Грек-рим балуандары бір алтыннан үмітті
Бейсенбі, 21 маусым 2012 7:42
Дүбір
Олимпиадаға 36 күн қалды
Қазақстаннан Лондон Олимпиадасына баратын спортшылардың етек-жеңі жинақталды. Соңғы дайындықтар жүріп жатыр. Онсыз да көңілі күпті болып жүрген спортшыларды алаңдатуға болмайды. Сондықтан да олимпиадашылардың есігі жабық. Жақында бізді грек-рим балуандарының кезекті жаттығуына шақырды. Сұхбаттасуға мүмкіндік берілді. Көңілде жүрген сауалдарға жауап алдық.
Бейсенбі, 21 маусым 2012 7:42
Дүбір
Олимпиадаға 36 күн қалды
Қазақстаннан Лондон Олимпиадасына баратын спортшылардың етек-жеңі жинақталды. Соңғы дайындықтар жүріп жатыр. Онсыз да көңілі күпті болып жүрген спортшыларды алаңдатуға болмайды. Сондықтан да олимпиадашылардың есігі жабық. Жақында бізді грек-рим балуандарының кезекті жаттығуына шақырды. Сұхбаттасуға мүмкіндік берілді. Көңілде жүрген сауалдарға жауап алдық.
Дайындықтың соңғы кезегіне өттік
Лондонға жолдама алған бес балуанымыз жайлы көп әңгіме айтуға болады. Мәселен, Алмат Кебісбаевты алсақ, өте дарынды жігіт. Мәскеуде өткен әлем чемпионатында үшінші орын алған, Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында финалға шықты. Яғни, өсу үстінде. Оның ең басты ерекшелігі-қарсыласының атақ-даңқынан қаймықпайды. Тік тұрғанда да, партерде де өте жақсы күреседі. Техникалық арсеналы бай, физикалық дайындығы күшті.
Осындай бағалауды Дархан Баяхметовке де қаратып айтуға болады. Тәжірибелі балуан, әлемдегі мықты санаттағы балуандардың өзі Баяхметовтің партерде құрсауына түсіп қалса, шығып кетуі қиын. Сәл қателігін кешірмейді, ұпай олжалап кетеді.
Ал Асхат Ділмұхамедов пен Даниал Гаджиев – олимпиадашылар үшін жұмбақ күш иелері. Бұлардың әдіс-айлаларымен көп спортшылар сырмінез емес. Кілемде көбі жолықпаған. Даниал Гаджиев – Ресейде үштікке кірмеген балуан. Алғашында бір салмақ төмен күрестіріп көрдік, Қазақстан балуандарының ішінде өзін көрсете алмады. Салмағын бір сатыға өсіріп едік, Астанада өткен лицензиялық жарыста бәрін түріп шықты. Екеуі де тайсалмай күреседі. Ең ауыр салмақтағы белдесетін бас балуанымыз Нұрмахан Тінәлиевке Қазақстан байрағын Лондонда көтеріп шығу сенімі білдірілді. Нұрмахан ондай сенімге лайық. Соңғы екі әлем чемпионатында таңдаулы үштікке кірді. Куба, Ресей, Иран және басқа мемлекеттердегі таңдаулы балуандармен терезесі тең, деңгейлері бірдей. Сондықтан, кесіп-пішіп әлдеңе айту қиын. Бірақ, біз Нұрмаханға сенеміз. Спарринг-партнер жағы қиын болды. Алматы облыстық әкімдігі мен Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттігінің күш салуымен Грузия және Қырғызстаннан қос балуан алдырдық. Олардың жол шығыны, тамағы, қонақ үйі, қылаяғы қалтасына берілетін сыйақының өзін “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры көтеріп отыр.
– Нұрмахан Тінәлиев пен Әсет Мәмбетов Марат Тұрлыхановтың бапкерлігімен Ресей құрамасында жаттығып еді. Әсет Бейжіңде өткен Олимпия ойындарында үштікке кірді. Нұрмахан да осы уақыт аралығында жақсы өскен сияқты.
