13 Қараша, 2012

Тарихи мұра – баға жетпес қазына

12620 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тарихи мұра – баға жетпес қазына

Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:51

2004 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің №1227 Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның ғылымын және қоғамын еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын қорғау мен ұқыпты пайдалануға бағдарланған. Осы маңызды құжатта зерттеулердің археологиялық бағытына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде барлық тарихи орындарды зерттеуге, ұлттық тарихи мұраларды халықаралық деңгейде насихаттауға, тарихи-мәдени мұраларды кешенді түрде зерделеуге басымдық берілген.

 

Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:51

2004 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің №1227 Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның ғылымын және қоғамын еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын қорғау мен ұқыпты пайдалануға бағдарланған. Осы маңызды құжатта зерттеулердің археологиялық бағытына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде барлық тарихи орындарды зерттеуге, ұлттық тарихи мұраларды халықаралық деңгейде насихаттауға, тарихи-мәдени мұраларды кешенді түрде зерделеуге басымдық берілген.

Осы бағдарламаның сәтті аяқ­талуына орай өткен шарада Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты екенін айта келіп, «Мә­дени мұра» бағдарламасы – мәде­ниетке деген мемлекеттік көзқарас­тың соны стратегиялық ұстанымын айқындаған маңызды жоба болды. Ол жаңадан қалып­тасып жатқан қазақстандық қа­уымдастықтың әлеуеті мен гума­нистік бағыт-бағдарын таныт­ты»,  деді.

Елбасы бағдарламаны іске асыру барысында тарих пен мә­де­ниеттің 35 ескерткішінде қайта жаң­ғырту жұмыстары аяқталып, Қазақстан аумағындағы 30 қала­шықта, қоныста, тұрақта, обалар мен қорғандарда маусымдық ар­хеологиялық зерттеулер жүргізіл­генін мәлім етті.

Айта кету керек, тарихи-мә­дени құндылықтарды қорғау және ұқыпты пайдалануға қатысты мем­лекеттік реттеу мәселелері Қа­зақ­стан Республикасындағы ба­­сым­дық берілген міндеттердің бірі еке­ні анық. Материалдық мұра объек­тілерінің сақталуын, ғылыми және мәдени пайдаланылуын қамтама­сыз ету мемлекеттің өзіндік мәде­ни-ұлттық ерекшелі­гін дамытуға жағдай жасайды, қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайын­да қоғамның тұ­рақты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда тарихи, археоло­гия­лық, сәулеттік және мәдени ескерт­кіштердің қирауы мен мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұрғандық­тан, бұл проблема одан сайын өзекті бола түсуде. Орын алып отыр­ған күр­делі экологиялық, ан­тропогендік факторлар қоршаған табиғи және мәдени ортаның жағ­дайына, оның маңызды құрамы болып табылатын тарихи және мәде­ни ескерткіштердің үгітіліп қирай түсуіне ықпал етуде. Сондай жағ­дайда тұрған ескерткіштерді анық­­­тау және зерттеу арнайы ар­хеоло­гиялық зерттеу әдістерін қол­да­нуды, әртүрлі ғылым мен білім жү­йелерін бір арнаға то­ғыстыратын жаңа бағдарламалар мен жобалар кешенін әзірлеуді талап етеді. Бар­лау-іздестіру жұ­мыстарына нано­тех­нологиялық және инновация­лық әдістер қол­дану көп жағдайда алға қойылған міндеттің нақты маңыздылығына және, әрине, ма­мандардың кә­сі­би­лігіне тікелей байланысты болмақ.

Атап өтілген басым бағыттар отандық археология саласында із­дестіру жұмыстарын одан әрі же­тілдіруді қажет етеді. Біздің мақса­тымыз – археологиялық бі­лім сала­сындағы ұйымдастыру-қоғамдық проблемаларды көрсету және ғы­лыми-зерттеу және гене­зисті, эволюцияны, сондай-ақ ежел­гі және ортағасырлық ке­зеңдегі ескерткіш­тердің функцио­налдық маңызын зерттеудегі бас­қару органдарының әлеуметтік ма­ңызды қызметтерінің нақты жолдарын ұсыну.

