24 Қазан, 2012

Көкбалақ

1170 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Көкбалақ

Сәрсенбі, 24 қазан 2012 7:19

Қазақ мәдениетінде, қазақ өнерінде жылқы бейнесі ерекше орын алатыны белгілі. Ер қанаты қазанат қазақтың эпосында батырмен қатар аталады. Байырғы және жаңа заман әдебиетінде, дәстүрлі музыка мәдениетінде аттың сыны мен қасиетіне арналған қаншама шығармалар болған. Міне, осындай туындылардың бірі – Байжігіттің күйі «Көкбалақ».

 

Сәрсенбі, 24 қазан 2012 7:19

Қазақ мәдениетінде, қазақ өнерінде жылқы бейнесі ерекше орын алатыны белгілі. Ер қанаты қазанат қазақтың эпосында батырмен қатар аталады. Байырғы және жаңа заман әдебиетінде, дәстүрлі музыка мәдениетінде аттың сыны мен қасиетіне арналған қаншама шығармалар болған. Міне, осындай туындылардың бірі – Байжігіттің күйі «Көкбалақ».

Абылайдың жиырмадан жаңа асқан кезі. Үлкен бір шай­қас­та Шарыш батырды өл­тіріп қалмақтың сағын сын­дырған, бұлғақтаған жас сұлтанның әскердегі беделі үлкен екен. Кәрі-жа­сы бар, қол бастаған батыры мен қа­тар­да­ғы ала­маны, барлығы: «Ендігі ханы­мыз Абы­лай болса екен», деп арман­дапты…
…Қоңыр күздің басында, Абылай жанында екі жүз нөкері бар аңға шы­ға­ды. Неше күн аң атып, ойын-сауық­пен келе жатқан албырт топ қал­мақ­тың жер қайысқан әскеріне жолы­ғып­ты. Аяусыз ұрыста нөкерінің бәрі қы­рылып Абы­лай, жанында Маддақия деген батыр, екеуден екеу ғана қа­лып­ты. Қалдан Сереннің ұлы Лама Дор­жы деген ба­тыр: «Ә, жолым бол­ды, басқа емес, қақпанға Абылайдың өзі түсті», деп сырнайлатып-кер­ней­летіп еліне қай­та­ды…
…Шарышты өлтірген Абылайды кө­реміз деп бүкіл қалмақ жиналыпты. Сонда жұрттың алдына Ша­рыш­тың шешесі Күнсайын ханымша шы­ғып, Абылайға айтты дейді.
– Ей, иттен жаратылған… Менің Ша­рышымды қай жерде өлтірдің? Асы­лымның, ардағымның қанын қа­лай төктің, кәні, айтшы, – деп.
Сонда Абылай тұрып: «Мына қо­лым­мен шеңгелдеп тұрып талай қал­мақ­тың қанын ұрттап едім. Сенің ба­лаң сияқты қаңғыған қалмақтың басы қай шидің түбінде жатқанын мен қай­дан білейін», – депті.
Күнсайын Қалдан Серенге айтты дейді: «Қалдан, осы адам тірі кетсе, мен ешқашан кешпеймін сені. Бүкіл малымды, бар дәулетімді ал, тек мы­на Абылайды қолыма бер. Осының қа­нын ішкенде ғана кегім қайтады», – деп.
–    Не айтасың? – депті Қалдан Се­­­­рен Абылайға қарап.
Абылай айтыпты: «Мен Ша­рыш­ты ту сыртынан атқам жоқ. Ұйықтап жатқан жерінде өлтіргем жоқ. Мен оны жекпе-жекте жеңдім. О заманда, бұ заман, майданда жауды өлтіру қа­шаннан бері қылмыс саналатын бол­ған. Заң­дарың қызық екен, қалмақ», – деп.
– Ертең таңертеңге дейін мұрсат берем. Күн шығып келе жат­қан­да басың шабылады, – депті Қал­дан Серен. – Не арманың бар, сұлтан?
