Ертеде еңіреген бір ер өткен…
Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:27
Көне сарай кең дүние, кімдер бір келіп кетпеген, – дейді біздің қазақ. Кеткен көп, келетін ұрпақ та аз емес болар. Ал кеткендер арасында тарихта тек есімі қалғандар ғана емес, сол тарихтың өзін жасап кеткен кесек тұлғалар бар. Оларға құрмет мына елге құрмет. Өйткені, неғұрлым тарихы терең жұрттың бүгін мерейі үстем, ертеңге деген сенімі нық. Ал біз, мына бүгінгі буын кешегі баһадүр бабалардың қадіріне толық жете алдық па, мерейін үстем ете алдық па? Рас, көп іс атқарылды, көп дүние жүйеленді, көп кемдік жойылды, ел қалыпты да байыпты дамып келеді.
Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:27
Көне сарай кең дүние, кімдер бір келіп кетпеген, – дейді біздің қазақ. Кеткен көп, келетін ұрпақ та аз емес болар. Ал кеткендер арасында тарихта тек есімі қалғандар ғана емес, сол тарихтың өзін жасап кеткен кесек тұлғалар бар. Оларға құрмет мына елге құрмет. Өйткені, неғұрлым тарихы терең жұрттың бүгін мерейі үстем, ертеңге деген сенімі нық. Ал біз, мына бүгінгі буын кешегі баһадүр бабалардың қадіріне толық жете алдық па, мерейін үстем ете алдық па? Рас, көп іс атқарылды, көп дүние жүйеленді, көп кемдік жойылды, ел қалыпты да байыпты дамып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев – қиынан қиыстырып, қиядан өткел тауып, аумалы да төкпелі кезеңдерден халықты, тұтас елді аман алып шықты. Соқтықпалы соқпақта шалдықтырмай даңғыл жолға бастады, жеткізді. Бар болғаны жиырма жылдың көлемінде Қазақстан ет пен сүйектен жаралған пенденің масаттанып, басы айналатындай жетістіктерге жетті. Алғашқы жылдары тек күнкөрісін ғана күйттеген бұқара бірте-бірте айналасына қарайтын, болашағын бағамдап, ұлттың өткен жолына, баба тарихына үңілетіндей деңгейге көтерілді. Сол көмескі тарта бастаған көне заманға көз салғанда алдымен зор тұлғалар, сұсы мен мысы басым хандар, туғанды емес тура сөзді билер, жүрегі түкті баһадүрлер іріктеліп ел аузына ілікті. Талай тез бен езгі көрсе де тарихи жадын мұқым жоғалтып жібермеген ұлт дүр сілкінді. Сол кезеңде мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып, ат үстінде жүрген азаматтар жүйелі түрде ұйымдастырып талай ардақтарымыздың есімі елімен қайта қауышты.
Ұлттың ұлық тұтатын ұлдары әрине аз емес. Бұқарбай батыр Естекбайұлы солардың бірі. Талай қияметті бастан өткерген қазақтың қатпар-қатпар қалың тарихындағы салмағы ауыр, хас батырдың бірі. Қара орман қалың елден асырып өз ұланын ешкім де суреттеп бере алмасы анық. Дегенмен, хас батырдың өмірінен аз-кем дерек келтірелік.
Бұқарбай Естекбайұлы 1812 жылы қазіргі Қызылорда өңірінің, сол кездегі Перовск уезінің Байзақ болысында туған. Шежіре деректері Оңтаңбалы табынның Теке тармағынан таратады. Кіндік қаны Шотан көлі маңайына тамған. Есімі елге 1827-29-шы жылдар аралығындағы Күмісқорғанға шабуыл кезінде әйгілі болған деседі көне деректер. Кейін қазақтың соңғы ханы, ұлт-азаттық аталатын үлкен жорықтың көсемі Кенесары баһадүр-ханға еріп басқыншы жұртқа қарсы күрескен, тірескен, талай рет жан алысып жан беріскен. Ол жорықтың он жылға жалғасып, (1837-1847) соңы немен тынғанын көпшілік біледі. Хан Кененің ерке де, қол бастаған серке інісі Наурызбай батырмен, шұбыртпалы Ағыбай батырмен Бұқарбай баһадүрдің есімі қатар аталады. Ерек ерліктерімен өзгелерді тамсандырған батыр Бұқарбайдың – Ұлқаяқ, Бұланты, Жыланшық өзендері бойындағы шайқастары мен сол замандағы Созақ, Ақмола бекіністерін алған шабуылдағы алапат қимылдарын қазына қариялар әлі күнге әспеттеп, жүйелеп, майын тамыза отырып әңгімелеп бере алады.
