Жаһанша
Сәрсенбі, 12 қыркүйек 2012 7:30
Алаштың аймақтық үкімет басшысы туралы толғаныс
Бұл жәдігерде: «Күнбатыс және Торғай Алаш Ордаларының басшылары. Солдан оңға қарай: 1) Мырзағазы Есболұлы; 2) Халел Досмұхамедұлы; 3) Жаһанша Досмұхамедұлы; 4) Міржақып Дулатұлы. Басқалары нөкерлері» деп жазылған.
Сәрсенбі, 12 қыркүйек 2012 7:30
Алаштың аймақтық үкімет басшысы туралы толғаныс
Бұл жәдігерде: «Күнбатыс және Торғай Алаш Ордаларының басшылары. Солдан оңға қарай: 1) Мырзағазы Есболұлы; 2) Халел Досмұхамедұлы; 3) Жаһанша Досмұхамедұлы; 4) Міржақып Дулатұлы. Басқалары нөкерлері» деп жазылған.
Қазақтың Ресей патшалығы құрсауынан босаған шақтағы өз жолын іздеу үдерісіне атсалысқан тұлғалар шоғыры қомақты. Солардың бірі Жаһанша Досмұхамедов. Ол патша өкіметі тұсында бұратанадан шығып Россия империясы округінің орынбасар-прокуроры дәрежесіне дейін көтерілді. Тиісінше – юстиция (әділет) генералы мәртебесіне жетті.
Жаһанша Орал облысының Жымпиты ауданындағы 3-ші ауылда (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Бұлдырты ауылында) малшы отбасында 1887 жылы туған. Жоғары білімді заңгер. Ол өзінің қоғамдық-саяси қызметінің тұңғыш рет көпшілік көзіне ілігіп басталған уақытын тергеулерде 1910 жыл деп көрсетті. «Мен бұл жылы университет бітіріп Орал облысына келген соң, Орал қаласында орыс тілінде шығып тұрған «Уральский листок» газетінде бірнеше мақала жарияладым. Бұл мақалаларымда мен ішкі Россиядан қазіргі Қазақстанның аумағына шаруаларды жүйесіз көшіріп қоныстандыруға қарсы шыққан едім, – деді ол 1930 жылғы көрсетуінде. – Осы мақалалар үшін мені Орал губернаторы облыстық басқармада стипендиямен қызмет істеу хұқымнан айырды».
Содан ол сот лауазымына кандидат ретінде Орал округтік сотында істеді. Мұнда біраз уақыт басбұзарлық істерді қарау бөлімшесінде және негізінен ұсақ басбұзарлық істер мен азаматтық істерді қарайтын мировой судьяның көмекшісі міндеттерін атқарып жүрді. Жаһанша тергеушіге: «Одан кейінгі жылдары мен Сібірдегі сот органдары желісінде ақпан революциясына дейін істедім», – деп көрсетті.
1912 жылдың жазында Жаһанша Омбы сот палатасындағы лауазымға аға кандидат етіп ауыстырылды, сол жерден Барнаул үйезінің оныншы учаскесінің мировой судьясы міндеттерін атқаруға жіберілді. 1913 жылы тап сондай мировой судья лауазымымен Змеиногор үйезінің бірінші учаскесіне ауыстырылды. Сол жылдың күзінде Барнаул қаласына шақыртып алынды. Мұнда ол біраз уақыт прокуратурада істеді де, 1914 жылғы наурызда Том округтік соты прокурорының Каин үйезі бойынша жолдасы (орынбасары) лауазымына тағайындалды.
Жаһанша Досмұхамедов Том округтік соты прокурорының орынбасары қызметінде Сібірге саясат тұрғысынан айдалғандарға, округтің саяси ахуалына бақылау жүргізді. Осы кезде әділет генералы шеніне жетті. 1930 жылғы да, 1938 жылғы да тергеудегі жауаптарында ол патша тақтан құлағаннан кейін сонда, Сібірде, Каин үйездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланғанын көрсеткен.
