жұмысының қандайына болса да белді буып кірісіп кеттім. Жұмыстың түрлері көп болатын. Ол кезде қазіргідей техника деген атымен болмайтын. Техникамыздың үлкені кетпен еді. Сол кетпенмен егіс егетін алқаптарға арық қазу, атыз-жабықты соғу жұмыстарын жүргізетінбіз. Күріш отау, ору және орылған күрішті арқалап молотилкаға жеткізу біздің мойнымызда. Сол кездері ең ауыр жұмыс «Мәдениет» каналы мен біздің ауылдың үстінен өтетін «Көкқасқа» каналдарын қазу болды. Шамамен «Мәдениет» каналының ұзындығы 12 шақырым, «Көкқасқаның» ұзындығы 6 шақырым. Осы каналдарды қазудың бас-аяғына дейін қатыстым. Канал қазу жаппай жүргізілмейтін, әр адамға бір күнде қазатын жердің өлшемін беретін, оны бітірмей үйіңе қайтпайсың. Тапсырманы орындап үйге кеш қайтатынбыз. Отбасына оралған соң да үйдің тіршілігі жетіп-артылып жататын. Кеш жатып, ерте тұратынбыз.
Соғыстан кейінгі жылдардағы жұмыстарда оңай болған жоқ. Майда шаруашылықтарды ірілендіру шаралары іске асырыла бастады. Мәселен, 1950-1951 жылдары «Әдебиет», «Мәдениет», «Шаған», «Қызыл дихан» ауылдары қосылып «Қазақстанның ХХ жылдығы» колхозы болып атанды. Оның орталығы осы күнгі «Қалжан ахун» ауылы болды.
Қадиша әже өз өмірінің үшінші кезеңі деп еліміздің Тәуелсіздік алған жылынан бастап, осы кезге дейінгі мерзімді айтты.
Ол халықтың көп тілеген, көп армандаған мақсатына жетіп, егеменді ел болғанына өзінің де куә болып отырғандығын ғасырлық ғұмырындағы ештеңемен теңестіруге болмайтын ең бақытты кезеңім дейді. Бұл ана жүрегінен атқылап шыққан, жаманшылықты артқа сілкіп тастаған туған халқын айналып-толғанған нағыз қуаныштың өзі еді.
Ең алдымен әр адам өз туған халқының перзенті. Сол перзенттік парызды орындау жолында Қадиша әже де талай қиындықтарды бастан кешіріпті. Бірақ ол кездескен қиындыққа мойымады, оны жеңе де білді, ал жеңілген кезінде сағын сындырмады. Сөйтіп, өмірдің талай-талай қилы кезеңі мен тар жол тайғақ кешу өткелін бастан кешірді.
Қыздарының барлығы да өз теңдерін тауып, өмір кешуде. Үлкені Тәрбие мен Науқанбай алты балалы болып, Жаңаталап ауылында, екінші қызы Қазына мен Нұрғазы бес баланы өмірге әкелсе, үшінші қызы Патыма мен Сәттай алты балалы болды. Бұлардың соңғы екеуі «Мырзабай ахун» ауылында тұрады. Бұл үш шаңырақтың үшеуі де ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Өз заманының бақытты отбасылары. Олардың бақытын: «Бұл менің де бақытым ғой», дейді Қадиша әже.
Қадиша әженің еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдардағы тыныс-тіршілігі жөнінде айтпай кеткеніміз жөн болмас. Әрқашанда бақытын еңбектен тапқан оның зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жасаған жұмысының өзі ауыз толтырып айтуға тұрарлық, көпке үлгі боларлықтай. Мысалы, ауласындағы бір жарым гектардай жерді күтіп, баптау өзінің мойнында. Балаларының: «Демалсаңызшы, өзіміз-ақ атқарамыз ғой», дегеніне: «Менің ұзақ жасауыма тілектес болсаңдар, жермен еңбек етуіме кедергі жасамаңдар», дейтін көрінеді. Енді бұған не дерсіз. Осы жерге жаз басталуымен қауын, қарбыз, сәбіз, жуа, картоп егеді. Жеміс ағаштары өз алдына. Жаз бойы ерте тұрып осы дақылдардың дұрыс суарылуын, дұрыс қоректенуін қадағалап жүргені. Еткен еңбек зая кетпейтіні анық. Соның арқасында жыл сайын дақылдардың бұл түрінен қысқа жетерліктей өнім алып келеді.
– Күзде бұл жерді кетпенмен шауып, сүдігер көтереді. Өзінің айтуынша соңғы 5-6 жылдың төңірегінде жер шабу жұмысын балаларыма жасатып жүрмін. Келер жылға жерді осылай дайындамасаң, ойдағыдай өнім ала алмайсың. Сондықтан да бұл жұмыстың басы-қасында өзім жүріп бақылау жасаймын, – дейді Қадиша әже.
