Тарихи мұра – баға жетпес қазына
Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:51
2004 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің №1227 Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның ғылымын және қоғамын еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын қорғау мен ұқыпты пайдалануға бағдарланған. Осы маңызды құжатта зерттеулердің археологиялық бағытына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде барлық тарихи орындарды зерттеуге, ұлттық тарихи мұраларды халықаралық деңгейде насихаттауға, тарихи-мәдени мұраларды кешенді түрде зерделеуге басымдық берілген.
Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:51
2004 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің №1227 Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның ғылымын және қоғамын еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын қорғау мен ұқыпты пайдалануға бағдарланған. Осы маңызды құжатта зерттеулердің археологиялық бағытына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде барлық тарихи орындарды зерттеуге, ұлттық тарихи мұраларды халықаралық деңгейде насихаттауға, тарихи-мәдени мұраларды кешенді түрде зерделеуге басымдық берілген.
Осы бағдарламаның сәтті аяқталуына орай өткен шарада Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты екенін айта келіп, «Мәдени мұра» бағдарламасы – мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың соны стратегиялық ұстанымын айқындаған маңызды жоба болды. Ол жаңадан қалыптасып жатқан қазақстандық қауымдастықтың әлеуеті мен гуманистік бағыт-бағдарын танытты», деді.
Елбасы бағдарламаны іске асыру барысында тарих пен мәдениеттің 35 ескерткішінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, Қазақстан аумағындағы 30 қалашықта, қоныста, тұрақта, обалар мен қорғандарда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілгенін мәлім етті.
Айта кету керек, тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау және ұқыпты пайдалануға қатысты мемлекеттік реттеу мәселелері Қазақстан Республикасындағы басымдық берілген міндеттердің бірі екені анық. Материалдық мұра объектілерінің сақталуын, ғылыми және мәдени пайдаланылуын қамтамасыз ету мемлекеттің өзіндік мәдени-ұлттық ерекшелігін дамытуға жағдай жасайды, қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайында қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда тарихи, археологиялық, сәулеттік және мәдени ескерткіштердің қирауы мен мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұрғандықтан, бұл проблема одан сайын өзекті бола түсуде. Орын алып отырған күрделі экологиялық, антропогендік факторлар қоршаған табиғи және мәдени ортаның жағдайына, оның маңызды құрамы болып табылатын тарихи және мәдени ескерткіштердің үгітіліп қирай түсуіне ықпал етуде. Сондай жағдайда тұрған ескерткіштерді анықтау және зерттеу арнайы археологиялық зерттеу әдістерін қолдануды, әртүрлі ғылым мен білім жүйелерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа бағдарламалар мен жобалар кешенін әзірлеуді талап етеді. Барлау-іздестіру жұмыстарына нанотехнологиялық және инновациялық әдістер қолдану көп жағдайда алға қойылған міндеттің нақты маңыздылығына және, әрине, мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты болмақ.
Атап өтілген басым бағыттар отандық археология саласында іздестіру жұмыстарын одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Біздің мақсатымыз – археологиялық білім саласындағы ұйымдастыру-қоғамдық проблемаларды көрсету және ғылыми-зерттеу және генезисті, эволюцияны, сондай-ақ ежелгі және ортағасырлық кезеңдегі ескерткіштердің функционалдық маңызын зерттеудегі басқару органдарының әлеуметтік маңызды қызметтерінің нақты жолдарын ұсыну.
Менің ойымша, осы орайда, мұндай мәселелерді қою мен шешуде басқарушылық құрылымдардың рөлі мен орнын анықтау өзекті әрі айқын болып отыр. Өйткені, мемлекеттік биліктің ынталы органдарының (тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғаудың республикалық, облыстық, аймақтық органдары, облыстық өлкетану мұражайлары және басқа ұйымдардың) қатысуынсыз бұл мәселелерді шешу мүмкін емес. Барлық осы мемлекеттік мекемелер және биліктің жергілікті органдары (облыстық, аудандық, ауылдық әкімдіктер) кәсіби археологтармен тығыз байланыста қызмет жасауға, ұйымдастыру жұмыстары барысында оларға көмектесуге, археологиялық ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
Дәл осы жергілікті жерде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда және сол өлкенің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгілеуде жергілікті билік органдарының және тарихи-мәдени мекемелердің рөлі айрықша.
Өкінішке орай, Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» қолданыстағы заңына қарамастан, басым бөлігі әлі ашыла қоймаған, терең зерттелмеген тарихтың ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері жерді шаруашылық және өнеркәсіптік мақсатта игеру барысында, сондай-ақ, қоршаған ортаның ықпалына байланысты және қазына іздеушілердің заңсыз іс-әрекеттерінен үнемі қиратылуға және жойылуға ұшырайды. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау – мәдени және тарихи құндылыққа ие объектілерді сақтауға және қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені. Ескерткіштерді зерттеу, олардың тарихи және функционалдық маңызын бағалау, ресми мәртебе беру, қалпына келтіру және сақтау осы іс-шаралардың құрамына енген.