Менің ойымша, осы орайда, мұндай мәселелерді қою мен шешуде басқарушылық құрылым­дар­дың рөлі мен орнын анықтау өзекті әрі айқын болып отыр. Өйткені, мемлекеттік биліктің ынталы ор­гандарының (тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қор­ғаудың респуб­ли­калық, облыс­тық, аймақтық органдары, облыс­тық өлкетану мұ­ражайлары және басқа ұйымдар­дың) қатысуынсыз бұл мәселелерді шешу мүмкін емес. Барлық осы мемлекеттік мекемелер және би­ліктің жергі­лікті органдары (об­лыс­тық, аудан­­­­­дық, ауылдық әкім­діктер) кәсіби археологтармен ты­ғыз байланыста қызмет жасауға, ұйым­дастыру жұмыстары барысында оларға көмектесуге, архео­логия­лық ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.

Дәл осы жергілікті жерде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда және сол өлкенің та­рихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгі­леуде жергілікті билік орган­дары­ның және тарихи-мәдени мекеме­лердің рөлі айрықша.

Өкінішке орай, Қазақстан Рес­публикасының «Тарихи-мәдени мұ­ра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» қолданыстағы заңына қарамастан, басым бөлігі әлі ашыла қоймаған, терең зерттелмеген тарихтың ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері жер­ді шаруашылық және өнеркә­сіптік мақсатта игеру барысында, сондай-ақ, қоршаған ортаның ықпалына байланысты және қа­зына із­деу­шілердің заңсыз іс-әрекеттерінен үнемі қиратылуға және жойылуға ұшырайды. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау – мәдени және тарихи құн­дылыққа ие объек­тілерді сақтауға және қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені. Ескерткіштерді зерттеу, олардың тарихи және функционалдық ма­ңызын бағалау, ресми мәртебе беру, қалпына кел­тіру және сақтау осы іс-шара­лардың құрамына енген.

Тарихи мұрамызды сақтауға жауапсыз қарауымыздың мысалы ретінде «Есімхан ордасы» аума­ғын айтуға болады. Ол өзі қорға­латын аумақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Кеңесарық ауылына таяу орна­лас­­қан тарихи орын. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осы тарихи жерде мұражай емес, әртүрлі құ­рылыс­тар мен ауыл­шаруа­шылық жұ­мыстары жүргі­зілуде.

Адамдардың тарихи құнды­лық­тарға жауапсыз қарайтын­ды­ғының белгісі Алматы облысын­дағы ежелгі Жетісу қорғандары аудандарында байқала бастады. Қырық жыл бұрын дәл осы жерден ең бағалы археологиялық олжа – «Алтын Адам» табылғаны белгілі. Әрине, жағымсыз әрекет­тер өте белең алып кете қойған жоқ, бірақ жергілікті билік органдары қор­ғалатын аумақтың жерін заңсыз пайдаланғысы келетін­дерге жіті көз салуы керек деп ойлаймын. Егер кеңестік ке­зең­дегі «Тарих және мәдениет ес­керткіш­терін қор­ғау қоғамының» сансыз өкілдері болса, жоғарыда келті­рілген деректер бойынша баяғы­да-ақ дабыл қағар еді! Ал бүгінгі таңда біздің мәдени құн­дылық­тарымызды қор­ғау ісі кәсі­би археологтардан басқа ешкімге қажет емес сияқты кө­рінеді.

«Жергілікті жерде», яғни облыстарда тарихи-мәдени мұраны қорғау орталықтары бар, бірқатар өңірлерде мемлекеттік инспекция жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысы қалай жолға қойылған? Олардың құрамында мамандар бар ма? Ал жалпы, сондай «ор­та­лықтар» мен «мемлекеттік инс­пекцияларда» ескерткіштерді қор­­ғау қызметінің өзі қалай жүр­гізіледі? Ойландыратын деректер бар, ол, әсіресе, археолог мамандарды қатты толғандырып отыр. Атап айтсақ, жоғарыда атал­­ған көптеген өңірлердегі ес­керткіш­терді қорғау «орталық­тары» қор­ғандарды, қорымдарды, ескі ме­кендерді, қалашықтарды қорғауға тиісті өздерінің негізгі кәсіби жұмыстарымен емес, неше түрлі қызметтермен айналысатыны туралы деректер бар. Оның қарапайым екі-ақ себебі бар. Біріншіден, көп жағдайда ондай «орталықтардың» қызметкер­ле­рінде ежелгі қорған деген не және оны қалай танып-білуге болатыны туралы аздап болса да түсінік жоқ. Екінші себебін ашып айтсақ, ондай «орталық­тарда» «ескерт­кіштерді қорғау» деген не, ол жұмысты қалай жүргізу керек, ол қандай тетіктерден тұ­ратыны жө­нінде ұғым қалып­таспаған.

Тарих және мәдениет ескерт­кіштеріне археологиялық қыз­метті іске асыру үшін лицензия алу және рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселесінде үнемі өзге­рістер мен толықтырулар болып жататыны қазақстандық маман­дардың алаң­дау­шылығын тудырып отыр. 2003 жылға дейін ар­хеологиялық жұ­мыстарға рұқсат «Ашық бетпен» берілді, ал одан кейін оны лицензиямен ауыстырды. Енді Мәдениет және ақпарат министрлігі Эко­номикалық даму және сауда ми­нистрлігімен бір­лесіп, археология­лық жұмыстар жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға лицензия берудің орнына ескерту хатты беру нормасын енгізу туралы құжаттар топтамасын қарастыруда.

Ескерткіштерді анықтап және оларды зерттеп, сараптамадан өткізу ісімен тек кәсіби археологтар, біліктілігі жоғары және мол тәжірибе жинақтаған, кәсіби та­ғылымы зор еңбек өтілі бар мамандар ғана айналысуы тиіс екен­дігіне сенімдімін. Олардың жұ­мысы артефактардың мәдени те­рең қабат­тарын табумен шектел­мейді, ең бастысы, мәдени мұра объек­тілері ретінде ескерткіш­тер­ді сақ­тау мен дұрыс пайдалану болып табылады. Бүгінгі таңда зерт­теуші-археологтар Отырар, Қой­лық, Талғар, Ақыртас қала­шық­­тарында, Беғазы, Есік, Берел қо­рым­дарында іздестіру және қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізуде. Олар ескерт­кіштердің сақталуы мен «өмір сүруін» ұзарту, мұра­жайландыру, яғни мұражайлық және күзе­тілетін ны­санға айналдыру (Әзі­рет Сұлтан, Есік, Берел, Мерке-Жайсаң, Там­ғалы петро­глифтері тарихи-мәде­ни қорықта­ры) мәсе­лелерімен айналысуда; тарих жә­не мәдениет­тің ғажайып ескерт­кіштерін (Бесшатыр, Есік, Берел, Боралдай мен Шілікті қор­ған­дарын және еліміз­дің түкпір-түкпірінде орналасқан көптеген тау-тасқа салынған су­реттерді) қи­рап жойылудан құт­қарады, Май­бұлақ тұрағы мен Сарайшық қалашығының сақта­луы жолында еңбек етуде. Осы тұста атап айтар болсақ, орта­ғасырлық кезеңде үлкен әкім­шілік округтің орта­лығы болған, аумағы Шаштан Қашғарға дейін созылып жатқан Испид­жабтың археологиялық ес­керт­кіштерін зерттеуде археолог­тар­дың қосқан үлесі зор.

Бір алаңдатарлық жәйт, бү­гінде көптеген адамдар археологиямен айналысуға әуестеніп жүр. Мә­селен, қажетті біліктілігі жоқ түрлі мамандықтың өкілдері, мұражай қызметкерлері, университет ұстаз­дары және кәсіби археологиялық қызметке тікелей қатысы жоқ адамдар археология­лық іздеу жұмыс­тарымен айналысады. Олардың көпшілігі архео­логиялық зерт­теудің әдістеме­сінен бейхабар, соның нәтиже­сінде археологиялық объектіні далалық зерттеу про­цесінде ес­керткіштің мәдени қабаттарының қирауы, оның құ­рылымдық бір­тұтастығының бұ­зылуы жиі орын алып жатады, сондай-ақ және басқа да маңызды бөліктері жойылып кетеді. Бұл жерде құры­лыстар жүргізу, жолдар салу жұ­мыстары барысында ескерткіш­тердің бульдозерлермен қираты­луы, бүтіндей тарихи археоло­гиялық құндылықтардың қабат­тары жойылып кетіп жатқаны туралы не айтуға болады?! Ондай еленбей жатқан ескерткіштердің ежелгі және ортағасырлық тарихты зерттеуде маңыздылығы өте зор екеніне ешкім де терең мән беріп жатпайтыны қынжылтады.