– Дәулет Тұрлыханов ағамыз Ресей грек-рим күресі федерациясының президенті Михаил Мамиашвилимен сыралғы дос. КСРО құрамасында бірге болған. Сондықтан, қос балуанымызды құрама сапына қосқан. Кіл мықтылармен белдесудің маңызы үлкен. Екеуі де шеберліктерін арттырды. Бірақ, спортта мемлекетаралық бәсеке деген болады және оған түсіністікпен қарауымыз керек. Қазір бар мемлекеттер олимпиадашыларының есігі жабық, ешкімді кіргізбейді. Біз де сондай принциптеміз. Әр құраманың өз дайындық жұмысы, Олимпиададағы қарсыластарына жеке дайындап жатқан “қаруы” бар, сырыңды алдырып қойсаң, спорттың ең үлкен додасына қатысып не керек?!
– Еркін күрес құрамасы 7 жолдама алды. Біз медаль күтіп үйренген грек-рим балуандарының қоржынында 5 жолдама. Қоңылтақсып жүрген жоқсыздар ма?
– Ең жеңіл салмақта Асхат Құдайбергенов пен Марат Кәрішаловқа таңдау түскен. Жеке-дара кездесуде Асхат басым түскендіктен жолдама алу жарысына көбірек қатысуға мүмкіндік бердік. Екеуі де ала алмады. Ал, осы салмақтағы әлемнің 5 дүркін чемпионы Хамит Сорианның жолдамаға Астанада өткен лицензиялық жарыста ғана қолы жеткенін ескерсек, ешбір жеңістің оңай келмегені көрінеді.
96 кило салмақта күмәнсіз сенген балуанымыз Әсет Мәмбетов болатын. Оң аяғына екі, сол аяғына бір операция жасатты.
Жарақаты жазылуы кешеуілдеген соң Марғұлан Әсембековті қостық. Жолдама алу оның қолынан келмеді. Екі аяғын да күрес кілемінде жарақаттаған Әсетке ел болып алғыс айтуымыз керек. Ол еліміздің намысы үшін қолынан келгенінің бәрін жасады. Кілеммен қоштасты.
– Біздің балуандарымыздың басты қарсыластарының күресі туралы бейнетаспалар бар шығар. Кіммен қалай күресу керектігі жөнінде бапкерлер кеңесінде талқылана ма? Ешкімге көрсетпей дайындалған жеке әдістер де пысықтала ма?
– Бұл біздің құпиямыз болып қалсын, сіз айтқан жұмыстардың бәрі жүріп жатыр.
Дәулет Болатұлы FILA-дан көп бейнетаспа әкелді. Жарыс барысында өзіміздің бапкерлер, балуандар түсірген таспалар бар. Қаракетсіз емеспіз.
– Мынау бас бәйге олжалайды деп ешкімді кесіп айтпадыңыз. Жоспарда бір «алтын» бары анық қой?
– Сонау Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтің жеңісті жылдарынан кейін бірде-бір қазақ баласы Олимп тауының шыңына шықпағаны бәріміздің де қабырғамызға аяздай батады. Сеулде Дәулет Тұрлыхановтың жеңісі ұрланғанын білесіз. Балуандарымызды бөле-жарғым келмейді. «Алтынға» Асхат та, Дархан да, Нұрмахан да таласуға қабілетті. Ең ауыр салмақта Олимпия ойындарында күрескен балуанымыз болған жоқ. Күш атасы Қажымұқанның ізбасары, Қазақ байрағын көтеріп бара жатқан Нұрмаханнан күтетініміз көп.
– Іншалла , сол үміт ақталғай.
Мұратбек Қасымқанов,
грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері:
Алмат Кебісбаев: «Жүлде алуға барамыз»
Алмат спорттағы “диагнозды” дәл қойды. Әрқайсысы бөлек-бөлек жарыстар секілді көрінгенімен Олимпия ойындары бағдарламасына кірген спорт түрлері үшін басты нысана – Олимп биігі.
Сондықтан да болар, дағыстандық балуан, еркін күрестен әлемнің бес дүркін чемпионы Әли Әлиевтің “осы бар алтынымды еш ойланбастан Олимпия ойындарының бір медалінің бодауына берер едім” дегендігі. Яғни, Азияда алда бол, Еуропада ерле, әлемдік тұғырдың ең үлкен басқышына көтеріл, бәрібір Олимпиаданың жөні бөлек.
