Қазақ күресі: жүлденің бәрі бізде
Сейсенбі, 24 сәуір 2012 6:47
Бразилияның Сан Пауло қаласында қазақ күресінен жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды.
Бұл тұңғыш рет Атлант мұхитының ар жағында төл күресімізден өткен әлемдік додада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 9 қола жүлдеге ие болды.
Сейсенбі, 24 сәуір 2012 6:47
Бразилияның Сан Пауло қаласында қазақ күресінен жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды.
Бұл тұңғыш рет Атлант мұхитының ар жағында төл күресімізден өткен әлемдік додада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 9 қола жүлдеге ие болды.
Қазақ тарихында үнділердің атамекені саналатын Америка құрлығында төл күресімізден әлем чемпионатын өткізу ешқашанда болмаған оқиға. Біздің қуанышымызға орай, бүгін біздің еліміз Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев бастаған азаматтардың арқасында тұңғыш рет төл күресімізден әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл сында 60 кило салмақта Төленбай Қасымхан, 70 килода Бекарыс Ғайнолла мен 90 килодан жоғары салмақта Еламан Қойшыбаев әлем чемпионы атанды.
Ал Бекболат Әбдіғазиев (70 кг.) пен Дәулет Ниетбай (60 кг.) екінші орын алса, Данияр Темірханов (70 кг.), Райымбек Рантаев (60 кг.) пен Жолдасбек Бектұрсынов (90 килодан жоғары) үшінші орынға табан тіреді.
Бразилияда өткен әлем чемпионаты кезінде 10 Америка елінде төл күресімізден федерациялар ашу жоспарланғаны белгілі. Бұл жаңалықты біз Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев бастаған азаматтардың Сан-Паулодан келген кезде хабарласып, оқырманға жеткізетін боламыз.
Жалпы, биылғы жылы қазақ күресін дамытуға көп жұмыстардың істелініп жатқанын атап өтуге болады. Мәселен, төл күресіміз 4-5 сәуір күндері Швейцарияның Велей қаласында өткен Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының отырысында тұңғыш рет 2013 жылы Дүниежүзілік студенттер ойындарының бағдарламасына енсе, келесі жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін Спорт аккорд жарыстарының бағдарламасында да болатыны жарияланды.
Дүниежүзілік студенттер ойындары 70, 80, 90 және 90 килода жоғары салмақ дәрежесінде Татарстанның Қазан қаласында өтеді. Оған қазақ күресінен Азия, Еуропа, Африка мен Америка чемпионаттарында 1-4 орын алған балуандар мен төл күресімізден өтетін әлем чемпионатында 1-8 орынды иеленген спортшылар және бонус ретінде тегін жолдама алған бес елдің өкілдері қатысады. Сондай-ақ, қазақ күресінен жарыстар биыл шілде айында Литваның Шяуляй қаласында өтетін Тафи ойындарының бағдарламасына еніп отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН.