Қазы
Сейсенбі, 26 маусым 2012 7:13
ДҮБІР
Олимпиадаға 31 күн қалды
Бақытжан Жақсықұлов Лондон күрес кілемінде төрешілік жасайды
Жаныңда жүргеннен кейін қасиетін байқай бермейсің ғой. Біз кеудесі аяққаптай, нығыздап басқанда қара жерді ойын жіберердей көрінетін балуан Бақытжан Жақсықұловты білетін едік. Талай талантты шәкірттерінің балақ бауын шешіп, томағасын сыпырған бапкер болатын ол. Азия чемпионаттарында, халықаралық жарыстарда төбе бидей төреші болып жүретін.
Сейсенбі, 26 маусым 2012 7:13
ДҮБІР
Олимпиадаға 31 күн қалды
Бақытжан Жақсықұлов Лондон күрес кілемінде төрешілік жасайды
Жаныңда жүргеннен кейін қасиетін байқай бермейсің ғой. Біз кеудесі аяққаптай, нығыздап басқанда қара жерді ойын жіберердей көрінетін балуан Бақытжан Жақсықұловты білетін едік. Талай талантты шәкірттерінің балақ бауын шешіп, томағасын сыпырған бапкер болатын ол. Азия чемпионаттарында, халықаралық жарыстарда төбе бидей төреші болып жүретін. Ал, күрес түрлерінен әлемдегі таңдаулы, Лондонда қазылық ететін 50 төрешінің қатарына кіргенін естігенде аузымыз ашылып қалмағанымызбен: «Ойпыр-ай, мынауың мықты екен ғой», деп таңданып қалғанымыз рас.
Бақытжан таэквандодан КСРО құрамасына кіріп, ең алғашқы Ресей чемпионатында топ жарған досымыз Шадияр Қондыбаев басшылық ететін спорт мектебінің жаттықтырушысы. Жақында грек-рим күресінен бір алтын күтіп жүрген Алмат Кебісбаев: «Азия, Еуропа, әлем чемпионаттары – Олимпия ойындарына дайындық», деген. Дәл анықтама.
Сол Олимпиадағы төрешілік жасауға дүние жүзіндегі ең таңдаулы 50 төреші іріктеліп алынған. Үшеуі кейінгі жолдамалық жарыстарда қате жіберіп қойып, FILA тарапынан бақылаушылардың сүзгісінен өте алмады. Сонда қалғаны – 47. Соның біреуі қазақ. Ол – Бақытжан Жақсықұлов. Ал, таңданбай, сүйсінбей көр.
Төрешінің өсу, өрлеуі оның білімділігіне, біліктілігіне қатысты. Мәселен, бір балуанды алайық. Ең әуелгі спорт дәрежесі нормативін орындайды. Үштен бірінші дәрежеге дейін. Қалалық, облыстық жарыстарда жеңімпаз болып жатса, спорт шеберлігінен үміткер. Сосын спорт шебері. Халықаралық жарыстарда, Азия чемпионаттарында бірінші, әлем чемпионатында үштікке кіріп жүрсе, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады. Ал, спорт жарыстарының ең биік шыңы – Олимпия ойындарында олжа салып жатса, еңбегі сіңген спорт шебері атағын алады. Бұл – атақты спортшының жүріп өткен жеңісті жолы. Және оңай жол емес. Барын салса да спорт шеберлігінен үміткер нормативін орындай алмай кеткен спортшылар да болады.
Төрешілерде де осы тәртіп. Халықаралық төрешілікке жеткен судья категориясының өзі үшке бөлінеді. Әуелі жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирлерде, Азия чемпионатында қазылық жасайсың. FILA бекіткен инспекторлар шеберлігіңді байқаса жастар арасындағы Азия ойындары, Азия чемпионаты секілді айтулы жарыстарға төрелік етесің. Осы екі кезеңнен сүрінбей өткен төреші Азия, Еуропа, әлем чемпионаттарындағы бәсекелерге жіберіледі. Қазір күрес түрлерінен әлемде халықаралық дәрежедегі 1873 төреші бар болса, соның 700-дейі үшінші санатта, 400-дейі екінші санатта. Қалғаны біріншіге өткен төрешілердің ішінен Олимпия ойындарында қазылық ету үшін 50 төреші іріктеліп алынады.