Оралда Жаһанша Досмұхамедұлы жерлестерінің арнайы тапсырысымен облыс қазақтарын басқару құрылымы мен ережесін жазды. 1917 жылғы 19-22 сәуірде өткен облыстық бірінші қазақ съезін басқарды. Осында басқа да маңызды шешімдермен қатар, ол жасаған құжат бір ауыздан қабылданды. Съезд Орал облысының қазақтар мекендейтін бөлігін басқарудың қалыптасқан бюрократиялық жүйесі «уақыт талабына сәйкес еместігі былай тұрсын, жергілікті тұрмыс жағдайына мүлдем жауап бермейді» деп атап өтіп, оны «халықтық алқалы басқармамен ауыстыру қажет» деп тапты. Халықты құрылым буындарына сайланған алқа арқылы басқаруды ұйымдастыру Жанша әзірлеген ереже бойынша жүргізіледі деп көзделді. Тиісінше, жергілікті басқару құрылымы белгіленіп, билік жүргізетін тұрақты қазақ комитеті сайланды.
Тергеудегі көрсетулерінде Орал қазақтарының тұңғыш құрылтайы өзінің төрағалығымен өткізілгенін, съездің қаулылары, қарарлары және басқа да шешімдері Мартыненко құрастырған «Алаш-Орда» кітабында басылып шыққанын айтты. Сосын: «Осы съезд өз қаулысымен мені сол шақта Мәскеу қаласында шақырылған бүкілроссиялық мұсылман съезіне жіберілетін делегаттардың бірі етіп сайлады», – деді.
Бүкілресей мұсылмандарының бірінші съезі 1917 жылғы 1-11 мамырда өтті. «Бұл съезде мен «Шура» бүкілресейлік мұсылман комитеті (сол кезгі орыс тілінде қолданылған аббревиатура бойынша – Икомус, яғни мұсылман кеңесінің атқару комитеті – Б.Қ.) төрағасының орынбасары болып сайландым» дейді кейіпкеріміз. Осынау бүкілресейлік лауазымға сайлану оның бұрынғы империя түркі халықтары арасындағы биік беделінің нәтижесі іспетті еді. Оның беделі Икомуста қызмет атқарған уақыттарында да төмендеген жоқ. Күллі Ресей мұсылмандарының Мәскеу съезінен соң «көп ұзамай мені құрылтайшы жиналысқа сайлау өткізу туралы заң жобасын жасау жөніндегі комиссияға енгізді, – деп көрсетті ол кейін ОГПУ тергеушісіне. – Аталған жұмыстарды атқару үшін мен Петербургте 1917 жылғы қарашаның ортасына дейін болдым».
«Бұдан кейін мен бүкілқазақ съезіне қатыстым, съезд Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов және басқалардың бастамасымен Орынбор қаласында шақырылған еді». Бұл тарихи құрылтайдың 1917 жылғы желтоқсанның 18-26-ы күндері (ескі календарь бойынша – 5-13 желтоқсанда) өткені белгілі.
Тергеуде Досмұхамедов өзінің Бөкейхановпен үнемі пікірлес бола бермегенін, мысалға, қазақ автономиясын жариялау мерзімі жайында көзқарастарының екі жарылғанын, мәселенің делегаттардың аттарын атап дауыс беруіне дейін барғанын көрсетті.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Жаһанша Досмұхамедов пен оның жағындағылар, орталықтан лықсып келе жатқан анархиядан қорғану мақсатында, автономияны шұғыл жария етіп, қазақ әскерін құру керектігін көтерген. Олар Орал облысы, Бөкей ордасы, Торғай облысының Ақтөбе және Ырғыз үйездері және Сырдария облысы делегаттары еді. Ал Әлихан Бөкейханов бастаған екінші тарап, майданнан қашқан солдаттардың қарусыз қазақты қырып тастауы ықтималдылығынан сақтанғандықтан, автономияның жариялануын кейінге қалдыруды көздеген.
«Бұл съездің артынша Орал қазақтарының екінші облыстық съезі шақырылды, – деп көрсетті Жаһанша тергеушіге. – Съезд мені жоғарыда көрсетілген аумақтағы «Алаш-Орда» билігін мойындау жөнінде РСФСР Халкомкеңесімен келіссөздер жүргізу үшін Мәскеу қаласына іссапарға жіберді».
