Ерін ұмытпаған ел
Сәрсенбі, 24 қазан 2012 7:18
Сонау бір жылдары Алматыдан Бішкекке қарай көсіліп сала беретін күре жолдың бойында «Интернационал» деп аталатын шағын ауыл бар еді. «Е-е, «интернационал» болса, көп ұлттылығынан аталған шығар», деген ой келетін.
Тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылдан кейін көп ұзамай-ақ күре жолдың бойынан ары-бері өткен жүргінші назарына көрсеткіш тақта ілінді. «Әйтей ауылы». Бұл кім болды екен деп аң-аң қалды ел. Сөйтсек, Әйтей халқымыздың даңқты батырларының бірі екен.
Сәрсенбі, 24 қазан 2012 7:18
Сонау бір жылдары Алматыдан Бішкекке қарай көсіліп сала беретін күре жолдың бойында «Интернационал» деп аталатын шағын ауыл бар еді. «Е-е, «интернационал» болса, көп ұлттылығынан аталған шығар», деген ой келетін.
Тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылдан кейін көп ұзамай-ақ күре жолдың бойынан ары-бері өткен жүргінші назарына көрсеткіш тақта ілінді. «Әйтей ауылы». Бұл кім болды екен деп аң-аң қалды ел. Сөйтсек, Әйтей халқымыздың даңқты батырларының бірі екен. Тарихымызды тұмшалап тастаған бұлыңғыр күндерде біздің ұрпаққа оның аты мен заты туралы мәлімет мүлдем жетпегендіктен қайдан білейік.
Енді, міне, Қарасай ауданындағы «Ақсай» атшабар алаңында Әйтей батырдың туғанына 300 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтіп, батыр рухына құран бағышталып, ас берілді.
Әйтей Құлманбетұлы 1712 жылы қазіргі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жарсу өзенінің жағасында орналасқан Бесағаш ауылында дүниеге келіпті. Жастайынан тай мініп, асау үйретіп өскен жылқышының баласы ержеткенде ат құлағында ойнайтын шабандоз болған. Батырдың 300 жылдығына арнайы шығарылған «Қазақтың Әйтей батыры» деген кітапта мынадай деректер бар.
«…Қалмақтар жағынан зор денелі алып жасақ Жамқайын атын ойнатып екі төбенің ортасындағы жазыққа шықты да найзаның ұшын қазақтар жасағына қаратты. Бұл жекпе-жекке шақырудың белгісі еді. Жамқайынның тұлғасын көрген қазақтар қолы абыржып тұрып қалды. Дәті шыдап жекпе-жекке жуық маңда бел шешіп ешкім шыға қоймады. Сол кезде ортадан атан төсті, жұмыр мойынды, ұзын құйрық, кең танау құлагерін ойнақтатып, Хангелді бабаның алдына Әйтей келді де: «Ата, батаңызды беріңіз, жекпе-жекке мен шығайын!» – деді.
Хангелді: «Балам, жастау екенсің. Жасың нешеде, қайратың қандай еді? – деп сұрады.
Әйтей: «Бір топ тал шыбықты бұрағанда суын шығарамын. Қазір он жетідемін, – деді.
– Олай болса, әруақ қолдап, жолың болсын! –деп, Хангелді баба қолын жайып батасын берді.
Ауыздықпен алысқан құлагерін ортекедей орғытып Әйтей де жазыққа шықты. Екі жауынгер бір-біріне құйындай қарсы шапты. Басын жіберген құлагердің құйрығы жазықта ұшқан құстың құйрығындай түп-түзу болып көрінді. Екі ат бір-біріне жақындасқанда, батырлар ұстаған найзалардың қалқанға тиген ащы дауыстары шақ-шақ етіп, бар назарын осы екеуіне аударып тұрған жасақтарға естіліп тұрды.
Екеуі бірін-бірі көпке дейін ала алмады. Қалмақтың қара күші басым болғанымен, айла-тәсілі шамалы екен. Әйтейдің қимылына төтеп бере алмай әбден қан сорпаға түсті. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде көз ілеспес жылдамдықпен қимылдаған Әйтей найзамен қалмақтың кіндігінің тұсынан шаншып, бұрап-бұрап жіберіп, тартып қалғанда, оның ішек-қарны ақтарылып, өзімен бірге жерге түсті».
Қарасай ауданында Әйтей батырдың 300 жылдық мерейтойына жан-жақтан келген меймандар мен ауыл адамдарының соншалықты көп жиналғанына куә болдық. Мәре-сәре қауышқан жұрт расында шын қуанышты. Өйткені, алдаспандай өткір, болаттай берік батыр бабамыздың мерейтойы бүкіл қазақ халқы үшін ортақ мереке екені даусыз.
Барлық сән-салтанатымен безендірілген сахнада Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов жұртшылыққа тереңнен қозғап мазмұнды сөз арнады. Бүгінгі жарқын өміріміз Әйтей Құлманбетұлы сияқты батырлардың ерен ерлігінің арқасы екенін, оның Нарынқол мен қазіргі Жамбыл облысының аралығындағы жерлерді қалмақтардан азат ету соғыстарында көрсеткен ерліктерін дәріптеді.
Әйтей батырдың ұрпағы Едіген Жүнісбеков: «Ерлікті қадірлеу керек. «Аруақ риза болмай, тірі байымайды», дейді халқымыз. Қазақтың басы осындай жиын-тойларда қосылады. Елбасының үнемі айтып жүретін елдік, бірлік мәселесі осындайда танылады. Жамбыл бабамыз: «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт», деген ғой. Бірлігіміз берік болсын, деді.
Сахнада ән-жыр шалқыды. Одан кейін ұлттық ат спорты ойындарына кезек берілді. 11 шақырымға құнан бәйгесі жарыстырылып, Алакөл ауданынан келген Ерлан Сатыбалдиевтың жүйрігі бас бәйге жеңіл автокөлікке ие болды. Топ бәйгеде қарасайлық Беделхан Қамалханұлының, аламанда Қаратал ауданынан келген Жеңіс Смайыловтың бағы жанды. Бұл жолғы бір ерекшелік шабандоз балаларға да бағалы сыйлықтар ескеріліп, бір-бір мопед бұйырды. Теңге алуда төрт жігіт бақ сынап, Асхат Сейітбековтің жұлдызы жоғары болса, аударыспақта қарасайлықтар мен жаркенттіктер тең түсті.
Күмісжан БАЙЖАН,
журналист.
Алматы облысы,
Қарасай ауданы,
Әйтей ауылы.