24 Мамыр, 2012

Өткеннің тағлымы – келешектің кемелдігі

668 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өткеннің тағлымы – келешектің кемелдігі

Бейсенбі, 24 мамыр 2012 7:49


Нұратада Сейітқұл әулие, Әйтеке би бабаларымыз рухы асқақтады

“Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болсаң елге пайдаң тисін!” деп кесік айтыпты қазақтың Әйтеке биі. «Егер осы екеуін жасамасаң жұрттан бөлек үйің күйсін» деп және түйіпті. Әділ сөз, соңы қатал үкім сияқты көрінгенімен тарих сахнасына аттың үстінде шыққан көшпенді халықтың ұлт болып ұюы, біреуге бодан болып найзаның ұшында кетпеуі үшін де осындай пайымдау, ақиқатын айту керек-ақ еді.

 

Бейсенбі, 24 мамыр 2012 7:49


Нұратада Сейітқұл әулие, Әйтеке би бабаларымыз рухы асқақтады

“Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болсаң елге пайдаң тисін!” деп кесік айтыпты қазақтың Әйтеке биі. «Егер осы екеуін жасамасаң жұрттан бөлек үйің күйсін» деп және түйіпті. Әділ сөз, соңы қатал үкім сияқты көрінгенімен тарих сахнасына аттың үстінде шыққан көшпенді халықтың ұлт болып ұюы, біреуге бодан болып найзаның ұшында кетпеуі үшін де осындай пайымдау, ақиқатын айту керек-ақ еді.

Қазақ халқы өзіне қорқау қасқырдай тиген қалмақ сияқты тарих бетінен жоғалмай, тамырын сақтап қалса ең алдымен қол бастаған хандары мен елдің қа­мын жеген билеріне тікелей қарыз­дар. Тарихты бағаламайтын халықтың ертеңі жоқ. Мұны Елбасымыз да ұдайы айтып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ордабасы биігінде үш биді ұлықтаған салтанатты жиында да атап көрсеткен болатын.

…Сондай даналардың ішінде дәуірдің үш кемеңгері деп таныл­ған Әлібекұлы Төле бидің, Келді­бекұлы Қазыбек бидің, Бәйбек­ұлы Әйтеке бидің орны бөлек. Барша қазақ баласы аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған осы үш бабамыздың ел алдын­дағы еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне сөз жеткізіп баға беру қиын-ақ. Халық болып сақталғанымыз, міне, бүгін егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тігіп отырғанымыз, тіпті бас­қа­сын былай қойғанда ата-баба жерінде басымыз аман, бауырымыз бүтін жүріп жатқанымыз үшін бүгінгі ұрпақ осындай аталарымыздың әруағының алдында бас иеді деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы.

Төле бидің мәңгілік қоныс тапқан жері Ташкент шаһары. Қаз дауысты Қазыбектің әз сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде. Тарихи зерттеулер Әйтеке бидің қабірі Өзбекстандағы Навои облысы, Нұрата қаласында екен­дігін анықтаған.

Етекте малы, төскейде басы қо­сылған туысқан елміз дегені­мізбен Өзбекстан мен Қазақстан өз алдына жеке тәуелсіз мемлекет. Баяғыдай жорғамен тайпалтып барып, туысқанмен қауы­шуды тәуелсіз елдің заңы көтере бермейді. Әйтсе де Қазақстан Президенті көрші ел басшысымен келісе отырып, қазақтың қа­дір­лі биінің кесенесін жаңғырту мәселесін түбегейлі шешіп берген. Құжаттарды дайындау ісімен Қазақстанның Өзбекстандағы сол кездегі өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков айналысқан. Бұл да оңай жұмыс еместігі белгілі. Ке­се­нені салу, абаттандыру жұмыс­тарына көптеген азаматтар қа­тыс­ты. Хал-қадерлерінше жәр­дем берді. Қазақтың жүрегіне оқ­тай батқан осы олқылықтың орнын толтырғаны үшін ол азамат­тарға мың алғыс. Әйтсе де жүк­тің ауырын Махамбет ақын айтқан­дай көтерерге кәтепті қара нар керек. Ол міндетті “Шым­кент-мақта” ЖШС президенті, Оң­түстіктің өркендеуіне бір адам­дай еңбегі сіңген ел ағасы Шаһарбек Усманов мойнына алған. Әлемді қаржы дағдарысы дендеп, кәсіпкерлердің пейілі емес қолы қысқарып жатқан шақ­та өзіне қанша қиын тисе де Ша­һарбек аға бүкіл қазақ жұрты болып күткен тарихи кешеннің құ­ры­лысын аяғына дейін жет­кізді. Жақында алаш баласына сауын айтып, Сейітқұл әулие мен Әй­теке би бабаларға арнап ас берді.