Бұл қысқа мағлұмат артында біраз оқиға жатқан-ды. Орынбордағы тарихи съезден кейін Халық Кеңесі мүшелерінің дені съезде орталық үкімет жұмыс істейтін астана ретінде белгіленген шаһарға – Семейге іргелес Алаш (Заречная слободка) қаласына аттанған. Алайда ондағы кеңес билігі қазақ үкіметінің жұмыс істеуіне ықылас танытқан жоқ. Кеңес әскерінің Орынборды алуына байланысты Уақытша үкімет комиссары лауазымымен қызмет атқаруын доғарған Әлихан Бөкейханов та Семей облысына қарай кетіп, жазға дейін жасырын жағдайда жүруге мәжбүр болды.
Ал Орал облысының қазақ комитеті Орынбордағы ІІ жалпықазақ съезінен делегаттары оралған соң, кезекті облыстық съезді шақыруды қолға алды. Тарихқа Қаратөбе съезі деген атпен енген Орал облыстық үшінші қазақ съезі 1918 жылдың ақпан айының соңғы күндерінде өтті.
Съезді Жаһанша Досмұхамедов: «Халқым, бауырларым, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың, ел қамы үшін етігімен су кешкен асылдарымыздың аңсаған азаттығы, көксеген еркіндігі үшін шешуші аттанысқа шыққалы тұрмыз», – деген сөздермен бастап ашып, ағымдағы саяси ахуалды баян етті. Екінші жалпықазақ съезінің тарихи шешімдері мен оны жүзеге асыруда кездесулі тығырықтар жайын айтып, сол орайда күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселелерді атады. Орынбор съезі шешімдерінің ауқымында аймақтық үкімет құрудың, халық әскерін жасақтаудың, дербес басқару құрылымының қызметін жүргізу үшін елден салық түрінде қаржы жинаудың маңызы сөз болды.
Осы өзекті мәселелер төңірегінде келелі пікірлер ортаға салынып, айтыс-тартыстар орын алды. Құнды ұсыныстар көпшілік тарапынан қолдау тауып жатты. Съезд Орталық кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізу қажет деп тапты. Сол үшін делегация сайлады.
Әйгілі күрескер Бақытжан Қаратаев кезінде бала Жаһаншаның заңгерлік жоғары оқуға түсуіне кеңес-бата берген, оның алғашқы публицистикалық жұмыстарына, қызметтегі жолына жанашырлықпен, тілектестікпен қараған ұстазы, тәлімгері еді. Дегенмен, екеуінің монархия құлатылғаннан кейінгі елдің дамуы хақында түйген ойлары біртіндеп екі жарылған болатын. Қаратаев патшалықтың отаршыл саясатына қарсы парламенттік жолмен алғаш ірі күрес жүргізуші ұлт қайраткері бола тұра, ақпан революциясынан кейін ұйымдық тұрғыда рәсімделген алаш автономиялық құрылымын қолдамады. Кейін сол ұлттық қозғалысты сыни тұрғыда зерттеген еңбек жазды.
Қаратаевтың ойынша, «земство мен әскери үкімет («войско»), сондай-ақ батыс Алаш-Орда большевиктерге қарсы бірлесіп күресу үшін одақ құрды және совет өкіметін ешқандай да мойындамайды» деген хабарды «Уральские областные ведомости», «Яицкая воля» газеттері беттерінде жазғанына қарамастан, олар «совет өкіметін көзбе-көз алдауды» көздеген бұл әрекетке «кеңес үкіметінен («от СНК РСФСР») ірі көлемде қаржы алу үшін» барған еді. Сөйтіп, «батыс Алаш-Орданың төрағасы Жаһанша Досмұхамедов, Орал облыстық земство басқармасының төрағасы Халел Досмұхамедов, оның орынбасары Попов, сол басқарманың мүшелері Кәрім Жәленов пен Бурковский Жайық сырты қазақтары құдды бір совет өкіметін танығандай етіп Халкомкеңеске баяндама беру» және қазақтар арасына «кеңестерді енгізіп, қорғау үшін 40 млн сом» ақша сұрау мақсатында Мәскеуге сапар шекті…» деді.
