30 Маусым, 2012

Италия ежелгі дәстүрді сақтады

510 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Италия ежелгі дәстүрді сақтады

Сенбі, 30 маусым 2012 7:15

Маусымның 28-і күні өткен екінші жартылай финалдық матчта Германия өзінің қолайсыз қарсыласы – Италиядан аттап өте алмады. Керісінше, бірінші таймда-ақ Марко Балотеллидің екі добымен алға шыққан «Скуадра адзурра» турнирдегі ең мықты саналған қарсыластарын жолдан тайдырып жіберді. Бұл 2008 жылғы финалдық жұптың (Испания-Германия) қайталанбайтынын да айғақтап берді.

 

 

Сенбі, 30 маусым 2012 7:15

 

Маусымның 28-і күні өткен екінші жартылай финалдық матчта Германия өзінің қолайсыз қарсыласы – Италиядан аттап өте алмады. Керісінше, бірінші таймда-ақ Марко Балотеллидің екі добымен алға шыққан «Скуадра адзурра» турнирдегі ең мықты саналған қарсыластарын жолдан тайдырып жіберді. Бұл 2008 жылғы финалдық жұптың (Испания-Германия) қайталанбайтынын да айғақтап берді.

Матчқа дейін. Екі құрама ойындарынан түзілген статистикалық мәліметтер анық итальяндардың пайдасына шешіліп тұрғаны­мен, немістердің қазіргі қарқынына көз тойдырған мамандар олардың осы жолы есе жібере қоймайтынына имандай сеніп еді. Бұған «бундестимнің» бүгінгі сапында бір-бірімен шеберліктері тең ойыншылардың көптігі де оң әсер еткен. Ал бұл тұжы­рым­мен келіспейтін екінші тарап итальяндардың ең алдымен жаттықтырушының «илеуіндегі» команда екенін алға тартты. Демек, ол бапкер қалай қайрап салса, солай қарай шабады. Турнир басталғаннан құрамды жасақтауда қатты қиналысқа түскен Чезера Пранделли ширек финалға дейін оны жақсы қалып­тастырып та үлгерді. Бұл тұрғыда ол менің есіме 1982 жылы Испанияда өткен әлем чемпионатында өз қырандарын біртіндеп бабына келтіріп, ақырында чемпиондыққа дейін жеткізген Энцо Баерзотты түсіреді.

Дерек. Бұл екі қарсылас арасында құр­лық чемпионатында алған жүлделері бойынша Германия көш ілгері тұр. Алман елінің арыстандары алдыңғы «ГФР» атанған ке­зінде 2 мәрте (1972, 1980), кейінгі «Германия» қалпына қайта көшкен кезеңінен бері 1 рет (1996) Еуропа чемпионы атанған. Бұдан бөлек, тағы 3 дүркін (1976, 1992, 2008) – кү­міс, 1 жолы (1988) қола медальдарды жеңіп алған. Бұған қарағанда, Италияның қоржы­ны олқылау көрінеді. Ол осы жүлделердің әрбіріне 1 реттен ғана қол жеткізген. Атап айтқанда, 1968 жылы чемпион атанса, 2000 жылы финалға шыққан, ал 1988 жылы немістермен турнирдің үшінші сатысында қатар тұрған. Осыған қарамастан, екі қар­сылас арасындағы шайқастарда үнемі Аппеннин түбегі түлектерінің десі басым болып отырған. Осы кезге дейін олар жасыл алаң үстінде 30 рет жолығысса, соның тең жартысына жуығында, яки 14-інде итальяндар жеңіс тойын тойлаған. Мұның арғы жағы да 9 рет итжығыс түсіп, 7 кездесуде ғана жеңілгендерін мойындаған.

Ойын. Йоахим Лёв тағы да старттық құрамымен жұртты таң қалдырды. Айталық, Марио Гомес пен Лукас Подольскидің қайта­дан алаңға алдыңғы лекте шығуы бұрыннан бар нұсқа болғанымен, Тони Кроостың бірінші минуттан сол қатардан көрінуі ешкім күтпеген жәйт еді. Ал Марко Ройс та, Томас Мюллер де матчты запастағылар орынды­­ғын­да қарсы алды. Чезаре Пранделли ширек финалдық кездесудегі құрамға бір ғана өзгеріс енгізді. Ол жұрт күткендей, негізгі сапқа Джорджо Кьеллиниді оралтып, Игнацио Абатені резервке жіберді. Осыған орай Кьеллини сол қанаттағы қорғанысқа барды да, Андреа Бальдзаретти оң қапталға қарай ығысты.