– Ешқандай арманым жоқ, – депті Абылай, – Шап. Қолыңда тұрмын ғой. Бірақ есіңде болсын, Қалдан ба­тыр. Сен менің басымды аласың. Ал менің батырларым алдыңды шаң қы­лады, бүкіл қалмақты қырады. Ұрға­шың­ның барлығы қазаққа қатын бо­лады. Еркек кіндіктінің барлығы қа­заққа құл болады. Басқа айтарым жоқ.
Содан соң, Абылай мен Мад­да­қия­ны қамап тастап, қалмақтың ноян­дары мен тайшылары кеңес қылады. Бар­лы­ғы бірауыздан: «Бұндай көк­жалды қоя берсек ертең опық жейміз. Бұл – қал­мақтың сорына жаратылған қанішер, сондықтан өлтіру керек. Тө­релігін өзің айт», дейді Қалдан Серенге.
Бірақ қалмақ та соғыса жүріп қа­зақ­тың ерлігіне бас иген халық. Қал­дан Серен Абылайды өлімге қи­мап­ты. Отыр­ғандарға айтыпты, қаптаған қа­лың жаудың ортасында тұрып имен­беді, мұндай ерді өлтірген күнә бо­ла­ды. Қалмақ, кешегі жекпе-жекте өлген Ша­рышты ұмыта алмай отыр, ал Әбіл­мәм­бет хан өз баласынан ар­тық са­най­тын Абылайды қазақ қалай ұмытады. Әр­қайсың өз балаңды Абы­лайдың ор­нына қойып көр, қазаққа тұтқын бо­лып, басының шабылғанын қалар ма едің, депті.
Нояндар амалсыз ханның айт­қа­ны­на көнеді. Тек ханның, қазақтан тұт­қын болып келген күңінен туған ұлы Лама Доржы әкесіне кек сақтап кетіпті. Ша­рыш­тың шешесі Күн­сайынға келіп: «Әкем алжыған екен. Абылайды қор­­ға­ды. Осыны өзіміз-ақ өлтіре сал­маймыз ба?» дейді.
Содан күндердің күнінде қалың қал­мақ ауылы жайлауға көшіп бара жат­қанда бір мерген Абылайды атып­ты. Бірақ оғы мүлт кетіп, сұлтанның сол жақ бетін жалап өтіпті. Болған жай дереу Қалдан Серенге жеткізіледі. Хан ақылды адам, желдің қай жақтан соқ­қа­нын дереу аңдап, Лама Доржыны орда­сына алдырады. Сон­дағы тергеу кезінде Лама Доржы: «Әке, мен Абы­лай­ды сенің қолыңа әкеліп табыс­та­дым. Бүкіл қалмақтың алдына алып шығып басын шабады деп едім. Ал сен оны өлтіртпей ұстап отырсың. Әл­де қазақпен дос болғың келе ме? Дос бол­саң күштімен дос бол. Шілдей бы­ты­рап, бөлек-бөлек жүрген қазақтан не барқадар табам деп ойлайсың. Се­нің бұлай іс­тей­ті­ніңді білгенде, мен сол ұстаған жерімде, сол Ұлытаудың етегінде басын өзім-ақ алар едім», – депті.
Қалдан Серен айтыпты: «Хан айт­пайды, айтқанынан қайтпайды. Сен де, Күнсайын да, егерде Абылайды өл­тір­сеңдер, онда маған жау бол­ған­дарың», – депті.