Ал Жаһанша Досмұхамедов 1930 жылы тергеушіге: «Орал қаласына оралғаннан кейін мені, Кеңес өкіметімен қарым-қатынас жасағаным үшін, Орал казактары тұтқынға алды (1918 жылғы сәуірдің екінші жартысы – Б.Қ.)», – деп көрсетті. Сапардың мән-жайына тереңдеген жоқ. Бірден: «Бірақ көп ұзамай босатты, – деді. – Одан кейін мен басқа қазақ қызметкерлермен бірге Жымпиты қаласына кетіп қалдым. Сол жерде «Алаш-Орда» бөлімшесін құрдым (1918 жылғы мамыр – Б.Қ.), ол сол шақта «Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі» (дәлірек айтқанда, ол кезде – «Ойыл уәләяты» – Б.Қ.) деп аталды, («Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі» ретінде рәсімделуі – сол 1918 жылдың күзінен. Мамырдағы Орал облыстық төртінші қазақ съезі сайлаған үкіметтің басқаруымен республика режимінде жұмыс істеген бұл құрылымның осынау сабақтас атауларында тұрған пәлендей ештеңе жоқ болғандықтан, ажыратып айтпауы – тергеушінің мыйын қатырмайын дегені болар – Б.Қ.). Осы үкімет одан кейінгі жылдар бойы жұмыс істеп тұрды».
Тұтқын Батыс бөлімше үкіметінің нендей қызмет атқарғанына тереңдемеген.
Жаһанша Досмұхамедұлы зайыбы (Ольга Константиновна), қарындасы, ағасымен.
ОГПУ тергеушісі ойындағысына жету мақсатында ежіктеп талай сауал қойса керек. Жаһанша бұрынғы айтқандарына қайта оралып, толықтырады. «Сіздің сұрақтарыңызға байланысты, бұдан бұрынғы көрсетуіме қосымша, мынандай жауап бере аламын, – дейді. – Дулатовпен мен Ташкентте өте сирек кездестім, айтпақшы, ол менің Қылмыстық кодексті қазақшалаған аудармамды қатты сынаған болатын. Ташкентте де, Алматыда да мен Халел Досмұхамедовті өте сирек және кездейсоқ қана кездестіріп жүрдім. Бірімжанов туралы білетінім, ол 20-21 жылдары «Ақ жол» редакциясы маңында жүретін. Студент болды. Сосын, Түркреспубликадан Германияға оқуға барған студенттер қатарына ілікті. Оның өзін көрген емеспін. Жалпы, менің таныстарымның ауқымы европалықтар, көбіне партияшылдар болды. Дінмұхамед Әділовпен жүзтаныс қанамын, Ташкентте көргенмін, Қызылорда мен Алматыда оны көрген жоқпын».
Жаһанша «Казсельхозбанктің» юрисконсульті ретінде Ташкентте тұрып, ауылшаруашылық серіктестіктерінен салықтар өндіріп алу жұмысын жүргізді. «Мен өндіріп алу ауқымын 96 пайызға дейін жеткізіп, бұл жұмысты аяқтаған соң, ауылшарбанк басқармасының төрағасы Болгаев жолдас маған Қызылордаға ауысып, сонда көшіп барған Басқармада тікелей қызметтік міндеттерімді орындауға кірісуімді ұсынды. Одан басқа мен Казводхозда (Қазақ су шаруашылығында – Б.Қ.) заң кеңесшісі болатынмын, ол да сол кезеңде Ташкенттен Қызылордаға көшіп жатты. Сөйтіп, мен өз мекемеммен бірге қоныс аудардым».
Тергеушіні оның Қазақстанның жаңа астанасындағы қарым-қатынастары да қызықтырады. «Қызылордада бұрынғы алашордалықтармен ешқандай байланысым болған жоқ, – дейді тұтқын. – Менің таныстарым негізінен водхоз қызметкерлері еді, олармен мен жаңа қалада қатар тұратынмын». Бірақ бұндай ақпарат жеткіліксіз. Алайда, тұтқын бәрібір мардымды ештеңе көрсетпейді. «Қызылордада бұрынғы алашордашылардан Дулатов тұрды, ол «Еңбекші Қазақта» істейтін. Халел Ғаббасов Госпланда, Есболов Казшерстьте қызмет ететін. Тынышбаевтың қайда істейтінін білмейтінмін, Ермеков профессураға дайындалып жүр деп еститінмін, екеуі де Қызылордада болған жоқ, мен олармен онда кездескен жоқпын. Тынышбаев Қызылорда құрылысы бойынша сотқа тартылғанда маған кірген жоқ. Менің жалпы, Тынышбаевпен және Халел Досмұхамедовпен достығым жоқ болатын, олардың өмір салты менікінен мүлдем басқа еді».