Сонымен қатар, республика­мыз­дың кейбір аймақтарында тұр­ғындар архитектуралық ес­керт­кішті ата-бабалары өздерінің арғы тегіндегі есімі белгілі тұл­ғаның құрметіне салған кесене деп есептеп, өздігінен «реставрация» жа­сауға тырысатыны туралы көп­теген деректер бар. Бұл «жаңа бастама» сәулетшілердің біртума­ларынан да қымбатқа тү­седі, өйткені, тарихи дүниенің сырын білмейтін олақ «реставра­торлар­дың» жұмысынан кейін ес­керт­кіштер тез бұзылып жатады.

Соңғы бір-екі ғасырдың өзінде қанша дүниемізден айырылып қалдық?! Кең даламызда тып-тыныш жатқан обалар мен қор­ғандарға аяусыз «шабуыл» жасалды. Әсіресе, зергерлік бұ­йымдар, мәнеттер, қыш ыдыс­тар кеңес өкіметі кезінде республикамыздан тысқары жаққа шы­ға­рылды. Ол кезде егемен емес­піз, тосқа­уыл қоятын мүмкін­ігіміз болған жоқ. Біздің жерімізден табылған құнды дүниелер кейін әлемнің жер-жеріне тарап кетті. Айталық, шетелде болғанда, Қа­зақстанның археоло­гия­лық артефактарын, тіп­ті, Америкадан да кездесті­ре­сің. Дамыған елдердің қалала­рын­дағы тарихи көне дү­ниелерді сататын дүкен­дерінен көресің. Сол сияқты, әше­ей бұйымдарды біреулер қолда­рына тағып жүреді.

Ғаламторда тарих пен мә­де­ниет ескерткіштері қорғалған аумақ­тарда адамның қолымен жасалған өрескел істер туралы де­ректер көп­теп кездеседі. Кез­дейсоқ біреулер әртүрлі құнды­лықтарды табу үшін көне қала­шықтарды қопарып жатады. Егер алтын немесе күміс мәнеттер «қарақазушылар» үшін тез ақша табудың көзі болса, ал кәсіби археологтар үшін ол – өте маңызды ақпарат. Атап айтқанда, ол ақша­лар қай монет сарайында жасалды, сол бір тарихи кезеңде кім билік жүргізді, сол не өзге мәнет­терде қандай нышандар көрініс тапқан? Осы сұрақтардың жауабын, шынымен де, баға жетпес құнды металдардың дөңгелек беті­нен табуға болады. Ал орта­ғасырлық әшекей бұйымдарынан біздің зергер ата-бабаларымыз­дың шеберлігін байқауға болар еді. Сақталған қыш ыдыстарына қарап, ежелгі Шығыс немесе Ба­тыстың түрлі өңірлерімен көпте­ген сауда байланыстары болғанын сезінер едік. Бүкіл республика бойынша кезіп жүрген, қазіргі заманғы металл іздегішпен қару­ланған қазына іздеушілер отан­дық тарих ғылы­мына орасан зор зардабын тигізуде. Сондықтан бұл көкейкесті мәсе­лені заңнама­лық деңгейде өте жедел шешу қажет.

Мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Айталық, көрші Қытай Халық Республикасында мұндай қылмыстар үшін қатаң жаза қарастырылған, тіпті өлім жазасына кесуге дейін барады. Мысыр мен Израиль елде­рінде тарих пен мәдениет ескерт­кіш­терінің сақталуын арнайы по­лицейлік бөлімшелер бақылай­ды. Бұл мәселенің заңмен бекі­тілуі жағына келсек, украиндық әріп­тестерде жақсы үлгі бар. Украинада («Незалежныйда») «Ар­­хеология туралы» заңның қабыл­данғанына да біраз уақыт болып қалды. Онда ежелгі қазыналарды тонаушыларға қарсы әрекет ету шаралары өте қатаң қарастырыл­ған. Украинада «қара қазушылар­ға» ұзақ мерзім қамауда отыруды қарастыратын қылмыстық жазалау бекітілген. Ал бізде бұл жағы қалай?