Кездесу бірден жоғары қарқын алды. Өздерінің тастүйін қорғанысқа көшіп кетпей, қарсы қақпаны қарауылға алатындарын итальяндар бірден байқатты. Немістер қатаң прессингке жүгінетіндерін де осылай әдеп­кіден білдіріп қойды. Олар осы арқылы «скуадра адзурра» ойыншыларын бірнеше рет болмашы жерлерде қателесуге мәжбүр етті. Дебютте «бундестим» екі-үш жылдам шабуыл жасап, екі рет бұрыштан доп беру себіне қол жеткізді. Солардың бірі Матс Хум­мельс­тің басынан ұшып, сызықтан өткелі бара жатқанында Андреа Пирло сыртқа шығарып үлгерді. Осыдан бастап Германия құрама­сының басымдығы айқындала берді. Йоахим Лёвтің шәкірттері допқа көбірек егелік етті. Бірақ бұл тұста итальяндар қақпасы алдында шырғалаң сәттер бола қоймады. Ал «скуадра адзурраның» қарсы шабуылдары біршама біржақтылау болды. Бұл жорықтар допты алған бойда алдындағы Марио Балотеллиге қарай асырып тұрған Андреа Пирло арқылы өрістеді. Ақырында итальяндар осындай шабуылдарының бірін голға айналдыра білді. Кездесудің 18 минутында олар кезекті шабуылды ұйымдастырды. Алдымен Антонио Кассано қапталда Матс Хуммельс пен Жером Боатенгті керемет алдап өтіп, допты қақпа алаңына қарай әуелете жөнелтті. Оны қасындағы Хольгер Бадшуберден бұрын қабылдап үлгерген Балотелли басымен қақпаға ұрып, Мануэль Нойбердің жанынан ішкері сүңгітті.

Бұл, әлбетте, немістер үшін күтпеген жәйт болды. Есепті тез арада теңестіруді көз­деген олар бірден қарсы қақпаға қарай жосыла шапты. Алайда, асығыстық пен ті­лектің арнаға сыймай ағыла жөнелгенінен болар, «бундестим» ойыншылары осы кезде бір-бірлеріне доп беруде көп қателесті. Соның салдарынан олар жарты жолда өшіп қалып жатты. Қайта ара-тұра итальяндар дың қарсы шабуылдары қауіпті бола түсті. Сондай жорықтардың бірінде олар есепті өсіріп кетті. Әріптестері Кассаноны соққы жасайтын жерге әдемі шығарды. Бірақ форвардтың сәл кідіріп барып ұрған соққысы қорғау­шы­дан қайтты. Сол-ақ екен, немістер тайлы-тая­ғы қалмай алға қарай андыздай ұмтылды. Және көп кешікпей осының сазайын да тартты. Кезекті бұрыштама кезінде итальяндар айып алаңына түгел тартты. Бірақ айып добы дұрыс орындалмады. Қапталдан әуелеп келген доп Риккардо Монтоливоның алдына топ етті. Ол мұны Филипп Ламның арғы жа­ғында тұрған Балотеллиге асырды. Осыдан кейін Марио допты қақпақылдап құйындай ұшсын. Сол пәтімен немістердің айып алаңына кірер-кірместе допты оң аяғының сағағымен шірене тепті. Сақпанның оғындай сартылдап ұшқан алашабыр доп қақпа­шының сол жағынан жоғары заулап барып, шілтері торды бүлк еткізіп құлады – 0:2.

Жағдайдың бұлай өрістейтінін зәредей де қаперіне қондырмаған Германия жігіт­те­ріне бұл қатты соққы болып тиді. Осыдан соң да баяғы екпінмен алға ұмтылған олар­дың серіппедей серпілген жүйелері босаңси бастады. Алманның апайтөс жігіттері аңға­лақтады да қалды. Олар әлі де допқа егелік етіп жүргендерімен, бұрынғы белсенділік­тері жоқ еді. Үзілістен соң құрамына екі өзгеріс енгізіп шыққан немістер командасы кетіп бара жатқан есені қайтаруды армандап-ақ баққан. Осы сыңайда алаңға Гомес пен Подольскидің орындарына шыққан Марко Ройс пен Мирослав Клозе белсене іске кірісті. Таймның дебюті немістердің дамылсыз шабуылы астында өтті. Өз кезегінде қар­сы шабуылға шығып тұрған итальяндардың ұшқыр қимылдары одан да бетер қауіп төн­діре түсті. Осы кездерде екі жақтың гол соға­тын мүмкіндіктері босқа кетті. Кездесудің соңғы жағы осылай алма-кезек шабуыл үстін­де мәреге жетті. Соның ақырғы шағын­да итальяндар өз айып алаңында қолмен ойнап, пенальти ұрылуына себепші болды. Оны Месут Озил жақсы пайдаланды – 1:2. Немістердің бұдан артыққа шамасы да келмеді, уақыты да жетпеді.

Матчтан соң. Әлбетте, кездесудің үздігі болып Марио Балотелли танылды. Баспасөз мәслихатындағы сөзін Чезаре Пранделли осы ойыншыны мақтаудан бастады. «Біз немістердің екі қапталда керемет ойнайтынын жақсы білдік. Сондықтан алаңның ортасына егелік етуге тырыстық. Мен талаптарымды мүлтіксіз орындаған ойыншыларымды мақтан тұтамын», – деді ол. Йоахим Лев: «Қалай дегенде де, біз турнирді өте жақсы өткіздік, – деді өз кезегінде. – Бірінші голдан кейін біз ұйымдаса ойнауды жоғалтып алдық. Сөйтіп жүргенде, екінші голды да жіберіп алдық. Ал екінші таймда қолдан келгеннің бәрін жасадық, бірақ доп қақпаға кірмей қойды».

Сонымен, 1 шілде күні Киевте өтетін фи­налдық ойында Испания және Италия құрамалары кездесетін болды. Бұл екеуінің де С тобынан шыққанын да айта кетейік. Айналып келгенде, бәрінен осы топ мықты болып шықты.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».