Италия мен Испания – ширек финалда!
Сәрсенбі, 20 маусым 2012 7:34
Дүйсенбі күні Хорватия-Испания, Италия-Ирландия құрамалары ойындарының қорытындылары испандар мен итальяндарды ширек финалға шығарды. Олардың ендігі қарсыластары өткен түнде Англия-Украина, Швеция-Франция командалары арасындағы матчтарда анықталды.
Сәрсенбі, 20 маусым 2012 7:34
Дүйсенбі күні Хорватия-Испания, Италия-Ирландия құрамалары ойындарының қорытындылары испандар мен итальяндарды ширек финалға шығарды. Олардың ендігі қарсыластары өткен түнде Англия-Украина, Швеция-Франция командалары арасындағы матчтарда анықталды.
Хорватия-Испания 0:1. Турнирді осы тұсынан тастап бара жатқан «кішкентай елдің 23 арыстанын» футбол жанкүйерлері оншалықты көп кінәлай алған жоқ. Олар ресейліктерге қарағанда, айтарлықтай тартысты да жігерлі ойын көрсетті. Жеңіліске де матчтың ең соңына қарай тап болды. Ал команданы қарсыластарынан кем ойнады деп ешкім де айта алмаса керек. Тіпті, кей сәттерде ол әлем мен құрлықтың қазіргі чемпионынан артықтау да шығып отырды. Олардың жаттықтырушылары Славен Билич испандарға арналған мүлдем жаңа тактика ұсынды.
Екі команда да бірінші таймда көп тәуекелге бара қоймады. Тек жанама матчта итальяндардың есеп ашқандарын естігеннен кейін ғана екі жақ едәуір ышқынды. Солардың ығытында талай гол соғатын сәттер босқа жіберілді. Оның ақыры испандардың бақтарын ашып, жұлдыздарын жандырды.
Италия-Ирландия 1:0. Бұл кездесу біршама екі ұдайлы ой қалдырды. Былайынша бәрі таблодағы есеппен өлшемдес келетін сияқты. Италия топтың аутсайдерін емін-еркін ұтып шығып, келесі кезеңге қадам басты. Нәтиже бойынша «скуадра адзурра» турнирдегі үздіктердің бірі болып танылды. Ал ойын сапасы жөнінен… ең нашары деуге болады. Бұрнағы күнгі ойынды көргендердің көбі осындай ойға қазық байлады. Неге? Бәлкім, Чезаре Пранделлидің құрамада жасаған қауырт өзгерістері ойын деңгейінің түсіп кетуіне әсер еткен шығар. Ал өз жанкүйерлеріне қатты разылық білдірген Ирландия құрамасының жігіттері барын салды. Бірақ қашанда мықтының аты – мықты, қанша қарсыласып бақса да, олар өз қақпасын голдан аман сақтап қала алмады.
Бүгін – чемпионатта үзіліс. Ал ертең ширек финалдың ойындары басталады.
Матч миниатюралары
* Бұрнағы күні өткен Италия-Ирландия, Хорватия-Испания арасындағы матчтарда 3 гол соғылды.
* Чемпионат басталғалы бері өткен 24 ойында барлығы 57 гол салынды. Олардың әрбір матчқа келетін үлес салмағы – 2,37 доп.
* Дүйсенбі күні екі стадионда 77 870 адамның басы қосылды. Жалпы, біріншіліктің алғашқы күнінен бергі көрермен саны 957 154-ке жетті.
* Осы кезге дейінгі ең көп көрермен (64 640) 15 маусым күні Киевтің Олимпиялық стадионында Швеция-Англия матчына жиналды. Ал ең аз көрермен (31 840) 13 маусымда Львовтағы «Львов-Арена» стадионында Дания-Португалия арасында өткен ойында тіркелді.
* Мергендер көшінде ешқандай өзгеріс жоқ. Оның басында 3 гол соққан шабуылшылар келеді.
* Өткен екі ойында ойыншыларға бір «қызыл» қағаз көрсетіліп, 12 рет ескерту жасалды. Алаңнан Ирландия құрамасының ойыншысы Кит Эндрюс қуылды. Ал Шон Сент-Леджер екінші рет ескерту алды. Ал Хорватия-Испания кездесуінде хорваттар жағына 6 ескерту берілді де, испандар мүлдем «таза» шықты. Жалпы, біріншілік басталғалы 88 футболшыға «сары қағаз» көрсетілді.