АҚШ спортының майын езіп ішкен, әртүрлі жылнамаларды қарап жанарының нұры қашқан, жүлдегерлер мен жеңімпаздардың әр жарыстағы жетістіктерін санамалап тісі сарғайған белді ақпараттық-талдау орталығы грек-рим күресінен Лондонда чемпион болатындарды құлағынан тізіп жазыпты. Болжам ғой.
Сол тізімде, Алмат Кебісбаев өз салмағы бойынша чемпион, ал Нұрмахан Тінәлиев пен Дархан Баяхметовтің тұсына қола медаль жазылған. Талдау орталығының жігіттері жеті қат жер астындағы құпияны білетін, аңызға шыққан Нострадамус секілді көріпкел емес, дегенмен жүрегіміз еріп қоя берген. Қажымұқандай алыбы бар, туымысынан жекпе-жек өнеріне жақын жауынгер халық ұлдарының күрес түрлерінен Олимп биігіне көтерілмегеніне отыз жылдан асыпты. Қазақтың ширегіне келмейтін, саны аз халықтардың өзі алып жатқан алтыннан салым салмайтындай біздің жігіттер несібесіз емес еді ғой.
Қуанышымызды Асхатқа айттық. Екі әлем чемпионатынан қола мен күміс арқалап қайтқан бауырымыздың ендігі жүлдесі алтын екендігін айттық.
– Құдай бұйыртса, – деді ол. – Өзіміз үшін де, еліміз үшін де осы мақсатта тер төгіп жүрміз. Олимпиадада мынау қалай, мынау тіске жұмсақ балуан деген болмайды. Әрқайсысы өз елінің чемпиондары, халықаралық жарыстарда бетке ұстары, елінің сүйініші. Мен үшін бәрі басты қарсылас.
– Бапкерің сенің бойыңнан бір кінәрат таппады. Қара күшке мығым екендігіңді байқап отырмыз. Әлгінде қарсыласыңды қапсыра құшақтап, кеудеңнен асыра лақтырдың. Олимпиада да мұндай мүмкіндік бере бермейді. Көңілің толмайтын тұсың бар ма?
– Партерде көп жұмыс жасауым керек. Өзіңіз білесіз, тік тұрып күрескенде әрбір балуан сақсынып, әдіс жасауға бара бермейді. Қарсыласы қателігін пайдаланып кетпес үшін. Партерге сенеді. Партерде жер бауырлап жатқан балуанның белінен алып, ыңғайлы жағына аударып тастау әр балуанның арманы. Әбжілдік те, қайыспай көтеріп кетердей қара күш те керек. Сондықтан, әр әдісті пысықтап жатырмыз. Құдай қолдап, мемлекетіміздің мерейін көтеріп жатсақ, бізге артқан сенімді ақтағанымыз. Басқа не дейін…
Дархан Баяхметов: “абай жолын” қайта оқып жатырмын
Дарханның белдесуін Бейжіңде көрдік. Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында финалға шығып, жеңіп тұрып жеңіліп қалды.
– Онда өзімнен болды, – деді ол. – Күшімді толық есептей алмаппын. Әйтпесе, жеңілетін белдесу емес еді.
– Көңіліңе келсе кешір. Сол жолы көзіңнен ұшқын көре алмадық. Бейжің Олимпиадасындағы қайсар жігіт бабынан айырылып жатқандай көрінді.
– “Шығасыға иесі басшы” деген бар ғой. Олимпиадада финалға шығатындай мүмкіндігім бар еді. Финалға жолдама берер тұста қателік жібердім. Қола медальдің өзі қуаныштай көрінген. Сол кезде ойланбаппын, кейін жүрегім ауырды. Олимпиада ойындарының чемпионы болам ба, бір Алланың қолында ғой, бірақ, сәл ақылдырақ күрескенімде финалға шығатыным сөзсіз еді.
– Олимпиадаға жолдаманы жеңіп алғаныңмен Баяхметов күшті ме, басқалар күшті ме деген пікір бапкерлер аузынан естілді…
Олимпиадаға дайындық барысында сыралғы қарсыластарың Қоңыратов, Еңсеханов және Нұғымановтар көрінбейді.
