29 Қыркүйек, 2012

Ертеде еңіреген бір ер өткен…

436 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ертеде еңіреген бір ер өткен…

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:27

Көне сарай кең дүние, кімдер бір келіп кетпеген, – дейді біздің қазақ. Кеткен көп, келетін ұрпақ та аз емес болар. Ал кеткендер арасында тарихта тек есімі қалғандар ғана емес, сол тарихтың өзін жасап кеткен кесек тұлғалар бар. Оларға құрмет мына елге құрмет. Өйткені, неғұрлым тарихы терең жұрттың бүгін мерейі үстем, ер­тең­ге деген сенімі нық. Ал біз, мына бүгінгі буын кешегі баһадүр бабалар­дың қадіріне толық жете алдық па, мерейін үстем ете алдық па? Рас, көп іс атқарылды, көп дүние жүйеленді, көп кемдік жойылды, ел қалыпты да байып­ты дамып келеді.

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:27

Көне сарай кең дүние, кімдер бір келіп кетпеген, – дейді біздің қазақ. Кеткен көп, келетін ұрпақ та аз емес болар. Ал кеткендер арасында тарихта тек есімі қалғандар ғана емес, сол тарихтың өзін жасап кеткен кесек тұлғалар бар. Оларға құрмет мына елге құрмет. Өйткені, неғұрлым тарихы терең жұрттың бүгін мерейі үстем, ер­тең­ге деген сенімі нық. Ал біз, мына бүгінгі буын кешегі баһадүр бабалар­дың қадіріне толық жете алдық па, мерейін үстем ете алдық па? Рас, көп іс атқарылды, көп дүние жүйеленді, көп кемдік жойылды, ел қалыпты да байып­ты дамып келеді. Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаев – қиынан қиыс­тырып, қиядан өткел тауып, аумалы да төкпелі кезеңдерден халықты, тұтас елді аман алып шықты. Соқтықпалы соқ­пақта шалдықтырмай даңғыл жолға бастады, жеткізді. Бар болғаны жиыр­ма жылдың көлемінде Қазақстан ет пен сүйектен жаралған пенденің ма­сат­танып, басы айналатындай жетістіктерге жетті. Алғашқы жылдары тек күнкөрісін ғана күйттеген бұқара бірте-бірте айналасына қарайтын, бола­ша­ғын бағамдап, ұлттың өткен жо­лы­на, баба тарихына үңілетіндей дең­гейге көтерілді. Сол көмескі тарта бастаған көне заманға көз салғанда алдымен зор тұлғалар, сұсы мен мысы басым хандар, туғанды емес тура сөзді билер, жүрегі түкті баһадүрлер іріктеліп ел аузына ілікті. Талай тез бен езгі көрсе де тарихи жадын мұқым жоғал­тып жібермеген ұлт дүр сілкінді. Сол кезеңде мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып, ат үстінде жүрген аза­маттар жүйелі түрде ұйымдас­ты­рып талай ардақтарымыздың есімі елімен қайта қауышты.

