12 Сәуір, 2012

Ауыр атлеттер Азияға барады

302 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыр атлеттер Азияға барады

Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:09

24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяның Пхентхэк қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.

Бұл сынға Қазақстан құрамасының бапкерлері жас зілтеміршілерге үлкен сенім артып отыр. Себебі, негізгі құрамдағы толағайлар мамыр айында Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалу үстінде. Ал ел біріншілігінен соң, Олимпия ойындарына кімнің баратыны түбегейлі белгілі болмақ, деп хабарлады Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы.

 

Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:09

24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяның Пхентхэк қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.

Бұл сынға Қазақстан құрамасының бапкерлері жас зілтеміршілерге үлкен сенім артып отыр. Себебі, негізгі құрамдағы толағайлар мамыр айында Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалу үстінде. Ал ел біріншілігінен соң, Олимпия ойындарына кімнің баратыны түбегейлі белгілі болмақ, деп хабарлады Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы.

Қазақстан құрамасы Лон­дон­дағы төртжылдықтың басты додасында 8 салмақта сынға түсе­тіні белгілі. Оның ішінде төрт салмақта әйелдер, тағы да осыншама салмақта ерлер жарысқа шығады.

Ауыр атлетика федерациясы­ның хабарлауынша, қазіргі кезде Қазақстанның ұлттық құрама командасы өздерінің оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Олар енді Алматыда бірер күн аялдайды да, одан кейін Талдықорған және Текелі қалаларына қарай тартады. Негізгі даярлықтарын сол жақ­та пысықтайды. Ал мамыр айының соңында Алматы облы­сының орталығында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол жарыс­тың қорытындысы бойынша биылғы жылдың 27 шілдесі мен 12 тамызында Ұлыбритания астанасында алауы тұтанатын Олимпия ойындарында нақты кімдердің өнер көрсететіні ан­ық­­талады. Еліміздің бетке­ұс­­­­тар зілтеміршілерінің барлығы да негізгі күшін сол жарысқа сақ­тауда. Себебі, төрт жылда бір мәрте ғана жалауы желбірейтін дүбірлі додаға санаулы спортшылар ғана қатысады. Ал үміт­керлер қатары өте қалың. Сөз орайы келгенде, Қазақстан құра­масы Олимпия ойындарының сегіз жолдамасына иелік етке­нін айта кетейік. Лондонда біз­дің ерлер мен әйелдер төрт-төрт сал­­­мақ дәрежелері бойынша өнер көрсетеді.

– Командамыздың дені жас­тар екені рас. Алайда, біз Оң­түстік Кореяға тек жай серуендеп қайту үшін бара жатқан жоқпыз. Бүгінгі таңда ауыр атлеттерге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. Дене шы­нықтыру және спорт істері агенттігі мен бас демеушіміз – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының да қамқорлығын үнемі сезінудеміз. Сондықтан да ауыр атлеттерге әркез үлкен жауапкершілік жүктелуде. Сенім үдесінен шығу үшін шәкірттері­міз еш аянып қалмайды. Осы Азия чемпионатында да барынша нәти­же­лі өнер көрсетуге тырысамыз, – дейді Қазақстан құ­рамасының мемлекеттік жаттық­тырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы.

Азияда ауыр атлетика дең­гейі­нің өте жоғары екенін жан­күйер­лер жақсы біледі. Соңғы Олимпиада мен әлем чемпио­нат­тарының нәтижелеріне зер сал­сақ, соған анық көз жеткіземіз. Аталмыш жарыстарда Азия апай­төстері өзге құрлық өкіл­де­рінен үнемі озып жүр. Олай болса, Оңтүстік Корея төріндегі жарыста отандық зілтеміршілер жер­ге қаратпайды деп сенеміз.

Азия чемпионатына аттанатын ерлердің тізімі:

Ерболат Жоламанов (62 кг)

Әділбек Балқаев (69 кг)

Александр Ким (69 кг)

Медет Жүндібаев (77 кг)

Нұрсұлтан Рахатов (77 кг)

Ермек Өміртай (85 кг)

Ербол Мейірманов (85 кг)

Игорь Вашанов (94 кг)

Станислав Копытов (105 кг)

Дмитрий Каплин (+105 кг)

Азия чемпионатына баратын қыздардың тізімі:

Галина Мамонтова (48 кг)

Гүлсара Төлегенова (53 кг)

Сәуле Сәдуақасова (63 кг)

Фаина Сыбанбаева (63 кг)

Анастасия Швабауэр (69 кг)

Гүлназ Наурызова (75 кг)

Александра Аборнева (+75 кг)

Арғы жақтан бір жаңалық

Ашылу салтанаты кеш басталады. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатын өткізу британиялық кинорежиссер Дэнни Бойл­ға сеніп тапсырылғаны бел­гілі. Қазір ол басқаратын шығармашылық топ жа­рыс­тың ресми түрде ашылу рәсіміне дайындық жұмыс­тарын жүргізіп жатыр.

Жақында Дэнни Бойл Олимпиаданың 27 шілде­де­гі ашылу салтанаты бастап­қы­да келісіл­гендей 19:30-да емес, сәл кейінірек, 20:55-те басталса деген ұсы­нысын айтты. Оның айтуынша, халыққа іңір қа­раңғысындағы отша­шу­лар­дың әсері онша болмайды. Ал ашылу салтанаты сәл кейінірек басталып, қараң­ғылық орнаған кез­де­гі отша­шулардың жөні бө­лек, олар адамды ерекше бір әсерге бөлеп, айрықша мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Әзірше Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті режиссердің бұл ұсыны­сы­на нақты жауап қайтарған жоқ. Егер оның ұсынысы қабылданса, онда ұйымдас­тыру комитетіне билеттен бастап, жарнамалардың бро­шюраларын, қоғамдық кө­лік­тің жұмыс кестесін қай­та түзеуге тура келеді.

Дастан КЕНЖАЛИН.