23 Маусым, 2012

Алты жолдама қолда

412 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алты жолдама қолда

Сенбі, 23 маусым 2012 7:26

Дүбір

Олимпиадаға 34 күн қалды

Кенді Алтайдың спорты қай деңгейде деген сауал көпшілікті толғандырары сөзсіз. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары: КСРО-ның жеті, екі Олимпиада ойындарының жүлдегері, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, желаяқ Ғұсман Қосанов, самбодан әлем чемпионы Талғат Ақтаев, үш қарғып секіруден әлем чемпионы Ольга Рыпакова,

 

Сенбі, 23 маусым 2012 7:26

 

Дүбір

 

Олимпиадаға 34 күн қалды

 

Кенді Алтайдың спорты қай деңгейде деген сауал көпшілікті толғандырары сөзсіз. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары: КСРО-ның жеті, екі Олимпиада ойындарының жүлдегері, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, желаяқ Ғұсман Қосанов, самбодан әлем чемпионы Талғат Ақтаев, үш қарғып секіруден әлем чемпионы Ольга Рыпакова, боксшы Данабек Сужанов, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дархан Баяхметов, тағы басқалар ел мақтанышы. Айта кету керек, бұдан төрт-бес жыл бұрын Тараз бен Астанада өткен ауыл спортшыларының арасындағы республикалық дүбірлі жарыста Кенді Алтай өрендерінің көш бастағаны көпшіліктің есінде қалған шығар?

Өкінішке қарай, шырайлы Шығыс спортшыларының Олимпия ойындарында бағы жанбай келеді. Неге? Атлантадағы Олимпиадада бірде-бір медальға қол жеткі­зе алмады. Оған Шығыстан үш саңлақ қатысқан еді. Олар –дзюдошы Руслан Сейілханов, ауыр атлет Александр Охрименко, каноэ есуші Дмитрий Торлопов. Алайда, жігіттеріміз намысты жанып, көк байрағымызды аспандатудың орнына, жігерімізді құм қылды. Сейілханов 32-ші орынға, Охрименко 16-шы, ал Торлопов 20-шы орынға әупіріммен ілікті. Кемшілікті келесі сынақ – Сиднейдегі Олимпия ойындарында түзейтін шығар­мыз деген үкілі үміт те ақталмады. Онда­ғы аламанға жанкүйер ретінде қатысу бақытына ие болғанымыз бар. Сонда неге көз жеткіздік дейсіздер ғой. Жасыл құрлыққа аттанған белгілі балуанымыз, дзюдошы, әлем кубогының иегері Руслан Сейілханов сын сәтте жерлестерін жерге қаратты. Оның нәтижесі 9-шы орын. Сиднейге кенді Алтайдан 2 спортшы барды. Екіншісі – жеңіл атлет Ирина Науменко ол 24-ші орынды қанағат тұтты.

Осы орайда мына бір шындықты айта кету керек. Өскемендік даңқты бапкер, соң­ғы ширек ғасырда 100-ден астам ха­лық­аралық дәрежедегі шеберлерді, Әлем және Азия ойындарының чемпиондарын әзірле­ген Жанәділ Атаевтың шәкірті Айдын Сма­ғұлов көрші ел – қырғыздардың аты­нан сынға түсіп, айыр қалпақты ағай­ын­дарға қола медальды сыйға тартты. Қазақстан атынан сынға қатыса алмаған кезде белгілі бапкер қатты өкініп, жаттық­тырушы­лар­дың бұл «қателігіне» қатты күйінген еді.

Сонымен Атланта мен Сиднейден қоржынымыз бос оралды. Қазақстан Афина Олимпиадасында ала-құла өнер көр­сетті. Боксшы Бақтияр Артаевтың жалғыз алтыны болмаған кезде жерге қарар едік. Жалпы командалық есепте 8 медальмен 40-шы орынға іліктік. Ал мұның алдында Сиднейде 3 алтын, 4 күміспен 22-ші орынға қол жеткен еді.