Соңғы кездері Қадиша әже оқушы-жастар тәрбиесіне жиі араласып келеді. Оны ауылдағы №122 орта мектепке кіреберістегі кең ауланың қабырғасына ілінген үлкен стендтен көруге болады. Бұл билборд түгелдей Қадиша әжеге арналыпты. Одан оның мектептегі ата-аналар комитетінің құрметті төрайымы екендігінен, оқушылармен кездесу сәттерінен, тақырыпты өзіне арнап өткізілген тәрбие сағаттарына қатысуынан, оқушылардың ата-аналар жиналысында сөйлеп тұрған кездерінен, жастардың үйлену тойына бата беріп тұрған сәттерінен хабардар боласыз.
Мектеп директоры Сәлима Оспанованың айтуынша, Қадиша әже қай кез боласа да мектепте өтетін шараларға шақырған кезде кешікпей уақтылы келеді, оқушыларға еңбектің құдіретті күші жөнінде әңгіме айтудан әсте жалықпайды.
Ештеңеге қаймықпайтын, қоңыр күйді қанағат тұтқан Қадиша әженің зейнетақысы 25 мың теңге екен. Солай дегенде еріксіз: «Япыр-ай», дейсің. Қаншама жыл ауыр еңбектің азабын тартып, Отан өзімдікі деген ниетпен өмір кешіп, жүз жылды артта қалдырған абзал ананың зейнетақысының мөлшерін заң шығарушы азаматтар білсе ғой. Бірақ өмірде осындай адамдардың бар екендігін олардың біле бермеуі де ғажап емес. Бірақ бар.
Бұған қосарымыз оның отырған үйі де ескі. Бұдан алпыс бес жыл бұрын салыныпты. Алайда, бізде анау жетіспейді, мынау жетіспейді деп алақан жайып, көмек сұрап отырған ол жоқ. Барын базар тұтқан мұндай аса парасатты жанды өмірімізде бірінші рет көргенімізге біз де қайранбыз.
Келген шаруамыздың бетін қайырып кетуге ынғайлана бастағанымызды сезген Қадиша әже:
– Бұл үйден құр алақан шықпаңдар. Кәнекей қолдарыңды жайыңдар, батамды берейін:
Я, Құдайым қолдасын,
Еш жамандық болмасын.
Жорытқанда жолың болсын,
Қыдыр ата жолдасың болсын.
Бала-шағаң аман болсын,
Еліміз тыныш жақсы заман болсын.
Мәдинада Мұхаммед,
Түркістанда Қожа Ахмет,
Жарылқа да, жарық ет,
Не тілесең әзір ет.
Алла тағала сендерге менің жасымды берсін.
Аумин!
Сонымен, 17 немере, 61 шөбере, 18 шөпшек сүйіп отырған 103 жастағы Қадиша Төлегенова әжеміздің шын ықыласы мен берген батасын алып, ойлап келгендегі мақсатымызды іске асыратындай берік сенімде болдық.
Қайтарымызда ауыл әкімі Мырзамұрат Ыбыраевқа жолығып, Қадиша әженің зейнетақысы мен үй жағдайы жайлы көргенімізді айтып бердік. Әрине, ауыл әкімінің қолында оны бірден шешетіндей мүмкіндік жоқ екендігі баршамызға аян. Әйтсе де аудан бар, облыс бар – тиісті орындар арқылы мәселе көтеріп, мүмкін біздің бастау айтып, қозғауымыздың оң шешімін табуға септігі тиер ме дегендік еді.
Осы кеңседе ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтан Ізтаевпен де кездестік. Ол да Қадиша әжеге қандай құрмет көрсетсе де артық болмайтындығын тілге тиек етті. Оны уақытында замандастары мен тұстастары ақ кетпенді Қадиша деп атағандары жайлы да сөз қозғады. Оның мәнісі басқалардың кетпені тот басқан қара болса, мұның кетпені аппақ болып, иығына салып бара жатқанда күн сәулесімен шағылысады екен. Әрине, ақ кетпен жасалмайтыны дүйім жұртқа мәлім. Оның кетпенінің аппақ болу себебі кезінде жас Қадиша жерді шапқанда кетпеннің басы түгелдей жерге еніп кетеді екен. Ұдайы осындай қарулы күштің қолына түскен қара кетпен көп ұзамай аппақ күйге түсетін болыпты. Осындай қарулы қолдың иегері Қадиша әже жайлы ел арасында айтылар әңгімелер көп-ақ.
Әже десең, ауылдың кең пейілділігімен ауызбіршілігі еске түседі. Осындай әжелердің әжесі – Қадиша Төлегенова. Ендеше өмір жолында бір ғасырлық асудан асқан, 103 жасқа қадам басқан Қадиша әже әлі де жасай берсін…
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы.