05 Сәуір, 2012

Жолдама қай боксшыға бұйырады?

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жолдама қай боксшыға бұйырады?

Бейсенбі, 5 сәуір 2012 7:36

Олимпиадаға 113 күн қалды

Бүгін Астана төрінде Азия­ның 29 елінің боксшылары қаты­сатын Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың жүлдесі үшін халық­аралық турнир басталады. Осы дүбірлі додада Азия аймағы бойынша 10 салмақта Жазғы Олимпия ойындарының 29 жолдамасы сарапқа салынады.

 

Олимпиадаға 113 күн қалды

Бүгін Астана төрінде Азия­ның 29 елінің боксшылары қаты­сатын Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың жүлдесі үшін халық­аралық турнир басталады. Осы дүбірлі додада Азия аймағы бойынша 10 салмақта Жазғы Олимпия ойындарының 29 жолдамасы сарапқа салынады.

Бұл бәсекеде білікті бапкер Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын Қазақстан ұлт­тық құрамасы 4 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Онда ең жеңіл, яғни 49 килода Біржан Жақып, 52 килода Ілияс Сү­лей­менов, 64 кило салмақта Данияр Елеусінов пен 91 килода Василий Левит қолғап түй­істіреді. Осы боксшылар Қазақстан құрама­сының былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында жеңіп алған 5 лицензиясынан бас­қа тағы 4 жолдама үшін таласатын болады.

Ал Бакуде болған әлем чемпионатында біздің елімізден қола жүлдегер атан­ған Ғани Жайлауов (60 кг.), күміс жүлдегерлер Серік Сәпиев (69 кг.) пен Әділбек Ниязымбетов (81 кг.) және қола жүлдегер болған аса ауыр салмақтағы Иван Дычко Олимпиада жолдамасын иеленген болатын. Сонымен бірге, осы сында 75 килодағы Данабек Сужанов та Лондонға жолдаманы жеңіп алды. Ол өз салмағында ширек финалға шығып, лицензияға ие болды. Осылардың ішінде Сужанов пен Ниязымбетовтің алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, жолдаманы жеңіп алғанын айта кеткен жөн.

49 килодағы Біржан Жақып – ұлт­тық құрама бапкерінің төл шә­кір­ті. Ол да Бакуде өткен әлем чемпионатына қатысып, Олимпиада жолдамасы үшін күш сынасқан болатын. Алайда, сол жолы мықты қарсы­лас­тарға кезік­­кен Біржанның жолы болмады. Ол – осыған дейін де біраз әлем чемпионаттары мен халық­­ара­лық турнир­ле­р­дің, тіпті Бейжің Олимпиадасының да жейдесін тоздырған боксшы. Оның ең басты жетістігі – 2005 жылғы әлем чем­пио­натының қола жүлде­гері атанғаны. Содан кейін ол бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды. Бұл жерде оған Олим­пиа­да чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы қытай Зоу Ши­миннің күні бүгінге дейін бас­ты қарсылас болып келе жатқанын айту керек. Зоу Бір­жан үшін алынбайтын қамал сияқты. Былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында да қытай боксшысы үшінші мәрте чемпион атанғанда, біздің Біржан бармағын тістеп қалған. Сол жолы ол Олимпиада жолдамасын ала алмай, жарысты ерте аяқтады. Осы жеңілісінен кейін Біржанның Лондон Олимпиадасына жолдама беретін жарыстар­ға қатысуы белгісіз болған. Бірақ, оның бағы бар екен. Оның салмағындағы лицензиялық жарыс осы жылдың басында Астанада өте­тін болып шешілді. Бұған дейін Халық­аралық олимпиадалық комитет 49 килода Олимпиада жолдамасы сарапқа салынбайды, өйткені, Бакуде өткен әлем чемпионатында бұл салмақтағы 6 боксшы Олимпиада лицензиясын алып қойған деп мәлімдеме жаса­ға­нын білеміз. Бірақ АИБА басшылары өздері­нің шешімдеріне шұғыл өзгеріс енгізіп, Азия аймағы бойынша 75 кило салмақтағы бір лицензияны Еуропаға беріп, өздеріне Еуропадан 49 килодағы бір жолдаманы қосып алды. Біздің боксшы үшін Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға бұдан асқан мүмкіндік бар ма? Енді біздің боксшыға осы мүмкіндікті тиімді пайдалану­ға ұмтылу керек.

Келесі 52 салмақта біздің құрамадағы тәжірибелі боксшымыз Олжас Сәттібаевтың турнирге қатысуға басты үміткердің бірі болғаны белгілі. Алайда, соңғы сәтте оның орнына Ілияс Сүлейменов шығатын болып шешілді. Осы турнирде Сүлейменовке мық­­ты қарсылас болатын боксшылар көп. Оның ең басты қарсыластары ретінде Қытай, Моңғолия сияқты ел­дер­дің өкілдері саналады. Дегенмен, Ілиястың Лондон Олимпиадасы сарапқа салынатын төрт жолдаманың біреуін жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін жартылай финалға шықса жетеді.

Бұдан кейінгі 64 килода сары құрлықтың лицензиясын Данияр Елеусінов жеңіп алуға ұмтылатын болады. Бұл боксшы да Бакудегі әлем чемпионатында орта жолдан сүрініп, жолдамаға қол жеткізе алмаған болатын. Сондықтан Д.Елеусіновке Астанадағы турнирде соңғы мүмкіндік.

Осы турнирде 91 кило салмақтағы Василий Левитке де Олимпиада лицензиясын иеленуге мүмкіндік беріліп отыр. Оның Астана турниріне қаты­са­тыны соңғы сәтте шешілді. Бас­тап­қыда Левиттің жа­рақат алуына байланысты 91 килода Данияр Үс­тем­баевтың шығатыны туралы әңгі­ме болған. Бірақ, Левит жа­рақатынан айығып, өзіне тез келді. Сөйтіп, бапкерлер оған тағы бір мүмкіндік беруге шешім қабылдады. Бұл боксшымыз да Бакудегі әлемдік бәсекеде жолдамадан қағылған болатын. Енді сол кезде кеткен есесін Астана төрінде қайтарады деп сене­міз. Левиттің салмағында Азия айма­ғы бойынша 2 лицензия бөлінген. Ал Олимпия ойындарында бұл салмақта 16 боксшы күш сынасады.

Астанадағы турнирден кейін Олим­пиада жолдамасы үшін тағы бірнеше жарыс өтетін болады. Жыл басынан бергі алғашқы жарыс 20-26 наурыз күндері Австралияның Канберра қаласында өтті. Онда Мұхит аймағы бойынша лицензиялар сарап­қа салынды. Енді алдағы жарыстар Еуропа, Америка және Африка құр­лықтарында өте­ді деп жоспарлануда. Атап айтқанда, 13-22 сәуір ара­лы­ғында Түркияның Трабзон қала­сында Еуропа елдері Олимпиаданың қалған 26 жолдамасын сарапқа салса, 27 сәуір мен 6 мамыр күндері Африка елдері Марок­коның Касабланка қаласында құрлықтық лицен­зия­лар үшін бақ сынасады. Ал Америка құ­р­лы­ғындағы жарыстар 4-13 мамыр аралы­ғын­да Бразилияның Рио-де Жанейро қала­сында өтеді. Осы іріктеу турнирлері біткен соң, АИБА Халықаралық олимпиада коми­те­тімен бірігіп, тағы сегіз жолдаманы бө­леді. Оның біреуі Азия құрлығына беріледі деп күтілуде.

Астанада өтетін лицензиялық турнирде сарапқа салынатын жолдамалардың саны
Салмақ дәрежесі    Саны
49 кило    1
52 кило    4
56 кило    3
60 кило    1
64 кило    4
69 кило    3
75 кило    4
81 кило    3
91 кило    1
+91 кило    1
Барлығы    25

Құрлық бойынша қалған жолдамалардың саны
Салмақ     Африка     Америка    Азия    Еуропа    Барлығы
49 кило    6    3    1    4    14
52 кило    6    2    4    3    15
56 кило    5    4    3    4    16
60 кило    6    4    1    4    15
64 кило    6    5    4    1    16
69 кило    6    5    3    2    16
75 кило    5    5    4    2    16
81 кило    4    5    3    3    14
91 кило    2    3    1    1    7
+91 кило    2    3    1    2    8
Барлығы    48    38    25    26    137

Дастан КЕНЖАЛИН.