Қазақстан Республикасының Жер кодексiнің 127-бабында: «Та­рихи-мәдени мұра объектiлерi, оның iшiнде тарих және мәдениет ескерткiштерi орналасқан жер учаскелерi тарихи-мәдени мақ­саттағы жерлер деп танылады. Аумақтарды игеру кезiнде жер учаскелерi бөлiп берiлгенге дейiн тарихи-мәдени мұра объектiлерiн анықтау жөнiнде зерттеу жұмыс­тары жүргiзiлуге тиiс. Тарихи, ғылыми, көркемдiк және өзге де мәдени құндылығы бар объек­тiлер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрi жұмыс жүргiзудi тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объек­тiлерiн қорғау және пайдалану жөнiндегi уәкi­леттi органға ха­бар­лауға мiндеттi» деп жазылған. Сонымен қатар, осы кодексте тарихи-мәдени мұра объектiле­рiнiң сақталып тұруына қатер төндiруi мүмкiн жұмыстар­дың барлық түрлерiн жүргiзуге тыйым салынатыны атап көрсе­тілген. Бұл жауапты жұмысты кімге сеніп тапсыруға болатынын кәсі­би археологтардан артық кім біледі?! Қайталап айтамын, ар­хеологиялық жұмыстармен айна­лысуға тек білікті және археоло­гиялық салада тағылымдамадан өткен адамдардың ғана құқығы бар! Және бұл жерде жауап­кер­шілік өте жоғары болуы тиіс.

Бұл міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының та­рихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі норма­тивтік-құқықтық актілері мен ере­желеріне тиісті түзетулер енгізу қажет екені сөзсіз.

Қазақстанның Жер кодексіне де жеке баптарды қарастыру керек. Сондай-ақ, «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Заңына да то­лық­тырулар енгізу орынды болар еді. 2012 жылғы 2-шілдеде бұл құжатқа 20 жыл толды. Заңның көптеген баптары ескіргені анық байқалады. Өйткені, өмір бір орында тұрып қалмайды, көпте­ген нәрселер тез өзгеруде. Әртүр­лі мұқтаждықтар үшін шаруашы­лықтарға жер бөлу жөніндегі мәселелерді археолог мамандармен келіспестен атүсті шеше салу олардың алаңдаушы­лығын тудыруда.

Бірқатар, мысалы, құрылыс жұмыстарына, жануарларды атып алу, балық аулау және т.­б. са­лаларға лицензиялар беруді немесе хабарлама жүйесіне өтуді же­ңілдетуге болады деп ойлаймын. Алайда, археологиялық салаларды шаруашылық немесе коммер­ция­лық қызмет салаларымен теңес­тіруге мүлдем болмайды.

Археологиялық зерттеу – құ­зы­реттілік пен біліктіліктің жо­ғары деңгейлігін талап ететін ғылыми сала.

 Осыны ескере отырып, екі мәселеге ерекше көңіл аудару қажет деп санаймын. Бірінші – ескерткіш­терді қорғау жөніндегі жергілікті «орталықтар» жұмыс­та­­рының дең­гейі мен сапасы. Егерде объективті түрде қарасақ, облыс­тар бойынша олардың көпшілігі жұ­мыс істемейді немесе мін­деттерін өз деңгейінде ат­қармай­ды. Бұл мекемелер өз қызметі барысында археолог мамандармен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, біздің баға жетпес қазы­наларымызды қор­­ғауды қамта­масыз етуі тиіс. Екін­ші мәселе – тарихи-мәдени мұра­ларды зерделеу және сақтау істе­рінің заң­намалық жағы. Оның ішінде археологиялық зерттеу­лерді лицензиялау мәселесі өте қысқа мерзімде реттелуі қажет. Осы орайда, «Археология туралы» жаңа Заңды уақтылы әзірлеу аса ма­ңызды және тиімді болар еді.

Шығыс данышпандары ең терең құдық та кеуіп қалатынын, ең қатты тас та үгітіліп құм мен шаңға айналатынын айтып кеткен. Жер бетінде мәңгілік ештеңе жоқ. Тек тарих мәңгілік болуы керек!

Керісінше «тарихи естелігі жоқ адамдар ғана ештеңе жоғалт­пай­ды», дейді қазіргі классиктер. Ал біз өзіміздегі барды жо­ғалтқымыз келмейді. Сондықтан да мақала­ның тақырыбы маз­мұнсыз емес. Біз оған қалай жауап беру керек­тігін білеміз. Өйт­кені, тарихи мұра – баға жетпес қазына!

Уәлихан БИШІМБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі,

академик.