Олармен арасы, шынында, 1924 жылы бажасы Тұрар Рысқұловтың (өз адресіне келген, алайда, Қабылбек Сарымолдаевқа жазылған) хатына орай орын алған оқиғаға байланысты салқын тартқан-ды.
«Қызылордадан Үкімет мекемелерімен бірге Алматыға көшіп бардым, онда 1930 жылдың қаңтарына дейін болдым. Алматыда мен мүлдем оқшау өмір сүрдім. Ешкімді де кезіктірмедім деуіме болады. Пәтерім де болмады. Сондықтан қонақ шақыруға ешқандай да мүмкіндігім жоқ-тын, ешкімді қабылдай алмадым», – дей келе, ол өзінің сол 1930 жылғы қаңтарда Алматыдан, жалпы, Қазақстаннан көшіп кетуге бел байлағанын айтады. Сосын бұған итермелеген төмендегідей себепті баян етті: «Осы кезде өзінің таптық күресімен астық дайындау, өзінің тәркілеуімен ұжымдастыру және басқа онымен қатар жүрген оның саяси іс-шараларымен басталған болатын. Әдетте, мұндай жағдайларда әлдекімді нысанаға алып атқылап жатады. Мен идеологиялық жағынан қандай да бір жазғырудан аулақ болу үшін – Қазақстаннан мүлдем кетсем деп шештім, Қазақстандағы барлық оқиғалардан алыс болғым келді».
Шешімін жүзеге асыруға кім жәрдемдескенін де жасырмады: «Маған балдызым, Рысқұловтың әйелі жеделхат жолдап, Мәскеуде жұмыс табуға болатынын хабарлады, бәлкім пәтер мәселесі де жайғастырылып қалуы ықтимал деді. Міне, мен сөйтіп, ақпанда Мәскеуге кеттім, содан бері сонда қазірге дейін қызмет істеп, тұрып келем».
Мұндай мәлімдемеге арнайы қызмет тергеушісі қайдан сене қойсын. Оған бәрін түбегейлі білу керек. «Қазақстанға мен «Скотовод» басқармасының төрағасы Грущевский жолдаспен бірге келдім – Қазөлкеком мен Қазүкіметке «Скотоводтың» Қазақстандағы жұмысы жайында баяндама жасау үшін, мені Мәскеуден командировкаға науқастанып жүргенімде әкетті, ж. Грущевскийдің өзі жолда менің ыстығымды өлшеп, 39 градус шамасында деп тапты. Алматыға келгенімізде біз Қызылордадан ГПУ-дан жеделхат алдық, Қызылордадағы біздің кеңсенің барлық жоғары басшылығы тұтқындалғаны жайында хабарлапты. Сондықтан да мені және партияшыл Котовты ж. Грущевский Қызылордаға іссапарға жіберді. Қызылордадағы біздің кеңсенің жұмысын тексеру үшін. Әсіресе, біздің малымызды қысқы кезеңге орналастыру мәселесін қарау үшін. Біздің осындай ревизиямыздың кезінде, жұмысымызды аяқтап, Мәскеуге оралуға жиналып жатқанымызда, мені тұтқынға алды. Қызылордадағы конторымыздың ісі жөнінен мені сонда ГПУ-дің экономикалық бөлімі тергеп, жауап алды».