Тарихи мұрамызды сақтауға жауапсыз қарауымыздың мысалы ретінде «Есімхан ордасы» аумағын айтуға болады. Ол өзі қорғалатын аумақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Кеңесарық ауылына таяу орналасқан тарихи орын. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осы тарихи жерде мұражай емес, әртүрлі құрылыстар мен ауылшаруашылық жұмыстары жүргізілуде.
Адамдардың тарихи құндылықтарға жауапсыз қарайтындығының белгісі Алматы облысындағы ежелгі Жетісу қорғандары аудандарында байқала бастады. Қырық жыл бұрын дәл осы жерден ең бағалы археологиялық олжа – «Алтын Адам» табылғаны белгілі. Әрине, жағымсыз әрекеттер өте белең алып кете қойған жоқ, бірақ жергілікті билік органдары қорғалатын аумақтың жерін заңсыз пайдаланғысы келетіндерге жіті көз салуы керек деп ойлаймын. Егер кеңестік кезеңдегі «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының» сансыз өкілдері болса, жоғарыда келтірілген деректер бойынша баяғыда-ақ дабыл қағар еді! Ал бүгінгі таңда біздің мәдени құндылықтарымызды қорғау ісі кәсіби археологтардан басқа ешкімге қажет емес сияқты көрінеді.
«Жергілікті жерде», яғни облыстарда тарихи-мәдени мұраны қорғау орталықтары бар, бірқатар өңірлерде мемлекеттік инспекция жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысы қалай жолға қойылған? Олардың құрамында мамандар бар ма? Ал жалпы, сондай «орталықтар» мен «мемлекеттік инспекцияларда» ескерткіштерді қорғау қызметінің өзі қалай жүргізіледі? Ойландыратын деректер бар, ол, әсіресе, археолог мамандарды қатты толғандырып отыр. Атап айтсақ, жоғарыда аталған көптеген өңірлердегі ескерткіштерді қорғау «орталықтары» қорғандарды, қорымдарды, ескі мекендерді, қалашықтарды қорғауға тиісті өздерінің негізгі кәсіби жұмыстарымен емес, неше түрлі қызметтермен айналысатыны туралы деректер бар. Оның қарапайым екі-ақ себебі бар. Біріншіден, көп жағдайда ондай «орталықтардың» қызметкерлерінде ежелгі қорған деген не және оны қалай танып-білуге болатыны туралы аздап болса да түсінік жоқ. Екінші себебін ашып айтсақ, ондай «орталықтарда» «ескерткіштерді қорғау» деген не, ол жұмысты қалай жүргізу керек, ол қандай тетіктерден тұратыны жөнінде ұғым қалыптаспаған.
Тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық қызметті іске асыру үшін лицензия алу және рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселесінде үнемі өзгерістер мен толықтырулар болып жататыны қазақстандық мамандардың алаңдаушылығын тудырып отыр. 2003 жылға дейін археологиялық жұмыстарға рұқсат «Ашық бетпен» берілді, ал одан кейін оны лицензиямен ауыстырды. Енді Мәдениет және ақпарат министрлігі Экономикалық даму және сауда министрлігімен бірлесіп, археологиялық жұмыстар жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға лицензия берудің орнына ескерту хатты беру нормасын енгізу туралы құжаттар топтамасын қарастыруда.
Ескерткіштерді анықтап және оларды зерттеп, сараптамадан өткізу ісімен тек кәсіби археологтар, біліктілігі жоғары және мол тәжірибе жинақтаған, кәсіби тағылымы зор еңбек өтілі бар мамандар ғана айналысуы тиіс екендігіне сенімдімін. Олардың жұмысы артефактардың мәдени терең қабаттарын табумен шектелмейді, ең бастысы, мәдени мұра объектілері ретінде ескерткіштерді сақтау мен дұрыс пайдалану болып табылады. Бүгінгі таңда зерттеуші-археологтар Отырар, Қойлық, Талғар, Ақыртас қалашықтарында, Беғазы, Есік, Берел қорымдарында іздестіру және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Олар ескерткіштердің сақталуы мен «өмір сүруін» ұзарту, мұражайландыру, яғни мұражайлық және күзетілетін нысанға айналдыру (Әзірет Сұлтан, Есік, Берел, Мерке-Жайсаң, Тамғалы петроглифтері тарихи-мәдени қорықтары) мәселелерімен айналысуда; тарих және мәдениеттің ғажайып ескерткіштерін (Бесшатыр, Есік, Берел, Боралдай мен Шілікті қорғандарын және еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан көптеген тау-тасқа салынған суреттерді) қирап жойылудан құтқарады, Майбұлақ тұрағы мен Сарайшық қалашығының сақталуы жолында еңбек етуде. Осы тұста атап айтар болсақ, ортағасырлық кезеңде үлкен әкімшілік округтің орталығы болған, аумағы Шаштан Қашғарға дейін созылып жатқан Испиджабтың археологиялық ескерткіштерін зерттеуде археологтардың қосқан үлесі зор.