* Екі ойында үздік ойыншы атағына Андрес Иньеста (Испания) мен Антонио Касано (Италия) ие болды.
Ойлар, пікірлер, көзқарастар
Шон Сент-ЛЕДЖЕР,
Ирландия құрамасының қорғаушысы:
– Топтағы екінші ойынның соңғы он минутында орын алған жағдай менің есімде ұзақ уақыт сақталып қалады. Бұл кезде біз Испаниядан 0:4 болып ұтылып жатқанбыз. Солай болса да жанкүйерлеріміз бізге қол соғып, қолдау көрсетіп тұрды. Олар біраздан соң отельге келген кезімізде де қошеметін жалғастырды. Бұл бізді қатты тебірентті.
Рой ХОДЖСОН,
Англия құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Қалай тең ойнауға болатынын түсінбеймін. Біз қашанда тек жеңіс үшін күресеміз. Топтық раундтағы соңғы ойын қарсаңында Уэйн Рунидің дисквалификациядан кейін қатарға оралғанына қуаныштымын. Бұл бізге тың күш қосады. Бұған қоса Уэйн спорттық бабында екен. Мен украиндармен өтетін өте қиын матчта оның көп көмек көрсететініне сенемін. Алаң иелері жанкүйерлеріне біздің қарсы қоятын бірден-бір қаруымыз жақсы ойнау болмақ.
Мирослав КЛОЗЕ,
Германия құрамасының шабуылшысы:
– Біздің гректермен ойында гол соғатын сәттерді көптеп тудыратынымызға сенімдімін. Қарсыластарымыз қорғаныста жатып алған күнде де оны бұзып-жарып өтеміз. Бізде қазір қосалқы құрамда да қаншама тамаша ойыншылар отыр. Олардың кез келгені старттық құрамда шығып жүрген футболшыларды лайықты алмастыра алады. Маған ең алдымен олардың жаттығуға деген жақсы көзқарастары ұнайды.
Айтпақшы…
* Дания құрамасының шабуылшысы Никлас Бернднтер оғаш қылығы үшін бір ресми матчқа қатыспау мен 100 мың еуро көлемінде айып төлеуге жазаға тартылды. Ол бұған Португалияға қарсы ойында гол соққаннан кейін жейдесінің етегін түріп, шортын тізесіне дейін сыпырып жіберген әдепсіз қылығы үшін душар болды.
* Франция құрамасының бас жаттықтырушысы Лоран Блан ағылшынның «Тоттенхэм» клубымен келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлады Sky Sports. Айта кетейік, осының алдында ғана «шпорлар» команданы 2008 жылдан бері жаттықтырып келе жатқан Харри Реднапп есімді бапкермен қош айтысқан еді.
* Польшаның Познань қаласында жергілікті тұрғындар мен Ирландия құрамасы жанкүйерлерінің басын қосқан флешмоб өткізілді, деп хабарлайды zczuba.pl. Познань мен Гданьск жұртшылығы чемпионат кезінде осы елді мекендерде керемет атмосфералық ахуал тудырғандары үшін ирланд фанаттарына осылайша алғыс сезімдерін білдіріпті.
Дерек пен дәйек
(Топтардағы қорытынды турнир кестелері)
А тобы
№ | Командалар | О | Ұ | Т | Ж | Доп | Ұп |
1 | Чехия | 3 | 2 | 0 | 1 | 4:5 | 6 |
2 | Грекия | 3 | 1 | 1 | 1 | 3:3 | 4 |
3 | Ресей | 3 | 1 | 1 | 1 | 5:3 | 4 |
4 | Польша | 3 | 0 | 2 | 1 | 2:3 | 2 |
B тобы
№ | Командалар | О | Ұ | Т | Ж | Доп | Ұп |
1 | Германия | 3 | 3 | 0 | 0 | 5:2 | 9 |
2 | Португалия | 3 | 2 | 0 | 1 | 5:4 | 6 |
3 | Дания | 3 | 1 | 0 | 2 | 4:5 | 3 |
4 | Голландия | 3 | 0 | 0 | 3 | 2:5 | 0 |
D тобы
№ | Командалар | О | Ұ | Т | Ж | Доп | Ұп |
1 | Испания | 3 | 2 | 1 | 0 | 6-1 | 7 |
2 | Италия | 3 | 1 | 2 | 0 | 4-2 | 5 |
3 | Хорватия | 3 | 1 | 1 | 1 | 4-3 | 4 |
4 | Ирландия | 3 | 0 | 0 | 3 | 1-9 | 0 |