Хан Кененің сенімді серігі
Жұма, 28 қыркүйек 2012 7:03
Қызылорда халқы Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойына дайын
Сыр елi – талай сырды бауырына басқан тарихы кенен, келешегі кемел, ерлері ерен, еңбеккерлері берен, Алашқа ана, қазаққа пана болған қасиетті де құтты мекен. Екі ғасырға жуық тарихы бар Ақмешiт қаласы бір кезде қазақтың астанасы болғаны қызылордалықтардың ерекше мақтанышы. Шежiрелi шаһардың қойнауындағы Сейхун дарияның толқынымен атамыз қазақтың ақтаңдақ ғұмыры шымырлап ағып жатқандай.
Жұма, 28 қыркүйек 2012 7:03
Қызылорда халқы Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойына дайын
Сыр елi – талай сырды бауырына басқан тарихы кенен, келешегі кемел, ерлері ерен, еңбеккерлері берен, Алашқа ана, қазаққа пана болған қасиетті де құтты мекен. Екі ғасырға жуық тарихы бар Ақмешiт қаласы бір кезде қазақтың астанасы болғаны қызылордалықтардың ерекше мақтанышы. Шежiрелi шаһардың қойнауындағы Сейхун дарияның толқынымен атамыз қазақтың ақтаңдақ ғұмыры шымырлап ағып жатқандай.
Жасыратыны жоқ, кешегi кеңестiк идеологияның пәрменiнен именiп, том-том тарихымыз архивтердiң қабырғасынан аса алмай қалған едi. Тәуелсiз елдiң таңы атқалы көне заманның көшiнде тарау-тарау iзi қалған толғақты оқиғалардың тереңiне бойлайтын да уақыт жеттi. Шүкiр деймiз. Осындай оқиғалардың бiрi ХIХ ғасырдағы Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ хандығының ұлт-азаттық көтерiлiсi болатын. Осы көтерiлiстiң алдыңғы шебiнде айқасып, арбасқан жаудан айбынын асырған Сыр елiнiң дара перзентi, хан Кененiң сенiмдi серiгi болған Бұқарбай батыр еді. Ол қиян-кескi шайқастарда қарулы қолды бастаған. Оның тағы бiр ерекше қыры – ұрымтал сәтте ұтымды билiк айтқан зердесi зерек жан болғанын жазба деректерде жиі жолықтырамыз.
Жалағаш топырағында туып-өскен батыр жайлы ел есiнде қалған естелiктер ауыз әдебиетi арқылы бүгiнге жетiп отыр. Дегенмен, ауыз әдебиетiнiң адамның жадына, қоғамның құбылысына қарай өзгерiп отыратыны да бар. Осы орайда қандай мақсатпен қалдырса да, патша үкiметiнiң тұсындағы жазбалар бүгiнгi тарихшыларымыздың қажетiне жарап отыр. Айталық, 1837 жылғы әдiлеттiлiк жолындағы көтерiлiсте Кенесары ханның бетке ұстар сарбаздарын Бұқарбай батыр бастағанын мұрағат деректерi айғақтайды.
Ал 1838 жылғы әйгiлi Ақмола бекiнiсiн алу шайқасында ерен ерлiгiмен танылған Бұқарбай батыр Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастанына және I.Есенберлиннiң «Қаһар» романына арқау болады. Сол Ақмола бекiнiсi – бүгiнгi азаттық символына айналған, Тәуелсіздіктің бойтұмарындай болған Астана қаласы. Олай болса, осыдан екi ғасыр бұрынғы Алаш ұрпағының арманы ақиқатқа айналғанына анық көзiмiз жетiп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Орта Азияның кiндiгi саналатын Арқа төсiне астана орнатқан ел Президентi Н.Ә.Назарбаевтың көрегендi көшбасшылығына, кемел парасатына таңданып, өркениет көшiндегi елдiң баянды болашағына сенім арта түсуде.
ХIХ ғасырдың орта шенiнде орыс патшалығы мен Қоқан, Хиуа хандықтарының қыспағында қалған Сыр бойы қазақтары iрi қимыл ұйымдастырмаса да осы елдермен оқта-текте iлiнiсiп, қақтығысып қалып жататын. Әрине, мұның басты бiр себебi, қоқандықтар мен хиуалықтардың салған салығынан, себепсiз талап тонауынан туындайтын. Осындай қақтығыстар мен барымта жорықтардың басында жүрiп, ерлiгiмен елдi аузына қаратқан Бұқарбай Естекбайұлының батырлық болмысы бiрте-бiрте биiктей түскен болатын. Осы ретте батырдың ел үшiн жасаған ең iзгi амалының бiрi – Қарабөгеттi бұзуы жайлы айтып өткенiмiз орынды болар еді. Мұндағы мақсат – елдi отырықшылыққа үйретiп, егiн салдыру, тұрмысын түзеу болғаны айдан анық.