Сол кезеңдерді ой елегінен өткізсек Ресей патшалығына қарасты әскердің жалғыз Батыс Қазақстан ғана емес, сонымен қоса бүкіл қазақ жерін жаппай отарлап, оңтүстікке қарай сұғынып келе жатқан кезі болатын. Көкшетау, Есіл, Нұра, Баянауыл, Қарқаралы сияқты табиғаты әсем, топырағы құнарлы жерлер басып алынып, оған орыс шаруаларының жаппай қоныстануы басталды. Әрине, жері басқыншылыққа, елі талауға түсіп, ашуға мінген халықтың бұған жайдан-жай мойынұсынуы қиын болған-ды. Кіші жүздің табын руының батыры Бұқарбай өз жасақтарымен Кенесарының қол астында соғысқа қатысып жүрді. Атақты Сүйінбай ақынның:
…Жауды көрсе қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Табыннан шыққан Бұқарбай,
Ту ұстаған Нәнбай,
Жортушы жолшы Бұғыбай,
Жалаң қылыш байланған,
Жау қайда деп сайланған,
Батырлар келді Қордайға… – деп жырлайтыны осы тұста болса керек. Сондықтан Сыр бойында орыстардың билік құрып, бекіністер сала бастауы Бұқарбай сияқты батырлардың наразылығын тудырмауы мүмкін емес.
Қалың қазақ қашаннан екі бірдей дарияны еміп жатқан өңірді «сыр елі» деп атайды. Бұл анықтама арқылы тұспалдап, астарлап, тіпті кейде жұмбақтап сөйлейтін біздің жұрт Сырдарияны ғана меңзеп тұрмаған секілді. Талай тарихи шайқастар өткен, талай маңызы зор оқиғалар болған мекеннің көп сырды ішіне бүккенін айтып тұрғандай көрінеді біздің көзге. Сол сырлардың біріне Хиуа, Қоқан хандықтарымен арпалысқан кезеңдерді жатқызуға болатын шығар. Мысалы хиуалықтар алым-салықтан бас тартқан Әлім – Шөмендерді әлсіретіп, басу үшін Жаңадарияның арнасын бөгеп тастапты. Қышбөгеттің тұсынан қысқан екен,-дейді дарияны. Пиғылы тар қауымның көздегені белгілі де, су жоқ жерде тіршілік жоқ. Әлім-Шөменді шөміштен қыссақ алдымызға тізерлеп келеді десе керек. Бірақ қысастыққа басқа көнсе де батыр шыдаған ба? Ағайынның намысын жыртқан баһадүр бабамыз атқа қонса керек. Әрі шежірелі қарттардың айтуынша Бұқарбай батырдың қанды көйлек қаруласы, құрмет тұтқан аға батыр Жанқожа өтініш айтыпты сол кезде. Қышбөгеттің тұсына жігіттерімен суыт жеткен батыр күзетте жүрген жүзқаралы сарбазды тұтқындап, бөгетті талқандап, арнаны шіреп тұрған суды елге бұрып қайтыпты. Кейін дәл осы бір күретамырдай маңызды тұсты бақылауда ұстап, басқару да Бұқарбай бабамыздың құзырына өтіпті.
Ер-азамат атқа қонған, арпалысып аласапыран болған кезең саябыр тартқан кезеңде Естекбай бабамыздан қалған қабылан тұяқ Бұқарбай баһадүр екі таңбалы табынды бастап, жер өңдеу ісіне машықтандырған екен. Тіпті сол кезде арна қаздырып, су бұрып, жұрттың егіншілік кәсіпті мойынсұнуына көп еңбек сіңірген, ағайын арасындағы бірлік пен ынтымаққа ұйытқы болып, сырттан көз алартқан қауым кездессе айбарымен-ақ мысын басқан мықты еді, деседі ел.
Бір ойды бір ой қозғайды, сол Бұқарбай Естекбайұлының туғанына биыл тура екі ғасыр толып отыр. Тарих тереңдеген сайын көп мықтылардың көмескіленіп, шын тұлғалардың есімі айқындала түсері, електен тек ірілердің іріктеліп шығарын уақыт шіркін көрсетіп келеді. Сол іріктеліп, халықтың жадынан өшпей келе жатқан нағыз баһадүрдің бірі – Бұқарбай Естекбайұлы екенін кесіп айта аламын. Батырдың туғанына екі жүз жыл толуын биыл республика көлемінде атап өту жоспарланған.