Әйтеке – әлім тайпасының төрт­­­­қара тармағынан. Түп-тұқ­ия­нын тарқатар болсақ, Әмір-Те­мір­дің бас кеңесшісі Ораз қа­жы­ның бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұр­ты ардақ тұтқан Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Әбіл­қайыр ханға дейін Кіші жүздің сөзін ұстаған қазақ­тың биі. Есім хан тұсында Са­мар­қанды билеген Жалаңтөс ба­тыр­дың жақын туысы.

Нұратадағы Әйтеке би кешені Өзбекстан Республикасындағы та­рихи-мәдени ескерткіштердің алтын қорын молайтатын, байытатын сәулетті дүние болыпты. Зиярат етуге келген халықта есеп жоқ. Қазақстанның Астана, Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақ­стан, Қызылорда, Ақтөбе, Маң­ғыс­тау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген қонақтарды былай қойғанда, Өзбекстанда қазақтар жиі қоныстанған өңірлерден де ат шалдырып келіп жатқан­дар­дың қарасы мол.

Баба рухына зиярат жасалып, құран оқылғаннан кейін Сейітқұл әулие, Әйтеке би бабала­рымыз­дың қазақ тарихындағы орны және бо­лашақ ұрпақтарға тәр­биелік мәні жөнінде пікір алысылды.

Салтанатты басқосуды  Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылым докторы, академик Әбд­рахман Омбаев жүргізіп отырды.

Қызыл террордың заманында ащы суға тойып алып, көзі қанталаған шолақ белсенділер осы қорымды трактормен сүріп таста деп пәрмен бергенде осы Нұрата қаласының имамы Нәс­реддин ақсақалдың аталары “Сейітқұл баба, Әйтеке бидің моласын тегістер болсаң бізді де қоса көм” деп трактордың алдында кесе-көлденең тұрған екен. Солай аман алып қалыпты.

Сондай текті тұқымның тұя­ғы Нәсреддин имам әруақтарға дұға бағыштады.

Жиында Навои қаласының хо­кимі Тұрсынов Қабыл Бекна­зароғлы қазақ-өзбек бауыр­лас­тығы жөнінде айта келіп, Әйтеке би кешені екі туысқан халықтың ортасына орнатылған алтын кө­пір екендігін жеткізді. Парла­мент Мәжілісінен осы жиынға депутаттар Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев қаты­сып, бүгінгіге өнеге болар бабалар тағлымынан сыр шертті.

Қазақстанның Өзбекстан Рес­пуб­ликасындағы елшісі Бөрібай Жексембин сөзін бүгін баршамыз біздің бауырлас екі мем­леке­тіміздің достық, ынтымақтастық тарихындағы ұмытылмас, ай­рық­ша маңызды сәттің куәсі болып отырмыз, деп бастады. – Олай дейтініміз, қазақ хал­қының әйгілі перзенті, ұлты­мыз­дың атақты би­лері Төле би, Қа­зы­бек бидің үзең­гілес серігі Әйтеке би бабамыздың басына, мар­құм­ның жатқан жері Өзбек­станның Науаи облысы Нұр­­ата қаласында зәулім мемориал­дық кешен салтанатты түрде ашы­лып отыр. Бұл ұлағатты іс-шара Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы мен қамқор­лығы арқасында қол­ға алынып, бауырлас Өзбек­стан тарапының із­гі ниетті қол­дауы және тамыры те­рең туысқан­дық тілектестігі нә­ти­же­­сінде жү­зеге асып отырған­ды­ғын айрықша атап өткім келеді.  Сондықтан да бұл қастерлі кесене – бауырлас қазақ және өзбек ха­лық­тарының туысқандық, дос­тық қа­­­рым-қа­ты­настарының айқын бел­­гісі, жар­қын рәмізі болып табылады.

Шын мәнінде, қандай ел болмасын, өткенін құрметтеп, бүгінін бағалай алмаса, ертеңгі болашағына сенімді қадам баса алмайды. Біздің халықтарымыз сан ғасырлардан бергі терең тарихында талай қиын-қыстау кезеңдерді, жаугершілікпен өткен аумалы-төкпелі замандарды бас­тан кешті. Елдің тағдыры тара­зыға түскен аласапыран уақыт­тарға тап келді. Алайда әрдайым еркіндік пен азаттықты аңсаған бабаларымыз «қой үстіне боз­тор­ғай жұмыртқалаған» бейбіт заман үшін жан аямай күресіп, тек қана ұлы жеңістерге ұмтылды. Солар­дың қатарында біздің асыл бабамыз, қара қылды қақ жарған әй­гілі би, жаужүрек батыр, Әйтеке би бабамыздың есімін әрқашанда зор құрметпен, шынайы мақта­нышпен атаймыз. Әйтеке би хал­қы­мыздың ше­жі­ре­сіндегі шешу­ші сәтте үш жүздің басын қосып, ұлттық тұтас­ты­ғы­мызды нығай­туға өлшеусіз үлес қосты, деді елші.