Қазақтың қабырғалы халқы, құнарлы қара жері Қоқанның қол астында қалып, жұрт жабығып, ақтан тарығып, мерекесінен мән, берекесінен сән, жерінен дән кеткен соң Бұқарбай батыр соңына екi жүз қаралы шаңырақты ертiп, Қоқан жерiнен iргесiн аударады. Хиуаға қарасты Қожанияз қамалы маңына келiп қоныстанады. Көп ұзамай өзiнiң түпкi мақсатына талап қылған Бұқарбай батыр өз қосынындағы 200 адамды жұмылдырып, Қарабөгеттi бұзады. Сырдың сағасында өмiр сүрiп отырып, судан тапшылық көрген қазаққа қыруар тiрлiктiң тiнiн ашып берген батырдың бұл ерлiгi – тарихтың селiне шайылмаған шындықтың бiрi. Олай болса, Бұқарбай Естекбайұлын тек батырлық бейнесiнде қалдырмай, оның өз дәуiрiндегi әлеуметтiк ахуалды қалыптастыруға бағытталған көсемдiк келбетiн де танығандай боламыз.
Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданды. Осы құжатты басшылыққа ала отырып, Сыр бойында дүбiрлi тойға арнайы әзiрлiк жұмыстары қолға алынған болатын.
Өткен күнге ой жiберсек, осыдан 20 жыл бұрын батырдың 180 жылдық тойы аталып өткен едi. Әрине, ол қаржы мәселесінiң қиындау кезi. Дегенмен, аймақ жұртының ауызбiршілiгiнiң арқасында және ел арасындағы беделi биiк азаматтардың iскерлiгiнiң нәтижесiнде аталған тойды аға ұрпақ өкiлдерi аңыздай шертiп, ақындар жырына арқау еттi. Ал бүгiнгi тойдың ерекше сипаты – Тәуелсiз елдiң ұрпағы ат жалын тартып мiнген азамат болып ержеттi. Тарихын танып бiлер, тiзгiн ұстар ұрпаққа ұлтымыздың өткенi мен бүгiнiн ұғындырып, болашағына бағыт сiлтеу – бiздiң борышымыз. Мiне, осындай iзгi мақсатта ұйымдастырылып отырған дүбiрлi тойды дақпыртқа ұластырмай даңқын асыру үшiн аймақтың әлеуметтiк саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Олардың ең бастысы – Қызылорда қаласының орталығында, нақты айтар болсақ, Ғ.Мұратбаев және Бұқарбай батыр көшелерінiң қиылысына баһадүр бабаның ескерткiшi орнатылды. Белгiлi мүсiншi Жәркен Смайыловтың дайындаған жобасы үздiк деп танылып, батыр бейнесiн сомдаған бағалы ескерткiш тас тұғырға қондырылды. Сондай-ақ Астана қаласының көрiктi бiр көшесiне Бұқарбай батырдың есiмi берiлдi.
Батыр тойын өткiзуге арнайы қабылданған бағдарламаның аясында бiрiншi кезекте батыр болмысын бейнелейтiн танымдық, тағылымдық шаралар қолға алынды. Расында бұл тойдың бiз үшiн маңызы ерекше. Мақсат – ұлт тарихын ұрпаққа ұғындыру. Мәселен, күнi бүгiнге дейiн «халық жауы, бүлiкшi» аталып келген ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң бастамашысы – Кенесары ханды тарихшылар ақтап алып, оның қазақ халқының азаттығын көксеген көсемдiгiн жария етуде. Мiне, сол ұлы тұлғамен үзеңгiлес жүрiп, жосын жорықтарда қалың қолды бастаған Бұқарбай батырдың тұлғалық ерекшелiгiн сомдау, оның ұлағатты iсiн ұрпаққа таныту – бүгінгі буынның алдында тұрған үлкен мiндет. Осы бағытта ең алдымен ел тарихындағы Кенесары хан жайлы қатталған деректердi қазбалап, сол арқылы батыр бабамыздың болмысын ашу мақсатында аймағымыздың белгiлi ғалымдары мен тарихшылары республикалық орталық мұражайда, Орынбор, Ташкент мұражайларында үлкен шығармашылық iзденiспен еңбек етiп, батыр болмысын айшықтайтын таңдамалы туындыны жарыққа шығарды. Бұл жұмысқа Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң ғалымдары сүбелi үлес қосқанын атап өткен жөн. Кiтаптың әдеби және көркемдiк сапасына Қазақстанның Құрметтi журналисi, батыр жайлы бiрнеше әдеби көркем шығармалардың авторы Ахат Жанаев жетекшiлiк еттi. Сондай-ақ жергiлiктi басылымдар арқылы батырдың ерлiгiн дәрiптеуге аймақтағы қаламгер қауым да өз үлесiн қосып жатыр.
Жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында мектеп оқушылары арасында ғылыми жобалар байқауы, жас ақындар және ардагерлер арасында аудандық, облыстық және аймақтық жыр мүшәйралары ұйымдастырылып, поэзия, проза жанрларындағы таңдаулы шығармалар арнайы жинаққа топтастырылды.
Бұқарбай батырдың 200 жылдық тойын атап өтуге бағытталған мәдени шаралардың ең бастысы – «Ұлт азаттығы қозғалысы және Бұқарбай батыр» тақырыбындағы конференция. Республика аймағындағы белгiлi ғалымдардың, тарихшылар мен әдебиетшiлердiң қатысуымен өтетiн бұл келелi басқосуда ел тарихындағы толғақты оқиғалар таразыланып, батыр бабамыз жайлы тың деректер айқындалары сөзсiз. Сондай-ақ Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында «Ел батыры Бұқарбай» атты спектакльдiң премьерасы қойылатын болады.
Ал тойдың екiншi күнi батырдың туған жерi – Жалағаш ауданында жалғасын табады. Атап айтсақ, аудан көлемiнде жыл бойы әзiрлiк жұмыстары жүргiзiлiп, Жалағаш кентiнiң паспорты орнатылды. Аудан орталығындағы мәдениет үйi және Бұқарбай батыр ауылындағы мәдениет үйi, №33 орта мектеп, «Балдырған» балабақшасы секiлдi әлеуметтiк нысандар күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Жалағаш кентiнiң орталық алаңына жаңа үлгiдегi сахна орнатылып, тас төсенiштерi жаңартылды. Сонымен бiрге, аудан орталығын абаттандыру, ауыл көшелерiн жөндеу, аудандық маңыздағы автожолдарды ағымдағы жөндеуден өткiзу, жол белгiлерiн орнату және жарықтандыру жұмыстары талап деңгейiнде атқарылды. Ал той қарсаңында Бұқарбай батыр ауылында баһадүр баба атындағы мұражай ашылғалы отыр. Жергiлiктi кәсiпкер, «Мелиоратор» ЖШС-нің директоры Бердiбек Мыханов есiмдi азамат өз қаржысына ауыл орталығындағы мешiттi қайта салып, пайдалануға бердi. Сонымен бiрге, ат бәйгесiне арналған ипподром салынып, аудан орталығындағы стадион талапқа сай жабдықталды. Бұқарбай батыр кесенесiн қалпына келтiру, батырдың жары – Шынар ананың басына белгi қою және кесенеге баратын жолды жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi.
Той көрiгiн қыздырар айтыс ақындарын Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, ақын Жүрсiн Ерманның өзi бастап келмек. Дүбірлі тойда аймақтағы айтулы жыр-дастан орындаушылары да өзара сынға түспек.
Бұл шарада сондай-ақ ат бәйгесі ұйымдастырылады. Спорттық шаралар қатарында қазақ күресi және гiр көтеру сайыстары бойынша да балуандар бәсекеге түседi. Ал мерекелiк гала-концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары, белгiлi әншілер өнер көрсететiн болады.
Осы орайда Бұқарбай батыр ауылы тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағын ерекше атап өткен жөн. Ауыл халқы тойға дайындықты жыл басында-ақ бастап кеткен. Әрқайсысы өз ауласын реттеп, қораларын жаңартып, есік алдына ағаш егіп, көшелерін жөндеп, республиканың түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды күтіп алуға сақадай сай отыр. Балуандар түсетін, шабандоздар қонатын, әнші-жыршы, термешілер баратын үйлерді ауыл тұрғындары өз арасында келісіп, бөліп алған. Қысқасы, батыр баба атындағы ауыл мерейтойға жан-жақты дайындықпен келіп отыр.
Сыр елiнiң даңқты перзентi Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық тойы аймақтың абыройын асқақтатар айтулы шараның бiрi болғалы тұр. Дүбірлі тойға еліміздің барлық аймағынан арнайы қонақтар шақырылды. Тойға келушiлерге жетпістен астам үй тiгiлiп, батырға арнайы ас берiледi. Тарихымыз толысқан сайын тұлғасы биiктей түсетiн батыр бабамыздың тойы баршамызға шапағатын тигiзiп жатыр. Бiздiң мiндет – ұлт тарихының ұлағатын ұрпақ қолына жүйесін бұзбай, жүлгесін үзбей табыстау.
Болатбек ҚУАНДЫҚОВ,
Қызылорда облысының әкімі.
ҚЫЗЫЛОРДА.