Ұлттың ұлық тұтатын ұлдары әри­не аз емес. Бұқарбай батыр Естек­бай­ұлы солар­дың бірі. Талай қияметті бас­тан өткерген қазақтың қатпар-қат­пар қалың тарихын­дағы салмағы ауыр, хас батыр­дың бірі. Қара орман қалың елден асырып өз ұланын ешкім де суреттеп бере алмасы анық. Дегенмен, хас батыр­дың өмірінен аз-кем дерек келтірелік.
Бұқарбай Естекбайұлы 1812 жылы қазіргі Қызылорда өңірінің, сол кездегі Перовск уезінің Байзақ болы­сын­да туған. Шежіре деректері Оңтаң­балы табынның Теке тармағынан та­ра­тады. Кіндік қаны Шотан көлі маңайы­на тамған. Есімі елге 1827-29-шы жылдар аралығындағы Күміс­қорғанға шабуыл кезінде әйгілі болған деседі көне деректер. Кейін қазақтың соңғы ханы, ұлт-азаттық аталатын үлкен жорық­тың көсемі Кенесары баһадүр-ханға еріп басқыншы жұртқа қарсы күрескен, тірескен, талай рет жан алысып жан беріскен. Ол жорықтың он жылға жалғасып, (1837-1847) соңы немен тынғанын көпшілік біледі. Хан Кененің ерке де, қол бастаған серке інісі Наурызбай батырмен, шұбырт­палы Ағыбай батырмен Бұқарбай баһадүр­дің есімі қатар аталады. Ерек ерліктерімен өзгелерді тамсандырған батыр Бұ­қар­байдың – Ұлқаяқ, Бұлан­ты, Жыланшық өзендері бойындағы шайқастары мен сол замандағы Созақ, Ақмола бекіністерін алған шабуыл­да­ғы алапат қимылдарын қазына қа­риялар әлі күнге әспеттеп, жүйелеп, майын тамыза отырып әңгімелеп бере алады.
Сол кезеңдерді ой елегінен өткізсек Ресей патшалығына қарасты әскердің жал­ғыз Батыс Қазақстан ғана емес, сонымен қоса бүкіл қазақ жерін жаппай отарлап, оңтүстікке қарай сұғы­нып келе жатқан кезі болатын. Көк­ше­тау, Есіл, Нұра, Баян­ауыл, Қарқаралы сияқты табиғаты әсем, топырағы құнарлы жерлер басып алынып, оған орыс шаруаларының жаппай қоныс­тануы басталды. Әрине, жері басқын­шылыққа, елі талауға түсіп, ашуға мінген халықтың бұған жайдан-жай мойынұсы­нуы қиын болған-ды. Кіші жүздің табын руының батыры Бұ­қарбай өз жасақ­тары­мен Кенесарының қол астында соғысқа қатысып жүрді. Атақты Сүйінбай ақын­ның:
…Жауды көрсе қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Табыннан шыққан Бұқарбай,
Ту ұстаған Нәнбай,
Жортушы жолшы Бұғыбай,
Жалаң қылыш байланған,
Жау қайда деп сайланған,
Батырлар келді Қордайға… – деп жырлайтыны осы тұста болса керек. Сондықтан Сыр бойында орыстардың билік құрып, бекіністер сала бастауы Бұ­қарбай сияқты батырлардың на­разы­лы­ғын тудырмауы мүмкін емес.
Қалың қазақ қашаннан екі бірдей да­рияны еміп жатқан өңірді «сыр елі» деп атайды. Бұл анықтама арқылы тұс­палдап, астарлап, тіпті кейде жұм­бақтап сөйлейтін біздің жұрт Сыр­дарияны ғана меңзеп тұрмаған секілді. Талай тарихи шайқастар өткен, талай маңызы зор оқиғалар болған мекеннің көп сырды ішіне бүккенін айтып тұрғандай көрінеді біздің көзге. Сол сыр­лардың біріне Хиуа, Қоқан хан­дық­тары­мен арпалысқан кезеңдерді жатқызуға болатын шығар. Мысалы хиуалықтар алым-салықтан бас тарт­қан Әлім – Шө­мендерді әлсіретіп, басу үшін Жаңадария­ның арнасын бөгеп тастапты. Қышбө­геттің тұсынан қыс­қан екен,-дейді дария­ны. Пиғылы тар қауымның көздегені белгілі де, су жоқ жерде тіршілік жоқ. Әлім-Шөменді шөміштен қыссақ алдымызға тізерлеп келеді десе керек. Бірақ қысас­тыққа басқа көнсе де батыр шыдаған