Олимпиадаға тоғыз боксшы барады
Сенбі, 14 сәуір 2012 7:04
Астана төрінде өткен бокстан Олимпиадаға жолдама беретін халықаралық турнирді еліміздің ұлттық құрамасы үш алтын жүлдемен аяқтады.
Ең жеңіл, яғни 49 кило салмақта Біржан Жақып, Ілияс Сүлейменов (52 кг.) пен Данияр Елеусінов (64 кг.) алтын медальді жеңіп алды. Осы кездесулерде Жақып пен Сүлейменов қарсыластарын айқын басымдықпен жеңсе, Елеусіновке жеңіс түркімен боксшысы Сердар Худойбердиевтің сырқаттанып, финалға шықпауына байланысты берілді. Ал, жеңіл салмақтағы үмітіміз Біржан Жақып турнирдің жеңімпазы атанып қана қоймай, Олимпиада жолдамасына ие болды.
Сенбі, 14 сәуір 2012 7:04
Астана төрінде өткен бокстан Олимпиадаға жолдама беретін халықаралық турнирді еліміздің ұлттық құрамасы үш алтын жүлдемен аяқтады.
Ең жеңіл, яғни 49 кило салмақта Біржан Жақып, Ілияс Сүлейменов (52 кг.) пен Данияр Елеусінов (64 кг.) алтын медальді жеңіп алды. Осы кездесулерде Жақып пен Сүлейменов қарсыластарын айқын басымдықпен жеңсе, Елеусіновке жеңіс түркімен боксшысы Сердар Худойбердиевтің сырқаттанып, финалға шықпауына байланысты берілді. Ал, жеңіл салмақтағы үмітіміз Біржан Жақып турнирдің жеңімпазы атанып қана қоймай, Олимпиада жолдамасына ие болды.
Бұл салмақтағы Лондонға жолдама бас жүлде иегеріне ғана берілетін болғандықтан, Жақыпқа финалда тек жапон қарсыласы Наяоа Инонені жеңу керек болатын. Кездесуде Біржан осы мүмкіндікті жібермей, барын салып айқасты. Жапон боксшысы да осал емес екен. Ол жекпе-жек басталмай жатып, Біржанға ұмтылып, ұпай жинауға тырысты. Бұған дейін ол тәжік өкілі Асрор Вохидовтың жолын жартылай финалда ораған болатын. Ал тәжік боксшысын осындай Олимпиадаға лицензия беретін аса жауапты сында жеңу деген оңай шаруа емес. Оның үстіне, Вохидов – былтырғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, біраз халықаралық турнирлерде жеңіп алған атақтары бар. Жапон жігіті болса ондай атақ-даңқтарымен жанкүйерлеріне мақтана алмайтынын білеміз. Солай десек те нақ осы жапон өкіліне Вохидовтан жолын тазартып, біздің Біржанмен жұдырықтасуға жазды. Финалдық айқаста ол Жақыптың ғана емес, жанкүйерлердің біраз жүйкесін жұқартты. Бірақ, біздің тәжірибелі боксшымыз 19 жасар жігітке еш мүмкіндік бермеді. Кездесудің үш раундында ол жапонның шабуылдарына тойтарыс беріп, өзінің мықты екенін көрсетті. Қорытынды есеп – 16:11.
Осы айқастан кейін Біржан бүкіл күшін шешуші раундқа сақтағанын, ең бастысы Лондон Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алғанын, өйткені турнирде өнер көрсету оған психологиялық жағынан қиын болғанын айтты. Оның себебі де түсінікті. Біржан өз елімізде, өз жерімізде өткен турнирде лицензияны жеңіп алуды ғана ойлады. Біздің қуанышымызға орай, турнирде Біржан нағыз ерлік жасады! Ерлегені сол, өз салмағындағы жалқы жолдаманы жеңіп алды. Енді оған Олимпиадаға бар күш-жігерін салу керек. Өйткені, Олимпиадаға әлемнің түкпір-түкпірінен боксшылардың серуендеп қайтуға келмейтіні белгілі. Бәрі Лондонға бір оймен, бір мақсатпен келеді. Біржанның өзі Олимпиадада жүлдегерлер қатарына қосылуға тырысамын, бар күшімді соған саламын дейді. «Мен Олимпиадаға лицензия алғандармен кездескенмін. Жақсы дайындалсақ, бәрін де жеңуге болады», – дейді ол. Ендеше аузыңа май, астыңа тай, Біржан дейік!
Келесі салмақта шаршы алаңға шыққан Ілияс Сүлейменовтің жартылай финалда жолдаманы иеленгенін білеміз. Солай болса да 52 килодағы боксшымыз жанкүйерлер алдында намысты қолдан бермей, турнирдің жеңімпазы атану үшін барлық күш-жігерін салып, моңғол жігітінен айласын асырып кетті. Есеп – 18:12.
Бұл жекпе-жекте Сүлейменовпен кездескен моңғол Нямбаярды тәжірибелі боксшылардың қатарына жатқызуға болады. Ол да Астанаға Лондонға лицензияны ғана емес, бас жүлдені жеңіп алуға келген боксшы. Сол себептен ол финалда барын салып айқасты. Дегенмен, Астанадағы Қажымұқан Мұнайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі қарсыласына ширақ қимылдауға мүмкіндік бермей, үш раундты да сауатты өткізіп, кездесуді 18:11 есебімен аяқтады. Ал 64 килодағы Данияр Елеусінов қызыл бас киімін киіп, қолғабын түйістіріп тұрғанда оның түркімен қарсыласының рингке көтерілмейтіні жарияланды.
Осы күні басқа елдердің боксшылары да жолдамаларын қалтасына басып, жеңімпаз атанды. Онда 56 килода жапон Шива Тапа, қытай Киянг Лию (60 кг.), тағы бір қытайлық боксшы Кионг Майтитуерсун (69 кг.) бас жүлдені иеленді. Кейін Қытай ұлттық құрамасынан анықтағанымызда бұл боксшының ұлты ұйғыр екенін білдік. Оның жеке бапкерінің ұлты да ұйғыр болып шықты. Келесі салмақта өзбек Аббос Атоев (75 кг.), үнді Сумит Сангван (81 кг.), 91 килода иран Әли Мазахери мен аса ауыр салмақта қытай Жанг Жилей тұғырдың биік сатысына көтерілді. Осы кездесулерде жанкүйерлер Бейжің Олимпиадасында Еркебұлан Шынәлиевтің мойнын тістеп, дөрекілік жасаған тәжік Жаһон Құрбанов (81 кг.) пен Василий Левиттің жолын жартылай финалда бөгеген суриялық Мохаммед Госсоуиннің қарсыластарынан жеңілгенін айызы қанып тамашалады.
Жалпы, осы турнирде Үндістан, Қытай, Иран өкілдері үш, Жапония, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан боксшылары екі-екіден, КХДР мен Сурия елі бір лицензияны иеленді. Ал біздің құрама турнирде үш жолдаманы жеңіп алды. Сөйтіп, былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатындағы 5 лицензия мен Қанат Әбутәліповтің Бүкіләлемдік бокс сериясының жеке чемпионатында жеңіп алған жолдамасын қосқанда еліміз құрамасы 9 боксшымен Олимпиадаға баратын болды.
Кеше бокс жанкүйерлері үшін тағы бір жаңалық хабарланды. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы мен Қазақстан бокс федерациясының арасында 2013 жылы елімізде ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Оған АИБА президенті Чинг Куо-Ву мен Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев қатысты.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Суреттерде: Біржан Жақып; Ілияс Сүлейменов.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.