09 Маусым, 2012

Күштілер керуен түзді

317 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күштілер керуен түзді

Сенбі, 9 маусым 2012 8:13

Кеше Польша мен Украинада футболдан XIV Еуропа чемпионаты басталды

Төрт жылда бір айналып келетін бұл дүбірлі дода кеше кешке Польшаның екі қаласында басталды. Алдымен елдің астанасы Варшавада Польша мен Грекия құрамалары жасыл алаңға шығып, біріншіліктің шымылдығын ашып берді.

 

Сенбі, 9 маусым 2012 8:13

Кеше Польша мен Украинада футболдан XIV Еуропа чемпионаты басталды

Төрт жылда бір айналып келетін бұл дүбірлі дода кеше кешке Польшаның екі қаласында басталды. Алдымен елдің астанасы Варшавада Польша мен Грекия құрамалары жасыл алаңға шығып, біріншіліктің шымылдығын ашып берді.

Иә, Кәрі құрлықтың осы цикл­­­дағы ең әлеуетті деген 16 командасы тағы да өз іштеріндегі нағыз күштіні анықтау жолын­да­ғы жан алысып, жан берісетін кезекті шайқастарын бастап кет­ті. УЕФА эгидасында ұйымдас­ты­рылып отырған бұл аламан ресми түрде «UEFA EURO 2012 tm Poland-Ukraine», ал ауыз-екі тілде «Евро-2012» деп аталады. Ресми атаудың жоғарыдағыдай мазмұнға ие болуына оның осы қос мемлекетте қатар өтетіні себеп болды. Бұл, әлбетте, алғашқы мәрте қолға алынып отырған үрдіс емес. Құрлық біріншілі­гі­нің екі елде өту дерегі бірінші рет 2000 жылы тіркелді. Сол жыл­ғы құрлық бәсекесі Бельгия мен Нидерланды (Голландия) елде­рінде керуен түзіп еді. Келесі жолғы мұндай дәстүр 2008 жылы Австрия мен Швейцарияда өз жалғасын тапты. Енді, міне, ара­ға үзіліс салынбай, сол сабақты иненің сүңгісі Польша мен Украи­наға жол тартып отыр.

Чемпионаттың ашылу салтанаты Варшаваның Ұлттық стадио­нында Польша – Грекия құрама командалары арасындағы матч­тың алдында қанат жайды. Жалпы құны 600 млн. АҚШ долларын құраған аталмыш арена осы біріншілік үшін арнайы салынған болатын. Ол биылғы қаңтарда пайдалануға берілді.

Бұл күні ауқымына 58 мың адамды сыйдырған Варшава Ұлт­тық спорт аренасында ине шан­шар­лық бос орын болған жоқ. Солардың арасында бас мейман ретінде Украинаның президенті Виктор Янукович пен Венгрия­ның премьер-министрі Виктор Орбан отырды.

Бұл жолғы чемпионатты ұйым­­дастырудың тағы мынадай ерек­шеліктері бар. Біріншілік мау­сым­ның 8-і күні поляк жері­нен қанаттанып ұшқанымен, тап сол күні оның басталуына арнал­ған шаралар украин аумағында да қолға алынды. Атап айтқанда, ол жұма күннің жүлгесінде Киевте президент ұлттық оркестрінің қатысуымен чемпионаттың ресми фан-аймағының салтанатты жағдайда ашылуы түрінде көрі­ніс берді. Оған 16 елден келген 20 мыңнан астам жанкүйер қа­тыс­ты. Бұған қоса, чемпионат­та­ғы әрбір матчтың алдында оның шағын ашылу салтанаты өткізі­ліп тұрмақшы. Ол бар-жоғы бес-жеті минуттың айналасында ғана уақыт алады. Бұл туралы осы аламанның қарсаңында Польша Ұлттық олимпиялық комитетінің жетекшісі, Евро-2012 ұйымдас­тыру комитетінің төрағасы Маркиян Лубковски мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шаралар тек Украина мемлекетінің аумағында ойналатын ойындарда ғана орын алмақшы.

Жалпы, бұл оқиғаға Польша мен Украина табаны күректей бес жыл бойы дайындалды.

Чемпионат екі елдің 8 шаһа­рында ойналады. Олардың қата­рында Польшаның Варшава, Поз­нань, Гданьск және Вроцлав, Украинаның Киев, Харьков, Львов және Донецк қалалары бар. Матчтар саны да олардың әрбіріне тең­дей бөлініп берілген. Біріншіліктің ашылуы және жабылу салтанаттарын да екі ел өз­ара бөлісіп алған. Айталық, до­даның басталуы мен тұсауке­сер ойыны кеше Поль­ша­ның астанасы – Варшавада өтсе, жабылуы мен финалдық кездесуі 1 шілде күні Украинаның бас қаласы – Киевте орын алады.

Әзірге футбол мамандары бас жүлдеден негізгі үміткерлер ретінде Германия және Голландия құрамаларын, сонымен қатар мұның алдындағы біріншіліктің, сондай-ақ 2010 жылғы әлемнің чемпионы Испания командасын атап отыр.

Соңғы мәлімет: Газетіміздің осы нөмірін жарыққа шығаруға қол қойылғалы жатқанда, испан арбитры Карлос Веласко Карбальо қазылық еткен Польша және Грекия құрамалары арасындағы кездесудің соңғы ысқырығы ес­­­тіл­ді. Бұл матч 1:1 есебімен аяқ­талды. Ал Ресей – Чехия құ­рамалары арасындағы ойын өте кеш біткендіктен, оның нә­ти­же­сін келесі жолы хабарлаймыз.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».