Жамбасы көрші елде тиге­німен Әйтеке бидің туып өскен, кіндік қаны тамған жері – Қы­зылорда облысында баба атын асқақтатып, ұрпақ санасында мәңгі орын алатындай жұмыстар қолға алынған. Ол жайлы Қы­зылорда облысы әкімінің орынбасары Ержан Уайысов пен Арал ауданының әкімі Нажмиддин Мұ­сабаев бастаған азаматтар егжей-тегжей баяндап берді. Осындағы мұражайға есте­лік сыйлықтар табыс етті.

Бір өңірдің ғана емес, қалың қазақтың сөзін ұстап жүрген, Маң­ғыстау облысы ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев баба ғибраты жөнінде тағлымды ойлар айтты.

Ақтөбе облысы, Әйтеке би аудандық мәслихатының хатшысы Ақан Ермағанбетов, Өзбек­стан Республикасындағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы Марат Үкібаев сөз алып, Нұрата ауылындағы Абай Құнанбаев атын­дағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Элмира Бөкеева бабасына арнап өзі жазған жү­рек­жарды өлеңдерін оқыды.

Жиынды “Әйтеке би” мәдени-та­рихи орталығының президенті Ша­һарбек Усманов қорытын­ды­лады.

– Ата-бабаларымыз сан ғасыр күресіп, сол жолда талай батырларымыз шейіт кеткен Тәуел­сіз­діктің ақ таңы арайлап атқаннан бергі 20 жылдан астам уақыттың ішінде дос сүйсінетіндей қыруар шаруалар атқарылды. Елбасымыз сынды сарабдал саясаткердің басшылығымен қоғамымыздың қай саласы болмасын гүлденіп келеді, – деді ол.

Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің Өзбекстандағы сол кездегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтің тікелей қолдауының арқасында ұлт тарихындағы аса қадірлі тұл­­­­ғалар Сейітқұл баба, Әйтеке би кесенесінің алғашқы кірпіші қа­ланып еді. Міне, осы арада біздер бауырлас Өзбек елінің Пре­зиденті Ислам Каримов мыр­заға ата-бабамыздың кесенесін жаң­ғыртуға деген талпыны­сы­мыз­­ға шын ниетімен қолдау біл­дір­гені үшін алғыс сезімімізді біл­діреміз. Міне, осыдан бірнеше жыл бұрын тілектес жандардың қолдауымен бабаларымыздың әбден тозығы жеткен кесенесін заман талабына сай жаңғыртуға бірнеше азамат болып кіріс­кен­біз. Құдай қолдап, ол шаруамыз да оңынан айналды. Кесененің айналасын абаттандыру мен бас­қа да шаруалардың барлығын осы аралықта жүзеге асырып үлгердік.

Енді міне, бүгін «Сейітқұл баба – Әйтеке би» бабала­ры­мыз­дың кешенінің құрылысы толық аяқталды. Мұражай экспонаттармен жабдықталып, кесене, мешіт, мұражай, қонақ үйі, айван, үлкен қақпа керемет көркем есте қа­ла­тындай мәдени-тарихи ес­керт­кішке айналды. Қолға алған ша­руа­мызға барынша қолдау көр­сеткен ақ ниетті жандарға Алла­ның нұры жаусын, – деп сөзін түйіндеді Шаһарбек Усманов.

Басқосу соңында Төле би ауданының құрметті азаматы, қадірменді ақсақал Құдайберген Оңғаров бата берді.

– Осы асқа барша қазақ баласы жиналғандығы бәрімізді қуан­тады, – дейді белгілі заңгер, ұлты­­мыздың шынайы зиялыларының бірі Бекет Тұрғараев. – Әйтеке би өз тұрғыластарымен қазақтың Жеті жарғысын қабылдауға зор еңбек сіңірген тұлға. Ел шетіне жау тигенде найза ұстаған батыр, жаймашуақ заманда ел сөзін ұс­таған кемеңгер би болған. Өткенді бағаламай, бүгіннен ба­қыт іздеу мүмкін емес. Сондық­тан, ұлтымыздың тарихын түген­деуде келелі істерді қолға алған Елбасымызға елдің атынан рахмет айтамыз. Бабалар ғибраты елдік мәселелерге күні кешегідей қызмет ете беретініне тағы да кө­зі­міз жетіп отыр. Төрт құбыласы түгенделіп жатқан алаш жұртына құтты болсын айтқымыз келеді.

Бабалар рухы ұлықталған ас тағлымы осындай ой түйгізеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

“Егемен Қазақстан”.

Алматы – Самарқан – Навои – Нұрата – Алматы.