Өйткені, «2012-2014 жылдары республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесі» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысында Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдығын мейлінше кеңінен атап өту мәселесі анық көрсетілген. Қаулы сонау жылдың басында, қаңтардың 17-сінде шыққан. Содан бері бір өңір жұрты үшін ғана емес, тұтас Алаштың бүгінгі буыны үшін маңызды шараға әзірлік қызу қолға алынды. Мысалы, қазір Қызылорда қаласындағы батыр баба атымен аталатын көшенің бастауына батыр бабаға еңселі ескерткіш орнату жөнінде тиісті шешім қабылданып, әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елді жаудан қорғаған қабылан баһадүр бұйырса, аттың үстінде ай балтасы белінде, айбарлы кейіпте қасқайып еліне жоғарыдан қарап тұратын болады. Уақыты келгенде ел көрер, өз бағаларын берер. Бұл ескерткіш Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында 5 рет қаралып, мүйізі қарағайдай профессорлар мен білікті мамандардан құралған комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлері жан-жақты ескеріліп жасалды. Бұл көптен күткен зор қуаныш, зор құрмет.
Астана – тұтас Қазақстанның мерейін шығарған шаһар. Елорда туралы сөз болғанда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының өлшеусіз еңбегін, көрегендігін айтпай кету азаматтығымызға сын. Қиын жылдары бастама көтеріп, бірді-бірге жалғап, елдің төрін Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшіру ердің ері, азаматтың азаматы ғана атқара алатын қиямет шаруа еді. Елбасы дәл осы қиямет шаруаны қиыннан қиыстырып, бейнелей айтқанда «күндіз күлкі, түнде ұйқыны» жиып қойып, терін төгіп жүріп атқарды. Нәтижесі – тұтас Қазақстан серпілді. Сол елге төр болған елорданың сан ғасырлық тарихындағы тәуелсіздік жолында Ресей патшалығы отаршылдары мен озбырларына қарсы жан беріп-жан алысқан, ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мұра болған қасиетті жерімізді «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғаған, ұлт-азаттық көтерілісті бастаушы Кенесары ханның жасағымен бірге бас сардарларының бірі, қазақ батыры Бұқарбай Естекбайұлының бұдан 174 жыл бұрын, яғни 1838 жылдың 7 тамызында Ақмола қамалына шабуыл жасап басып алғаны тарихи деректерден белгілі. Сол кездегі қамал коменданты Карбышев пен Қоңырқұлжа сұлтан қамалдан қашып құтылғаны жөнінде әйгілі ақын Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» шығармаларынан оқуға болады. Батырдың ерліктерін ақын-жыраулардың мұраларында, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, зерттеуші Қ.Бердәулетовтің кітабында көрініс тапқан. Осы деректерді басшылыққа алып Қазақстан Республикасы Сенатының бір топ депутаттары атынан Астана қаласындағы орталық бір көшеге Бұқарбай Естекбайұлы есімін беру туралы біздің тарапымыздан ұсыныс болған. Обалы не, шаһардың әкімдігі бұл ұсынысқа оң көзімен қарады. Ономастикалық комиссияның қарауына шығарып, бір көшеге есімін беру жөнінде оң шешім қабылдады. «Ономастика заңына өзгерістер енгізуге байланысты» көшеге батыр есімін беру жұмысы уақытша кейінге қалдырылды. Аталмыш заңға Елбасы қол қойған соң жақын күндері көшенің де лентасын қиятын күннің алыс еместігін алдын-ала хабарлағым келіп отыр. Бұл да кесімді уақытын күтіп жатқан мәселенің бірі болып табылады.
Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдығына арналған үлкен шара өтпек. Әрине, талай жампоздың кіндік қаны тамған Қызылорда өңірі бір жасап қалары сөзсіз. Өйткені, батырға еңсесі биік ескерткіш ашылады, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. «Байрағы биік ер баба!» деген атаумен арқалы ақындардың айтысы да өтпек. Ол додаға елдің түкпір-түкпірінен айтыскер ақындар қатысады деп күтіп отырмыз.
Әрине, айтуға оңай бірақ бейнеті көп бұл шаралардың барлығын еліміздегі құзырлы мекемелері қал-қадерінше қолға алып, ұйымдастырып отыр. Бұқарбай бабаның ұрпағы ретінде өз басым осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға шын көңілімнен алғысымды айтқым келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігі де, батырдың сүйегі жатқан, ұрпақтары өсіп өнген өлке, Қызылорда облысының әкімдігі де мейлінше қолдап, маңызды шаруаға ұйытқы болып отыр. Ауқымды іс қашанда көптің қолдауымен, ынта жігерімен ғана жүзеге асары даусыз дүние.
Ақтық демі үзілгенше елін де, жерін де қызғыштай қорғап, іргесін бекемдеп, қарнын тоғайтып, көңілін бірлеп кеткен бабамыз Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Қаракеткен елді мекеніне қарасты Нұралық деген жерде мәңгі ұйқы құшағында жатыр. Басына ақ кірпіштен тұрғызылған зәулім кесене алыстан қарағаныңызда алып аққуға ұқсар еді. Ал құс төресі аққу – бұл адалдықтың, пәктіктің белгісі. Жаныңыз – жәннатта, топырағыңыз торқа болғай, біртуар баба!
Қожахмет БАЙМАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының мүшесі.