Қазақ радиосының тұңғыш зерттеушісі
Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:11
Журналист-ғалым Рамазан Сағымбеков туралы осыдан 20 жыл бұрын алпыстың асқарына шығып, өзіміз жазғандай «ақылының кемеліне, шығармашылығының кемеріне келген» шағында қалам тербеген екенбіз. Дегенмен ардақты азамат, аяулы аға сол алпыстан таяқ тастам ұзап барып, Ер Доспамбет айтқан бұрынғылар түскен жолға бұрылып кетті.
Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:11
Журналист-ғалым Рамазан Сағымбеков туралы осыдан 20 жыл бұрын алпыстың асқарына шығып, өзіміз жазғандай «ақылының кемеліне, шығармашылығының кемеріне келген» шағында қалам тербеген екенбіз. Дегенмен ардақты азамат, аяулы аға сол алпыстан таяқ тастам ұзап барып, Ер Доспамбет айтқан бұрынғылар түскен жолға бұрылып кетті.
Кейде санада сайрап, көңілде тербеліп тұрған ойдың қалам ұшына қонбай қашатыны бар. Кейде жазылған жарты ауыз сөздің өзін ақ қағаздың қабылдамай қоятынын қайтерсің. Шамасы, бұл күйдің мәнін қалай түсіндірсең де толымсыз шығатын шығар. Әйтеуір, бұйрықты күні болғанда көңілдегі көп ой бірін-бірі қуалаған толқындардай жамыраса келеді де бірден қағаз бетіне көшеді.
Рекеңнің еңбек жолына үңілген кісінің алдына бірнеше бағыттың тарамдалып келіп тартылары анық. Рас, телевидение табалдырығын тоздырмады демесеңіз, кейіпкеріміз газет, журнал, радиода қызмет атқарып, бұдан бөлек Әбіш Кекілбаев ағамызша айтсақ, «ұлттық санамыз бен ұлттық зердеміздің қырандардың қияға салған ұясындай аса биік, аса мәртебелі ордасы» ҚазМУ-де ұстаздық етті.
Рамазан Сағымбеков өзінің еңбек жолын Орталық Қазақстандағы ең көне басылым «Қарқаралы» газетінен бастап, жастығына қарамастан редактордың орынбасары қызметіне дейін жоғарылаған адам. Биыл бұл басылымның дүниеге келгеніне де 80 жыл толып отыр. Осы ретте журналист-ғалымның республикалық «Социалистік Қазақстан», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм таңы» газеттерінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы секілді қызметтерді де атқарғандығын айта кеткен жөн.
Ол Қазақ радиосындағы бірнеше жылдық қызметінен кейін ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқытушылыққа ауысты. Сол жылдар ішінде өзінің оң жамбасына келетін қазақ радиожурналистикасын зерттеуге ден қойды. Қазақ радиосының тарихынан кандидаттық диссертация қорғады. Оған дейін Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, Т. Амандосов, Т. Қожакеев секілді ғалымдардың радиоға қатысты айтқан бірлі-жарым тұжырымдары болмаса, радиожурналистиканың тарихы, теориясы мен тәжірибесін тиянақты зерттеген толымды еңбектің жазылмағандығы белгілі. Өз кезегінде осы бір олқылықтың орнын толтыруға атсалысқан ғалымдардың бірі Рекең еді.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында жарық көрген «Алматыдан сөйлеп тұрмыз…» атты монография студенттің де, зерттеушінің де, радио саласындағы журналистің де қолынан түспейтін кітапқа айналды. Оның сыры жалпы қауымның түсінуіне лайықтап жазылып, көпшілікке қолайлы әдіспен радиохабар ұйымдастырудың ретті жүйесін, ерекше қыр-сырын, сол саланың беймәлім тұстарын көбірек қозғағанынан бөлек, бұл кітаптың радиожурналистикадағы қазақ тілді алғашқы еңбек болғандығында жатыр. «Рамазан Сағымбековтің қазақ радиожурналистикасын зерттеудегі еңбегі тыңнан түрен түсіргендей», деп жазып жүргендігіміздің себебі осы. Аталған еңбек әйтеуір кітап шығару керек деген мақсаттан емес, радиожурналистерді даярлауда кездескен шын зәрулік, табиғи мұқтаждықтан туған дүние.