– Адам болған іске кінәні өзінен іздеу керек. Әлем чемпионатында бестікке кіргеннен кейін өзіме талапты әлсіретіп алдым. Қазақстан Кубогы үшін өтетін жарысқа қатысатынымды айтты. Рас айтсам, күтпеген едім. Элдар Қайратовтан ұтылдым. Содан соң Баяхметовтің Лондонға бару, бармау мәселесі көтерілді. Бірақ, бәрібір таңдау маған жасалынды. Қазақстандағы қарсыластарымның ішінде Дарханға артықшылық жағдай жасалады деп айтқандары барын естіп қалдым. Не деуге болады.
Мен ешкімнің орнын тартып алған жоқпын. Жолдаманы жеңіп алдым. Ал, сіз атаған мықты балуандар құраманы дайындау жаттығуына келмей жатса, ол олардың және бапкерлердің жұмысы. Ал, менің олимпиадаға қатысу мүмкіндігім болмағанда да бапкерлер шақырса келген болар едім. Еліңнің, мемлекетіңнің намысын қорғауға бара жатқан балуанның ойдағыдай дайындауына септігіңді тигізіп жатсаң, ол сенің азаматтығың, достығың ғана емес, Отан алдындағы абыройлы борышың. Өзім осылай түсінемін.
– Қазақ мектебінде оқыдың. Кітаппен дос шығарсың? Қазір қандай кітап оқып жатырсың?
– Қазір қол тие бермейді. Негізінде тарихи кітаптарды жақсы көремін. Оқығым келеді, интернет деген де бәле болды, ішіне енсең шырмалып қаласың. Менде “Абай жолының” қос томдығы бар. 1-томын оқып жатырмын. Абайы бар қазақ бақытты ғой. Жаныңда жоғыңның бәрін табасың. Қазақ жастары Абайды түсініп оқыса, батыстың бейәдеп мәдениетінен тиылар еді деп ойлаймын. Мекемтас Мырзахметов деген ғалым ағамыз Қожа Ахмет Яссауи, Абайы мен Шәкәрімі бар қазақ жаһандануға жұтылмайды, иманын, арын жоғалтпайды деп жүр. Осыны жастарға ұқтыру ұстаздардың қабілетіне, біліктілігіне қатысты. Бірі келіп, бірі кетіп жататын, реформа жасағыш министрлер осы жағын әлсіретіп алған секілді.
– Бейжіңде кеткен есеңді Лондонда қайтаруға тырысасың ғой?
– Құдай қос көрсе. Дүниежүзінің бар мықтысы олимпиадада жеңсем, жеңімпаз болсам деп барады. Ішінде қазақтың Дархан Баяхметов деген баласы да бар. Арманым әрине – жеңіс!
Нұрмахан Тінәлиев: Байрақ көтеру – жауапкершілікті еселейді
– Толған сияқтысың. Салмағың қанша?
– 130 кило. Олимпиадаға 120 кило жіберіледі. Күніге екі мезгіл жаттығу жасап жатырмыз. Он-он бес күнде артық салмақтан арыламын ғой.
– Қазақстанда саған қарсылас жоқ. Баяғыда Мұхтархан Ділдабековті Серік Өмірбековтей мықты өсіріп еді. Ресейге баратын едіңдер, олар есігін құлыптап алды.
– Грузия мен қырғыз балуаны маған көмектесіп жүр. Келісіммен, әрине. Расында, өзіңмен қарайлас үш-төрт балуан болса арман жоқ екен. Шеберлігің тез өседі. Георгий Цурцумия ағамыз күрес кілеміне мен үшін шығып жүр. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегерінде біз үйренетін тәжірибе жетеді.
– Пешенеңе Лондонда қазақ байрағын көтеру жазылды.
– Қатты толқып жүрмін. Жауапкершілік үлкен. Онсыз да жеңсем деп барасың. Ту көтерген спортшының жүгі екі еселенеді. Халқымыз сеңгеннен кейін барымызды саламыз.