ба? Ағайынның намысын жыртқан баһа­дүр бабамыз атқа қонса керек. Әрі шежірелі қарттардың айтуынша Бұқарбай батырдың қанды көйлек қаруласы, құрмет тұтқан аға батыр Жанқожа өті­ніш айтыпты сол кезде. Қышбөгеттің тұсына жігіттерімен суыт жеткен батыр күзетте жүрген жүзқаралы сар­базды тұтқындап, бөгетті талқандап, арнаны шіреп тұрған суды елге бұрып қайтыпты. Кейін дәл осы бір күрета­мырдай маңызды тұсты бақылауда ұстап, басқару да Бұқарбай баба­мыздың құзы­рына өтіпті.
Ер-азамат атқа қонған, арпалысып ала­сапыран болған кезең саябыр тарт­қан кезеңде Естекбай бабамыздан қалған қабылан тұяқ Бұқарбай баһадүр екі таңбалы табынды бастап, жер өңдеу ісіне машықтандырған екен. Тіпті сол кезде арна қаздырып, су бұ­рып, жұрттың егіншілік кәсіпті мойын­сұнуына көп еңбек сіңірген, ағайын арасындағы бірлік пен ын­тымаққа ұйытқы болып, сырттан көз алартқан қауым кездессе айбарымен-ақ мысын басқан мықты еді, деседі ел.
Бір ойды бір ой қозғайды, сол Бұ­қар­бай Естекбайұлының туғанына биыл тура екі ғасыр толып отыр. Тарих тереңдеген сайын көп мықты­лар­дың көмескіленіп, шын тұлғалардың есімі айқындала түсері, електен тек ірілердің іріктеліп шығарын уақыт шіркін көрсетіп келеді. Сол іріктеліп, халықтың жадынан өшпей келе жатқан нағыз баһадүрдің бірі – Бұқарбай Естек­байұлы екенін кесіп айта аламын. Ба­тырдың туғанына екі жүз жыл толуын биыл республика көлемінде атап өту жоспарланған.
Өйткені, «2012-2014 жыл­­дары республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесі» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысында Бұқарбай батыр Естекбай­ұлы­ның 200 жылдығын мейлінше кеңінен атап өту мәселесі анық көрсетілген. Қаулы сонау жылдың басында, қаңтардың 17-сінде шыққан. Содан бері бір өңір жұрты үшін ғана емес, тұтас Алаштың бүгінгі буыны үшін маңызды шараға әзірлік қызу қолға алынды. Мысалы, қазір Қызыл­орда қаласындағы батыр баба атымен аталатын көшенің бастауына батыр бабаға еңселі ескерткіш орнату жө­нін­де тиісті шешім қабылданып, әзірлік жұмыстары жүргі­зілуде. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елді жаудан қорғаған қабылан баһадүр бұйырса, аттың үстінде ай бал­тасы белінде, айбарлы кейіпте қасқайып еліне жоғарыдан қарап тұратын болады. Уақыты келгенде ел көрер, өз баға­ларын берер. Бұл ескерткіш Қазақстан Респуб­ликасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөнін­дегі мемлекеттік ко­мис­сияның отыры­сында 5 рет қаралып, мүйізі қара­ғайдай профессорлар мен білікті мамандардан құралған комиссия мү­шелерінің ұсыныс-пікірлері жан-жақты ескеріліп жасалды. Бұл көптен күткен зор қуаныш, зор құрмет.
Астана – тұтас Қазақстанның мерейін шығарған шаһар. Елорда туралы сөз бол­ғанда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы­ның өлшеусіз еңбегін, көре­гендігін айтпай кету азаматтығымызға сын. Қиын жыл­дары бастама көтеріп, бірді-бірге жалғап, елдің төрін Алма­тыдан сол кездегі Ақмо­ла­ға көшіру ердің ері, азаматтың азаматы ғана атқара алатын қиямет шаруа еді. Елбасы дәл осы қиямет шаруаны қиын­­нан қиыстырып, бейнелей айт­қан­да «күндіз күлкі, түнде ұйқыны» жиып қойып, терін төгіп жүріп атқар­ды. Нәтижесі – тұтас Қазақстан серпілді. Сол елге төр болған