Афинада да шығысқазақстандықтар жарыс жолдарынан шығып қалып жатты. Оны көзбен көріп, куә болған соң айтып отырмыз. Ирина Науменко мен Михаил Колгановтан жақсы нәтиже күткенбіз. Себебі, Ирина ел ішіндегі күшті жеті­сай­ыс­шы деп есептелетін. Облыс басшылары мен жоғары жақ барлық жағдайды жасады. Бапкері Ю.Головченко екеуіне облыс­тық спорт және туризм басқармасы төрт жылда 3 миллион теңге қаржы бөлді. Олар сенімді ақтамады. Дүбірлі жарыс кезінде қалың шаңның ішінде қалып қойды.

Бейжіңдегі Жазғы Олимпия ойындары күні кеше ғана аяқталған сияқты еді. Салып ұрып Лондондағы дүбір де таяп қалды. Бейжіңде де шығыс­қазақ­стан­дық­тар жақсы нәтижеге қол жеткізе алмады. Тек Ольга қызымыздың жарқ ете қалуы көңілге қуаныш ұялатты. Лондонда одан медаль күтеміз. Медаль болғанда да алтын болса деген ниеттеміз. Көкейді тес­кен осы сауалды мұның алдында спорт саласында небір жауапты қызметтерді ат­қарған, тіпті Туризм және спорт министр­лігінде қызмет етіп шыңдалған, облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Әбіл Дөңбаевқа қойған едік.

– Тәуелсіздік алған 20 жылда Қазақ­стан бесінші рет Жазғы Олимпия ойындарында бағын сынағалы отыр. Шығыс Қазақстанның спортшылары бүгінге дейін Олимпия ойындарында медальға ие болмапты. Бұған еңсе түсірудің қажеті жоқ деп есептеймін. Спорт та картаның ойыны сияқты, аяқ астынан ауытқып кете береді. Әйтпесе Шығыста спорттың тамаша дәстүрі қалыптасқан. Осы жолы бес спортшыны бәйгеге қосып отырмыз. Ольга Рыпакова, Дархан Баяхметов, Данабек Сужанов, Еркебұлан Қосаев, Сергей Черкасов лицензияға ие болды. Тағы бір спорт­шымыз жүзуші Роман Трусовтың да лицензия алуға мүмкіндігі бар. Спорт және дене тәрбиесі агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияв біздің алдымызға қалай­да бір медаль алу міндетін қойып отыр. Оған мүмкіндік бар. Үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова қазір бабында. Соңғы бір-екі айдағы оның көрсеткіштері қуан­та­ды. Тіл аузымыз тасқа, алтын қы­зы­мыз­ға көз тимесін делік. Жақында спорттың үлкен жанашыры, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Лондонға баратын саңлақтарға сәт сапар тілеп, ел намысын қорғайтын­дардың жерге қаратпайтынына сенімін білдірді. Топ жарған сайыпқы­ран­дардың марапаттан құр қалмайтынын да ескертті. Жерлесіміз, белгілі грек-рим күресінің ше­бері Дархан Баяхметов бабында. Ол белді бекем буып, медаль үшін жанын салатынын айтты. Олимпиадаға боксшы Данабек Сужановтың, дзюдошы Еркебұлан Қосаевтың бапкерлері Владимир Речиский мен Аман Шариповты сын сәтте жан­дарынан табылып, оларға рух пен қолдау көрсетсін деген ниетпен өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы демеуші­лер тауып, Олимпиадаға жібергелі отыр. Бәре­келді! Слаломда қайық есуші Сергей Черкасовтан әзірше медаль күте қоймай­мыз, себебі ол жас, тәжірибесін шыңдай түс­сін. Қалай дегенде де, шырайлы Шы­ғыс саңлақтары дәл осы жолы намысты жанып, еліне жеңіс сыйлайды деген ниет­теміз, – деп басқарма бастығы ағынан жарылды.