Біздің Бақытжан Жақсықұлов осы әлем бойынша іріктелген елудің ішінде. Мұнда да арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Соңғы ірі жарыстарда төрелік етіп тұрып, қате шешім қабылдаған үш төреші Олимпиада тізімінен сызылып қалды. Инспекторлар бәрін бақылап отырады.
– Мұның бәрі үлкен еңбекпен келеді, –дейді Бақытжан. – Төрешілікпен айналысып жүргенімде өзі халықаралық дәрежедегі төреші, ұстазымыз марқұм Түсіпхан Сайханов мені шешуші, қиын белдесулерге салатын. “Аға, неге оттың ішіне кіргізесіз?” деп ренжитін едім. Кейін байқасам, мені піссін дейді екен ғой.
Олимпиада алдында осы төрешілер Сербияда соңғы тест тапсырған. Жақсықұлов електен жақсы өтті. Грек-рим және еркін күрестен Қазақстан Лондонға 15 жолдамамен барады. АҚШ, Ресей мемлекеттері 16-18 жолдамамен қатысатынын ескерсек, бұл – жақсы көрсеткіш.
Семинарда талқыланатын көп мәселердің ішінде мемлекеттердің күрестегі өсу деңгейі сөз болды. Азия чемпионаты, Азия ойындарын және әлем біріншіліктерін есептегенде мемлекетіміздің балуандары айтулы жеңістерге жетіпті. Бұл – Лондон алдындағы жақсы баға. Қуатты жас толқын өсіп келеді.
– Қазақстанмен қазір барлық мемлекет санасады, – дейді Бақытжан. –Азия елдерінің ішінде өте жақсы өсіп келесіңдер. Назарбаев мықты дейді.
Ал, Еуропа мамандарының аузынан Дәулет Тұрлыханов түспейді. Хал-жағдайын сұрайды, сәлем айтып жатады. Күрес академигі ағамыздың беделі бізді де марқайтады. Еркін күрестен бас бапкер Алтай Танабаев “бізді бұрынғыдай төрешілер кілемде қыспайтын болды” деп қуанады. Сол жетістікте өзіміздің де мысқалдай болса да еңбегіміздің барлығына тәубе етеміз.
– Бақытжан, Лондонда қазылық ететініңе бүкіл ел қуанады. Ал, төл шәкіртің Ермек Байдуашевтың да Олимпиадада күресетіндігі құтты болсын. Ермекте бір балуанға керек қасиеттің бәрі бар сияқты. Неге жолы оңғарылмай жүр?
– Дұрыс айтасыз. Ермекте бәрі бар, күш те, әдіс-айла да. Бір-ақ нәрсе жетіспейді, ол – спорттық ызақорлық, ашу. Мына Кап тауының жігіттері жетпей жатқан тұсын өркөкіректікпен, ызақорлықпен толтырады. Қарсыласының мысын басуға тырысады.
Біздің жігіт – өте мейірман, өте дархан, өте ақкөңіл. Жаттығуда оның зілтемірде көтерген салмағын ауыр салмақтағылардың өзі көтере алмайды. Жүгіргенде елдің алдында келеді.
Кейде: «Сенің атыңды әке-шешең жұрттың ермегі болсын дегендей Ермек қойғаны дұрыс болмапты. Сенің ендігі атың – Ербатыр», деп әзілдеймін. Әйтпесе, Ермектің әлем чемпионы болатындай қажыры бар.
Бақытжан Жақсықұлов Лондонда алтыннан олжа салуға Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тінәлиевтің мүмкіндігі жететіндігін айтады. Иншалла, айтқаны келгей.
Сол атақты балуандарымыздың жеңісі ұрланбауы үшін де қазы Бақытжанның атқаратын жұмысы тау көтерген Толағайдай болмақ.
Тек бір өкініштісі, спорттың нысана көздеу түрі бойынша облыс орталығында нысана көздеуші мылтық атудан мерген көптеген жастарды тәрбиелеген жаттықтырушы Сергей Дрешер Лондонға бірге еріп бара алмайтын көрінеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.