Абылайдың артында қалған елі бол­ған жайға қаныққаннан кейін, өл­гендерді арулап жерлейді. Арасында Абылай мен Маддақияның жоқ екенін біліп, олардың тұтқында екеніне, тірі екеніне көз жеткізгеннен кейін, арада бір жыл салып қалмаққа елшілік жібереді. Мәмілегерлерді Ақшора деген би бастап барады. Сонда елшілер: «Сұл­танымыз тірі болса көр­се­тіңіз», – депті. Қалдан Серен ала­қа­нын шарт еткізіп Абылайды ордаға алдырады. Қал­мақ­ша киіндіріп қой­ған Абылайды көріп, Ақшора би кө­зіне жас алыпты. «Сұлтан ием, сізді де көретін күн болады екен ғой», – депті. Абылай айтты дейді: «Жы­­ла­маңыз би, бәрі де Алланың қо­лын­да. Алла қаласа қырық құлаш зын­даннан да аман шығасың», – деп.
Қалдан Серен сонда былай депті: «Бұдан былай қалмақты шапқанды қоясың. Абылайдың аман болуы қа­зақтың тыныш болуына бай­ланысты. Сұлтандарыңды аман көремін десең, жаулығыңды қой, қазақ», – деп. Тағы да айтты дейді: «Бір жыл беделінде Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұл­танды осында аманатқа алып келіп қана, Абылайды ала аласыңдар», – деп.
Елшілер қош айтысып қайтып кетеді. Содан бір күні Қалдан Серен ор­даға Абылайды алдырып, екеуі шай ішіп отырғанда: «Сен баһадүр ғана емес, қазаққа қадірлі адам екенсің, елің­нің атаусыз ханы екенсің. Осы­дан жүз жыл бұрын тусаң жарты дүниені билеген падишаһ болар едің», – депті. Сонда Абылай ай­тып­ты: «Сен кіші елдің ба­сында отыр­сың, бірақ ай­ды­ныңа қарап айтайын, үлкен жұрттың басында оты­ру­ға лайық хансың. Қа­зақ пен қал­мақ­тың жұлдызы қарсы болды, әйтпесе бір сен, бір мен болып тізе қосып шапсақ, алмаған жау қой­мас едік», депті. «Оның рас», деп ой­ла­нып қапты Қалдан Серен…
…Бірде Абылай серуендеп келе жатып қалың орманның ішінде бір қалашыққа кездеседі. Әлдебір адамдар арбадан зеңбірек пен мылтық тү­сіріп, қалмаққа табыстап жатыр екен. Ұзақ қарап тұрып ақыры бұның қал­маққа қару тасып әкеліп жүрген сарт­тың керуені екеніне көз жеткізеді.
(Кейіннен елге аман-есен қайтып, батырлармен, билермен бір кеңес үс­тінде отырғанда осы жайында ай­тыпты.
– Кім біледі, Аллатағала, өрісімді кеңейтейін деп тұтқынға әдейі тү­сір­ген шығар. Бұрындары қалмақ бүкіл да­ла­ны өртеп өтіп, сарттың іргесіне лықып келіп, ары қарай бармай кері қайтқанын талай көрдім. Сонда, бұл не жұмбақ, базарлы кентке енді жеткенде аттың ба­сын кері бұрғаны несі деп ғажап қалып, түсінбей жүрдім. Осы жұм­бақты мен тұтқында отырып шештім. Қалмақ пенен сарт бір тудың астында екен. Қал­мақ­ты қа­рулан­ды­рып отырған сарт екен. Дін қарындас деген сарт осылай істегенде, басқа не істемейді. Мына кең дүниеде қазақ­тың арқа сүйейтін досы да, ешкімі де жоқ екен. Ешкімнен кө­мек болмайды екен. Қазақтың бір ғана досы бар екен. Ол – өз қазағы екен деп).
Сонымен жылжып жыл өтеді. Айтылған мерзімде Әбіл­пейіз сұл­тан­ды алып, мол тарту-таралғы көтеріп қа­зақ­тың елшілері келеді.
Қалдан Серен өзінің Қоша Мерген деген бір биінің қызын Абылайға әйел­дікке беріпті. Бұл Қасым сұлтан­ның шешесі, Саржан мен Есенгелді, Кене­сары мен Наурызбайдың әжесі Топыш еді. Сонымен елшілер Әбіл­пейіз сұл­тан­мен қош айтысып, Абы­лайды алып елге қайтады.