елорданың сан ғасырлық тарихындағы тәуелсіздік жолында Ресей патшалығы отаршыл­дары мен озбырларына қарсы жан беріп-жан алысқан, ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мұра болған қасиетті жерімізді «найзаның ұшымен, білектің күші­мен» қорғаған, ұлт-азаттық көтері­­лісті бастаушы Кенесары хан­ның жасағымен бірге бас сардар­ларының бірі, қазақ батыры Бұқарбай Естекбайұлының бұдан 174 жыл бұрын, яғни 1838 жылдың 7 тамы­зында Ақмола қамалына шабуыл жасап басып алғаны тарихи деректерден белгілі. Сол кездегі қамал коменданты Кар­бышев пен Қоңырқұлжа сұлтан қамалдан қашып құтылғаны жөнінде әйгілі ақын Нысанбай ақынның «Ке­несары-Наурыз­бай» шығармаларынан оқуға болады. Батырдың ерліктерін ақын-жыраулардың мұраларында, та­рих­шы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, зерттеуші Қ.Бер­дәуле­тов­тің кітабында көрініс тапқан. Осы деректерді басшылыққа алып Қазақстан Республикасы Сенатының бір топ депу­таттары атынан Астана қала­сын­дағы ор­талық бір көшеге Бұқарбай Естекбайұлы есімін беру туралы біздің тарапымыздан ұсыныс болған. Обалы не, шаһардың әкімдігі бұл ұсынысқа оң көзімен қарады. Ономастикалық комиссияның қарауына шығарып, бір көшеге есімін беру жөнінде оң шешім қабылдады. «Ономастика заңы­на өз­герістер енгізуге байланысты» кө­шеге батыр есімін беру жұмысы уа­қытша кейінге қалдырылды. Аталмыш заңға Елбасы қол қойған соң жақын күндері көшенің де лентасын қиятын күннің алыс еместігін алдын-ала хабарлағым келіп отыр. Бұл да кесімді уақытын күтіп жатқан мәселенің бірі болып табылады.
Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдығына арналған үлкен шара өтпек. Әрине, талай жампоздың кіндік қаны тамған Қызылорда өңірі бір жасап қалары сөзсіз. Өйткені, батырға еңсесі биік ескерткіш ашылады, ғы­лыми-тәжірибелік конференция ұйым­дастырылады. «Бай­рағы биік ер баба!» деген атаумен арқалы ақындардың айтысы да өтпек. Ол додаға елдің түкпір-түкпірінен айтыскер ақындар қатысады деп күтіп отырмыз.
Әрине, айтуға оңай бірақ бейнеті көп бұл шаралардың барлығын еліміздегі құзырлы мекемелері қал-қадерін­ше қолға алып, ұйымдастырып отыр. Бұқарбай бабаның ұрпағы ретінде өз басым осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға шын көңілімнен алғысым­ды айтқым келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Білім және ғы­лым министрлігі, Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігі де, батырдың сүйегі жатқан, ұрпақтары өсіп өнген өлке, Қызылорда облысының әкімдігі де мейлінше қолдап, маңызды шаруаға ұйытқы болып отыр. Ауқымды іс қашанда көптің қолдауымен, ынта жігерімен ғана жүзеге асары даусыз дүние.
Ақтық демі үзілгенше елін де, жерін де қызғыштай қорғап, іргесін бекемдеп, қарнын тоғайтып, көңілін бірлеп кеткен бабамыз Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Қаракеткен елді мекеніне қарасты Нұралық деген жерде мәңгі ұйқы құша­ғында жатыр. Басына ақ кірпіштен тұрғы­зылған зәулім кесене алыстан қараға­ныңызда алып аққуға ұқсар еді. Ал құс төресі аққу – бұл адалдықтың, пәктіктің белгісі. Жаныңыз – жәннатта, топыра­ғы­ңыз торқа болғай, біртуар баба!

Қожахмет БАЙМАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының мүшесі.