Несі бар, орынды пікір. Шығыстың түлегі, үлкен спорттың өркендеуіне үлес қосып жүрген Әбіл ініміздің игі тілегі орындала бергей!

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.

Суреттерде: Дархан Баяхметовтің ке­зекті жеңісі; жарыста Сергей Черкасов; құрмет тұғырында Ольга Рыпакова.

Ұлттық құраманың ұстаздары

Лондон Олимпиадасында шәкірттерінен Қазақстан жұртшылығы көп үміт күтіп отырған ұлттық құрама ұстаздары арасында еліміздің бокстан бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов та бар.

Бокс: Мырзағали Айтжанов

Мырзағали Құланұлы Айтжанов 1970 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Қарабастау ауылында туған. Бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Ағаларына еріп бокс секциясына барған Мырзағали спорттың бұл түрімен 1983 жылы 13 жасынан бастап шындап шұғылдана бас­тады. Бала жасынан шымыр, мығым, жұдырығы тастай болып өскен ол табысқа да тез жетті. Білікті бапкер Нұрғали Сафиуллиннің қарауына түскен өршіл өрен қысқа мерзім аралығында аудан мен облыстан асып, республиканың мықтысына айналды. 1987 жылы ол КСРО-ның жасөспірімдер арасындағы чемпионы болды. Келесі, 1988 жылы жасөспірімдер арасында Еуропаның чемпионы атанды. Ол осы турнирде кездескен төрт қарсыласын да айқын басымдықпен жеңіп шықты. Қазақстанның ересектер арасындағы бірнеше дүркін чемпионы.

Мырзағали Айтжанов 1996 жылдан жаттықтырушылық жұ­мысын бастады. Ал 2000 жылы ол Оңтүстік Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы болып бекітілді. Бұл қызметті табаны күректей тоғыз жыл атқарған Мырзағали Құланұлы осы аралықта облыс құрамасын екі рет (2001, 2007) Қазақстан халықтары Спартакиадасында жеңіске жеткізді. Сол тұста оның шәкірттері Азияның, Шығыс Азия ойындарының, Азия ойындарының, басқа да ірі жарыстардың жүлдегерлері мен финалистері болды. Өзі жеке жаттықтыратын боксшылар арасынан 2005 жылы Біржан Жақыпов, 2007 жылы Еркебұлан Шынәлиев әлем бірінші­лік­те­рінің қола жүлдегерлері атанды. Еркебұлан сондай-ақ, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының қола медалін алды. Ал Біржан 2010 жылы Азия ойындарының финалында шайқасты.

Еліміз құрамасы тізгінін Мырзағали Айтжанов 2009 жылғы қыркүйекте қабылдап алды. Бұған құрама боксшыларының Миланда өткен әлем чемпионатында сәтсіздеу өнер көрсеткені себеп болды. Содан бергі үш жыл ішінде бас жаттықтырушы әзірге әлем чемпионын шығара алған жоқ. Дегенмен, үлкен алқалы жарыстарда алып жатқан жүлделер саны баршылық. Құрама жігіттерінің Лондон Олимпиадасына 9 лицензия жеңіп алғанының өзі бас жаттықтырушының айтулы табыстарының бірі болса керек. Бұл жағынан іріктеу сайысы өте оңайға түсіп, 10 жолдаманы түгел алған Австралиядан өзге, біздің алдымызға түсетін ел жоқ.

Мырзағали Айтжанов 2011 жылдың қорытындысы бойынша құрама командалар бас жаттықтырушылары арасында үшінші болып аталды. Ал Лондоннан кейін бірінші болып шыға келетін шығар деген үміт бар. Өзінің бірінші Олимпиадасында бас бапкердің де, оның тәлімін алған терме жамағат тәліптерінің де аянып қалмасына сенгіміз келеді.

Руслан ИГІЛІК.