– Ең ауыр салмақта Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан қазақ ұланысың. Мұның өзі тарих. Қарсыластарың да осал емес. Бәрімен дерлік күрестің…
– Ресей, Куба, Түркия, Иран, Әзербайжанның бас балуандары Лондонда жеңімпаз болсақ деген үмітте. Мен де солардың бірімін. Уақытында Қажымұқан атамыз ең ауыр салмақта дүниежүзінің бар мықты балуанын жықты. Әбілсейіт Айханов ағамызды Кеңес саясаты тұсамағанда Олимпиаданың алтынын әлдеқашан алған болар ма едік.
Ағаларымыздың қолы жетпеген аламанға қатысу менің пешенеме бұйырыпты. Барымды салармын.
Сұхбаттан соң залдан кете қоймадым. Меншікті тілші болған жылдарда үлкен спорттан қол үзіңкіреп қалыппыз. Көп жәйттар санада күңгірттенеді. Осы телевидение деген де қызық-ай. Адам таппағандай бір жапырақ қыздарды жіберген. Күрес ережесі мұрнына бармайтын, балуандардың аты-жөнін шатастырып жүрген шіркіндер жаттығу жасап жатқан балуандарды саусағымен іліп шақырып, “алтын аласың ба?” деп тақымдайды. Құдды, Лондонда қазақ бауырлардың несібесі деп алтын медальдарды бірінің үстіне бірін қалап қойғандай.
Ал, алтын керек. Күрес түрлерінен алтын медаль алмағанымызға 30 жылдан аса уақыт өтіпті. Қазақ жастарын айтам.
Қайсының бағы жанар екен?! Анау, қарсыласын жерден салақтата жұлып алып, шалқая бере лақтырған Алмат па, әлде мысықтабандап тап берген Дархан ба?! Партерде кілемге шегелеп тастағандай былқ етпей жатқан Нұрмахан ба?! Дінмұхамедов пен Гаджиевті де естен шығаруға болмайды.
Үш қатар төселген күрес кілемінде қара терге түскен балуандар алапат айқас салып жатыр. Залда тер иісі аңқиды. Біздің балуандардың алтын тері. Енді аз күннен кейін сан ғасырда ескірмейтін айқасқа түседі.
Төрт жыл бойы төгілген терлеріңнің өтеуі Лондон төрінде қайтқай. Жолдарың болсыншы, батыр бауырларым-ай…
Бақтияр ТАЙЖАН,
“Егемен Қазақстан”.
Алматы.
Алақай! 107 жолдама!!!
Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттігінің Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы елімізден Олимпия ойындарына жолдама алған спортшылардың саны 107-ге жеткенін хабарлады.
Сөйтіп, отандастарымыздың Олимпиадада спорттың 25 түрінен қатысатыны белгілі болды.
Биылғы Олимпиадаға Қазақстан теннис, ашық суда жүзу, қыздар боксынан алғаш рет спортшы апара жатыр.
Теннистен әйелдер арасында әлемнің 55-ракеткасы Галина Воскобоева мен WTA рейтингінде 62-орында тұрған Ярослава Шведова және ерлер арасында Михаил Кукушкин Лондонға жолдама алды. Үш теннисшіміз жекелей жарысқа қатысады. Олардан басқа, Шведова мен Воскобоева екеуі жұптық бәсекенің де жүлдесіне күш сынасады.
Ал ашық суда жүзуден Юрий Кудинов Лондонға барады. Бұл спорт түрінен де Қазақстан бұрын-соңды Олимпия ойындарына қатыспаған.
Қыздар боксының Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет енгізілгені белгілі. Жақында жолдама алған Саида Хасеновамен бірге Марина Вольнованың да Лондонға баратыны белгілі болды.
Олимпиаға баратын спортшылардың ішінде ең жасы – 17 жасар гимнастика шебері Мөлдір Әзімбай. Ал ең үлкені – 42 жастағы мерген Ольга Довгун.
Ең көп жолдаманы жеңіл атлеттер иеленді – 18 лицензия. Лондонға баратын атлеттердің арасында апалы-сіңлілі Айман мен Шолпан Қожахметовалар бар.
Әзірге біздің қоржында үстел теннисі, садақ ату, бадминтон, велотрек, ат спортынан лицензия болмай тұр.
Алдағы уақытта жеңіл атлетика мен жүзуден тағы да 10-нан астам жолдама алуға мүмкіндік бар. Бұл спорт түрлерінен іріктеу жарыстары әлі біткен жоқ.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
Бокс: Қай елдің үлесі қандай?
