26 Сәуір, 2012

Азия чемпионаты Астанада өтеді

254 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Азия чемпионаты Астанада өтеді

Бейсенбі, 26 сәуір 2012 6:35

ДҮБІР

Олимпиадаға 92 күн қалды

Оңтүстік Кореяның Пуентаэк қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионаты еліміз үшін жақсы жаңалықпен басталды.

Чемпионат қарасаңында өткен Халықаралық ауыр атлетика фе­де­рациясының конгресінде Қазақстан 2013 жылы ерлер мен әйелдер ара­сындағы Азия чемпионатын өткізу құқығына ие болды.

 

Бейсенбі, 26 сәуір 2012 6:35

ДҮБІР

Олимпиадаға 92 күн қалды

Оңтүстік Кореяның Пуентаэк қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионаты еліміз үшін жақсы жаңалықпен басталды.

Чемпионат қарасаңында өткен Халықаралық ауыр атлетика фе­де­рациясының конгресінде Қазақстан 2013 жылы ерлер мен әйелдер ара­сындағы Азия чемпионатын өткізу құқығына ие болды.

Мұндай құрметтің елімізге көрсетіліп отырғаны бекер емес. Өйткені, біздің еліміздің ауыр атлетикадағы дәстүрі кешегі Кеңес Одағы кезінен бастау алғаны белгілі. Конгресс барысында осының бәрі ескеріліп, ХАФ Қа­зақстанға тағы 2014 жылғы лицен­зиялық әлем чемпионатын өткізу құқығын да берді. Бұл бәсеке Астана қаласында өтетін болып шешілді. Бұл – енді төрт жылдан кейін Бра­зилияның Рио-де-Жанейро қа­ла­сында жалауы желбірейтін әлемдік додаға қаты­су­ды армандаған әрбір зілтемірші қазақ топы­ра­ғына келіп, бақ сынасады деген сөз. Сол кез­де Астана төрінде асығы алшысынан түс­кен өрендер Олимпиадаға жолдама алады.

Жоғарыдағы жиын барысында Халық­аралық ауыр атлетика федерацясының пре­зиденті Томаш Аянның өзі Қазақстанның кандидатурасын бірден қолдады. Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша, Томан Аян елімізге қатысты мынадай бағасын беріпті: «Мен Қазақстанға бір­неше рет сапармен барып, олар ұйым­дас­тыр­ған халықаралық жарыстардың бі­разын өз көзіммен көрдім. Бұл жа­ғынан еш мін айта алмаймын. Бар­лық шаруа аса жоғары деңгейде жү­зеге асырылуда. Тіптен, ең қа­ра­пай­ым деген істің өзіне аталмыш мем­ле­кет­тің азаматтары асқан жауапкер­­ші­лікпен қарайды. Осы бағыттағы жұ­мыстардың дұ­рыс жүргізіліп, отандық ауыр атлетиканы өркендету жолында республикалық федерация басшысы Қайрат Тұрлыхановтың көп еңбек сіңіріп жүргенін баса айтқым келеді».

– Бұл тек біздің ғана еңбегіміз деп айтудан аулақпын, – дейді Қайрат Тұр­­­лыханов. – Ең бастысы, Мемлекет басшысы Н.На­­­зар­­­баев­тың өзі қай кезде де спорт саласына ерекше қамқорлық көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Денешынықтыру және спорт іс­те­рі агенттігі мен бас демеу­шіміз – «Сам­ұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да әр­кез қамқор қолын созуда. Ал, біз­­­дер бол­­сақ, өз кезегімізде сенім үдесінен шы­­­­ғу үшін барынша еңбек етіп жүрміз. Біз­дер үшін қа­зіргі басты мақсат – енді үш айдан соң Лондонда алауы тұта­на­тын Олимпия ойындарында Қазақстанның спорттық даң­қын арттыру. Осы мақсатқа жету жолында отан­дық ауыр атлеттер еш аянып жүрген жоқ.

Сөйтіп, 2013 жылы Астанада сары құр­лықтың сайыпқырандары бас қосатын болса, 2014 жылы төрткүл дүниенің теңдес­сіз­дері Алаш топырағын бетке алады. Қос жа­рыстың да тартысты өтетініне еш күмә­ні­міз жоқ.

Ал Пуентаэк қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы нәти­же­леріне келсек, біздің қос спортшымыз – Галина Мамотова (48 кило) мен Гүлсара Төлегенова (52 кило) «В» тобында өнер көрсетіп, екеуі де екінші орынды иеленді.

Бұл сынға Азияның көптеген елдері өздерінің ауыр зілтемірден сескенбей, басынан еркін асыра алатын спортшыларымен келді. Ал Қытай, Иран және Қазақстан сияқты ауыр атлетикадан мықты елдер бұл бәсекеге екінші құрамын әкеліп отыр. Азиядағы дәл қазіргі жағдайды айтатын болсақ, өзге елдерге Иран құрамасымен иық теңестіріп тең өнер көрсету мүмкін болмай отырғанын айту керек.

Сондықтан болар, Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша, көп­те­ген елдер өздерінің негізгі күшін Олим­пиадаға сақтауды жөн көріп отыр екен. Ал еліміз командасы Азия чемпионатында мына құраммен өнер көрсетуде. Бұл жерде құрама команда Александра Аборнева (+75 кило) мен Игорь Вашановқа (94 кило) зор үміт артып отырғанын айтуға болады. Бас­қа спортшыларға келсек, олардың басым көпшілігі жастар. Оның ішінде былтыр Перуде жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген Әділ­бек Балқаев (69 кило), Анастасия Шва­­бауэр (69 кило) мен Нұрсұлтан Рахатов (77 кило) бар. Сондай-ақ, осы сынға соң­ғы кездері мамандардың көзіне түсіп, ұлттық құрама сапына қосылып жүрген Ербол Мейірманов (85 кило), Станислав Копытов (105 кило) пен Дмитрий Каплин (105 килодан жоғары) де қатысуда. Пуентаэк төрінде Ерболат Жоламанов (62 кг), Александр Ким (69 кг), Медет Жүндібаев (77 кг), Ермек Өміртай (85 кг), Галина Мамонтова (48 кг), Гүлсара Төлегенова (53 кг), Сәуле Сәдуақасова (63 кг), Фаина Сыбанбаева (63 кг) және Гүлназ Наурызова (75 кг) өнер көрсетуде.

ЖАСЫЛ АЛАҢҒА ШЫҒАДЫ

Осы аптада Лондонның «Уэмбли» стадионында жеребе тасталып, Олимпиадада сынға түсетін ұлттық құрамалар топқа бөлінді.

Олимпиададағы футболдан жарыс мына 16 команданың арасында өтеді.

«А» тобы: Ұлыбритания, Сенегал, БАӘ, Уругвай;

«В» тобы: Оңтүстік Корея, Мексика, Габон, Швейцария;

«С» тобы: Бразилия, Египет, Белоруссия, Жаңа Зеландия;

«Д» тобы: Жапония, Испания, Гондурас, Марокко.

Ойындар 26 шілде күні басталады.

Ескерте кететін нәрсе, биылғы Олимпиадада Англия, Шотландия, Солтүстік Ирландия және Уэльс құрамалары бірігіп, Ұлыбритания деген атпен жарысқа қатысады.

Синхронды жүзу

ҚОС ЛИЦЕНЗИЯ ҚОРЖЫНДА

Осы күндері Ұлыбританияның астанасында алауы тұтанатын Олимпия ойындарына жолдамалар әлемнің әр түкпірінде сарапқа салынып, оны иеленген спортшылардың есімдері белгілі болуда.

