08 Мамыр, 2012

«Бейбарыс» бағындырған биік

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Бейбарыс» бағындырған биік

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:14

Атыраудың шайбалы хоккей командасы екінші рет ел чемпионы атанды

Мұз айдынында қар­сы­ластардан айла асырып,  қарсы команданың қақ­па­сына шайба соғу да оңай емес. Дегенмен, «Бей­барыс­тың» жолы болып тұр. Өткен жылдарғы жетіс­тікті айтпағанның өзінде, биылғы маусымда «Бейбарыс» ойыншылары тағы да биік белеске баланған чемпион­дық атақты жеңіп алды.

 

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:14

Атыраудың шайбалы хоккей командасы екінші рет ел чемпионы атанды

Мұз айдынында қар­сы­ластардан айла асырып,  қарсы команданың қақ­па­сына шайба соғу да оңай емес. Дегенмен, «Бей­барыс­тың» жолы болып тұр. Өткен жылдарғы жетіс­тікті айтпағанның өзінде, биылғы маусымда «Бейбарыс» ойыншылары тағы да биік белеске баланған чемпион­дық атақты жеңіп алды.

Хоккейден ел чемпионатының кезекті ойындары өткен жылғы күзден бері өткізіліп, биыл плэй-офф ойындарымен жалғасын тапты. Бұл ойын ел чемпио­натының тарихында алғаш рет  енгізіліп отырған­дықтан, «Бейбарыс» ойыншыларына шеберлікті бұ­рын­­ғы­дан да шыңдай түсуге тура келді. Атырау хоккей­­­шілеріне үміт артқан жанкүйердің сенімі ақталды деуге болады. Ширек фи­налдық ойындарда «Алматы­дан» басым түскен «Бейбарыс­тың» ұпайы еселене түсті. Ал Теміртаудың «Арыстанын» таза жеңіспен ұтқан Атырау хоккей­шілеріне ақтық сында қателікке ұрынбау қажеттігі жүктелді.

– Біздің хоккейшілерге, – дей­ді «Бейбарыстың» бас бапкері Александр Истомин, – финалдық  ойында алты кездесу өткізу қажет болды. Бұл – плэй-офф ойында­рының ережесі. Ал қар­сыла­сымыз – «Ертіс-Павлодар» ең азулы командалардың бірі. Сәтті ойын өткізіп, жеңіске жету үшін бізге қателесуге болмайды. Өз ойыншыларыма осындай талап қойдым.

Сөйтіп, «Бейбарыс» қарсыла­сы­мен алғашқы екі кездесуді өз мұз айдынында кездесіп, екеуінде   де жеңістің тәтті дәмін татты. Алайда, үнемі бұлай бола бермейді ғой. Кезекті екі ойын қарсыластар айдынында, Павлодарда өткенде атыраулық хоккей­шілерге жеңіліс­тің ащы дәмін татуына тура келді. Жеңіске жету жолындағы Атырауда кезекті бесінші ойында «Бейбарыс» ойыншылары тағы да жеңіске қол созды. Алайда, ең шешуші алтыншы ойынның нәтижесі қалай болары белгісіз еді.

Хоккей жанкүйерлерінің 26 сә­уірде өткен шешуші ойынды  асыға күткені анық. Өйткені, дәл осы ойында Қазақстанның биылғы чемпион командасы анықталатын еді. Осы матчта жеңіс 4:2 есебімен атырау­лық «Бейбарыс» командасы­ның еншісіне жазылды. Ойынның өту барысына егжей-тегжейлі тоқ­тал­май-ақ қоялық, дегенмен, «Бейбарыс» командасы шайбалы хоккейден екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанғаны Атырау жұрт­шылығын айрықша қуантқа­ны даусыз. Чемпионат қоры­тын­дысы­мен «Бейбарыстың» белді ойыншылары Михаил Паншин «Үздік шабуылшы», ал Максим Шарифьянов «Үздік ойыншы» атанды.

– Біз соңғы шешуші ойында қа­телікке ұрынбауды басты мақ­сат еттік. Сол мақсатымыз орындалды. Шешуші ойынды сәтті өткіз­дік. Төрешілер тарапынан да еш қате­лік болған жоқ. Енді қыр­күйекте басталатын кезекті чемпионатқа тыңғылықты да­йын­дықты бастаймыз, – дейді «Бей­барысты» екінші мәрте биік белесті бағындыруға жұмылдыр­ған бас бапкер Александр Истомин.

Айтпақшы, Қазақстан чем­пион­дығын екі рет жеңіп алған «Бейбарыс» командасы бұдан былай тек Атыраудың ғана емес, ел намысын Еуролигада қорғау мүмкіндігіне ие болып отыр. Жақында облыс әкімдігі командаға 40 млн. теңге бөліп, құрмет көрсетті.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.

Атырау облысы.