Біз өткен жолы Олимпиаданың бокс турниріне қатысатын былғары қолғап шеберлерінің есімдері толық белгілі болғаны туралы ақпарат жариялаған едік. Бүгін сол аламан жарысқа әр ел бойынша қанша боксшының қатысқалы тұрғанын нақтылы цифр жүзінде кестелеп көрсеткелі отырмыз. Осыған қарап қай елдің үлес салмағы қаншалықты екенін де, бүгінгі таңда әлемнің қай елінде бокстың даму барысы қалай болып тұрғанын да пайымдауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстан боксшылары жаһандағы көш бастаушылардың қатарында тұр.
Төмендегі кестеде топтың басын Австралия құрамасы бастайды. Бірақ бұған қарап осынау алыстағы аралды елдің боксшылары әлемде нағыз шаршы алаңның шандоздары болып отыр екен деген ұғым тумауы тиіс. Бұл жерде бұл ел үшін іріктеу турнирінің өте жеңіл болып шыққанын айтуымыз керек. Бакуде болған әлем біріншілігінде жүлделі орындар тұрмақ, лицензия таратылатын алғашқы ондықтың да қатарынан табылмаған австралиялықтар кейін Океания аймағы бойынша өткен іріктеу турнирінде ондағы 10 жолдаманы түгел жеңіп алды. Ал бәсекелестері қатарында Фиджи, Палау, Батыс Самао секілді елдердің жұдырықшы жігіттері болды. Мұндағы бар жұмбақ осы ғана…
Қалған құрлықтардың бәрінде квота үшін талас аса тартысты жағдайда өтті.
Жалпы, бұрынырақтағы Олимпиялық турнирлерге Куба, КСРО, АҚШ, Германия, Англия, Венгрия, Польша сынды белгілі бокс державалары толық құраммен қатысушы еді. Қазір ондай жалпақшешейліктің күні өткен. Енді лицензиялар жекелеген елдерге емес, сол елдердің жекелеген боксшыларына беріледі. Сонымен қатар, бокс түрі нашар дамығанына қарамастан, Африка және Океания аймағы елдері үшін айтарлықтай мол мөлшерде лицензия бөлінеді. Бұл негізінен осы өңірлер боксшылары да үлкен додадан тыс қалмасын деген ниеттен туған жоба болса керек.
Бәрін айт та бірін айт, біз қазір Олимпиадаға қатысатын боксшыларымыз саны көптеген елдерден (соның ішінде Куба, Ресей сияқты) артық екенін айтып мақтанып отырсақ, кейін сол турнирден жеңімпаз болып оралған саңлақтарымыздың көптігімен марқаятын болайық.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.
№ | Мемлекеттер | Боксшылар саны |
1 | Австралия | 10 |
2 | Қазақстан | 9 |
3 | АҚШ | 9 |
4 | Куба | 8 |
5 | Алжир | 8 |
6 | Ресей | 7 |
7 | Украина | 7 |
8 | Ұлыбритания | 7 |
9 | Италия | 7 |
10 | Әзербайжан | 7 |
11 | Индия | 7 |
12 | Бразилия | 7 |
13 | Марокко | 7 |
14 | Эквадор | 7 |
15 | Өзбекстан | 6 |
16 | Қытай | 6 |
17 | Түркия | 6 |
18 | Ирландия | 5 |
19 | Франция | 5 |
20 | Египет | 5 |
21 | Пуэрто-Рико | 5 |
22 | Германия | 4 |
23 | Жапония | 4 |
24 | Моңғолия | 4 |
25 | Иран | 4 |
26 | Гана | 4 |
27 | Камерун | 4 |
28 | Венгрия | 3 |
29 | Таиланд | 3 |
31 | Беларусь | 3 |
32 | Болгария |
Соңғы жаңалықтар
Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді Табиғат • Кеше Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен Төтенше жағдай • Кеше Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған Қоғам • Кеше Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды Мәдениет • Кеше Ұқсас жаңалықтар Соңғы жаңалықтар
Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді Табиғат • Кеше Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен Төтенше жағдай • Кеше Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған Қоғам • Кеше Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды Мәдениет • Кеше |