Жақында Лондон қаласында синхронды жүзуден өткен олим­пиадалық сынақтық жарыста біздің елдің екі бірдей өкілі – Анна Кулкина мен Әйгерім Жексенбинева Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Бұл жарыс қыздарымыз үшін нағыз сынақ алаңына айналды. Егер олар 16-шы орыннан төмен сатыдан көрінсе, төртжылдықтың басты додасына бара алмайтын еді. Алайда аққудай қос аруымыз 14-ші орынға табан тіреп, Олимпиада лицензиясына ие болды.

Бұл жарыста әдеттегідей, ресейліктер мен Испания және Украина жұптары жүлделі орындарды иеленді. Бас жүлдені Ресей қыздары жеңіп алса, Испания өкілдері күміс, ал Украина қыздары қола медальге қол жеткізді.

Күрес

БЕЛДЕСЕТІН БАЛУАНДАР

27-29 сәуір күндері Қытайдың Тайвань аралында еркін, грек-рим және әйелдер күресінен өтетін лицензиялық турнирге Қа­зақстан атынан қатысатын балуандардың есімдері жарияланды.

Онда еркін күрестен кілемге 84 кило салмақтағы Ермек Байдуашев шығады. Қазір біздің құрамада оның салмағында жолдама болмай тұр. Ал Астанада өткен Азия іріктеу турнирінде Семен Семенов жартылай финалда жеңіліп қалған болатын. Ендігі үміт Азия ойындары мен Азия чемпионатының жүлдегері Байдуашевте.

Грек-рим күресінен 56 килодағы Асхат Құдайбергенов пен 96 кило салмақтағы Жасұлан Сыдықовқа сенім артылып отыр. Асхаттың Астанада өткен турнирде жартылай финалда әлемнің бес дүркін чемпионы ресейлік Хамит Сурияннан ұтылғанын білеміз. Ал Жасұланның салмағында Марғұлан Әсембеков кілемге шығып, ол да жартылай финалда жеңіліп қалған болатын.

Әйелдер күресінде 55 килодағы Айым Әбілдинаның орнына Айжан Смағұлова белдеседі. Айым да Астанада өткен турнирде жеңіліс тапқан еді. Енді А.Смағұлова сол олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Ол – биыл Кореяның Гуми қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Осы жолы жеңсе, Олимпиадаға алғаш рет барады.

Семсерлесу

ЖЕТПІС ЖЕТІНШІ ЖОЛДАМА

Жақында елімізге Күншығыс елінен қуанышты хабар келіп жетті.

Жапонияның Якогомо қаласында семсерлесуден өтіп жатқан Азия чемпионатында біздің спортшымыз Юлия Живица бас жүлдені жеңіп алып, Лондон Олимпиадасының жолдамасына ие болды. Ол финалда қытайлық Синг Инг Ауды 15:12 есебімен ұтқан. Сөйтіп, Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға жолдамасын 77-ге жеткізген Ю.Живица лицензияны иеленіп қана қоймай, Азия чемпионы атанды.

Бұған дейін семсерлесуден Эльмир Әлімжанов пен Дмитрий Алексанин жолдама алған болатын. Енді, міне олардың қатарын Ю.Живица толықтырып отыр.

Теннис

БӘРІ МАУСЫМДА ШЕШІЛЕДІ

Лондон Олимпиадасына Қазақстанның атынан төрт теннис­ші қатысуы мүмкін.

Бұл күндері халықаралық аренада лайықты өнер көрсетіп жүрген Галина Воскобоева, Михаил Кукушкиннің жолдама алуға мүмкіндігі көп екені айтылуда. Сондай-ақ, Ярослава Шведованың да Олимпиадаға күш сынасуға мүмкіндігі бар делінуде. Ал Ксения Первактың лицензия алуына Ресей рұқсат беруі керек екен.

Қалай десек те Лондонға баратын теннисшілердің тізімі маусым айында ғана белгілі болады. Осы кезде Халықаралық теннис қауым­дас­тығы Олимпиадаға қатысатын 104 ер және 104 әйел теннисшінің есімін жариялайды.

Дастан КЕНЖАЛИН.