Жолда келе жатып Абылай бірнеше мазар кездескенде сол жерді Көк­балақ тұлпарымен айнала шауып ай­қай­лап, содан соң жерге етбетімен жа­тып еңі­реп жылапты. Ешкім еш­теңе демепті. Себебі, бұл Абылайдың екі жүз нө­ке­рінің жатқан жері екен. Кейіннен Абы­лай айтты дейді: «Кезінде қалмаққа көз жасымды көр­сет­пейін деп жыламай кетіп едім. Мен үшін, мені қорғап өлген қайран дос­тарым ит-құсқа жем болып қала берді. Міне, сол жерге келгенде соларды жоқтап жылап едім», – деп.
Күндердің күнінде Қалдан Серен жасы жетіп өледі. Әкесінің орнына хан болған Сыбан Доржы сол күні-ақ Әбілпейіз сұлтанды жанындағы нө­кер­лерімен еліне қайтарып жіберіпті. Қал­мақ аманатқа алған адамды неғып қай­тара қойды деп жұрт қайран қал­ғанда, Абылай айтты дейді: «Оның қайран қалатын ештеңесі жоқ. Енді қалмақ бү­лі­неді. Сондықтан Сыбан Доржы әкесі сияқты ақылды адам. Ама­натта отыр­ған қазақтың төресі бостан-босқа өлме­сін деп қайтарған», – деп.
Сонымен қалмақ неше жыл бүлі­ніп, ақырында Әмірсана мен Дабашы деген екі ханзада Абылайға қашып келіпті. Кезінде Қалдан Серен: «Мен өлгеннен кейін жиенім Әмірсана ба­сына қиын-қыстау күн туып алдыңа келсе кө­мек­тес. Мен болмасам, мына нояндар сені өлтіретін еді. Мен сені өлім­нен құт­қар­дым. Енді сен де Әмір­санаға жақсылық қыл», – деп Абы­лайдан серт алған екен. Абылай екі ханзаданы жақсылап қарсы алады. Көп ұзамай қалмақтан елшілер келіп, қонтайшы Лама Доржы саған сәлем айтты, қалмақпен бұдан былай да бітімде болам десе Әмірсана мен Да­ба­шыны, кісендеп қайтарсын деп жа­тыр», – дейді. Абылай елшілерді күт­тіріп қойып құрылтай шақырады. Бү­кіл билер мен батырлар: «Әмірсана мен Да­башыны қалмаққа бермеу керек», – деп шешім қабылдайды. Сол күні Абылай елшілерге құрылтайдың шешімін айта­ды.
Қалмақтың бас елшісі: «Баяғыда қа­зақтар келіп сұрағанда, біз сені қай­та­рып едік. Сонда қалмақпен енді жау­лас­паймын деп ант-су ішіп ат­та­нып едің. Енді қонтайшының бір тілегін орын­дай алмадың. Бұның не? Қулы­ғыңа құрық бойламайтын қу екенсің Абылай», – депті. Абылай: «Менің елім қалмаққа елші жібергенде, мені алтын таққа отырғызып хан қылу үшін сұрап алды. Ал сендер қазақты паналап келген Дабашы мен Әмірсана ханзаданың басын алу үшін сұрап отырсыңдар. Қазақ пана сұрап келген адамды жауға бермейді», – деп­ті. Елші: «Сонымен бітім аяқ­тал­ды. Енді соғысамыз. Мына далаңды қанға ба­ты­рамыз», – дейді. Абылай: «Менің ал­дым­да тұрып осы­лай менменсіп сөй­легенің үшін басың­ды алып, қонтай­шыңа сәлемдеме қы­лып жіберуге болар еді, ит қалмақ. Бірақ біз мұ­сыл­ман­быз, сыйынғанымыз бір Алла. Біз­дің заңымыз елшіні өлті­руге тыйым салады. Сондықтан жаның – олжа, бар. Қонтайшыңа сәлем айт, тұры­са­тын жерін айтсын», – дейді.