Көрсету-жауаптарына тергеушінің сенімсіздікпен қарап отырғанына көзі жеткендіктен, Жаһанша өзіне кепілдік бере алатын адамдарды атайды. «Менің өмірім мен қызметім жайында Қазақстанның барлық жауапты қызметкерлерінен және ж. Бельскийден – ол менің Ташкентте өткізген өмірімнің барлық шағында Ортаазиялық ГПУ-дің бастығы болып істеді – анықтама жинап алуыңызды өтінемін. Олар куәландырар деп ойлаймын, – дейді ол, – мен өз жеке өміріммен өмір сүрдім, ал ауызекі сөзде әлеқандай советтік іс-шараларды сынаған болсам, тура коммунист жолдастардың көз алдында айттым. Және ешқандай да әлдекімді үгіттеу мақсатымен емес, жәй ғана субъективті көзқарасымды білдіру тұрғысынан айттым».
Ол өзге әріптестерімен бірге репрессияланды. «Контреволюциялық қызметі үшін» «үштік» үкімімен 5 жылға Воронежге жер аударылды. «Үлкен террор» жылдары (1938 жылғы 1 маусымда) қайта тұтқындалып, 1938 жылғы 16 шілдеде НКВД-нің Мәскеу облыстық басқармасы жанындағы «үштіктің» үкімімен ату жазасына кесілді. Осынау жазаның жоғарғы шарасы жайындағы үкім негіздемесінде Жаһанша Досмұхамедұлы «жер аударудан 1935 жылы Мәскеуге оралған бойда» «контрреволюциялық ұйым» мүшелерімен байланысын қалыпқа келтірді, «халық жауы Рысқұловпен тығыз байланыста болды» деп айыпталды.
1938 жылғы 3 тамызда «қазақ контрреволюциялық ұлтшыл ұйымы лидерлерінің бірі, «халық жауларымен» тығыз байланысты Джаганша Дос-Мухамедов» Мәскеудегі Бутово полигонында атып тасталды. Содан – жеке басқа табыну әшкереленгеннен кейін орын алған әйгілі саяси «жылымық» жылдары – 1957 жылғы 2 желтоқсанда реабилитацияланды.
Әйтсе де, тұңғыш та соңғы аймақтық мемлекеттік құрылымның басшысы болған Жаһанша Досмұхамедұлының адал есімі еліне оңайлықпен қайтарылмады. Уақытында оның атылғаны жайында ашық айтылмаған-ды. Хабар-ошарсыз кетуін отбасына «хат жазысу құқынан айырылып он жылға жер аударылды» деп түсіндірген. Зайыбының «жылымық» жылдарғы ізденісіне КСРО Бас прокуратурасы 1957 жылдың 25 мамырында «Жаһанша Досмұхамедов еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтеп жүргенінде 1942 жылғы 13 қарашада жүрек талмасынан қайтыс болған» деп хабарлаған-ды. Сол хабардан жарты жыл өткенде, жоғарыда айтылғандай, 1957 жылғы 2 желтоқсанда Мәскеу қалалық сотының Төралқасы оны ақтады. Сот Төралқасы 1938 жылғы 16 шілдедегі «үштік» үкімінің күшін жоя отырып, Жаһанша Досмұхамедұлының 20-шы жылдарғы «контрреволюциялық қызметі» үшін бұрын сотталып, жазасын 1930-1935 жылдары өтегенін, одан кейінгі «контрреволюциялық қызметі» хақында 1938 жылғы іс материалдарында ешқандай дерек жоқтығын атап айтты.
«Үлкен террордан» жиырма жыл өткенде, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер бойынша арнайы комиссиясы 1958 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымымен Жаһанша Досмұхамедовті өзге де алашордашылармен бірге ақтап шықты. Алайда, оның адал есімі қоғам өміріне қайтарыла қоймады. Тағы отыз жылдан кейін, 1988 жылғы 4 қарашада оны Қазақ КСР Жоғарғы Соты басқа алашордашылар қатарында тағы да ақтады.
Содан бері бұл қайраткердің күрескерлік жолына зерттеушілер едәуір мән беріп келеді. Мақалалар, монография, деректі фильм, өзге де еңбектер жарық көріп жатыр. Тек Қазақ Автономиясының 1918–1920 жылдары республикалық режімде жұмыс істеген тұңғыш, жалғыз да ерек аймақтық ұлттық үкіметінің басшысы болған көрнекті қайраткерге әзірге тиісті дәрежедегі лайықты баға берілген жоқ.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.
Алматы.