Бір алаңдатарлық жәйт, бүгінде көптеген адамдар археологиямен айналысуға әуестеніп жүр. Мәселен, қажетті біліктілігі жоқ түрлі мамандықтың өкілдері, мұражай қызметкерлері, университет ұстаздары және кәсіби археологиялық қызметке тікелей қатысы жоқ адамдар археологиялық іздеу жұмыстарымен айналысады. Олардың көпшілігі археологиялық зерттеудің әдістемесінен бейхабар, соның нәтижесінде археологиялық объектіні далалық зерттеу процесінде ескерткіштің мәдени қабаттарының қирауы, оның құрылымдық біртұтастығының бұзылуы жиі орын алып жатады, сондай-ақ және басқа да маңызды бөліктері жойылып кетеді. Бұл жерде құрылыстар жүргізу, жолдар салу жұмыстары барысында ескерткіштердің бульдозерлермен қиратылуы, бүтіндей тарихи археологиялық құндылықтардың қабаттары жойылып кетіп жатқаны туралы не айтуға болады?! Ондай еленбей жатқан ескерткіштердің ежелгі және ортағасырлық тарихты зерттеуде маңыздылығы өте зор екеніне ешкім де терең мән беріп жатпайтыны қынжылтады.
Сонымен қатар, республикамыздың кейбір аймақтарында тұрғындар архитектуралық ескерткішті ата-бабалары өздерінің арғы тегіндегі есімі белгілі тұлғаның құрметіне салған кесене деп есептеп, өздігінен «реставрация» жасауға тырысатыны туралы көптеген деректер бар. Бұл «жаңа бастама» сәулетшілердің біртумаларынан да қымбатқа түседі, өйткені, тарихи дүниенің сырын білмейтін олақ «реставраторлардың» жұмысынан кейін ескерткіштер тез бұзылып жатады.
Соңғы бір-екі ғасырдың өзінде қанша дүниемізден айырылып қалдық?! Кең даламызда тып-тыныш жатқан обалар мен қорғандарға аяусыз «шабуыл» жасалды. Әсіресе, зергерлік бұйымдар, мәнеттер, қыш ыдыстар кеңес өкіметі кезінде республикамыздан тысқары жаққа шығарылды. Ол кезде егемен емеспіз, тосқауыл қоятын мүмкінігіміз болған жоқ. Біздің жерімізден табылған құнды дүниелер кейін әлемнің жер-жеріне тарап кетті. Айталық, шетелде болғанда, Қазақстанның археологиялық артефактарын, тіпті, Америкадан да кездестіресің. Дамыған елдердің қалаларындағы тарихи көне дүниелерді сататын дүкендерінен көресің. Сол сияқты, әшеей бұйымдарды біреулер қолдарына тағып жүреді.
Ғаламторда тарих пен мәдениет ескерткіштері қорғалған аумақтарда адамның қолымен жасалған өрескел істер туралы деректер көптеп кездеседі. Кездейсоқ біреулер әртүрлі құндылықтарды табу үшін көне қалашықтарды қопарып жатады. Егер алтын немесе күміс мәнеттер «қарақазушылар» үшін тез ақша табудың көзі болса, ал кәсіби археологтар үшін ол – өте маңызды ақпарат. Атап айтқанда, ол ақшалар қай монет сарайында жасалды, сол бір тарихи кезеңде кім билік жүргізді, сол не өзге мәнеттерде қандай нышандар көрініс тапқан? Осы сұрақтардың жауабын, шынымен де, баға жетпес құнды металдардың дөңгелек бетінен табуға болады. Ал ортағасырлық әшекей бұйымдарынан біздің зергер ата-бабаларымыздың шеберлігін байқауға болар еді. Сақталған қыш ыдыстарына қарап, ежелгі Шығыс немесе Батыстың түрлі өңірлерімен көптеген сауда байланыстары болғанын сезінер едік. Бүкіл республика бойынша кезіп жүрген, қазіргі заманғы металл іздегішпен қаруланған қазына іздеушілер отандық тарих ғылымына орасан зор зардабын тигізуде. Сондықтан бұл көкейкесті мәселені заңнамалық деңгейде өте жедел шешу қажет.
Мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Айталық, көрші Қытай Халық Республикасында мұндай қылмыстар үшін қатаң жаза қарастырылған, тіпті өлім жазасына кесуге дейін барады. Мысыр мен Израиль елдерінде тарих пен мәдениет ескерткіштерінің сақталуын арнайы полицейлік бөлімшелер бақылайды. Бұл мәселенің заңмен бекітілуі жағына келсек, украиндық әріптестерде жақсы үлгі бар. Украинада («Незалежныйда») «Археология туралы» заңның қабылданғанына да біраз уақыт болып қалды. Онда ежелгі қазыналарды тонаушыларға қарсы әрекет ету шаралары өте қатаң қарастырылған. Украинада «қара қазушыларға» ұзақ мерзім қамауда отыруды қарастыратын қылмыстық жазалау бекітілген. Ал бізде бұл жағы қалай?
Қазақстан Республикасының Жер кодексiнің 127-бабында: «Тарихи-мәдени мұра объектiлерi, оның iшiнде тарих және мәдениет ескерткiштерi орналасқан жер учаскелерi тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады. Аумақтарды игеру кезiнде жер учаскелерi бөлiп берiлгенге дейiн тарихи-мәдени мұра объектiлерiн анықтау жөнiнде зерттеу жұмыстары жүргiзiлуге тиiс. Тарихи, ғылыми, көркемдiк және өзге де мәдени құндылығы бар объектiлер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрi жұмыс жүргiзудi тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi» деп жазылған. Сонымен қатар, осы кодексте тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң сақталып тұруына қатер төндiруi мүмкiн жұмыстардың барлық түрлерiн жүргiзуге тыйым салынатыны атап көрсетілген. Бұл жауапты жұмысты кімге сеніп тапсыруға болатынын кәсіби археологтардан артық кім біледі?! Қайталап айтамын, археологиялық жұмыстармен айналысуға тек білікті және археологиялық салада тағылымдамадан өткен адамдардың ғана құқығы бар! Және бұл жерде жауапкершілік өте жоғары болуы тиіс.
Бұл міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі нормативтік-құқықтық актілері мен ережелеріне тиісті түзетулер енгізу қажет екені сөзсіз.
Қазақстанның Жер кодексіне де жеке баптарды қарастыру керек. Сондай-ақ, «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына да толықтырулар енгізу орынды болар еді. 2012 жылғы 2-шілдеде бұл құжатқа 20 жыл толды. Заңның көптеген баптары ескіргені анық байқалады. Өйткені, өмір бір орында тұрып қалмайды, көптеген нәрселер тез өзгеруде. Әртүрлі мұқтаждықтар үшін шаруашылықтарға жер бөлу жөніндегі мәселелерді археолог мамандармен келіспестен атүсті шеше салу олардың алаңдаушылығын тудыруда.
Бірқатар, мысалы, құрылыс жұмыстарына, жануарларды атып алу, балық аулау және т.б. салаларға лицензиялар беруді немесе хабарлама жүйесіне өтуді жеңілдетуге болады деп ойлаймын. Алайда, археологиялық салаларды шаруашылық немесе коммерциялық қызмет салаларымен теңестіруге мүлдем болмайды.
Археологиялық зерттеу – құзыреттілік пен біліктіліктің жоғары деңгейлігін талап ететін ғылыми сала.
Осыны ескере отырып, екі мәселеге ерекше көңіл аудару қажет деп санаймын. Бірінші – ескерткіштерді қорғау жөніндегі жергілікті «орталықтар» жұмыстарының деңгейі мен сапасы. Егерде объективті түрде қарасақ, облыстар бойынша олардың көпшілігі жұмыс істемейді немесе міндеттерін өз деңгейінде атқармайды. Бұл мекемелер өз қызметі барысында археолог мамандармен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, біздің баға жетпес қазыналарымызды қорғауды қамтамасыз етуі тиіс. Екінші мәселе – тарихи-мәдени мұраларды зерделеу және сақтау істерінің заңнамалық жағы. Оның ішінде археологиялық зерттеулерді лицензиялау мәселесі өте қысқа мерзімде реттелуі қажет. Осы орайда, «Археология туралы» жаңа Заңды уақтылы әзірлеу аса маңызды және тиімді болар еді.
Шығыс данышпандары ең терең құдық та кеуіп қалатынын, ең қатты тас та үгітіліп құм мен шаңға айналатынын айтып кеткен. Жер бетінде мәңгілік ештеңе жоқ. Тек тарих мәңгілік болуы керек!
Керісінше «тарихи естелігі жоқ адамдар ғана ештеңе жоғалтпайды», дейді қазіргі классиктер. Ал біз өзіміздегі барды жоғалтқымыз келмейді. Сондықтан да мақаланың тақырыбы мазмұнсыз емес. Біз оған қалай жауап беру керектігін білеміз. Өйткені, тарихи мұра – баға жетпес қазына!
Уәлихан БИШІМБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі,
академик.