Елшілер қайтып кетеді. Апта өт­пей-ақ қалмақтың жер қайысқан әс­кері ел шетіне келеді. Шайқас Ая­көз­дің сол жақ жағалауындағы Нарын, Ақшәулі, Қоңыршәулі деген жерде болыпты.
Тамызда басталған соғыс қараша мен желтоқсанға созылыпты. Қазақ пен қалмақ бірін-бірі ала алмай әбден қалжырапты. Осы алмағайып күн­дер­дің бірінде Абылай өзінің ордасына Дабашы мен Әмірсананы шақыртады.
– Айтыңдаршы, – депті Абылай, – Лама Доржының ордасында қанша төлеңгіті бар?
– Қалдан Серен әкемізден қалған әдет бойынша ордада үнемі елу адам күзетші болады, – депті Әмірсана. – Ал қалған әскердің барлығы өзің кө­ріп тұрғандай қазақпен соғысып жа­тыр.
– Енді сөз тыңдаңдар, – депті Абылай. – Сендер ұмытпасам екі жүз нө­кер ертіп келдіңдер. Мен соны өзім­нен кісі қосып мың әскер қылып берейін. Оны Баян батыр бастап ба­ра­ды. Жолды жақсы білетін Мад­да­қия­ны қо­сып беремін. Сендер қас­қыр­жым соқ­пақпен, ел көзіне түспей жү­ріп жоң­ғарға барасыңдар. Егер айт­қан­­дарың­дай Лама Доржының ор­дасында адам аз болса жолдарыңның болғаны. Тіпті, көп болса да, қо­рық­паңдар. Менің сар­баздарым нағыз сайып­­қыран, сай­лауыт әскер. Лама Дор­жының ордасын ала­сыңдар. Ары қа­рай не істеу керек екенін біле­сің­дер.
Екі ханзада бір-біріне қарап үнсіз отырып қалыпты.
– Сендер не осы айтқанды орын­дай­сыңдар, ал болмаса онда өмір бойы осы­лай қуғында өтесіңдер, – дейді Абылай. – Біз қалмақпен бітімде отыр­мыз. Лама Доржымен соғы­са­тын еш­қандай жөніміз жоқ еді. Біз сендер үшін қынаптан қылыш суыр­дық.
– Жарайды, Абылай, келістік, – дейді Әмірсана мен Дабашы.
– Ал, олай болса, мен сен екеуіңді билікке жеткізейін деп отырмын, – дейді Абылай, – Енді сендер де менің бір тілегімді орындаңдар.
– Айтыңыз, хан, – депті екі ханзада.
– Дабашы, сенің жасың үлкен, жол сенікі, сондықтан сен қалмаққа хан боласың, – дейді Абылай. – Ал, Әмір­са­на, сен ханның мұрагері – қалға бо­ла­сың. Ендігі әңгіме былай, Дабашы. Тақ­қа отырып бүкіл ұлысқа билігіңді ор­натқаннан кейін бүкіл қалмақтың әс­керін кері қайтарып ал, қазақтың да­ласынан алып кет.
– Құп, – дейді Дабашы.
Содан соң Абылай ордаға Баян батыр мен Маддақияны шақыртады.
– Баян, Маддақия, – депті Абылай екі батырына қарап отырып. – Мен екеуіңді бір қиын жолға жұмсайын деп отырмын. Екеуің бір мың қаралы әс­кер­ді бастап жоңғарға аттанасың. Ес­те­­рің­де болсын, сендерді ешкім көр­меуі керек. Әмірсана мен Дабашы сендермен бірге аттанады. Сендер Лама Дор­­жы­ның ордасын шауып, дереу ба­сын ала­сыңдар да қалмақтың та­ғы­на ханзада Дабашыны отырғы­за­сың­дар. Әрине, қиын шаруа. Екеуің қайт­пай қалуларың да мүмкін. Со­ғыс­та не бол­майды дейсің. Бірақ мен екеуіңе кәміл сенемін. Өзіме сенгендей сенем. Сон­дықтан басқа емес, екеуіңді жұмсап отырмын.