Көзіміз анық жеткен тағы бір жай, кітап авторы қандай жанрға тоқталмасын, өмірлік фактілерді салыстырып, қорытындылау арқылы бұлжымас тұжырым жасайды. Шебер тілмен қөңілге қонымды, анық, жатық етіп жеткізе алады. Бұған оның ыждағатты зерттеушілігі, тәжірибелі радиожурналистігі, жалпы шығармашылық қабілеті көп көмегін тигізгені даусыз. Тәжірибе мен теорияны бұлайша сәтті ұштастыра алмаған жағдайда, радиожанрларының табиғатын дұрыс танытуы, олар туралы ғылыми батыл пікір айта алуы мүмкін емес еді.
Бүгінде радиожурналистика бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде де, өзіндік ерекшелігі мен табиғаты, әдіс-тәсілдері мен қырлары бар ғылым саласы ретінде де мойындалған. 90 жылдан астам тарихы бар Қазақ радиожурналистикасы да өз кезегінде жақсы зерттелген, жүйелі мектебі қалыптасқан ғылым деп айта аламыз. Осы салада журналист-ғалым Рамазан Сағымбековтің сіңірген еңбегі елеулі деуге тұрарлық.
Өз басым оқытушылыққа филология ғылымдарының докторы, профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың шақыртуымен келдім. Ол уақытта мен Қазақ радиосында қызметте едім. Рамазан Сағымбеков Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы болып жұмыс ауыстырып жатыр екен. Келе сала сол кісінің ісін әрі қарай жалғап «Радиожурналистика» пәнінен сабақ бердім. Сондықтан өзімді Р. Сағымбековтің ізбасар інісі десем де болады.
Рамазан Сағымбеков «Орталық Қазақстан» газетінің басшылығына келген кезде де өзінің іскерлігін таныта білді. Сол тұста облыстық басылымның республикалық газеттер секілді аптасына 6 рет шығып тұруы осының дәлелі. Ең бастысы газет мазмұны байып, бірнеше мәрте одақтық және республикалық шығармашылық конкурстарда жүлдеге ілініп жүрді. Басылымның Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған кезі де көпшіліктің есінде.
Р. Сағымбеков 1982 жылдан бастап өзінің ұстаздық жолын Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институында жалғастырды. Теорияны терең меңгерген әрі тәжірибеде шыңдалған көргені көп, көңілге түйгені де жетерлік журналист-ғалым өмірінің соңғы күндеріне дейін осы оқу орнында студенттерге дәріс оқыды. Әрі өзінің ауыр науқасына қарамастан «Қарқаралы» атты жаңа журнал ашып, оған бас редакторлық етті. Рекең басқарған жылдары «Орталық Қазақстан» газеті тарихтың жабулы беттерін ақтарып, шым-шымдап болса да шындық айтуға дағдыланды десек, 90-жылдары «Қарқаралы» журналының басы-қасына келгенде ол өткен күннің ақиқатын ашық жазуды өзінің азаматтық парызы санады.
Рамазан Сағымбеков өзінің саналы ғұмырында қазақ журналистикасының дамуына бір кісідей атсалысты. Оқытушылық қызметте жүріп, «Алматыдан сөйлеп тұрмыз…» атты монография, «Насихаттың қуатты қаруы», «Совет радиохабарының негіздері» секілді үлкенді-кішілі кітапшаларды жарыққа шығарды. Публицистикалық туындыларының басын біріктірген «Терең тамырлар», «Ақжар-Москва», «Достық нұры» атты еңбектері кейіпкеріміздің қаламгерлік дарынын әйгілеп көрсетті.
Журналист-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Р. Сағымбековтің есімі еленіп, 2000 жылы Үкімет қаулысымен оның аты туған ауылындағы Аппаз орта мектебіне берілді. 1974-1982 жылдары өзі басқарып, бар білім-білігін, қажыр-қайратын жұмсай жүріп, көшін келісті, ісін жемісті еткен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті биыл журналистер арасында Р. Сағымбеков атындағы жүлде тағайындапты. Бұл, әлбетте, құптарлық іс. Облыс көлеміндегі жазуға таласы бар жастарды танып-біліп, олардың тырнақалды туындыларын ынталандырып отыру – маңызды бастама. Енді осы жүлде жақсы дәстүрге айналсын деп тілейік.
Намазалы ОМАШҰЛЫ,
профессор.
АСТАНА.