Түркістан және туризм
Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:21
Тарих қойнауынан сыр шертсек, өткен замандарда қаһармандық пен бекзаттықтың биік өнегесін танытатын ерлер өздерін Әулие Бабамыз – Қожа Ахмет Ясауидің көк күмбезінің астына жерлеуін өсиет еткен. Оны ғасырлар бойы қалыптасқан кесене айналасына мыңдаған тарихи тұлғалар жерленгендігін археологиялық зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр.
Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:21
Тарих қойнауынан сыр шертсек, өткен замандарда қаһармандық пен бекзаттықтың биік өнегесін танытатын ерлер өздерін Әулие Бабамыз – Қожа Ахмет Ясауидің көк күмбезінің астына жерлеуін өсиет еткен. Оны ғасырлар бойы қалыптасқан кесене айналасына мыңдаған тарихи тұлғалар жерленгендігін археологиялық зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр.
Кеңес өкіметі кезінде тарихымызға жасалған қиянаттың салдарынан, оның алдында Қоқан билігі мен патшалы Ресей билігі тұсындағы қасақана әрекеттерден құлпытастардың барлығы дерлік жойылған. Мұнда жерленген тұлғалардың көпшілігінің аты-жөндері белгісіз, құлпытастары жойылып, дерек-мәліметтер аз қалған. Кесенеге жерленген тұлғалардың ұрпақтары мен мұражай қызметкерлерінің ізденулерінің арқасында тұлғалар жайлы біршама деректер жиналды. Алғаш рет 1999 жылы кесенеге және кесене маңына жерленген тұлғалардың тізімі жасалып, тақтаға жазылып, экспозицияға шығарылды. Кесене және оның айналасына жерленген тарихи тұлғалардың нақтылы саны қанша екендігін дәл айту мүмкін емес. Өткен ғасырда кесенеге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына қатысқан кісілердің естеліктеріне, сол жобаларға жетекшілік жасаған мамандардың есептеріне қарағанда кесененің айналасындағы топырақты сүргенде адам сүйегі өте көп мөлшерде болған. Жыр-дастандарда қазақ хандарын, біртуар азаматтары мен игі жақсыларын Түркістанға – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінің маңына алып келіп жерлегендігі туралы айтылады. Сондықтан казіргі таңда 162 адам жерленгендігі белгілі болып отырса, алдағы уақытта бұл тізім толыға береді деген сөз.
ХV ғасырдың аяғында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі билік иелерінің пантеонына айналып, Дешті Қыпшақтың әйгілі хандары мен ханымдары жерленеді. Мұнда Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдың әйелі, атақты Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегім және Әбілхайыр ханның шөберелері Құл-Мұхаммед сұлтан мен Мастура-хатунның жерленгендігі белгілі. Бұдан кейін мұнда қайтыс болған қазақ хандары мен сұлтандары, ханшалары қойыла бастады. Қазақ ханы Жәнібектің қызы Аманбике, белгілі тарихшы Қадырғали Жалайыри, Шығай ханның баласы Ұзыноқты Ондан сұлтанның сүйектері осында қойылған. ХVІ ғасырдың соңында Түркістан аймағы Қазақ хандығының құрамына толық өтіп, қала хандықтың астанасына айналды.
XVII ғасырдың басынан қазақ хандары мен олардың отбасы мүшелері, батырлар мен билер кесенеден мәңгі жай тапты. Бұл кезеңде Есім хан (1628 ж), Жәңгір хан (1652 ж), Ондан сұлтан мен оның ұлы Қайнар-Күшек жерленсе, XVIII ғасырда Тәуке хан (1715 ж), Болат хан, Абылай хан (1780 ж), Ұлы жүз ханы Жолбарыс (1740 ж), Орта жүз хандары Семеке мен Әбілмәмбет және оның ұлы сұлтан Әбілпейіс осында жерленді. Сонымен бірге орта жүздің биі Қаздауысты Қазыбек би, қанжығалы Бөгенбай батыр да осында қойылған. Жалпы, Ахмет Ясауи кесенесінде 25 қазақ хан-сұлтандары (хандар – 21, сұлтандар – 4), 26 би-абыздар мен 49 батыры және 61 игі жақсылары жерленді. Кесене маңындағы арнайы даярланған мазарларда хан сүйектері жерленіп, кейіннен мазарлар қиратылған соң, басына қойылған құлпытастар кесене ішіне қайта қойылды.
Міне, жақында осындай есімін ел ардақтаған тұлғаларға арнап, кесененің қарсы бетінен, яғни «Алматы» алаңынан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кесене маңында жерленген қазақ даласының хандары, сұлтандары, билері мен батырларының есімдері жазылған мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды.
Сондай-ақ, Түркістанды одан әрі түлету мақсатында «Түркістан дамыту» қоры атты қайырымдылық қоры құрылды. Жалпы, бұл қаладағы туризм саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға иек артпай, аталған қор қаржысын пайдалану назарға алынған. Міне, осындай мақсатта қорға түскен қаржыдан бой көтеретін алғашқы нысан туристерге қызмет көрсететін зияратшылар орталығы болып отыр.
Орталықтың дайындалған жобасында туристерге барлық жағдайлар қарастырылған. Жоба бойынша туристер орталығы 200 орынға арналған. Орталық 72 бөлмеден тұрады. 2012-2013 жылдарға арналған жоба бойынша туристер орталығының жұмысына жалпы құны 179,0 млн. теңге жоспарланып отыр. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 21,0 млн. теңге және жеке инвесторлар есебінен 158,0 млн. теңге тартылмақ. Жоба бойынша туристер кешенінің инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында сыртқы жүйелерін жүргізуге қажетті қаржы көлемі 29,5 млн. теңгені құрамақ. Соның ішінде электрмен, сумен, сарқынды су жүйелерімен және автокөлік жолдарымен қамтамасыз ету қарастырылған. Айта кетерлігі – аталған орталықтың инфрақұрылымына қажетті қаржы көлемі әзірге жоба ретінде жасалған.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Түркістан қаласы.