– Құп, хан ием, – дейді екі батыр.
– Естеріңде болсын, сендер Әмір­сана мен Дабашыны көздің қара­шы­ғындай сақтаңдар, – дейді Абылай. – Бүкіл қалмақ Дабашыны хан деп мой­ын­дағанда ғана екеуің елге қай­та­сың­дар.
Сонымен екі ханзаданы ортаға ал­ған мың әскер түн ішінде аттанып кетеді. Сол кеткеннен селдіреген қа­зақ­тың жасағы ақпанның аяғы, нау­рыздың ба­сында елге жетіпті. Бұл екі арада Нарын мен Аякөздің бойында тағы қаншама қан төгіледі, Алаштың талай боздағы шейіт болады.
Үсік шалып, бет-ауыздары қа­райып кеткен Баян мен Маддақия кіріп келіп, тері қаптың аузын шешіп Лама Дор­жы­ның басын Абылайдың алдына дома­латып тастай салған деседі. Абы­лай, кесір басты тұлымынан көтеріп, жұ­мулы көзге қарап тұрып: «Е, Лама Доржы, менің қанымды ұрттау – ар­маның еді. Ақырында өз басыңды жұ­тыпсың», – депті.
Батырларды құшақтап алғысын айтыпты. Аздан соң жаңа хан Да­ба­шы­­дан келген қатқыл бұй­рық бойын­ша бүкіл қал­мақ­тың әскері атыс-ша­быс­ты тоқ­та­тып, ту­ла­ры желбіреп елі­не қай­тып­ты. Бұдан кейін қал­мақ­тың басына да небір зобалаң келіпті. Одан кейін ата жау жер бетінен жойыл­ғанша со­ғыс­тың барлығы сол қалмақтың топы­ра­ғында өтіпті. Абы­лай баһадүр «Ақ­та­бан шұ­бы­рынды, Алқакөл сұла­ма­ның» қа­рым­­тасын осылай қайтарған деседі.
Кейін ханның атын бағатын жыл­қы­шы келіп:
– Хан ием, сіздің Көкбалақ тұл­па­рыңыз өлейін деп жатыр, – дегенде, Абы­лай, жеке тігулі үйде басын со­ғып өмірмен қоштасып жатқан Көк­ба­лақ­тың жанына келіп, басын сүйеп, қа­мығып:
– Е, дүние, қалмаққа тұтқын бо­лып кеткенімде жанымда Маддақия мен осы Көкбалақ тұлпарым ғана бо­лып еді. Қиын күндері, тағдырым қыл үстінде тұрғанда, Көкбалағым басын кеудеме қойып, оқыранып дем беруші еді, – деп көзіне жас алған дейді.
Ертеңіне ханның тұлпарын, бө­ре­неден биік алау жағып өртепті. Кейіннен Абылай айтты дейді: «Сендер көрдіңдер ме, от азайғанда Көк­ба­лақ­қа қанат бітіп орнынан тұрды. Содан соң аспан қақ айырылып баяғы менің екі жүз нөкерім, кіл қанатты ат мініп, ұшып келіп Көкбалақты өздерімен бірге ертіп алып кетті», – деп.
* * *
Иесі Абылаймен тұтқында бірге болған, одан соң тұяғынан от шашып талай ұрыс-соғысқа кірген Көкбалақ тұлпар осындай аңыздық тұлға. Кейіннен ханның күйшісі Байжігіт әй­гілі тұлпарға арнап күй шы­ға­рыпты. «Көкбалақ» деп аталатын бұл күй қа­зақтың ішінде әлі күнге дейін тар­тылады.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.
АСТАНА.