14 Маусым, 2012

Жаңа жобада жарысады

271 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа жобада жарысады

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:12

Жақында Лондонда Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы әлемдегі әйгілі үш боксшымен АИБА-ның АРВ (AIBA Professional Boxing) жобасы бойынша келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім-шарт Қазақстаннан екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевпен, Әзербайжанның аса ауыр салмақтағы боксшысы, әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовпен және Корея өкілі Джонг-Хун Шинмен жасалды.

 

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:12

Жақында Лондонда Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы әлемдегі әйгілі үш боксшымен АИБА-ның АРВ (AIBA Professional Boxing) жобасы бойынша келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім-шарт Қазақстаннан екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевпен, Әзербайжанның аса ауыр салмақтағы боксшысы, әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовпен және Корея өкілі Джонг-Хун Шинмен жасалды.

Бұл қол қою рәсімі біздің елден Лондонға WSB (Бүкіләлем­дік бокс сериясы) жобасы ая­сын­да аса ауыр салмақтағы хор­ва­тиялық Филипп Хрговичпен қолғап түйіс­­тіру үшін барған Руслан Мырса­таевтың кездесуі­нің басталуына бір сағат қал­ғанда өткен. Ал осы кездесуде Мырсатаевтың қарсы­ласынан жеңіліп қалғаны белгілі.

Ал алдағы кезде жаңа жоба аясында өнер көрсететін бокс­шы­ларға келсек, өзіміздің Серік Сәпиев 28 жасында төрт әлем чемпионатына қатысқан боксшы. Соның екеуінде – 2005, 2007 жылдары чемпион болса, 2009 жылы қола медальға, ал былтыр күміс жүлдеге ие бол­ған. Қазір ол бас бапкер Мыр­зағали Айтжанов­тың жетек­шілі­гімен Лондон Олимпиадасына дайындалуда.

Серіктің өзі Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының жаңа жобасы бойынша мынадай пікір білдірген екен.

– Бүгінде әуесқой бокста былғары қолғабын шегеге іліп, шар­шы алаңға мүлдем жақында­май кеткен талантты боксшылар көп. Қазір біздің арамызда да, сол бойындағы күш-қуатын дер кезінде жұмсай алмай, жасы келгенде рингтен кеткен боксшылар аз емес. Мен олардың бәрін айтпай-ақ қояйын. Сол бокс­шыларға АИБА-ның кәсіп­қой бокс жобасы дер кезінде ұсы­нылғанда олар, сөз жоқ, шаршы алаңның шаңын әлі біраз уақыт қағар еді. Ал енді өзім осы жобаға келгеніме еш өкінбеймін. Бұл жоба маған өте ұнады. Бұл – боксшының әуесқой рингтен кет­кеннен кейінгі әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын жақсар­туға, спорттағы жетістіктерін жал­ғастыруға, болашағын қам­та­масыз етуге, ең бастысы, ол АИБА мен ұлттық бокс федера­цияларының бірігіп жұмыс істеуіне жасалған жоба.

Жалпы айтқанда, АИБА-ның кәсіпқой бокс жобасы – оның Бүкіләлемдік бокс сериясынан басқа жасаған үшінші жобасы. Егер Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) командалар мен рейтинг бойынша үздік шыққан бокс­шылар арасында жекелеген чемпионаттар өткізілсе, АРВ (АИБА-ның кәсіпқой боксы) жобасы боксшылардың әуесқой рингтен кетіп, WSB сериясы сияқты Олимпиада жолдамасына таласа алады.

Бұл жобаның жарыстары 2013 жылдың сәуір айынан басталады.

_________________________________________

Ақжолтай!

«Самұрық-Қазына» АҚ-тың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Лондонда өтетін ХХХ Жазғы Олим­пиа­да және ХІV Паролимпия ойындарына дайындық және қатысу шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесуде «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы қордың Олимпиадаға өз бюджетінен 900 млн. теңге бөлгенін айтты.

________________________________________

Тоқсан алтыншы жолдама

Осы аптада Лондон Олимпиадасына тағы бір жолдама алған спортшы­ның есімі белгілі болды. Ашық суда жүзуден жалқы жолдаманы иеленген спорт­шымыздың есімі – Юрий Кудинов. Ол 1979 жылы Алматы қаласында туған.

Кудинов – соңғы ке­з­дері халықаралық және елі­шілік жарыстарда топ жарып жүрген спортшы. Сондай жарыстардың бі­рін­де – Португалияда өт­кен әлемдік іріктеу турни­рінде 10-орын алып, Олим­пиада лицензиясын иеленді.

Сөйтіп, Қазақстан спорт­шылары алған Олимпиада жолдамасының саны 96-ға жетті. Спорт және дене тәрбиесі іс­тері агенттігі төрт жыл­дық­тың басты бәсекесіне 100-ден астам лицензияны жеңіп алуды мақсат етуде. Лицензиялық жарыстар 9 шілдеге дейін жалғасса, отандастарымыздың тағы бірнеше жолдаманы жеңіп алуға шамасы жетеді деп ойлаймыз.

Атлеттер рейтингпен таңдалды

Меңдіхан ТӘПСІР, Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы.

Жуырда Талдықорғанда ауыр атлетикадан өткен Қазақстан чемпионатында 4 қыз бен 4 жігіттің Лондон Олимпиадасына жолдама алғаны белгілі. Солардың ішінде жолдама алған Фархад Харки мен Арли Чонтей туралы көп адамдар біле бермейді.

Негізі, біздің зілтеміршілердің 8 жолдаманы жеңіп алғанын білесіздер. Олардың есімдері осы кезге дейін белгілі болған жоқ. Өйткені, біз үш рейтинг бойынша үздік нәтиже көрсетіп жүр­ген зілтеміршілерді ел чемпионатында таң­дап алуды жөн көрген едік. Сөйтіп, бірінші рейтинг Халықаралық ауыр атлетика федера­ция­­сының тізімі, екіншісі бапкерлер кеңесінің рейтингі және үшіншісі ұлттық құрама бас бапкерінің кеңесшісі Әнуар Түркелеридің рейтингісі бойынша таңдап алынатын болып шешілді. Жасыратын несі бар, ел чемпионатында бәрі жақсы өнер көрсетті. Алайда, Ильин мен Өтешев­тің, Харки мен Чонтейдің Халықаралық федера­ция­дағы рейтингісі, бапкерлер кеңесіндегі беделі жақсы болды. Ең соңында біз Түрке­лериге қай спортшыға таңдауыңыз түсті деп сұрадық. Ол жаңағы төрт жігіттің есімін атады. Сөйтіп, біз беделді маманның сөзіне тоқтап, осы спортшыларды Лондонға апаруды жөн көрдік.

Дайындаған

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».